Сенбі, 12 Қыркүйек 2026
Әдебиет 302 0 пікір 11 Қыркүйек, 2026 сағат 22:50

Мұхтар Әуезов «Қилы заманды» қалай жазды?

Суреттер: Автордың мұрағатынан алынды.

Қарқара-Албан көтерілісіне - 110 жыл!

1916 жылғы Қарқарадағы  ұлт-азаттық көтерілісі туралы сөз етсек, есімізге ұлы жазушы Мұхтар Әуезов пен жырдың Құлагері атанған Ілияс Жансүгіров түседі. Қазақ әдебиетінің қос алыбы Қарқара оқиғасы туралы қалам тартқан. Әуезов «Қилы заман» атты тарихи кітап жазса, Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» атты топтама өлең және патшалық Ресейдің Қарқара көтерілісін басу үшін қандай әрекет істегені туралы архив материалдарынан деректер тауып, соның негізінде жазған «Жетісу казактары және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс» деген еңбегі бар. Осыған байланысты қаламгерлердің Қарқара өңіріне барған сапарлары туралы сөз қозғауды жөн көрдік.

Ілияс Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» атты топтама өлеңі 1925 жылы жазылғаны туралы айтылады. Топтама өлең бірнеше бөліктерден тұрса,  ақын Алатаудың келісті келбетін, көркем табиғатын ондағы жер аттарын, аң жануарлары мен өсімдіктерін жырына арқау еткен. Албандардың атамекендерін әдемі де көркем сұлу суреттермен көмкерген. Әсіресе қырғыздың Ыстықкөлінен бастап, Тәңіртауларының теріскейіндегі Қарқара жайлауының келісті келбеті, сала-сала болып жатқан сай-саларын, биікке кеудесін керген Хан Тәңірі мен айдай жарқыраған Тұзкөлін, Елшенбүйрек пен Шалкөдені аралаған сәттерін сұлу да маржан сөзімен көркемдеген. Ілияс өлеңдегі барлық жерді көзімен көрген. Қасындағы сапарласында  ұмытпай,   «Тау суретінде» деген өлеңінде:

«Тағыны тастан  тауып тарсылдатып,
 Жүргенбіз таудың ұзақ күні қыдырыспен,
 Басына  кешке таман Шырғанақтың,
 Шыққанмын  әлі есімде Ыдырыспен», - деген жолдары бар. Мұндағы    Ыдырыс кім деген сұраққа келсек, ол - Жетісу губерниялық атқару комитетінің төрағасы, Кеген өңіріндегі Шырғанақ ауылында өскен Ыдырыс Көшкінов, Ілияспен Кеген өңірінде сапарлас болған жақын досы. Кеңес өкіметі үшін қызмет істеп, көп еңбек сіңірген, бір-бірін жақсы таниды. Осыдан болар, Шырғанақ жақта  «Ілиястың төбесі» деген жер аты бар деген әңгіме ерте айтылады екен. Кей деректерде Ілияс Жансүгіров 1925 жылдан бұрында Қарқарадағы қанды оқиғаны зерттеу мәселесі өкімет тарапынан қозғалып, Ілияс Жансүгіровтің қатысқандығы айтылады. Демек, Ілиясқа  Қарқара Мұхтардан бұрын белгілі жер. Ал Мұхар Әуезов ол жылдары Ленинградта оқып жүрген кезі. Екеуі де бір-бірімен шығармашылығы жағынан таныс болған. Бұл жөнінде Мұхтар Әуезов: «Мен Ілиясты бұрында білуші ем, өлеңдерін де оқып жүретінмін. Бірақ оның шын мағынасында, дарынды ақын екенін мойындағаным, сол «Жетісу суреттері» өлеңін оқығаннан кейін», - деп өзінің ақынға тәнті болғанын білдірген. Ақын ол жылдары Жетісу өңіріндегі кеңес жұмысына белсенді араласып, білім- ағарту жұмыстарын істеумен қатар, ел ішіндегі белгілі ақындар мен өнер адамдарымен кездесіп, шығармаларын қағаз бетіне түсірген. Кейін өзі жинаған мұраларды елге танытуда аз жұмыс жасамаған. Осыдан кейін ақын  1925 жылдың күзінде Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтына оқуға кеткен.

