Колпаковский әкеміз бе, әкемізді өлтірген жендет пе?
«Әділеттің» су жаңа депутаттарына алғашқы сауал!
(Колпаковский көшесінен өткен сайын төбе құйқам неге шымырлайды?)
Алматы қаласында Колпаковский атында көше бар. Сол көшеден өткен сайын төбе құйқам шымырлайды.
Қазақтың соңғы ханы Кенесары 1847 жылы отаршылдық құрбаны болғаннан кейін Ресей империясының қазақ даласын жаулау саясаты тіпті де үдей түсті. Отарлық тасқыны тоқтаусыз жөңкіді.
Кенесары бастаған ұлт азаттық қозғалысы Патшалық ресейдің жаулау саясатында нені ерекше ескеру қажеттілігін одан ары ұқтырса керек.
Кенесары өлгеннен кейін де Есет Көтібарұлының күресі (1847-1858 жж), Жанқожа Нұрмұхамедұлының қозғалысы (1856-1857 жж) сынды азаттық ұрандары көтерілді. Қазақ даласындағы қарсылықтар отарлаушыларды қазақ жерін неғұрлым тез жаулауға асықтырды.
Ресей әскери шебін оңтүстікке қарай жылжытып, Жетісу мен Сырдария өңірін иелеуді барынша күшейтті. Ресей әскері Жетісуға еніп, Қоқан хандықтарының бекіністерін басып алды. 1860 жылы Тоқмақ пен Пішпек, кейін 1864 жылы Мерке, Әулиеата, Түркістан, Шымкент және басқа бекіністер арт-артынан Ресей қолына өтті.
Осылайша отарлық өртіне оранған оңтүстік және оңтүстік-шығыс қазақ жері де Ресей империясының қанды шеңгеліне түсті. Қазақ даласы Түркістан → Орынбор → Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарына бөлініп, әскери және азаматтық билік түбегейлі отаршы елдің генерал-губернаторлары мен әскери губернаторларының қолында болды. Өктемдік өз білгенін істеді.
Осы арқылы қазақтың дәстүрлі хандық-сұлтандық басқару жүйесінің орнына (қазақ мемлекетінің орнына) ресейдің империялық әкімшілік жүйесі орнады.
Отарлық саясаттың аса ауыр салдарының бірі жер мәселесі болды. Империялық заңнамада қазақтардың дәстүрлі пайдаланған жерін орыстық отарлық жүйедегі мемлекеттік меншік ретінде қарастырды.
Ресей ішкі губернияларынан орыс шаруаларын қазақ даласына қоныстандыру күн санап күшейді. Әсіресе Жетісуда Колпаковскийдің бастамасымен 1868 жылы қоныстандыру туралы арнайы ереже қабылданды. Қоныс аударушыларға мемлекеттік жеңілдіктер мен несие беру қарастырылды.
Бұл қазақтың дәстүрлі көшпелі шаруашылығына жасалған өктемдік қана емес, отарлаудың қанды бұғауы еді. Қазақ үшін жердің маңызы бір ғана егістікпен өлшенбейтін: қыстау, көктеу, жайлау, күзеуді қамтыған шұрайлы өріс-қонысы бар болатын. Қазақтардың: «Бұл – ата-бабамның қонысы» дегені ендігі жерде «Бұл – мемлекет қарамағындағы жер» деген ұстаныммен бастықтырылды.
Сөйтіп Ресей империясының қазақ даласындағы әкімшілік-отарлық жүйесі барынша бекіді.
1847 жылдан кейінгі жағдай қазақ мемлекеттілігінің әскери тұрғыдан ғана емес, саяси, әкімшілік, жер және демографиялық жағынан да мейлінше әлсіреген (отарланған) кезеңі болды.
Осы отарлықтың Жетісу жеріндегі бас атаманы біз сөз етіп отырған Колпаковский еді.
Сөздіктерде әспеттелуінше, Герасим Алексеевич Колпаковский (1819-1896) – Ресей империясының генералы, Жетісу облысының әскери губернаторы және осы өңірдегі патшалық әскери-әкімшілік билікті орнықтыруға қатысқан негізгі тұлғаның бірі және бірегейі.
Колпаковский Жетісуда Ресейдің әскери билігін күшейтіп, жергілікті қазақ-қырғыз қоғамын империялық басқару тәртібіне енгізуге (шын мәнінде жаулап-құлдануға) бар күшін салды. Қазақ-Қырғыз даласына Ресейден қоныс аударушыларды жаппай қоныстандырды.
