Қырық жыл биігінен...
Жақында маған әйгілі Желтоқсан көтерілісіне байланысты қуғын-сүргін зардабын шеккендер жайында өнімді қалам сілтеп жүрген белгілі зерттеуші-жазушы қаламдас інім Көлбай Адырбекұлы хабарласып, мұрағаттан менің партиялық және әкімшілік тұрғыдан қатаң жазалануыма себеп болған сөзімнің машинкаға басылған бес беттік мәтінін кезіктіріп, суретке түсіріп алғанын айтты. Көшірмесін беріп, бұл сөздің бір журналист жігітіміз тәржімелеген қазақшасын ертеде оқығанын, мына түпнұсқамен танысқанда оның ағымдағы ахуалға, жағдайды түсіндіруде қолданылған тарихи деректерге, тіл тағдырына, ұлт мәселесіне жіті назар аудартарлықтай дәрежеде ойдағыдай шықпағанына көзі жете түскенін ескертті, сол себепті оны осы архивтік нұсқаға сәйкесткендіре түзетуімді, не менің өзімнің жаңадан аударуымды сұрады...
...Бұл сөзді тұңғыш рет 1990 жылы жұртшылыққа журналист қызымыз Ділдәр Мамырбаева жеткізген еді, ол орысша түпнұсқаны менімен жүргізген сұхбатымен бірге Қайта құру саясаты ауқымында Жұмабай Шаштайұлының редакторлығымен шыға бастаған «Ақиқат» газетінде жариялаған. Ұзамай сұхбат пен сөз түпнұсқасы Талғат Айтбайұлының Желтоқсан шындығын ашуды мақсат еткен көп томдық айғақ-кітаптарында басылды. (Айта кету керек, бұл сөздің мәтіні бертінде, 2021 жылы, белгілі тарихшы, мемлекет қайраткері Берік Әбдіғалиұлының құрастыруымен «Арыс» баспасынан жарық көрген «Желтоқсан. Декабрь. 1986. Документальная хроника» атты 880 беттік жинақта да жария етілді: құжат № 36. 128–133-бб.). Жаза өтеу орындарынан оралған атақты көтерілісші-қаһарман Хасен Қожа-Ахмет пен оның серіктері мені желтоқсаншыларға сол қиын да қатерлі күндері бірден-бір ара түсуші болған деп бағалап жүрді. Бірақ (әрине, һарам пиғылдарына пайдалануға қолайлы ілік тапқыш менің жазалаушыларымның бұрмалауларынан басқа) ешкім сөзге байыппен қарап, қозғалған мәселелерге білікті талдау жасамады. Бәлкім мұнда мәтіннің қазақшасы көңілден шықпағаны да әсер еткен шығар...
Көлбайдың тәржімеге ерекше мән берген пікіріне құлақ аса келе жасалған аударма мынандай болды:
Бейбіт Орынбекұлы Қойшыбаевтың Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы аппаратының 1986 жылғы 25 желтоқсанда 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларын талқылауға арналған партия жиналысындағы
С Ө З І
Әрине, арандатушылар мен ұлтшылдық элементтердің айдап салуымен демонстрацияға шыққан жастарды ақтауға болмайды, бірақ, көзсіз кінәлауға да тиіс емеспіз – түсінуге тырысу керек, дауыстап ойласқан жөн, болған жағдайға талдау жасау, өткенді философиялық тұрғыдан түсіну және дұрыс қорытындылар жасау қажет. Бұл қозғалыста негізінен – біз, ересек ұрпақ, білімді ұрпақ, біз, партия-совет қызметкерлері кінәлі екендігімізді мойындауға тиіспіз.
