Ресейдің жалған тарихы һәм Донскойдың қураған сүйегі
Немесе Донской «мобилизацияланды»
Владимир Путин Кремльден орыс жұрты тәу етіп, әулие санайтын Дмитрий Донскойдің қураған қу сүйегін тауып алыпты. Сөйтіп, оны майданға аттандырмақ екен...
Ресейбасы Путин жақында князь Дмитрий Донскойдың саркофагына жеке барып, тәу еткен. Орыс православ шіркеуі Донскойды 1988 жылы әулиелер қатарына қосқан. Ал Донскойдың қабірі Кремльдегі Архангел соборынан биыз жазда табылған. Осы собордың едені шөгіп, реставраторлар собордың оңтүстік қабырғасын жөндеуге кіріскен. Сол жерден үш қабір табылған. Бірі – Дмитрий Донскойдікі.
Орыс шіркеуі: «Әулие князьдің сүйегінің Кремльден табылуының өзі Құдайдың кереметі. Бұл – Құдайдың біздің елімізге деген қамқорлығы. Және бұл – еліміз таяуда жеңіске жетеді дегенді білдіреді», - деген.
Қазіргі ресейлік тарихи мифологияда Дмитрий Донскойдың бейнесі өзінің арғы атасы Александр Невский сияқты абыройлы емес. Қызығы сол, Орыс шіркеуі Невскийді «Батыспен текетіресте Алтын Орданы таңдағаны» үшін мақтаса, Донскойды «Орданы жеңгені үшін» дәріптейді.
Шын мәнінде, Дмитрий Донской туралы миф Сталин тұсында қалыптаса бастады. Донскойды ұлықтау сол Екінші жаһан соғысы жылдарында белең алды. Соғыс жылдарында Сергей Бородиннің «Дмитрий Донской» романы 9 рет қайта басылып шыққан екен. Сол үшін Бородин тіпті «Сталиндік сыйлық» алған.
Шын мәнінде Донской «Алтын орданы» жеңді деген қып-қызыл қисынсыз әңгіме...
Әуелі, Куликов шайқасының өзінде – өзара қырқыстар болды. Рязань князі Олег пен Тверь князі Михаил Дмитрийді қолдамаған. Донской әуелде Тверь, Рязань князьдіктерімен, Новгородпен, Еділ Бұлғариясымен, мордвалармен, Литва князьдігімен соғысқан…
Бүгінгі орыстар «әулие» деп дәріптейтін Донскойдың Тверьге жасаған бір ғана жорығының нәтижесінде тұтас қалалар қирап, адамдар тұтқындалып, шіркеу, монастырлар қиратылған. Сол Кулоков шайқасы кезінде осы Донскойға бүкіл Русь митрополиті қарғыс (анафема) айтқан.
Ал бүгінгі таяз білімді орыс тарихшыларының «Алтын орданы жеңген» деп әсіре дәріптейтіні –Донскойдың Алтын Орда ішіндегі оппозицияны басқарған Мамайды жеңуі. Тарихи деректерге сүйенсек, Дмитрий Донской Алтын Орданы ешқашан жеңген емес және оған қарсы ашық соғыс ашпаған.
1380 жылғы Куликово шайқасында ол Орданың заңды ханымен емес, билікті заңсыз иемденген Мамайдың әскерімен соғысты. Ал кейіннен, 1382 жылы Тоқтамыс хан Мәскеуді өртеп, князьдікті Алтын Ордаға бодан етті. Осыдан кейін Дмитрий Донской Ордаға бодан, тәуелді екенін растап, қайтадан салық төлей бастады.
Бүгінгі орысия Донскойды әулие санайды. Тіпті, Путиннің өзі пұтқа сыйынғандай, Донскойдың қураған қу сүйегіне тәу етіп, Украинаға қарсы соғыста шарапаты тиіп қала ма деп дәмеленеді. Бұл да болса, Украинаның тегеурінді тойтарысынан әбден титықтаған Мәскеудің шарасыз күйін көрсетсе керек...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz