Сәрсенбі, 22 Шілде 2026
Жөн-ақ 230 0 пікір 22 Шілде, 2026 сағат 14:33

ЗАМАН-АЙ: Сәлемнің реті мен сұраудың шегі қайда?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Күнделікті қарбалас тіршілікте елеусіз көрінгенімен, ұлттық болмысымызға тікелей әсер етіп жатқан екі үлкен сұрақ төңірегінде ой бөліскім келеді. Бірі - амандасу мәдениеті, екіншісі - жауапкершілік пен дербестік.

1. Амандасу - әдептің басы, бірақ жүйе қайда?

Соңғы кездері біздің қоғамда амандасудың түрі көбейіп кетті: біреуі ежелгіше «Армысыз» десе, біреуі қысқа қайырып «Салам» дейді, енді бірі «Мал-жан аман ба?» деп шұрқырасып жатады. Әрине, сөздік қорымыздың бай болғаны жақсы, бірақ кейде осы ала-құлалықтан сәлемнің де салмағы қашып бара жатқандай.

Негізінде, ғасырлар бойы қалыптасқан, сүйекке сіңген әдептің арқауы екеу-ақ болуы керек еді: өзіңнен жасы үлкенге, ел ағаларына: «Ассалаумағалейкүм!» - Жауабы: «Уағалейкүмассалам!»

Ресми, мәдени әрі жалпы ортада: «Сәлеметсіз бе?» немесе «Саламатсыз ба?»

Қалған шала-шарпы, артық-ауыс сөздердің бәрін жинап қойып, осы екі жылы лебізге тоқтасақ, амандасуымыз да сыпайы әрі шынайы болар еді.

Артық құшақтасу мен сүйісу - сәлемдесу мәдениеті ме?

Бұған қоса, соңғы уақытта шектен тыс құшақтасып, беттен сүйісіп амандасу әдеті белең алып бара жатқаны байқалады. Әр кездескен сайын, тіпті кеше ғана көрген адаммен қайта-қайта сүйісіп, құшақтаса беру - қазақтың байырғы дәстүріне де, қарапайым әдеп пен этикаға да сыймайды.

Қазақта көрісудің де өзіндік орны мен жөні бар: ол - көптен көрмеген туысқа, алыстан келген қонаққа немесе аман-саулық сұрасар арнайы сәттерге тән. Араға белгілі бір қашықтық пен сыйластықты сақтау - нағыз мәдениеттіліктің белгісі.

Кешіккен қонақ пен дастарқан әдебі

Тағы бір жиі кездесетін көрініс: жұрт дастарқанға отырып, астан дәм татып жатқанда, кешігіп келген қонақ бәрінің қолын алып, тіпті құшақтап шығуға ұмтылады.

Тамаққа отырмас бұрын бәрі қолын жуды, ал соңнан келген адам әлі қолын жумаған. Оның үстіне ас үстіндегі жұрттың мазасын алып, әрқайсысына қол созудың, құшақтасудың не қажеті бар?

Мұндайда оң қолын жүрегіне қойып, басын сәл иіп, жалпы қауымға «Ассалаумағалейкүм» деп амандасса жетіп жатыр емес пе? Бұл - әрі гигиена, әрі үлкен мәдениет.

2. Еңбексіз нан жоқ: cұраушы емес, жасаушы ұлтқа айналайық

Екінші әрі ең жанымызға бататын мәселе - қоғамдағы «айғайлап көмек сұрау» дертке айналып бара жатқаны. Өкінішке қарай, қазір жылап-сықтауды, мемлекеттен тегін дүние талап етуді әдетке айналдырғандар көбейді.

Ең сорақысы - көмек сұрап жүргендер денсаулығы мүмкіндік бермейтін жандар емес, он екі мүшесі сау, екі қолға бір күрек табатындай қауқары бар азаматтар.

Шын мәнінде көмекке мұқтаждар бар: мемлекет ең алдымен мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетімдерге, ауыр дертке шалдыққандарға қолдау көрсетуі тиіс.

Мемлекет - сауын сиыр емес: барша халықты тегін асырап отыратын шексіз қазына жоқ.

Масылдық психологиядан арылатын уақыт жетті. Ер азаматтың, дегдары бар азаматшаның бойында намыс, жігер болуы керек. Өз отбасын, өз өмірін өз еңбегімен асырау - әркімнің азаматтық борышы. Намыс пен жігерді жанып, еңбекке білек сыбана кіріскенде ғана еңсеміз тіктеледі.

Өзімізді сыйлау - сәлемнің ретін білуден, ал өзгені сыйлау - масылдықтан арылып, өз күшіңе сенуден басталады.

Рухы биік, еңбекқор ел болайық!

Бигелді Ғабдуллин

Abai.kz

0 пікір