1926 жылы кезекті Казкрайкомның 26 сәуіріндегі мәжілісінде қазақ шаруаларының бас көтеруіне он жылдығын атап өтуде жоспар қаралып, оған комиссия құрылады. Комиссияға Ораз Жандосов та кірген. Осыған байланысты 1926 жылы Қарқара көтерілісінің 10 ортасында жылдығы шілде айының аталып өтеледі. Мерекеге еліміздің сол кездегі астанасы Қызылордан әдебиет пен өнер шеберлері  - Әміре Қашаубаев, Серке Қожамқұлов, Иса Байзақов, Қалыбек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Зәуре Атабаева, Мәжит  Дәулетбаев және басқа   30-ға жуық өнер адамдары Қарқараға келіп, керемет концерт берсе, ақындар жырдан шашу шашады. Салтанатты шараның соңында мемлекет қайраткері Ораз Жандосов пен Жетісу губерниялық атқару комитетінің төрасы Ыдырыс Көшкінов және Әубәкір Жүнісовтер жиналған халықты ұйымдастырып, көтеріліс ошағы «Айттөбеге» тас үйгізіп, оған «Ереуілтөбе» деп ат береді және кейінірек Қарқара қаһармандарына арнап, ескерткіш орнататуды болашақ ұрпаққа аманаттайды. Бұл іс Ораз Жандосов пен Ықылас Кішібековтың бастамасымен жүзеге асқан екен. Көтерілістің 10 жылдық мерекесіне келген астаналық қонақтар тойдағы жақсы әсерлерін   Қызылордаға барғанда жыр ғып айтады. Хабарды Мұхтар Әуезов өзінің «Қарагөз» трагедиясын премьерасына келген Әміре мен Исадан естиді. Оқиғаға Мұхаң қатты қызығып, осыдан кейін келесі жылы Ленинградағы оқуына барарда Алматыға соғуды жоспарлайды. Жазушының ойы келесі жылы іске асады. Бұл туралы 1970 жылдардың аяғында Алматыдағы Мұхтар Әуезов үйінде «Халық университеті» жыл сайын өтетін дәріс сабақта белгілі академик Әлкей Марғұланның ауызынан осы жайтты мен естіген едім. Дәрісте ғалым: «Мен Мұхтармен Ленинградта бірге оқыдым, кезекті каникул кезінде Мұхтардың бағыты 1916 жылғы Қарқарадағы ұлт-азаттық көтерілісті жазу үшін оқиға орына баратынын айтты. Мұхаң ойға алған ісін тиянақты орындап, дүниеге «Қилы заман» деген тарихи кітабын жазып, 1928 жылы жарыққа шығарды. Амал не, құнды кітап өміршең болмады», - деген.

Мұндай естелікті 1926 жылы Қарқара жәрмеңкесін көзімен көріп, ұлт-азаттық көтерілістің 10 жылдығында Мұхаңмен бірге болған белгілі ғалым Ақай Нүсіпбеков те Әуезов үйіндегі кезекті дәрісте айтқан. «Мұхаң Қарқара сапарында көтеріліс басшысының бірі болған Серікбай Қанаевтың   әйелімен - ел ішінде Көкшегір атанып кеткен Қаныкеймен әңгімелескен. Жазушы ол кісіге өте риза болған еді. Ертесінде Мұхаңды шығарып салуға жолға шыққанбыз. Бізбен Қаныкей шешемізде таулы бөктеріндегі туыстарына баруға бірге шықты. Жолай әжеміз қымыз ішуге атынан түсіп отырғанда:  «Мұнда Еңілік бар екен ғой»,- деп оны тамырымен жұлып алды. «Еңлік» деген сөзге Мұхаң елең етіп, «Не дедіңіз?»,- деді. «Бұл -Еңілік деген гүл, біз қыз-келіншек кезімізде осыған құмар едік. Гүлмен боянатынбыз»,- дегенде,  Мұхаң: «Пәлі, мен Еңлік дегенің гүлдің аты екенін білмептім, «Еңлік-Кебек» деген шығарма жазып едім»,- деп гүлді қолына алды»,- деп ғалым өткен жылдардан естелік айтқаны бар.

