Шетелге кеткен қазақстандықтарды қалай қайтарамыз: «Әділет» партиясының кандидаты Ренат Бектұров жауап берді
Құрылтай депутаттығына кандидаттардың сайлауалды ұлттық телевизиялық пікірсайысында «Әділет» партиясының атынан қатысқан Ренат Бектұров шетелге кеткен қазақстандықтарды елге қайтару үшін оларға қолайлы жағдай қалыптастыру керегін айтты.
Ол үшін виза саясатын жетілдіру, шетелдік дипломдарды тану рәсімін жеңілдету, цифрландыруды дамыту және әділ бәсекелі экономикалық орта қалыптастыру керек.
Пікірсайыс барысында жүргізуші кандидаттардан жаңа Конституцияға сәйкес адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты екенін атап өтіп, Қазақстанды дарынды әрі жоғары білікті мамандар жұмыс істеуге ұмтылатын өңірлік хабқа айналдыру үшін қандай заңнамалық тетіктер қажет екенін сұрады.
Ренат Бектұровтың айтуынша, «Әділет» партиясының бағдарламасы ең алдымен қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
«Еліміздің адами капиталын дамыту үшін басқа елдерден білікті мамандарды тартумен қатар, шетелге кетіп қалған өз азаматтарымызды да елге қайтаруымыз керек. Ол үшін олардың Қазақстанға оралып, еңбек етуіне қолайлы жағдай жасауға тиіспіз», – деді ол.
Кандидаттың сөзінше, осы бағыттағы жұмыстар қазірдің өзінде басталып кеткен. Атап айтқанда, елімізде әлемнің жетекші университеттерінің филиалдары ашылып, шетелдік студенттер мен оқытушылар келе бастады.
Ренат Бектұров виза беру жүйесін толық цифрландыруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл бастама «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының бесінші бағыты – цифрландыру бөлімінде жазылған.
«IT саласының біз үшін маңызды екенін айтып кету керек. Оны Президентіміз де айтып жүр. Мысалы, Nomad Visa деген жаңа виза түрі бар. Сонымен қатар, басқа да инвесторлар келіп, елімізге ақша салып, біздің капиталымызды нығайтып жатыр. Олар үшін Gold Visa сияқты бағдарламалар жасалған. Азаматтарға арналған виза түрлерін тағы да көбейту керек. Олар келгеннен кейін шетелдік дипломын қолдану мәселесі бар. Сол үшін заңдағы қиындықтар мен кедергілерді жеңілдету керек. Бұл тек шетелдік азаматтарға ғана емес, өзіміздің қазақстандық азаматтарға да қатысты. Олар шетелден білім алып келгенде нострификация деген процесс бар, соны да оңайлату жолын қарастырған жөн», - деді ол.
Партия өкілі Қазақстанға білікті мамандарды тартуда әділ әрі бәсекелі экономикалық ортаның рөлі де ерекше екенін айтты.
«Шетелден адамдар өз еңбегі әділ бағаланатын, кәсібін еркін жүргізуге мүмкіндік бар мемлекетке келеді. Сондықтан бізге әділ әрі бәсекелі экономикалық орта қалыптастыру қажет», – деді Ренат Бектұров.
Оның пікірінше, осы тетіктердің барлығы Қазақстанның адами капиталын күшейтіп, елдің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Еске салайық, 23 шілдеден бастап тұңғыш Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысатын саяси партиялар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын бастады. Сайлауға 186 кандидат ұсынған «Әділет» партиясы алғашқылардың бірі болып өзінің сайлауалды бағдарламасын жұртшылыққа таныстырды.
Үгіт-насихат жұмыстары 21 тамызға дейін жалғасады. Осы кезеңде саяси партиялар еліміздің барлық өңірінде сайлаушылармен жүзбе-жүз кездесіп, пікірсайыстарға қатысады. Заңға сәйкес, 22 тамыз – үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынатын «тыныштық күні». Ал 23 тамызда таңғы сағат 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін бүкіл ел бойынша сайлау учаскелері жұмыс істейді. Қазақстандықтар Құрылтай депутаттарын тікелей дауыс беру арқылы таңдайды.
Айта кетейік, 1 шілдеден бастап Мәжіліс пен Сенаттың өкілеттігі тоқтатылды. Заң шығару қызметі Құрылтайға беріледі. Жаңа орган енді заңдарды қабылдау, республикалық бюджетті бекіту және Үкімет қызметіне бақылау жүргізу міндетін атқарады.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.
Abai.kz