Сейсенбі, 29 Қыркүйек 2026
Билік 473 0 пікір 28 Қыркүйек, 2026 сағат 13:00

Қазір әлем Қазақстан туралы не жазып жатыр?

Сурет: obob.tv сайтынан алынды.

Қазақстан мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылдың қыркүйегінде халықаралық күн тәртібінде жиірек көрінуінің бірнеше себебі бар. Қазақстан ресурстар мен жаңа жеткізу тізбектері үшін күрестің орталығында тұр.

Елде мұнай, уран және басқа да минералдардың үлкен қоры бар. Ал маңызды минералдарға, соның ішінде литий мен жоғары технологиялар үшін қажетті басқа да ресурстарға қызығушылық қазіргі уақытта арта түсті. Қыркүйектегі «Оңтүстік Корея – Орталық Азия» саммитінде бұл негізгі тақырыпқа айналды.

Тоқаев көпвекторлы сыртқы саясатты белсенді түрде жүргізіп келеді. Қыркүйек айында ол Үндістандағы БРИКС саммитіне қатысты. Онда басқа да кездесулермен қатар АҚШ Президентінің арнайы елшісі Серджио Гормен жүздесті, содан кейін Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапармен барды.

Басқаша айтқанда, Қазақстан бір мезгілде Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен, ЕО-мен, Оңтүстік Кореямен және басқа да ықпал орталықтарымен теңгерімді қарым-қатынасты сақтап отыр. Кореяға жасалған сапар өте маңызды болды. Қазақстан мен Оңтүстік Корея бейбіт ядролық энергетика, энергетика, ғылым және технология саласындағы ынтымақтастықты қоса алғанда, бірқатар келісімдерге қол қойды. Шамамен 19 миллиард долларға бағаланған коммерциялық келісімдер жасалғаны хабарланды.

Батыс пен Еуропа үшін Қазақстан балама экономикалық және көлік серіктесі ретінде маңызды бола бастады. Мысалы, Тоқаевтың маусым айында Брюссельге жасаған сапарынан кейін құны шамамен 10 миллиард еуроны құрайтын 30-ға жуық коммерциялық келісімге қол қойылды.

Ел ішінде де ірі саяси өзгерістер орын алды. 2026 жылы вице-президент лауазымы енгізілген жаңа конституциялық модель қабылданды; Тоқаев бұл лауазымға өзінің көпжылдық кеңесшісі Ерлан Қаринды тағайындады. Reuters агенттігі жаңа Конституцияда президенттік мерзімге қатысты ережелердің де өзгергенін атап өтеді.

Тағы бір маңызды мәселе бар: Қазақстан Ресей, Қытай, Еуропа және Америка Құрама Штаттары арасындағы өз орнын ешбір державаға толықтай тәуелді болмай пайдалануға тырысуда. Осының арқасында Тоқаев халықаралық деңгейде танымал тұлғаға айналып келеді. Қазіргі геосаяси бәсекелестік жағдайында Қазақстанның геостратегиялық орны әлдеқайда құнды түседі.

Сөзсіз, Қазақстан Президенті 2023–2026 жылдар аралығында елді біртіндеп көрнекті геосаяси хабқа айналдырды. Қазақстан бір мезгілде Ресейге, Қытайға, ЕО мен АҚШ-қа қажет болып отыр, әрі өзінің сыртқы саясаттағы маневр жасау қабілетін сақтап қалды.

Нақты не болды?

Ол Ресеймен қарым-қатынасты үзген жоқ, бірақ оның толықтай жетегінде де кетпеді.

Бұл – бәлкім, ең маңызды тұс. Ресейдің Украинаға қарсы кең ауқымды соғысы басталғаннан кейін де Тоқаев Мәскеумен тығыз қарым-қатынасты ұстанды. 2024 жылдың қарашасында ол Путинді Астанада қабылдап, Ресейді стратегиялық серіктес әрі одақтас деп атады. 2025 жылдың қарашасында Ресей мен Қазақстан «кең ауқымды стратегиялық серіктестік пен одақтастық» деңгейіне көшкендерін жариялады.

