Киев Мәскеуге соққы жасай ма?
Кешегі қорғанушы, бүгінгі шабуылдаушы Украина өзінен отыз есе үлкен мемлекетпен табан тіресіп күресіп қана қоймай, өзінің әскери өндірісін де жолға қоя білгені ешкімге жасырын болмай қалды, бүгін...
Украинаның әскери өндіріс саласы қазір 50 млрд доллардың шамасында делінеді. 500 мыңға жуық адам осы секторда істейді екен. Мыңнан астам компания тіркелген. Соғыс басталғанға дейін бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен болған. Ал әскери өндіріс саласындағы компаниялардың саны қос қолдың саусағымен санарлық қана болған.
УКРАИНАНЫҢ ӨЗ ҚАРУЛАРЫ...
Соның ішінде Украинаның бәс тігіп отырғаны - от тұмсықты темір құстар (дрондар). FPV-дрондар, барлау және соққылаушы дрондар қазір майданда өзінің тиімділігін көрсетудей-ақ көрсетуде. Майдан шебіндегі және Ресей аумағындағы Украина дөп соққан әскери, энергетикалық нысандардың едәуір бөлігі дәл осы дрондардың есебіне жазылуда.
Дрондар - Украинаның жалғыз қаруы емес. Соңғы жылдары Киев артиллерия мен бронды техника өндірісінде де өз қаруын жасай тілген. Оның бірі – «Богдана» дейтін ӨЖАҰ (САУ). Бұған тағы минометтер мен брондалған машиналарды қосыңыз.
Енді айтпақ әңгімемізге ойысайық: Кешелі-бері Ресей президенті Путин майданда тап қазір ешқандай үзіліс алмайтынын, керісінше, Дронбассты алмай, ұрысты тоқтатпайтынын қақсап айтып, қақылдап жатыр.
Ал бұл кезде әскери сарапшылар «Украина Мәскеуге баллистикалық зымырандармен соққы жасауы мүмкін», - дегенді ашық айта бастады. Бұны айтқан – «Fire Point» компаниясының иесі әрі бас конструкторы Денис Штилерман.
Оның болжамынша, Украина осы күзде-ақ, Мәскеуді балистикамен соққылауы мүмкін. Қазір Украина өзі жасап шығарған су жаңа зымыранды сынақтан өткізудің соңғы кезеңінде.
«Сынақтар соңына жеткен соң, Украина Ресей территориясына соққылар жасай бастайды. Ал қандай нысандарды көздеп ататынын әскерилердің өздері шешеді», - деп кесіп айтты.
«Fire Point» компаниясы — Украина армиясының ең ірі мердігерлерінің бірі. Бұл кәсіпорын «FP-1» дейтін алысқа ұшатын соққылаушы дрондарды және «FP-5 Фламинго» канатты зымырандарын шығарады. Компания «FP-7» және «FP-9» баллистикалық зымырандарын жасап жатқанын 2025 жылдың күзінде айтқан. Қолда бар мәліметтерге сенсек: «FP-7» зымыраны 250–300 шақырымға дейінгі, ал «FP-9» зымыраны 850 шақырымға дейінгі қашықтықтағы нысандарды жоюға қабілетті.
Тұздық: Бұлардан басқа Украинада қазір 500 шақырымға дейін ентікпей жететін «Сапсан» баллистикалық зымыран жобасы тағы бар. Украина былтыр бұл зымырандарды майдан даласында қолдана бастағаны айтылған.
Осылайша, Ресей толықтай қарусыздандыруды мақсат етіп, соғыс ашқан Украина бүгінде өз қару-жарағын, балистикалық зымырандарын жасап шығаратын елге айналды.
Ал бүгін Зеленский мен Трамп Ақ үйде тағы кездесті. Талқыланған басты мәселе - Patriot-қа арналған зымырандарды жасап шығаруға берілетін лицензиялар!
Abai.kz