Ақшаңызды жекеменшікке беруге дайынсыз ба?
Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарына қатысты үлкен өзгерістер келе жатыр! Енді сіз жинаған ақшаңыздың 100 пайызға дейінгі бөлігін жеке инвестициялық компаниялардың басқаруына бере аласыз.
Иә, қате естіген жоқсыз, бұрынғы 50%-дық шектеу келмеске кетті. Енді таңдау өз қолыңызда: ақшаңызды Ұлттық банкте қалдырып, консервативті өсімді қанағат тұтасыз ба, әлде тәуекелге бел буып, жеке басқарушыларға сенесіз бе?
Билік бұл қадамды жүйенің икемділігін арттырып, табысты еселеу мүмкіндігі деп түсіндіруде. Бірақ... мұның екінші жағы да бар.
СЕЗІКТІ ТҰСЫ ҚАНДАЙ?
2027 жылдан бастап мемлекет зейнетке шыққан кездегі инфляция мен зейнетақы активтерінің кірістілігі арасындағы айырмашылықты өтеуден (компенсация) бас тартпақ! Яғни, бұрынғы «инфляция жеп қойса, мемлекет қайтарады» деген қауіпсіздік жастығы енді болмайды. Шенеуніктердің уәжі қысқа: жаңа модель ұзақ мерзімді табысқа бағытталғандықтан, ескі механизм өз өзектілігін жоғалтты.
Алайда, мемлекет міндетті зейнетақы жарналары бойынша кепілдіктерді сақтап қалатынын айтып отыр.
АЛДА НЕ КҮТІП ТҰР? «СИНГАПУР МОДЕЛІ» МЕН «4+1»
Бұл тек бастамасы ғана. Еңбек министрлігі бұдан да ауқымды модернизацияны пысықтап жатыр:
- «4+1» моделі мен сақтандыру компонентін енгізу;
- 40 жылдық еңбек өтілін есепке алу жүйесі;
- Әлемдегі ең озық саналатын Сингапур моделінің элементтерін енгізу.
Мақсат белгілі — қазақстандықтарды өмір бойы зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз ету және жоғалған табысты алмастыру деңгейін 40% және одан да жоғары деңгейге көтеру. Бірақ бұл реформа бізді қартайғанда байыта ма, әлде тәуекелдің астында қалдыра ма?
Осы туралы пікіріңізді Abai.kz ақпараттық порталының Telegram-дағы парақшасына жазыңыз...
Abai.kz