Оның бастамалары мен «жеңісті шерулері» империялар иесі жағынан «ерлік» саналды. 1867 жылы Жетісу облысы құрылып, Колпаковский оның әскери қолбасшысы болды. Сонымен бірге Жетісу казак әскерінің атаманы қызметін де атқарды. Ол қолындағы әкімшілік билік, әскери күш, казак әскери құрылымын пайдалана отырып, қазақ жерінде ойына келгенін істеді. Империя жалауын желбіретті.
1868 жылдан бастап оның бастамасымен «Жетісудағы шаруалардың көшіп-қонуы туралы уақытша ережелер» енгізілді. Қоныс аударушыларға бір ер адамға 30 десятина жер, 15 жылға салықтық жеңілдіктер және 100 сомға дейін несие берілді.
Осылайша, 1867-жылы Жетісу мен Сырдария облыстарын басқару туралы уақытша ереже күшіне енді де, іле-шала (1848 жыл) Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы ереженің күшіне енуіне негіз болды. Бұл шын мәнінде «басқару туралы уақытша ереже» емес, отарлықтың өз күшіне енген қағаз жүзіндегі заңдық құқай-қаруы еді.
Келімсектердің көбеюі қазақтарды жаз жайлау, қыс қыстауынан айырып, тынысын мейлінше тарайтты. Патша әкімшілігінің зорлықты саясаты нәтижесінде шұрайлы жерлер тартып алынып, «жаңа қоныстанушы қонақтарға» сыйға берілді. Осының бәрінің авторы және жоба-жоспарын жасап атқауршы Колпаковский болды. Ол өзі жасаған «Жетісуға орыс шаруаларын орналастыру» жоспарын атқару барысында ештеңеден тайынбады. Қарсы келгенді атты, қырды, жер аударды, қамады.
1860-жылдардағы қазақ-қырғыз қарсылықтары кезінде Колпаковский жергілікті қарсылық көрсеткен адамдарға қатаң шара қолданды. Айталық, Саурық, Балбай, Сабатыр молда, Молдажан және Дүрәліге қатысты істе Колпаковский өте қатал жаза қолдануды бұйырды. Саурық пен Балбайды дала сотымен атуды, ал Дүрәліні айдауға жіберуді ұсынды. Бұдан басқа да оның қара қазақ баласына жасаған қастандығы, қиянаты аз емес. Керек болса, реті келгенде оның бәрін тізіп айтып шығуға да болады.
Кеңестік кезеңнен қалған оқулықтар баяны бойынша – Колпаковскийді қазақ тарихына байланысты Верный (Алматы) қаласын дамытуы және Ресей империясының Жетісуда әскери-отарлық билігін орнықтыруға қосқан үлесі жағынан ерекше ауызға алады. Осы тұрғыдан ол – қазақ даласының саяси дербестігін әлсіретіп, империялық қоныстандыру мен басқару жүйесін орнықтыруға қызмет еткен патша әкімдерінің адал ұлығы саналады.
Алматы қаласы ішіндегі Жетісу ауданында тұрған «Колпаковский көшесінен» қалса, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш маңында Колпаковскийге арналған ескерткіш бар.
Ендеше, бүгінгі тәуелсіз қазақ санасымен қарағанда, Колпаковскийдің кім болғаны?
Әрине, Кенесары хан өлгеннен кейінгі қазақ жерін отарлауға ерекше үлес қосқан отарлаушы елдің атаманы, қолшоқпары.
Ендеше, біз қаламыздың төрінде кімнің атын әспеттеп отырмыз?
Осы арқылы отаншылдық рухпен тәрбиеленіп жатқан жас буынға нені айтпақпыз? (Алматы қаласындағы №143 мектеп-лицейінің мекенжайының «Колпаковский көшесі, 26» деп көрсетіліп тұрғанын еске алыңыз).
Колпаковский біздің әкеміз бе, әлде әкемізді өлтірген отаршыл жендет пе?
Колпаковский көшесінің атын жаңа атаумен атауға не кедергі?
«Әділеттің» су жаңа депутаттарының алдына осы сауалды тастағым келеді.
Қазақтың жазушы-тарихшы ұлы ретінде Алматы қаласындағы Колпаковский көшесінің атын алып тастауды өтінемін!
Жәди Шәкенұлы,
Жазушы-тарихшы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Еуразия жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері.
Алматы.
Abai.kz