Қазақстан бастамасы: 22 сәуір - Ғаламды көгалдандыру күні
БҰҰ Қазақстанның бастамасымен 22 сәуірді Халықаралық ғаламшарды көгалдандыру күні деп жариялады...
Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Қазақстан Республикасының бастамасымен 22 сәуірді Халықаралық ғаламшарды көгалдандыру күні деп жариялады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстан Республикасы ұсынған «Халықаралық ғаламшарды көгалдандыру күні» қарарын қабылдап, 22 сәуірді Халықаралық ғаламшарды көгалдандыру күні ретінде бекітті. Бұл бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясының жалпы дебаттарында көтерген болатын», — делінген сейсенбідегі хабарламада.
Қарарға әлемнің түрлі аймақтарынан 32 мемлекет қосалқы автор ретінде қолдау білдірді. Бұл халықаралық қоғамдастық үшін аталған бастаманың қаншалықты өзекті әрі маңызды екенін көрсетеді.
«Құжаттың қабылдануы — Қазақстанның жаһандық экологиялық күн тәртібін илгерілетуге, қоршаған ортаны қорғауға, экожүйелерді қалпына келтіруге, жасыл желек майданын кеңейтуге және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға қосқан жүйелі үлесінің айғағы. Қарар әлемдік қауымдастықтың табиғи экожүйелерді көгалдандыру мен қалпына келтірудің маңызы туралы хабардарлығын арттыруға, сондай-ақ мемлекеттерді, БҰҰ жүйесін, халықаралық және өңірлік ұйымдарды, азаматтық қоғамды тиісті іс-шаралар мен бастамаларды жүзеге асыруға ынталандыруға бағытталған», — деп атап өтілді хабарламада.
Халықаралық күннің бекітілуі Қазақстанда өтіп жатқан, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды, аумақтарды абаттандыруды және қоғамның экологиялық мәдениетін көтеруді көздейтін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясымен үндеседі.
«Осы қарардың қабылдануы Президенттің кезекті халықаралық бастамасының практикалық жүзеге асуы болды. Сондай-ақ ол орнықты даму мен келешек ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтау жолындағы Қазақстанның көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ұстанымының сұранысқа ие екенін растайды», — деп толықтырды СІМ өкілдері.
Abai.kz