Федоров Зеленскийдің көлеңкесінен шықты ма?!
Украинада «ел үздік қорғаныс министрінен айырылып, ықтимал президенттік үміткерге ие болды» деген саяси баға тарай бастады. Михаил Федоровтың қызметтен кеткеннен кейінгі брифингі оны технологиялық менеджерден дербес саяси тұлға деңгейіне көтергені анық.
Федоров журналистер алдына өкпеге ерік берген шенеунік кейпінде шыққан жоқ. Ол президент Володимир Зеленскийге шабуыл жасамай, әңгімені өзінің қызметінен армиядағы реформаның тағдырына бұрды. Негізгі тезисі де түсінікті. Басталған өзгеріс тоқтаса, оның құнын майдандағы украин сарбаздары төлейді.
35 жастағы Федоров Қорғаныс министрлігін небәрі алты ай басқарды. Соған қарамастан брифингке кәсіби әзірленген презентациямен шығып, атқарған жұмысын, шешілмеген түйінді және аяқтауға үлгермеген реформасын рет-ретімен баяндады. Украина Қорғаныс министрлігі оның кезеңіндегі 22 негізгі нәтижені жеке жариялады.
Ресми тізімде Ресей әскерінің Starlink жүйесіне қолжетімділігін шектеу, төрт айда алдыңғы бір жылдағыдан да көп дрон сатып алу, әскери сатып алуды қайта құру, дрон бөлімдерін тұрақты қаржыландыру және қорғаныс саласына жасанды интеллект енгізу аталады.
Әуе нысандарын ұстап қалу көрсеткіші де артқаны мәлімделді. Аталған нәтиженің бір бөлігі Украина тарапы ұсынған дерекке негізделгенімен, Федоровтың технологиялық соғыс архитекторы ретіндегі беделін күшейтті.
Ең өткір бөлік Қарулы күштердің бас қолбасшысы Александр Сырскийге арналды. Федоров оның бастамаларды бөгеп, реформаны іштен әлсіреткенін және армияда жауапкершілігі төмен басқару мәдениетін қалыптастырғанын айтты.
Осы жерде Федоров өзін тек мықты технократ ретінде емес, дайын саяси ойыншы ретінде көрсетті. Ол Сырскийдің бұрынғы әскери еңбегін жоққа шығармады, бірақ дрон дәуірінде соғыстың сипаты түбегейлі өзгергенін алға тартты. Сөйтіп, тартысты жеке өкпе деңгейінен ескі әскери мектеп пен жаңа технологиялық доктрина арасындағы идеологиялық қақтығысқа айналдырды.
Ол алдағы уақытта билік командасында қызмет атқаруға келісуі мүмкін. Реформаны жалғастыру үшін Сырскиймен де жұмыс істеуге дайын екенін аңғартты. Дегенмен саяси кеңістікте Федоров пен Зеленскийдің мүддесі енді толық қабыса бермеуі ықтимал.
Зеленский кадрлық шешім арқылы әскери басқарудағы дауды тоқтатқысы келген болуы мүмкін. Іс жүзінде жабық аппараттық тартысты бүкіл ел көретін саяси сахнаға шығарып алды. Қызметтен босатылған министр бір күннің ішінде реформасын қорғайтын, қолдаушы аудиториясы және дайын саяси бейнесі бар дербес фигураға айналды.
Федоров президенттік сайлауға ертең түсейін деп тұрған жоқ. Оның жасы небәрі 35-те, алдында уақыт бар. Алайда Украина саясатындағы ықпалды есімдер қатарына Зеленский, Залужный және Будановпен бірге Федоровтың да қосылғаны анық байқалды.
Нұрлан Жұмақан
Abai.kz