Зайырлылық – дінсіздік емес
Соңғы кезде дін мен зайырлылық туралы, секулярлы мемлекет пен қоғам туралы пікірталас көп болды. Пікірталастың өзегі заманауи Қазақстанның дінге деген қатынасы. Дін күрделі де, нәзік қоғамдық феномен. Оның пайда болуы мен дамуына әсер ететін факторлар да әр түрлі болуы мүмкін.Осы факторлардың арақатынасынан қоғамдағы зайырлылық ұғымы қалыптасады, түрленеді, өзгереді. Дегенмен зайырлылық немесе секуляризм мемлекеттің дін ісіне, діннің мемлекет ісіне араласпауын білдіретін күрделі ұғым. Алғаш рет Еуропада пайда болған бұл ұғымның негізгі мақсаты діннің саяси астарын әлсірету, діни негіздегі қақтығыстарды мемлекеттік саясаттың өзегіне айналдырмау. Шын мәнінде католик шіркеуінің ұйымдастыруымен бірнеше крест жорықтарын бастан өткеріп, ұзаққа созылған жоқшылықтан кейін ресми католик шіркеуінің догмаларына қарсылық ретінде пайда болған протестанттық діни бағыттың қалыптасуын бастан өткерген монархиялар қаншалықты дәрежеде дінмен байланысты болса да, діннің саясаттағы негізгі факторға айналуының ұзақ мерзімді жойқын соғыстарға алып келуі мүкін екендігін түсінді. Екінші жағынан дінді қарудың күшімен тарату, саяси дәйек ретінде пайдалану ерте орта ғасырларда ғана маңызды орынға ие болды. Бұл үдеріс исламда өзгеше жүрді. ХХ ғасырдың алғашқы жылдарына дейін ислам әлемінде халифат сақталып, тек Түрік Республикасының құрылуымен ғана сұлтанат та, халифат та өмір сүруін тоқтатты. Демек Еуропада ертерек басталған үдеріс ислам әлемінде өзіндік ерекшеліктермен кешірек орнады (кейбір елдерінде әлі де орнамады). Сондықтан да болар Түрік Республикасының Ердоғанға дейінгі дәуірдегі зайырлылық қағидалары ерекше қаталдықпен сақталатын бір жағынан құбыжық, өзге жағынан даму және ілгерілеу үшін ерекше маңызды құрал ретінде қалыптасты. Демек қоғамдық және мемлекеттік құрылымға байланысты дінге деген қатынас өзгеруі, түрленуі мүмкін. Бірақ секуляризмнің ұғымы мен мазмұны өзгеріссіз қала береді.
Әлемнің көп елдерінде мемлекет пен діннің арақатынасы өзіндік ерекшеліктер жүйесі арқылы қалыптасқан. Мысалы Ұлыбритания монархы автоматты түрде протестанттық бағыттың бір бөлігі болып табылатын, англикан шіркеуінің басшысы, әрі қорғаушысы болып табылады. Әрине іс жүзінде бұл протекционизм өзге діндерді шектеуге бағытталмаған. Сол секілді кейбір елдерде тіпті мемлекет діни ұйымдарды тіркеудің тысында өзге істерге араласуды мақсат етіп қоймайды. Монархиялық елдердің көпшілігінде осы нысан сақталған. Себебі формальды болса да монарх Құдайдың жердегі өкілі болып қала береді. Сондықтан да олардың билігі тіпті әлсіз болған күннің өзінде белгілі дәрежеде діни сипатқа ие болады.
Бұл тұрғыдан бізге қызық үлкен ерекшелігі бар мемлекет Түркия болып табылады. Ол жерде мемлекет пен діннің қатынасы ұзаққа созылған қайшылыққа арқа сүйейді. Түркияның алғашқы президенті ұзақ уақыт дінді мемлекеттің дамуын тежеуші фактор ретінде қарастырды. Сондықтан да болар халифат жойылған дәуірден бастап, зайырлылықтың ерекше типі қалыптасты. Дін өкілдеріне қысым көрсету секілді факторлар жүйелі негізге алынып, жас республиканың қарсы элементі ретінде өрбіді. Бұл жоба ұлттық модернизацияның бір бөлігі ретінде қарастырылып, шын мәнінде діншілідік пен ұлтшылдықтың аймақтағы жігін ажыратып бергендей болды. Ұлтшыл үкімет ұлт мүддесіне қызмет етуді мақсат етті. Сондықтан да болар бұл ықпалды ең қатты сезінген дін болатын. Ескілікпен күрестің жалғыз объектісі дін болды деуге келмес. Себебі ол кезде дәстүрлі киім киюден бастап, әліпбиге дейінгі ауқымды қамтыған үлкен өзгерістер орын алды. Бірақ шын мәнінде бұл реформадлар қалың халықтың тамырына жете алды ма? Мәселе осында. Ірі қалалар зайырлылық орталығына айналып, ең болмаған жағдайда зайырлылық нысанын ұстануды әдетке айналдырды. Алайда орта және шағын қалалар мен ауылды мекендерде бұл қағиданың кең қанат жайғандығы күмән тудырады. Ердоғанның билікке келуі, әрі билікті сақтауы осының айқын көрінісі болса керек. Ердоғанға дейін әйел адамдардың орамал тағу құқығынан бастап, балалардың діни рәсімдерге қатысу мәселесіне дейін, соның ішінде мемлекеттік ұйымдарға, жария ұйымдарға кіру барысындағы киім кию рәсіміне дейінгі мәселелер дін мен мемлекеттің қатынасын анықтайтын күрделі