Сейсенбі, 29 Қыркүйек 2026
Жаңалықтар 238 0 пікір 28 Қыркүйек, 2026 сағат 14:15

Тоқсанбаеваның алтыны: Ресми ақпарат не дейді?

Сурет: Арлан Олжабай.

Азиада-2026: Ясмина Тоқсанбаеваның жарыстағы нәтижесіне қатысты ақпарат

27 қыркүйекте қазақстандық спортшы Ясмина Тоқсанбаева Аичи-Нагоя-2026 Азия ойындарындағы спорттық жүріс жарысында Қытай спортшыларын басып озып, мәреге бірінші болып жетті.

Жарыс аяқталғаннан кейін World Athletics ережелеріне сәйкес әйелдер мен ерлер арасында жүлделі орындарға ие болған үш спортшының аяқкиімі міндетті тексеруден өтті. Тексеру барысында техникалық делегаттар Қазақстан өкілі Ясмина Тоқсанбаева пайдаланған аяқкиім үлгісінің World Athletics мақұлдаған модельдер тізімінде жоқ екенін анықтады.

Мәселені одан әрі қарау үшін қазақстандық спортшының аяқкиімі суретке түсіріліп, тиісті мәліметтермен бірге ресми қорытынды алу үшін World Athletics-ке жолданды. Халықаралық федерацияның жауабы келгенге дейін марапаттау рәсімі кейінге шегерілді.

World Athletics-тің спорттық аяқкиімге қойылатын талаптары халықаралық федерация Кеңесінің 2026 жылдың 19 наурызындағы шешімімен жаңартылып, 20 сәуірден бастап күшіне енді. Бұл жөнінде World Athletics-ке мүше барлық ұлттық федерацияға тиісті ақпарат жолданды. Аталған ережелер күшіне енген сәттен бастап жарысқа қатысушылардың барлығы үшін міндетті болып саналады. Оларды сақтамау спортшы нәтижесінің жойылуына әкелуі мүмкін.

World Athletics спортшы пайдаланған аяқкиім үлгісінің жарыстарда қолдануға рұқсат етілген модельдер қатарына кірмейтінін ресми түрде растады. Халықаралық федерацияның қолданыстағы ережелеріне сәйкес мұндай жағдайда спортшының нәтижесі жарамсыз деп танылып, жарыстың қорытынды хаттамасына тиісті өзгеріс енгізіледі.

Осы Азия ойындарында мұндай жағдай бұған дейін жетісайыста өнер көрсеткен ирандық спортшы Мохитзадеге қатысты да болған. Тексеру барысында оның пайдаланған аяқкиім үлгісі де World Athletics мақұлдаған модельдер тізімінде жоқ екені анықталды. Ережеге сәйкес оның нәтижесі жойылды. Қорытынды хаттамаға өзгеріс енгізілгеннен кейін бұған дейін төртінші орында тұрған қазақстандық Алина Чистякова үшінші орынға көтеріліп, қола медаль иеленді.

Мәселе туындаған сәттен бастап Қазақстан ҰОК қазақстандық спортшыға қажетті қолдау көрсету және апелляция беру мүмкіндігін қарастыру мақсатында World Athletics, Asian Athletics Association, Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) және Қазақстан Республикасының Жеңіл атлетика федерациясымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

ҚР Ұлттық олимпиада комитеті

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1577
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 3186
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 1180
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 1093