Ғалым Ақай Нүсіпбековтың қызы Дина да әкесі жайлы естелік жазыпты. Онда былай дейді: «Әкем 1916 жылы бозбала кезінде Қарқарадағы қанды оқиғаны көзімен көрген. Елдің әбігерге салған ақ патша жендеттері елді аямаған. Оны інісі Кеңес Нұрпейісовке және басқа үйге келген қонақтарға айтып отыратын.  Ал Әуезов Қарқарадағы оқиғаға және оның қаһармандары, елдегі ауыр жағдайды Қызылордан естіпті. Осыдан кейін Мұхаң келер жылы Қарқараға баратын айтып, сол кездегі Жетісу губерниялық атқару комитетінің төрағасы Ыдырыс Көшкіновке хат жазады. Көп кешікпей «Күтіп алуға дайынбыз» деген жауап келеді. Содан Әуезов 1927 жылдың жазында Қарқараға келген.

– Бұл жаз айы еді, - деген-тін одан әрі әкем Кеңес ағаға. – Дөңгелексазға жазушыға арналып Серібай атамыздың ұлы Мырқасымның ақ боз үйі  тігіледі. Біз күтуші, «барып кел, алып келге» тапсырма орындаушы  бозбаламыз. Келген адам үстінде ақ китель-шалбар киген, бұйра шашты, орта бойлы кісі екен. Қарсы алып жүріп естігені, қонаққа  атқосшылыққа  Әкімқожа есімді  адамды бекітіпті. Алматыдан еріп келген өкіл табалдықтан атай беріп, «сізге жазатын үстел керек шығар» деп еді, Мұхаң оны қажет етпеді. Содан киіз үй  төріндегі дастарқан басында көтеріліс туралы әңгіме басталды дейсің. Бір апта  бойы осылай болды. Жазушыға Қарқараның түкпір-түкпірінен ел ағалары шақырылып, бәрі өздерінің білетіндерін айтып берді. Екінші аптаға аяқ басқанда қонақ оқиға ошағы - жәрмеңке орнымен,  халық топтастырылған Мыңжылқы, Қабанқарағай, Лабасы, Талды мен Шөладырда болып, жер жағдайын жақсы білетін Қазы, Тұрсынбай деген кісілердің сөзін тыңдап, айналасы 14-15 күн ішінде шаруасын тиянақтады. Мұхаң Алматыға кетерінде көтерілісшілердің басшыларының бірі болған Серікбайдың әйелі Қаныкеймен (ел ішінде Көкшегір атанып кеткен, атақты күйші Қожекенің қызы) әңгімелесуі де жазушыға жақсы әсер қалдырғанын айтып отыратын. Үйге келген қонақтарға ара-тұра әңгіме айтып, өткенді еске алушы еді. Жас кезінде ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің Жетісу сапарын өз көзімен  көргенін, жол бастаушы топпен еріп жүргенін ерекше толғаныспен  еске алатын. Соның негізінде туған «Қилы заман» туындысы 1928 жылы  Қызылорда да бір рет жарыққа көріп, тек жарты ғасырға жуық уақыттан соң  жұрт қолына тигенде: «Тәубе, бұғанда шүкіршілік»,- деп күбірлегені есімде. Әлі де көз алдымда».

Осы жерде тағы да аз шегіс жасасақ. Жеке адамдардың естеліктерінде Әуезовтің оқиғаның ошағы болған жері Қарқарада болғаны айтылады. Онда 1927 жыл жылы  Кеңес өкіметінің 10 жылдығы Қарқара жәрмеңкесінде үлкен мереке болып атап өтеді, Алматыдан Ораз Жандосов арнайы келген. Қасында Қалдыбаев, Көшкінов, Байпақов тағы басқалары бар. 1916 жылғы оқиғадан барлық мағұлмат жинаған. Қарқара жәрмеңкесіне жиырма үй тіктіріп, қырғын, қорлық  көріп келген халықтың көңіл күйін көтеру үшін той жасайды. Жәрмеңкенің күншығыс жағындағы төбенің үстіне тойға жиналған адамдарға Қарқара өзенінің тасынан  кісі басына  екі-үштен алдырып, төбеге үйгізген. Тас үйілген сол төбенінің атын Ереуілтөбе деп қойған. Тойға өңірден мың сан албан келіпті. Жиналғандардың ішінде өкімет адамдары және 1916 жылғы оқиғаға қатысқандар және оның қаһармандарының  ішінде тірі қалғанның бірі  Алдаберген Қойшыбеков те болыпты. Ол өз естелгінде:  «Менде тас үйілген төбеге шығып, 1916 жылғы оқиғадан сөйледім. Сөйлеп біткен соң, жұрт мені төңкерісшіл деп «уралап» аспанға үш рет көтеріп түсірді»,- депті.