Партия өміріндегі күрт бетбұрысты өзгеріске дейін елде жайлаған ахуал – атап айтқанда – өзіңе өзің қанағаттанып-масаттанушылық, іс-әрекетіңе ешқандай шек қоймаушылық шалқытқан көңіл-күй, шын жағдайды боямалап көрсетуге ұмтылушылық, идеологиялық, насихаттық жұмыстың нақты өмірден қол үзіп қалғандығы бірте-бірте 17–18 желтоқсан күнгі Алматы оқиғаларын «дайындаған» болатын. Сол бір ұзақ жылдар бойғы «жайбарақаттық» біздің нағыз өмір шындығын тіке түйсіну сезімімізді доғалдандырып тастаған еді, сол себептен де біз партияның қоғамдық өмірдің интернационалдық тәрбие тармағына қатысты күрт бетбұрыс, революциялық қайта құру стратегиясын творчестволықпен қабылдай алмадық. Бәріміз де құдды партияның қанатты сөздерімен қаруланғандай едік, бірақ оның мәнін жете түсінбеген сияқтымыз. Адам факторының маңыздылығы жөнінде мақтана айттық, экономикалық цифрларды келтірдік, бірақ осы көрсеткіштің артындағы қоғам мүшелерінің қозғаушы күші жөнінде ойламаппыз, әр адамның интернационалдық сезіміне үлкен мән бере тәрбиелеу қажеттігін түсінбеппіз.
Біздің идеологиялық-насихаттық машинамызға әбден сіңген формализмнің оның интернационалдық тәрбие деп аталатын доңғалағын іс жүзінде тоқтатып қойғаны осы күндері айқын білінді. Ұлт мәселесі хақындағы Лениннің шығармаларын түрлі оқу орындарында барлығы да оқыған, бірақ зачет пен емтихан тапсырғаннан кейін көпшілігі оны ұмытып та кеткен. Егер сол күндері оған қайта бір көз тастап көрген болса – көшеге шыққан жастардың пайдасына шешілер көп нәрсені табар еді. Олар Лениннің портреттері мен еңбектерінен алынған үзінділер жазылған транспаранттарды бекерден-бекер көтеріп жүрген жоқ еді ғой. Бірақ біздің тот басып кеткен насихаттық машинамыз алданған әм ұрандатқан жастарға Лениннің кейбір сөздерінің сол замандағы нақты жағдайларға қатысты айтылғандығын, Ленин іліміне даму тұрғысынан қарау қажеттігін түсіндіруді болжай да алмады. Ең жақсы насихатшыларымызды, үгітшілерімізді, лекторларымызды аяқтан тік тұрғызып, алаң мен оған жанасып жатқан көшелерде дауыс зорайтқыштар орнатып, бұқараға қазіргі кезеңдегі ұлт мәселесін түсіндірудің орнына, біз асыл уақытымызды алаңға милиция мен әскери күштерді тартуға жұмсадық, әрі сол әрекетімізбен, мұны мойындау қаншалықты ащы болса да айтайық, 17 желтоқсан күнгі кешкі сағат 7-ден кейінгі болған жәйтті арандаттық. Жекелеген қызметшілердің жас жігіттер мен қыздарға, біздің 17–20 жасар балаларымызға қарсы шоқпар-таяқтарды, сапер күректерін, водомёттерді, түтіндету құтыларын қолданған және тіпті құтырған иттерді айдап салған қылықтарын гуманистің ой-санасы ешқандай да ретпен ақтай алмайды. Гуманизмді жат көрмейтіндердің бәрі жекелеген кәсіпорын басшыларының арнайы дайындап, жасақшылар қатарына тартылған адамдарды таяқтар, арматурадан қиылған сүймендер, қымбат кабель кесінділерін беріп қаруландырған іс-әрекеттерімен ешқандай да келісе алмайды. Шындықтың көзіне тура қарау керек, өкінішке қарай, көптеген тәртіп сақшылары бұл күндері бір-ақ сәтте бағындырушылар мен жазалаушылар рөлін атқарып шыға келді.
