Сәрсенбі, 26 Тамыз 2026
Жаңалықтар 425 0 пікір 25 Тамыз, 2026 сағат 16:13

Арменияда экс-президент Кочарян ұсталды

Сурет: news.am сайтынан алынды.

Арменияда бұрынғы президент Роберт Кочарян мен оның ұлы Седрак ұсталды, деп хабарлады республиканың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитеті.

Экс-президенттің комитетте қандай мәртебеде екенін және оған айып тағылған-тағылмағанын мемлекеттік орган нақтыламады.

Дегенмен, Роберт Кочарянға қатысты қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану және ақшаны жылыстату ісі бойынша тергеу жүріп жатқаны белгілі.

Сондай-ақ бұрынғы президенттің тағы бір ұлы – Левон Кочарянда да тінту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Армениялық БАҚ-тың мәліметінше, таңертең салық органдары акционерлерінің бірі Кочарянның үлкен ұлы Седрак Кочарян болып табылатын Toyota компаниясының Еревандағы өкілдігін мөрлеп тастаған.

Өткен дүйсенбіде парламентте Армения премьер-министрі Никол Пашинян Левон Кочарянға қаратып сөйлеген сөзінде олардың отбасы мүлкінен айырылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды «Интерфакс».

Левон Кочарян 24 тамызда парламенттегі пікірталас кезінде елдің премьер-министрі Никол Пашинянды «сатқын» деп атады. Бұған жауап ретінде Пашинян Кочарянның отбасында «мұндай байлық» қайдан пайда болғанын және оның неге миллионер екенін сұрады. «Сіз миллиондарыңызды балаларыңызға, ал балаларыңыз өз балаларына қалдыруы керек дегіңіз келе ме. Кешіріңіз, мен сізге ашық айтайын, бұлай болмайды. Мұны қалай түсінсеңіздер де өз еріктеріңіз, бірақ мен үшін бұл жеке емес, саяси мәселе», – деп келтіреді премьердің сөзін News.am.

Биылғы жылдың маусым айында Армения билігі елдің экс-президенті Роберт Кочарянға елден шығуға тыйым салған.

Кочарян - Арменияның екінші президенті. Ол бұл қызметті 1998 жылдан 2008 жылға дейін атқарды. Маусымда өткен парламенттік сайлауда Кочарянның «Армения» оппозициялық блогы 9,9% дауыс жинап, 12 мандатқа ие болды.

Abai.kz

0 пікір