Сейсенбі, 8 Қыркүйек 2026
Жаңалықтар 344 0 пікір 7 Қыркүйек, 2026 сағат 19:04

Ақын Ө. Қожамұратов кітабы жарық көрді

Суреттер: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығынан алынды.

ҚР Ұлттық кітапхана ғимаратында 07 қыркүйекте сыршыл ақын Өмірзақ Қожамұратовтың  «Далама сыр» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Ө.Қожамұратов - байырғы мекен Тамды өлкесінен шыққан, небәрі 47 жасында 1983 жылы өмірден озған қазақтың қара өлеңінің нағыз үздіктерінің бірі.

Өз заманында Мұқағалидан бастап барша мықтылардың оң бағасын алып, солардың мойындауын көрген, жазғандары сыршыл, өлең жолдары сезімшіл қалам иесі.

Ақынның 90 жылдық мерейтойына орайластырылған шара  Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды. Кештің негізгі мақсаты – Өмірзақ Қожамұратовтың шығармашылық мұрасын дәріптеп, ақынның әдебиеттегі өзіндік қолтаңбасын кейінгі ұрпаққа таныстыру, оның өмірі мен өнегелі жолын насихаттау.

Кітаптың тұсаукесеріне Астана қаласы Жазушылар одағының басшысы Бауыржан Бабажанұлы, бір топ ақын-жазушылар, қаламгердің туған-туыстары, туған қарындасы Күләнда апай, сондай-ақ, жерлестері мен әдебиет жанашырлары қатысты.

Жиын барысында сөз алған қаламгерлер Өмірзақ Қожамұратовтың шығармашылығына тоқталып, ақынның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі, азаматтық болмысы мен адамдық қасиеттері жайында жылы естеліктерімен бөлісті. Ақынның өлеңдері оқылып, тамдылық өнерпаздар ақын сөздеріне шығарылған әндерді щырқады.

Туған қарындасы Күләнда апай ағасы туралы естеліктерімен бөлісіп, оның бала кезінен қалыптасқан ақындық болмысы, туған жерге деген сүйіспеншілігі мен елге деген азаматтық ұстанымы жайында сыр шертті.

«Далама сыр» – ақынның туған жерге, елге, табиғатқа, адамға деген жүрекжарды сезімін арқау еткен шығармаларын тоғыстырған тағылымды жинақ. Кітаптың жарық көруі – ақын шығармашылығын қайта зерделеп, оның әдеби мұрасын оқырман қауымға кеңінен таныту жолындағы маңызды қадам.

Кеш соңында қатысушылар ақынның өнегелі өмірі мен шығармашылық мұрасын ұлықтау – кейінгі буынның парызы екенін атап өтіп, қаламгердің есімі мен еңбегі ел жадында мәңгі сақталатынына тоқталды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 984
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2522
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 688
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 660