Осы күндері ұжымдарда болған жекелеген идеологиялық қызметкерлер де өздерін жақсы жағынан көрсете алмады. Мәселен, жұртшылыққа: «Сендер үшін не маңызды: Орталық Комитеттің бірінші хатшысы қазақ болғаны ма, әлде дүкендерде нан болғаны ма?» деген сөз айтып тұрған аудандық партия комитетінің хатшысы тигізетін зиянкестікті немен өлшеуге болады екен?
Партия қызметкерінің осыншалықты қарабайыр-тұрпайы түсіндірмесі – қатаң қол жұмсап жазалаудан да қауіпті және опа бермес залалды, бұл сөзсіз солай және оған қосымша ешқандай дәлел тілемейді.
Қазақ және орыс халықтарының достығын, қазақ халқының Ленин партиясына деген сенімділігі мен сүйіспеншілігін ешқашан, ешкім жоя алмайды. Адамдар бұған ұлтымыз бастан кешкен қасіреттер мен шеккен азаптар арқылы жетті, достықтың қасиетті ілмектерін ғасырлар бойы сомдады. Қазақ халқының біздің еліміздің түрлі тарихи кезеңдерінде көрініс тапқан интернационалдық акті жайындағы жалпыға мәлім мысалдары туралы айтпай-ақ қояйын. Тек адамдардың қалың көпшілігіне беймәлімдеу мына бір фактіні ғана еске салғым келеді – қазақ халқы Қазақстанда коллективтендіруді жүргізу кезінде партия-совет қызметкерлерінің қорқынышты асыра сілтеулері салдарынан өз санының екі миллиондайынан айырылған шақтың өзінде де партияға деген, орыс халқына деген сенімін жоғалтпаған еді. Демек біз бұл сенім мен сүйіспеншілікті қастерлеп, сақтауға міндеттіміз. Біздің өскелең ұрпақ әкелердің революциялық дәстүрлеріне адал, шынайы интернационалист болып өсуі үшін барлығын жасау – біздің парызымыз.
Интернационализмнің мәні мен мағынасын қарадүрсін түсінуден және, соған сәйкес, интернационалдық тәрбие жұмысының да схемалы түрде жүргізілуінен шешімді түрде бас тарту қажет. ОК бюросы бұл мәселеде бізді дұрыс бағыттап отыр. Практикалық қызметкерлердің борышы – бұл іске творчестволықпен қарау, шаблондарды алып тастап, ойлау жүйесін қайта құру. Ұлт мәселесіне біз ешқашан формальды қарамауға тиіспіз, бұл жөніндегі лениндік талапты тұрақты түрде есте ұстау қажет. Ұлттық өзара қарым-қатынастарда әдептілік сақтау дегеніміз – интернационализмнің принципі ғой. Ленин үйреткендей, бұрын езіліп келген халықтар ұлттық қадір-қасиет пен абыройға қатысты мәселелерде аса сезімтал болады, сөзбе-сөз міне былай: «ренжіген» ұлт адамдары теңдік сезімін басқа ештеңемен салыстыруға болмайтын дәрежеде сергек те өткір түйсінеді, өздерінің жолдастары пролетарийлердің осынау теңдікті немқұрайдылықпен, тіпті әзіл ретінде болса да бұзуынан қатты секем алады. Міне сондықтан да ұлттық азшылыққа кешірімділік пен жұмсақтық танытуды кеміткеннен гөрі, бұл жағдайда көбірек, тіпті асырып көрсеткен жақсы».