Бірақ сонымен бірге Қазақстан:

  • Ресейдің Украина аумақтарын аннексиялауын мойындамады;

  • Украинамен дипломатиялық байланыстарын үзбеді;

  • ЕО, АҚШ және басқа да елдермен қарым-қатынасты дамыта берді;

  • Батыстың Ресейге қарсы санкцияларына автоматты түрде қосылмағанымен, бұл санкцияларды айналып өту үшін Қазақстан аумағын пайдалануға жол берілмейтінін мәлімдеді.

Нәтижесінде сирек кездесетін тепе-теңдік қалыптасты: Мәскеу Астананы одақтас санауды жалғастыруда, ал Батыс Қазақстанды тәуелсіз серіктес ретінде қарастырады. Тоқаевтың тұлғасын барлық тарап үшін қызықты ететін де – осы фактор.

Ел Президенті Қазақстанның географиялық орналасуын экономикалық активке айналдырды.

Қазақстан Қытай мен Еуропаның ортасында орналасқан. 2022 жылдан кейін Ресей арқылы өтетін дәстүрлі сауда инфрақұрылымы халықаралық компаниялар үшін бұрынғыдай тартымды болмай қалды.

Қ.-Ж. Тоқаев Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) белсенді түрде илгерілетуде: Қытай – Қазақстан – Каспий теңізі – Әзербайжан – Грузия – Түркия – Еуропа.

ЕО бұл бағытты стратегилық маңызды деп танып, 2025 жылы Орталық Азия арқылы өтетін көлік дәлізін дамытуды қолдады. Еуропалық Одақ пен халықаралық қаржы институттары бұған дейін аймақтағы көлік байланысын жақсарту үшін шамамен 10 миллиард еуро жұмылдырған болатын.

Бұл – енді жай өңірлік маршрут емес. Еуропа үшін бұл – Ресейдің көлік бағыттарына тәуелділікті азайту. Қытай үшін – Еуропаға шығатын қосымша бағыт. Ал Қазақстан үшін – транзиттен пайда табу және өзін «ұлы державалар арасындағы елден» солардың арасындағы көлік-логистикалық хабқа айналдыру мүмкіндігі.

Ол Еуропаға белсенді түрде жақындай түсті.

Бұл бағытта айтарлықтай серпіліс болды. 2025 жылдың сәуірінде өткен «ЕО – Орталық Азия» алғашқы саммитінде тараптардың қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді.

Сонымен қатар, Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі экономика. 2026 жылдың маусымында Тоқаев Брюссельге барып, ЕО көшбасшыларымен кездесті. Билескен мәлімдемеде Еуропалық Одақ Қазақстанмен ынтымақтастықтың стратегиялық бағыттарын нақты көрсетті:

  • маңызды шикізат;

  • энергетика;

  • көлік мен логистика;

  • цифрландыру;

  • жаңа технологиялар;

  • ядролық энергетика;

  • Транскаспий дәлізі.

ЕО, сонымен бірге, Қазақстанның мұнай мен уран жеткізуші ретіндегі маңызды рөлін атап өтті. Яғни, Еуропа қазір елді жай ғана бұрынғы кеңестік республика ретінде емес, өзінің энергетикалық және шикізаттық қауіпсіздігінің маңызды элементі ретінде қарастырады.

Ол уран мен маңызды минералдарға баса назар аударды.

Ең қызықты оқиғалар осы салада өріс алуда. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші. Ядролық энергетика қайта жаңғырған кезеңде бұл ресурс ерекше мәнге ие болды: АҚШ пен Еуропа елдері Ресейдің ядролық отын жеткізіліміне тәуелділігін азайтқысы келеді.

Сонымен қатар сирек кездесетін жер металдары мәселесі алдыңғы қатарға шықты. 2025 жылы Қазақстан қоры 20 миллион тоннадан асатын сирек кездесетін металдар кен орны табылғанын хабарлады. Бұл бағалаулар расталса, елдің ресурс әлеуеті орасан зор болмақ.

АҚШ маңызды минералдар бойынша ынтымақтастық орнату туралы Қазақстанмен ресми келіссөздер бастады. 2025 жылдың қарашасында Д. Трамп Орталық Азияның бес елінің басшыларын қабылдағанда, сирек металдар келіссөздердің басты тақырыбына айналды.