Мұнда бір айта кетерлік нәрсе - Әуезов те «Ереуілтөбеде» халық алдына шығып сөйлегені. Мұхаңның сөйлегеннің көзімен көргеннің бірі, әрі құрметті қонаққа қызмет жасаған Кеген, Қарқара және Шырғанақ  елді мекеннің сельсоветінің хатшысы - Есенаман Қосымбаев. Ол естелгінде: «1927 жылдың шілде айында Алматыдан Әуезов келді. Сөйлестік. Келу   сапарының маңыздығын айтты. Біз жәрмеңкедегі халықтың басын қосып бердік. М.Әуезов халықтың алдында сөз сөйлеуі ерекше шешендігімен  жұрттың ықыласын өзіне аударып, бірден баурап алды. Мен Қараштың сазына (Бөлексаз бен Кегеннің ортасындағы жазық жер) екі қазақ үй тіктірдім. Оның біреуінде келген кісілердің әңгімесін тыңдап, қымыз ішетін, екіншісінде  өзі отырып жазу жазатын. Осылайша бір ай шамасында жатып, «Қилы заман» материалдарын жинаған»,- деп ұлы жазушыны қалай көргенін жазады. Кейін Мұхаңмен араласып тұрған.

Осындай деректі қазіргі күнде еңбек ардагері, жасы 80-нің мол ішіндегі Нұрлыкүн Оразбекұлынан да естідік. «Біз 1916 жылдың қаһарманы Серікбай Қанаевпен туысқан болып келеміз. 16-жылдың қасіретін ата-анамыздан   естіп өстік. Қанды оқиғаны жазу үшін Алматыдан Ыдырыс Көшкінов  Жансүгіров пен Әуезовты Серікбайдың жайлауы Дөңгелексазға ертіп келген.  Дөңгелексаз Қызылбөрік руындағы Сақау атаның жайлауы. Қонақтарға Серікбайдың інісі Базарбайдың баласы Жөкен және белгілі ғалым Ақай Нүсіпбековтер қызмет жасапты. Екеуі де ол жылдары бозбала кездері екен. Тігілген үйге Ыдырыс, Мұхтар және Ілияс демалып, аңға да шыққан. Осыдан кейін Ыдырыс қонақтарды оқиға болған жерлерді көрсетіп аралатыпты.   Кемеңгер жазушының Қарқараға келіп, кіммен кездескені туралы деректер осылай.

Ал қазақ өлеңінің  жүйрігі атанған Ілияс Жансүгіров туралы көрдік, не бірге болдық деген деректер ақының Қарқара сапарында кездеспейді. Бірақ өзінің «Жетісу суреттері» деген өлеңдерінде мынадай өлең жолдары бар:

«Жалықпай араладық қыдырыстан,
Қасымдағы Сұраншы, Ыдырыстан...». Біз жоғарыда Ыдырыстың кім екенін білсек, ал Сұраншы кім? Сұраншы - Қарқара көтерілісінің басшысы Ұзақ батырдың назарына ілігіккен бала. Батырдың ықпалымен Сұраншы Сауранбаев 1909-1912 жылдары Нарынқолдағы орыс-бұратана мектебінің интернатында оқыған. 1912-1913 жылдары жергілікті педагогикалық училище, 1920 жылы Алматыдағы 6 айлық курста білім көтеріп, Ғани Мұратбаевтан үлгі алады. Жетісу жеріндегі Жаркент, Есік, Жалаңаш, Алматы маңындағы елді мекендерде қызмет жасайды. Сұраншының өмір жолдары халқымыздың  біртуар ұлы перзентерімен тоғысқан.