Біз қаласақ та, қаламасақ та, кез келген әдептілік шартын бұзу – ұлттық абырой-намысты кемсіту ретінде қабылданады. Жасыратыны жоқ, бұл күндері де, одан бұрын да қоғамдық транспортта, көшелерде біз бірқатар қасқағым сәттік керілдесулердің куәлері болып жүрдік, онда ой-өрісі тар адамдар, әрине, қоғамның ең азғын мүшелері, байырғы ұлт өкілдерін кеміте сөйлеп, революцияға дейінгі атауларды еске алып, сыйламаушылық танытатын. Міне осындай саяси сауатсыз адамдар жастардың Пленум шешімін макұлдай қоймағанын құдды орыс халқына қарсы шыққандай қабылдады. Өкінішке қарай, осы үйдің өзінде де әлдекімнің қайдағы бір садистік-қанағаттанғандық сөздерін естуге тура келді, ол алаңға шыққан жастарды тек ұру ғана емес, екінші қайталанбас үшін көбірек өлтіру де керек еді деген боатын.
Бұл күндердің оқиғалары көрсеткендей, қатардағы адамдардың баршасы дерлік біріне бірі мүлдем қарама-қарсы ұғымдарды – интернационализм мен шовинизмді, патриотизм мен космополитизмді ажырата алмайды екен, ұлттылық пен ұлтшылдық ұғымдарының ерекшеліктерін дұрыс түсінбеген көрінеді. Көп жанның санасында бұл ұғымдар арасына жәй ғана теңдік белгісі қойыла салған.
Болған жағдай шындығын толық талдауға қазір мүмкіншілік жоқ, дегенмен ойласу үшін мына бір фактіні келтіргім келеді. Бұл – халыққа білім беру органдарының жұмысындағы кемшіліктерге қатысты. Ешкімге де құпия емес, орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілін оқыту формальды, факультативті түрде, негізінен, тек қазақ балалары үшін ғана жүргізіледі. Басқалардың ата-аналары, тіпті мұғалімдер де құдды қажет емес тілмен баланың басын қатырудың керегі не деп есептейді. Өстіп біз балалардың бойында байырғы, жергілікті халықтың тілі мен мәдениетін құрметтеу сезімін тәрбиелеуден бас тартамыз, яғни іс жүзінде партия саясатының интернационалистік ережесіне қарама-қайшы келеміз.
Егер халықтың оңай жараланатын ұлттық сезімдеріне нұқсан келтіретін болса – ұлтшылдық көріністерімен жүргізілген күрес тиімді болмайды. Партияның ұлыдержавалық шовинизм мен жергілікті ұлтшылдыққа қарсы күресінің тарихын, шовинизмнің ұлтшылдықты тудыратындығы туралы партияның түсіндірмесін еске алайықшы. Бұл ауытқулардың қалдықтары, өкінішке карай, қазір де орын алып отыр. Сондықтан, біріншіден, мынаны есте сақтау қажет – ұлттық сезімдерді ескере білу мен жалған жарамсақтану мүлде екі бөлек нәрселер. Екіншіден, әр ауытқуға қарсы, мейлі, ол үлкен ұлт өкілдерінің ұлтшылдығы болсын, мейлі кіші ұлт өкілдерінің ұлтшылдығы болсын, оларға қарсы, партия даналықпен үйреткендей, сол ұлттың коммунистері қарсы күресті. Бізге мұны есте ұстау қажет. Менің сана-сезіміме қазақстандық орыс жазушысының Жазушылар одағының пленумында айтқан сөздері қатты әсер етті, оның сөздері интернационализмді схемалы түрде түсінуге қарсы бағытталған болатын. Республикада көп ұлтты ауылдар аз емес, деген-ді ол, қайсысына барсаңыз да, бір-бірімен қатар, аралас тұратындар ішінде қазақ міндетті түрде – екі тілді, неміс – үш тілді, ал орыс – бір ғана тілді біледі. Өзімізді-өзіміз әсіре дәріптейтін менмендік, қайдағы бір артықшылық ұялаған ой бізге Сүлейменовтің белгілі кітабын өз уақытында дұрыс қабылдауға мүмкіншілік бермеді. Бұдан әрі тереңге бармаймын, бірақ мынаны айтуға тиіспін: өзіне өзі сыншылдықпен қарай алатын осы ойшыл қопарған бұл теріс қасиеттер қарапайым адамдардың, өресі тар жандардың бойларынан көрініс тапса – ұлттық өзара қарым-қатынастардың қандай салдарларға апарарын болжау қиын емес.