нормаларлдың жүйесін қалыптастырды. Алайда Ердоған билікке келіп, киім киюден бастап, өзге де қоғамдық шектеулердің барлығын алды. Бір жағынан либералды болып көрінген бастама зайырлы болса да діндар қауымдастықты біртіндеп діншіл қауымдастыққа айналдырды. Ердоғанға дейін ең діндар саясаткердің әйелі орамал тақпай жүрген болса, Ердоған дәуірінде ең зайырлы партия басшыларының әйелдері бас орамалмен жүреді. Бәлкім күнделікті өмір тұрғысынан орамал үлкен мәселе болып көріне қоймас, бірақ қоғамдық құрылыс қағидалары тұрғысынан бұл маңызды символ болды. Ататүріктің кезіндегі қатаң зайырлылық шын мәнінде зайырлылық болды ма? Мәселе осы бір кішкентай сауалға жауаптан тұрады. Зайырлылық деген - дін мемлекет істеріне, мемлекет дін істеріне араласпайды деген сөз емес пе? Егер бұл тұрғыдан қарайтын болсақ, онда адамның киімі, оның өмірлік ұстанымдары жеке бастың мәселесі ғой. Ал жалпыұлттық модернизацияның бір бөлігін діннің қоғам өмірінен шеттету тұрғысынан қарайтын болсақ, онда ол мемлекетті зайырлы деп айтуға келмес. Ол принциптер үшін орамал символ, символ болғанда да кертартпалы символ. Себебі діни ықпалды жоққа шығаруды мақсат етіп қойған мемлекет үщін, орамал консервативті сарынның жеңісін білдіреді. Бір қызығы Түркия зайырлылығының тірегі болған армия құрамының негізгі бөлігі ол кезде де, бүгін де ауыл жастарынан құралады.
АҚШ-та дін бостандығы құқықтық кепілдік берліген институттардың бірі. Яғни адам өзі қалаған діннің заңдылықтарын сақтай отырып өмір сүруге, оны еркін үгіттеуге құқылы. Осы орайда ең кең таралған сауалдардың бірі діни заң мен азаматтық заңның арасында қайшылық туындаған жағдайда қандай заң қолданылуы керек деген сауалға АҚШ Жоғарғы соты дін бостандығы бар, зайырлы қауымда діндер санының көптігімен ерекшеленетіндіктен, діни нормалаирды пайдалану көптеген қайшылыққа және қоғамдық тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін. Қолданыстағы заңнаманы әр түрлі дін, конфессия өкілдері қабылдағандықтан азаматтық құқықтарға қайшылық тудырмау үшін мемлекеттік билік органдары тарапынан қабылданған заңдарға басымдық берілетіндігін айтып нүкте қойған. Алайда наным-сенімнің сұрағы жеке сұрақ және мемлекет ол салаға мойнын бұрмайды делінген.
Ұзақ уақыт оппозициялық күштерге қысым көрсеткен режимдерде дінге деген қатынас өте күрделі қайшылық тудыратындығы және айқын. Оған мысал бірқатар көрші Орталық Азия аймағындағы елдер. Ислам Әбдіғаниұлының кезеңіндегі Өзбекстандағы оппозицияның қудалануы дінді қоғамдық топтастырушы ретінде альтернативті саяси күшке айналдырды. Нәтижесінде мемлекет қоғамдық діни көріністерге қарсы күрес жүргізді. Ресми, азаматтық оппозиция болмағаннан кейін, дін мемлекетке қарсы легитимді қарсылық күшіне айналды. Мұндағы ескерілуі керек маңызды фактор Өзбекстан қоғамындағы діннің орны. КСРО дәурен сүріп, діни сенім бойынша қуғын-сүргін жүйелі негізде жүзеге асқан кездің өзінде өзбек ағайындар діни қағидаттарды жасырын негізде берік ұстана білді. Адам тәнін құрсауға алған тоталитарлық жүйеде, рухани таңдау әр адамның еркіндігінің көрінісі болып қала берді. Сондықтан да болар Өзбекстандағы зайырлылық қағидалары өзіндік ерекшелігімен көрініс тапты.
Біз секулярлы елміз бе? Қазақстан алуантүрлілікті қолдайтын толлерантты қоғам құрып келе жатыр. Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап көптеген этностар мен ұлттар шоғырланған еліміздің бір діни бағытты ұстануы мүмкін болмағандығы айқын. Алайда мәселе соңғы сарындарда, орамалмен балаларды мектепке кіргізу, орамалмен жүру, сақал қою, уағыз айту секілді мәселелер қоғамның үлкен алаңдауын туғызуда. Осы жерде маңызды бір мәселе бар. Дін өте нәзік құбылыс. Бүгінгі күні дін қоғам үшін өз орнын айқындады. Дәл осы мәселенің мемлекет үшін де айқындалғаны дұрыс. Соңғы уақыттағы сарынға назар аударсақ, секулярлықты, яғни мемлекеттің дін істеріне, тиісінше діннің мемлекет істеріне араласпауын, дінді қоғамнан оқшаулау ынтасымен шатастырып отырған секілді. Зайырлылық бірінші кезекте адамның діни таңдауын, оның бостандығын, соның ішінде пікір айту бостандығына арқа сүйейді. Демек, зайырлылық дінді жоюды емес, адам құқықтарын қорғауды көздейді. Бұл кепілдікті Конституция беретіндігін естен шығармаған орынды.
Abai.kz