Басқаша айтқанда, Вашингтон Қазақстанды мынадай формула арқылы қабылдай бастады: Уран + сирек кездесетін металдар + мұнай + көлік дәлізі + Ресей мен Қытай арасындағы геосаяси орны. Бұл – мүлдем басқа деңгейдегі қызығушылық.

Тоқаев Қазақстанды Батысқа біржола беріп қойған жоқ, ол Қытаймен де қарым-қатынасты тереңдетті.

Бұл – өте маңызды стратегия. 2025 жылдың маусымында Си Цзиньпин Астанаға ресми сапармен келді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай энергетика, ғарыш, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, электронды коммерция, ғылым, денсаулық сақтау және басқа да салаларда 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойды.

Тоқаев тек бір ғана серіктесті таңдауға ұмтылмайды. Керісінше, ол әрбір ірі жаһандық ойыншының Қазақстанмен ынтымақтастықтан пайда табуын көздейді.

Қазақстан Президенті дербес дипломат ретінде белсенділік таныта бастады.

Мұнда оның жеке дипломатиялық тәжірибесі шешуші рөл атқарады. Ел басшысы – бұрынғы Сыртқы істер министрі, Премьер-Министр және БҰҰ жүйесінде жоғары қызмет атқарған кәсіби дипломат.

Сол себепті де оның сыртқы саясаты келіссөздерге, халықаралық құқыққа және көпжақты платформаларға сүйенеді. 2026 жылы бұл ұстаным Ресей-Украина соғысы фонында анық байқалды.

Мысалы, 2026 жылдың шілдесінде Омбыда Путинмен бірге тұрған Тоқаев қақтығысты тоқтатуды және келіссөздерге оралуды ашық түрде қолдап, «Стамбул формуласы 2.0» диалогына назар аударуды ұсынды. Кремль бұл түсіндірмемен толық келісе қоймаса да, бұл маңызды эпизод болды: Тоқаев Ресей басшылығымен тығыз байланысты сақтай отырып, соғысқа қатысты өз ұстанымын ашық түрде білдіре алады.

Ішкі саяси реформалар мен қайта құрулар.

2022 жылғы қаңтар оқиғаларынан кейін Тоқаев ауқымды саяси өзгерістерді бастады. 2022 жылы конституциялық референдум өткізіліп, президенттік өкілеттіктердің бір бөлігі қайта бөлінді, Парламенттің рөлі күшейтілді, сондай-ақ Президент пен оның жақындарына қатысты белгілі бір шектеулер енгізілді.

Бұл Қазақстан бірден батыстық либералды демократияға айналды дегенді білдірмейді – елдің саяси жүйесін бағалау халықаралық деңгейде әлі де талқыланып келеді. Бірақ сыртқы әлем үшін маңызды факт: Тоқаев Назарбаев дәуірінің бұрынғы моделінен алшақтап, елді «Жаңа Қазақстан» ретінде танытуға ұмтылды. Дәл осы себепті де Тоқаев тек сыртқы саясатта емес, ішкі трансформация тұрғысынан да талқыланатын тұлғаға айналды.

Қорытынды:

Соңғы жылдардағы негізгі өзгеріс – Қазақстан енді жай ғана «Ресей мен Қытай арасындағы бұрынғы кеңестік республика» ретінде қабылданбайды. Ол – ресурстарды, энергетиканы, көлікті басқаратын және бірнеше жаһандық державалардың мүдделерін тоғыстырған тәуелсіз ойыншы. Ал Қазақстан Президенті бұл артықшылықтарды дипломатиялық капиталға белсенді түрде айналдыра білді.

Сонымен қатар, Президенттің жеке рөлін тым асыра бағалауға да болмайды: бұл қызығушылықтың туындауы тек Тоқаевтың әрекетінен емес, 2022 жылдан кейін халықаралық геосаяси жүйенің өзі түбегейлі өзгергендігінен. Ал Қазақстан басшысы пайда болған тарихи мүмкіндіктерді шебер пайдаланып келеді.

Керімсал Жұбатқанов,

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1579
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 3193
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 1182
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 1093