Ұлттардың жақындасуы мен құйылысып-қосылуы жайында партияның Бағдарламасында жазылған. Бірақ партия мұның тарихи ұзақ процесс екендігін жоққа шығармайды. Алайда біздер, практикалық қызметкерлер, ұлттарды сіңістіріп қосу перспективасына әсірешілдікпен берілгендігіміз соншалықты, кей кездері өз жұмыстарымызда негізсіз асығыс қадамдар жасаймыз. Ұлттарды жақындастыру мен құйылыстыруда асығыстық жасау халықтар арасындағы сенімнің толық және түбегейлі қалыптасу ісіне тек қана зиянын тигізуі әбден ықтимал. Ленин атап көрсеткендей, халықтар арасындағы берік, мызғымас одақты бірден орната салу мүмкін емес, істі бүлдірмеу үшін, сенімсіздік туғызбау үшін оған үлкен төзімділікпен, абайлап қол жеткізу керек.
Ал қамшылау саясаты бұған тіптен де жат.
Бұл күндері қаумалау кездерінде қолға түскен барлық коммунистер мен комсомолецтер сөзге келместен партия мен комсомолдан шығарылуда. Тергеулер, жолдастық соттар жүргізілуде, ал әзірге дейін бостандыққа жіберілмегендерді, шамасы, нағыз соттар күтіп тұр. Біз қатардағы партиялық ұйым емес, республикалық Жоғарғы Кеңес Президиумы аппаратының партия ұйымы болғандықтан, мен мынадай ұсыныстар енгіземін:
- Демонстрацияға қатысушылардың істерін қараған кезде біржақтылыққа ұрындыратын теріс пікір біткенді алып тастау қажет, болашақ үшін жақсысы да, дұрысы да – жазалау емес, ағарту және тәрбиелеу;
- Тәртіп сақтаушылар қатарында жүріп ерекше ынтамен қару жұмсаған солдаттарды, милиционерлерді, жасақшыларды, сондай-ақ қалалық тоғышарлар мен бұзақыларды қатаң түрде жауапқа тарту қажет және олармен интернационалдық тұрғыда тәрбие жұмысын жүргізген жөн.
Түйін мынандай: республика партия ұйымы ОК-нің, Министрлер Кеңесінің, Жоғарғы Кеңес Президиумының үндеу қабылдағанының өзі өте дұрыс. СОТА хабарламаларында бұл құбылысты реттілікпен түсіндіріп, партия даналық танытты. Біздің міндетіміз – халықтар достығын одан әрі нығайтуға жан-жақты жәрдемдесу, партияның айналасына қалың бұқараның барлық топтарын коммунизм атынан мейлінше тығыз топтастыруға көмектесу.
25.12.86 ж. Б.Қойшыбаев».
Міне, «біздің заманымыздың ақыл-ойы, намысы және ар-ожданы» атанған билеуші партия мен ұлы көсемімізді арқа тұта отырып, тоталитарлық билік күшінде тұрған дәуірдегі Сексен алтыншы жыл дүрбелеңінің сырын республикамыздың ең биік саяси цитадельдерінің бірінде өзімше әріптес коммунистер алдында осылай ашып көрсетуді қош көрген едім. Алайда отарлық «ләббай, тақсыр» тәртібіне берілген атқарушылар көтерген мәселелерім үшін өзімді айыптады, мәселенің мәніне баруды ойына да алған жоқ. Бұған енді содан бері өте шыққан қырық жыл биігінен, қазіргі тәуелсіз ел азаматтары тұғырынан көз салып қараудың да реті келген сияқты. Жазушы Көлбай Адырбекұлының пікірімен үйлесерліктей ой қорыту мүмкін болар ма екен, көрейік...
Бейбіт Қойшыбаев
Abai.kz