«Алтын қақпаға қара құлып салған» архив фанатизмі
НЕМЕСЕ ҒЫЛЫМДАҒЫ ІШТАРЛЫҚ ДЕРТІ МЕҢДЕП БАРА ЖАТЫР
Мұхтар Мағауиннің «Архив хикаясы» повесін оқып отырып, жазушының адам психологиясының ең жұмбақ, әрі аянышты тұстарын қалай дәл тапқанына таңғаласың. Шығармадағы Сәмет пен оның жолын қуған шәкірті Сембектің бейнесі ғылымға зор үмітпен келіп, бірақ ғұмырын архивтегі сарғайған қағаздарды аңдумен өткізген, нәтижесінде еңбегін ешкімге жариялатпай кеткен трагедиялық тұлғалар.
Олар тарихи деректерді халыққа жеткізудің, игілігіне жаратудың орнына: «Бәрін бұрын өзім аштым, ешкімге бермеймін» деп жасырып, ақыры өлер алдында бар қазынасын өртеп, жойып жібереді. Бұл «өзім жемеймін, өзгеге де бермеймін» дейтін рухани сараңдықтың, іштей шірудің нақты көрінісі. Бүгінгі қоғамдағы жағдайлармен байланыстырып қарасақ, бұл дерттің уақыт өтсе де азаймағанын көреміз. Біреулер Бейсенбайды, біреулер Нұртастай аталарымызды өздерінің «жеке меншігіне» айналдырып алып, ешкімді жуықтатпай отыр. Сол иеліктерінен жастар зардап шегіп отырғанын ұға ма екен? Оларды танымайды, жазғандарын оқымайды. Шындығында, Санжар Керімбай секілді ізденпаздар ешқандай жаңа ғылыми жаңалық ашып жатқан жоқ, керісінше, сол баяғы академиялық ғалымдардың жылдар бойы архивте шаң басқан, 200 дана тиражбен шыққан, тек өздері ғана білетін еңбектеріне экзистенциялық баға беріп, заманауи тұрғыдан жан бітіріп, жастарға тұлға болудың жолын көрсетіп жатыр. Академиялық тұрғыдан алғанда, плагиат дегеніміз — басқа біреудің авторлық туындысын, ғылыми идеясын, мәтінін немесе зерттеу нәтижелерін автордың атын атамай, сілтеме жасамай, өзінікі етіп заңсыз жариялау немесе көшіріп алу. Ал зерттеуші тиісті түрде сілтеме жасап, аттарын атап, тіпті арнайы барып аға буынның алдынан өтіп, рұқсатын алып жатса, бұл ешқашан плагиат та, ұрлық та бола алмайды. Бұл тек академиялық әдеп пен сабақтастық. Ойлап қарасақ: Бейсенбайлар шәкірттеріне қызмет етіп, барын орталарына қойып, солардың аты озсын деп түнде ұйықтамады, күндіз жатпады емес пе? Нұртастар Қаныштай тұлғаларды қолдап, қазақтың көгіне шығармады ма? Бұл сол тұлғалардың көрсеткен ұлы үлгісі, тәрбиесі мен жолы еді ғой. Енді сол жолдан шәкірттерінің тайғаны қандай өкініш! Төрінен көрі жақындағандардың кейінгі буынның етегіне жармасқаны жанды ауыртады. Бұл тартыста Гүлсім апамыз да, Санжар Керімбай да ұтылған жоқ, түптеп келгенде, бұл арада Нұртас атамыздың өзі ұтылды. Өйткені артына ерген мұрагерлері ұстаздарының кең пейілді, ұлтжанды жолын жалғастырудың орнына, қызғаныш пен көреалмаушылықтан өртеніп жатыр.
Түпкі төркініне үңілсең, бәрінің артында көкейді тесіп, жүректі жеп бара жатқан ақша мәселесі жатқандай. Ардақты апамыз «Санжар кітап сатылып, байып кетті» деп ойлайтын шығар. Ол да пенде ғой. Ол Санжар Керімбайдың елу жасқа дейін өз үйі болмай, былтыр ғана ипотекаға баспана алғанын, астында мініп жүрген қарапайым көлігі түгіл, өмірінде салоннан машина көріп алмағанын қайдан білсін?! Тапқан бар пайдасы мен нәпақасы келесі рухани кітаптың шығуына, ұлт кәдесіне жаратылып жатқанын қайдан түсінсін?!
Нұртас пен Бейсенбай аталарымыз қазір тіріліп келсе, есімін алты алашқа паш етіп, жастарға үлгі етіп жатқан Санжар Керімбайдың басынан сипап, алғысын айтар еді. Тар кабинеттерде шаң басқан еңбектерді халыққа танытып жатқан жанға орынсыз мін таққанша, батасын беріп, қолдаған әлдеқайда жарасымды болар еді.
Бұл енді нағыз парадокс: Нұртастың есімін дәл сол Нұртастың өзінің мұрагерінен қорғап алып қалудың әрекетіне көшкеніміз қандай өкінішті...
PS Мұхтар Мағауиннің «Архив хикаясы» әңгімесін оқуға кеңес берем...

Сурет: Автордың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Саят Ыбырай
Abai.kz