Бір күнім...
(Өтірік әңгіме)
Бүгін түс ауа, күн енді көтеріліп келе жатқанда ояндым. Терезеден сыртқа көз салсам, аспанда балықтар жүзіп жүр! Жай балықтар емес, алтын, күміс, қызыл, жасыл, көк түсті үлкен-үлкен балықтар еркін қалықтап жүр екен. «Біреуін ұстап алайын» деген оймен, асығыс сыртқа шықтым. Бірақ олар мені көріп, қалың бұлттардың артына тығылып қалды. Садақпен атып түсірейін деп, жебеме жармастым. Онымды көрген балықтар бір қатарға тізіліп алды да ғарышқа қарай жүзіп кетті.
Үйге қайта кірдім. Тамақ іздеп тоңазытқыштың есігін ашсам, ішіндегі бір тауық:
– Қайырлы күн! – деп амандасты. – Сендерде ауа райы қандай? Бізде бүгін 35 градусқа дейін ыстық болады, – дейді.
Мен не дерімді білмей қалдым да:
– Бүгін бізде уылдырық жаууы мүмкін, – дедім.
– Ендеше менің жұмыртқама тиіспе, уылдырығыңды же! – деді де, есігін тарс жауып алды.
– Мына тауыққа не болды? Неге сонша ренжулі? – деп, ChatGPT-ден сұрадым. Ол:
– Не болса соны сұрап, мазамды алмашы! Түсінікті емес пе, жұмыртқасына тисең, ренжиді! Одан да сабағыңнан қалма, сыртта сені қоян досың тосып тұр! – деді.
– Жарайды, – деп, сөмкемді төс қалтама салып алып, сыртқа шықтым.
Қоян белсебетпен тұр екен, мені көрген бойда қуанып:
– Ей, достым! Кел, отыр, мен сені жеткізіп саламын! – деп дауыстады.
Отырғаным сол екен, ол қанатын жайып ұша жөнелді. Ұшып келе жатып әлгі балықтардың бірін болмаса, бірін көріп қаламын ба деп үміттеніп едім, көрмедім. Бұлттардың ішімен жүйткіп келеміз. Бір кезде самсаған алмаға тап болдық. Алматының Президент бағында өсіп тұрған апорттар екен. Зәулім-зәулім болып, бірінен бірі өтіп, бұлттарды жарып жайқалып тұр екен. Қарным ашып келеді, алманың біреуін алайын деп қолымды соза бергенім сол еді, олар:
– Жемеңдер бізді! Біз әлі піскен жоқпыз! – деп, шу ете түсті.
Кенет алдымыздан бір таныс бейне көрінді:
– Ей, батырлар, қайда зымырып барасыңдар? Қарындарың ашқан жоқ па? Мында мен «Қырық өтірік» қуырып жатырмын. Дәм тата кетіңдер! – деді кәдімгі Алдаркөсенің өзі. Басындағы тақиясы қандай жарасымды!
Ол кісіні өз көзімізбен көргенімізге қуанып, амандасайық деп, екеуміз бірдей белсебеттен секіріп түстік.
«Қырық өтіріктің» дәмін татып көру былай тұрсын, тойғанша жедік. Бұл не деген ғажап дәм! Не деген ғажап иіс! Тоқбасарға турап-турап, ақ бұлттардың өзін қойыпты. Бұлттың мұндай тәтті боларын неге білмегенмін?! Қарнымызды тойдырып, жанымызды жадыратқан Алдар ағаға алғысымызды жаудырып, белсебетімізге қайта мінгестік.
Құлағыма бір таныс дауыс келе бастады: «Нұрислам осында ма? Нұрислам осында ма?» деп, математика пәнінен сабақ беретін жақсы көретін апайым іздеп жатыр екен. «Ия, осындамын, апай!» деп, топ ете түсіп, сыныбыма кіріп бардым.
Қоян досым:
– 48-автобусқа отырма, ол автобустағы кондуктор сабақтан «төрт» алғандарды түсіріп тастауы мүмкін дейді. Сабақтан соң өзім келіп алып кетем! Басқа ғаламшарды аралап қайтамыз! – деді терезеден сығалап. – Әзірге сау бол! – дегендей екі қолын бірдей көтерді.
«Мәссағаааан! Көрер қызықтың бәрі әлі алда десеңші!!!» деп, партама жайғастым.
Нұрсәуле Мақсұтқызы
Abai.kz