1927 жылы Республика үкіметінің халық арғарту комиссариатының  басшыларының тапсырмасымен Сұраншы Сауранбаев, Мұхтар Әуезов, Ақай Нүсіпбеков үшеуі Таушелек, Кіші Жалаңаш елді мекендерін, Торайғыр тауы арқыл Қарқара, Шалкөде жайлауларын, және Ұзақ Саурықовтың Қостөбедегі қыстауын, Сырт жайлауында атпен аралаған. Сонымен қатар Ұзақ пен Жәмеңке және басқа Қарақолда атылған ерлердің туған-туыстарымен  кездескен. Мұхтар Әуезовтің қасында Ілияс Жансүгіров бірге болды ма? Өйткені осы бір естен кетпес сапар туралы мәскеулік жазушы Николай Анастасьев: «Сол күндері Ілияс - айтушы, Мұхтар тыңдаушы. Бір- ақын, бір - жазушы не жайында көп сырласты, нені кеңеске салды?»,- деп ерекше шабытпен жазған екен. Мәскеулік жазушының сөзінде үлкен мән жатыр.

Сондай-ақ, қос алыптың Қарқарада бірге жүргені туралы да фотосуреттің барын айта кеткенді жөн көрдік. Сурет 1998 жылы 18 сәуір сенбі күнгі Алматы облысының «Жетісу» газетінде жарияланған. Басылымда «Ұлы жазушы  Мұхтар Әуезовтың Қарқараға сапары» деген тақырыппен мақала шыққан.  Мақалада «Қилы заман» кітабы араға елу жылға жақын қайта жарыққа шықаны айтылады. Ал айтылмай қалған жайттардың сырын ашқан - осы фотосурет. Суретте атқа мінген үш адам бейнеленген.

Оңнан солға қарай боз атқа мінген, түсі ашық ақ жейде сым, аяғына былғары  етік киген, құйма күміс үзеңгіге аяғын салып, аткөрпелі құранды ерге мінген адам – М. Әуезов. Сол қырынан жалаңбас түскен. Аттың жүгені де ерекше. Жүгеннің моқталығы мен сағалында дөңгелек ақ түсті темір өрнекпен көмкерілгендігі байқалады. Тізгіні жіңішке болса,шылбыры да жалпақтау келген қайыс па дерсің. Ертоқымның құйысқанында сәнді. Тоқымы былғары, сірә қайып жасалған сияқты. Ертоқымның қанжығасы да ұзындау. Екіншісі - ортада баран түсті атты мінген І. Жансүгіров. Ол да  ақ жейдемен, жалаңбас. Үшіншісі де жалаңбас, үстінде шекпені бар. Оның мінгенені де баран түсті. Бұл жерде редакция «үшінші адамның белгіз екенін жазып, оқырмандардан танитын болсаңыздар хабарласыңыздар» деп жазыпты. Оқырман мен мақала авторы Ораз Әлмерек үшінші адам Қарақол түрмесінен аман шыққан Әубәкір Солтанбеков деп топшылапты. Оған да негіз бар. Өйткені Мұхаңа  арнап тілген үй  Әубәкірдің ауылы Шырғанаққа және Бөлексаз, Көктөбе, Қараштың сазы тиіп тұр. Ұлы жазушы қанды оқиғадан аман шыққан Әубәкірмен кездеспеуі мүмкін емес.Әубәкірдің түрмеде кімдердің болғанын,  Жәмеңкенің қалай өлгені, ондағы атысты қалай болып,  Ұзақпен бірге шығып, батырды  амалсыз тастағаны -  кітапта жазылған дәлел. Бұл фотосурет  атақты ақынның мұражайына да қойылыпты. Суреттің аяқ жағында  «Фотоқұжат: Ілияс Жансүгіров пен Мұхтар Әуезов «Қарқара» жайлауында 1927 жылә делінген.

Иә, сонымен Мұхтар Әуезов пен Ілияс Жансүгіров 1927 жылдың шілде мен   тамыз айларында көтеріліс болған жерде болып, Алматыға қайтқан. Олардың сапарлары сәтті болып, ұлы жазушы бір жылдан кейін «Қилы заман» атты кітап жазса, жыр дүлдүлі атанған Ілияс Жансүгіров те  Қарқарадағы ұлт-азаттық көтеріліс туралы еңбегі көптің көңілінен шыққан. Біз қос алыптың осы ерен еңбектерін қашанда ұмытпаймыз. Қасіретті жылдың қайғылы оқиғасы ғасырдан астам уақыт өтсе де тәуелсізік үшін күрескен қаһармандардың ерлігі болашақ ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

Жексен Алпартегі, журналист

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1116
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2653
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 770
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 738