Сейсенбі, 1 Қыркүйек 2026
Жаңалықтар 201 0 пікір 1 Қыркүйек, 2026 сағат 15:53

Алматы облысында 5 жаңа мектеп ашылды

Суреттер: Алматы облысы әкімдігінен алынды.

Білім күнінде Алматы облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған бес жаңа мектеп есігін айқара ашты. Бұл білім ордаларында 4200 оқушы білім алады.

Сондай-ақ тозығы жеткен тағы 10 білім ордасы күрделі жөндеуден өтіп, бүгін пайдалануға берілді. Биыл өңірде 36 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Осылайша, жаңа оқу жылында облыстағы 502 жалпы білім беретін мектепте 384 мыңнан астам оқушы тәрбиеленеді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алматы облысында үш ауысымды оқытуды жойып, сапалы білім беру мақсатында соңғы төрт жылда 75 жаңа мектеп ашылып, 6 қосымша жапсаржай салынды. Оның 26-сы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Нәтижесінде үш ауысымды білім беру ұйымдарының саны 52-ден 23-ке азайып, шалғай елді мекендердегі 6000-ға жуық оқушының тасымал мәселесі шешілді. Сонымен қатар алдағы уақытта EPC+F тетігі арқылы немесе мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 10 мектептің құрылысы жоспарланып отыр.

Бүгін пайдалануға берілген мектептер Алатау қаласы, Іле, Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандарында орналасқан. Мұнда заманауи пән кабинеттері, физика, химия және биология зертханалары, информатика, STEM және робототехника кабинеттері, кітапхана, оқу залы, спорт зал, асхана, медициналық пункт, мәжіліс залы, шығармашылық және коворкинг аймақтар қарастырылған. Бұған қоса, мектептер цифрлық оқыту технологияларымен, жоғары жылдамдықты интернетпен, бейнебақылау және қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін де барлық қолайлы жағдай жасалған. Бұл оқушылардың терең білім алуына, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуына жол ашады. Өңірде инфрақұрылымды жаңарту жұмысы мұнымен шектелмейді. Кешенді жоспарға сәйкес, 2025-2027 жылдар аралығында облыстағы 91 мектепке күрделі жөндеу жүргізу көзделген.

Алғашқы қоңырау күмбірі Іле ауданы Н. Тілендиев ауылындағы сужаңа «Келешек мектебінде» де естілді. Жалпы аумағы 10 мың шаршы метрден асатын нысан 900 орынды және ғимаратта 44 сынып бар. Жобаның жалпы құны – 7,5 млрд теңге. Бүгін мұнда 100-ге жуық оқушы мектеп табалдырығын алғаш рет аттап, барлығы 1 230 бала қабылданды.

Салтанатты шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, оқушылар мен ұстаздарды, ата-аналарды білім күнімен құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Біз Қазақстандағы барлық балалардың бақытты болашағын қамтамасыз етуіміз керек» деп атап өткендей, өскелең ұрпаққа сапалы білім беріп, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – мемлекетіміздің маңызды міндеттерінің бірі», – деді аймақ басшысы. Сонымен қатар білім саласын қолдау мақсатында өңірде атқарылған ауқымды жұмыстар мен оқушылардың жетістіктеріне тоқталды. Айтуынша, өткен оқу жылында облыс оқушылары жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша республикалық олимпиадада үздік үштікке енді, ауыл мектептері арасында командалық І орынды жеңіп алып, чемпион атанды. Қос бірдей жас дарын Ұлттық бірыңғай тестілеудің ең жоғары көрсеткіші – 140 балды жинап, рекорд жасады. Сонымен қатар 1 831 мектеп бітіруші «Алтын белгіні» еншілесе, 1 675 түлек «Үздік аттестат» алды. 7 мыңнан астам оқушы мемлекеттік білім беру грантын иеленді.

Жаңа мектептің ашылу салтанатында өңір басшысы үздік ұстаздарды мемлекеттік наградалармен, Алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен қатар үлкен өмірдің босағасында тұрған түлектермен жүздесіп, олардың сынып сағатына қатысты. Оқушылармен Ата Заңның қасиеті, «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» тұжырымдамаларының мәні жайлы ашық әңгіме өрбітті.

Ауыл тұрғындары да жаңа нысанның бой көтергеніне дән риза. Солардың бірі – Қорғасбек Қожахметолла.

«Н. Тілендиев ауылында жаңа мектеп ашылғанына өте қуаныштымыз. Сол үшін Мемлекет басшысына, облыс әкімдігіне алғыс айтамын. Бұл білім ордасынан ел-жұртына қызмет ететін, ой-өрісі кең азаматтар өсіп шығады деп сенемін. Енді осы мектепте менің төрт немерем білім алады. Мектеп көңілімізден шықты», – деді тұрғын.

Су жаңа нысанға аяқ басқан оқушылардың да қуанышында шек жоқ.

«Өзім биология пәнін жақсы көремін әрі болашақта дәрігер болғым келеді. Бұл арманыма осы мектепте оқу арқылы бір табан жақындаймын деген үміттемін. Себебі мұнда арнайы сыныптарда түрлі тәжірибелер жасап, білімімді жетілдіре аламын. Жаңа мектеп бізге қатты ұнады», – дейді 11-сынып оқушысы Кәусар Қуанбай.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 170
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 260
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 179
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 176