Теміржан Базарбаевтың тағдыр арбасы...
Тасадағы бірегей
Қазақ өнерінің аспанында Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов сынды алыптардың есімі жарқырап тұр.
Олардың әндері әр үйде шырқалады, есімдері ұлықталады. Бірақ дәл сол дәуірде, сол деңгейде таңғажайып туындылар әкелген, алайда бүгінде есімі де, өнері де ел назарынан тыс қалып бара жатқан тағы бір бірегей тұлға бар. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, қайталанбас композитор – Теміржан Базарбаев. Оның өмір жолы – тағдырдың қаталдығы мен өнердің құдіреті тоғысқан үлкен дастан. Қазақ музыка өнеріне елеулі үлес қосқан біртуар тұлғаны Семейде сан рет кездестіріп, томаға тұйық, сабырлы, қарапайым қалпының куәсі болдым. Табиғатынан атақ-даңққа қызықпаған, мансап қумаған жан еді. Көп адаммен шешіліп сөйлесе бермейтін біртоға ағаның тағдыр жолын кейін білдім...

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Теміржан Базарбаевтың балалық шағы тым ерте басталған мұңмен өрілді. 1935 жылы Алакөл өңірінде дәрігердің отбасында дүниеге келгенімен, тағдыр оны аяған жоқ. Небәрі екі жасында әкесі майданға аттанып, Курск иініндегі шайқаста шейіт болады, көп ұзамай анасынан да айырылады. Туыстарының асырауға шамасы келмей, кішкентай Теміржан Үшаралдағы жетімдер үйіне тапсырылады. Осы сұрқай балалар үйінде жүргенде, оның тағдырын күрт өзгерткен әйгілі «ат-арба» оқиғасы орын алады.
Балалар үйінде тәрбиеленіп жүрген Теміржанның музыкаға деген ерекше бейімі мен дарыны ерте байқалады. Ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің жетімдер үйінен Теміржан Базарбаевты қалай тауып, оның тағдырын өнерге бұрғаны туралы аңызға бергісіз шынайы тарих өте әсерлі. Бұл оқиға – қазақ мәдениетіндегі екі ірі тұлғаның арасындағы рухани байланысты және жетім баланың бойындағы құдай берген дарынды тани білген ұлылықты көрсетеді.
Сұрапыл соғыстан кейінгі ауыр жылдар. Жетімдіктің ащы дәмін татып, жүрегі жабырқау тартқан кішкентай баланың жалғыз жұбанышы – іштей ыңылдап айтатын әуендері болатын. 1940 жылдардың соңында ел ішінен жас таланттарды іздеп, Алматыдан арнайы комиссия шығады. Олардың арасында қазақтың әйгілі композиторы Нұрғиса Тілендиев пен белгілі әнші Бекен Жылысбаев болады. Олар балалар үйіне келіп, бүлдіршіндердің өнерін тыңдайды. Жас Теміржанның ерекше қабілетін байқаған Нұрғиса Тілендиев: «Мына баладан үлкен музыкант шығады, Алматыға алып кетеміз» деп шешеді. Комиссия Теміржанмен бірге тағы екі дарынды баланы таңдап алып, ат-арбаға отырғызып, жолға шығады. Жол-жөнекей бір дөңнен аса бергенде, балалар үйінен ұзап шықпаған әлгі екі бала қорқып, «қашайық» деп өзара ақылдасады да, арбадан секіріп қашып кетеді. Тек, кішкентай Теміржанды ғана Нұрғиса шап беріп ұстап, уысынан шығармай қалады. Бұл жай ғана арба емес, оны өнер әлеміне, Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебіне, кейін консерваторияға алып келген «тағдыр арбасы» еді. Егер сол жолы Нұрғиса Тілендиев балалар үйіне бармағанда, немесе жолда қашқан кезде Теміржанды ұстап қалмағанда, қазақ өнері «Алакөлім», «Қаздар қайтқанда», «Ауылым» сияқты жауһар әндерді сыйлаған біртуар композитордан айырылып қалар ма еді?.. Осы арба оны Алматыға, Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебіне алып келді. Кейін ол Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіріп шығады.
Жоғары музыкалық білім алғаннан кейін, 1961 жылы Теміржан Базарбаев Семей қаласына жолдамамен келеді. Содан былайғы бүкіл саналы ғұмырын, яғни 45 жылдан астам уақытын осы Семей өңірінің мәдениетін көркейтуге арнайды. Мұқан Төлебаев атындағы Семей музыкалық училищесінде ұстаздық етіп, теория бөлімін басқарды.Қазақстан Композиторлар одағының Ертіс бойындағы бөлімшесіне жетекшілік етті.Семейде жүріп өзінің ең таңдаулы туындыларын жазды. «Ботагөз», «Жетісу» симфониялық поэмалары, Абай рухына арналған шығармалары мен жүздеген әндері қазақ классикасының алтын қорына қосылды. Семей жұртшылығы оны өлке мақтанышы ретінде ерекше қадірледі, ол «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағын алды. Дарынды композитордың балалар үйінен ат-арбамен басталған тағдыр жолы Семейде үлкен өнер шыңына ұласты. Бар өмірін Семей жас таланттарын өсіруге арнаған ұстаз қазақ музыкасының мақтанышына айналған Төлеген Мұхамеджанов, Тұрсынғазы Рахимов, Келденбай Өлмесеков, Айтмұханбет Бейсембеков, сынды тұлғаларды тәрбиеледі.
Теміржан Базарбаевтың шығармашылық биігін көрсететін ерекше туынды – «Студенттік кештер» («Студенттер әні») шығармасы. Бұл ән – ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ жастарының бейресми гимніне айналған, махаббат пен жастықтың символы болған туынды. Әннің шығу тарихы композитордың студенттік жылдарындағы романтикаға, Алматының аялы кештеріне деген сағынышқа толы көңіл-күйін білдіреді. Алайда, ең өкініштісі, бүгінде бұл әнді шырқаған аға буын да, қазіргі жастар да оның авторы Теміржан Базарбаев екенін біле бермейді. Көбі бұл туындыны халық әні немесе замандасы Шәмшінің әні деп қабылдайды.
Шын мәнінде, Т. Базарбаев өз дәуірінде Шәмші Қалдаяқовпен, Нұрғиса Тілендиевпен қатар тұратын иықтас, деңгейлес композитор еді. Оның «Қаздар қайтқанда», «Ауылым», «Тамаша» әндерінің мақамы мен иірімдері Шәмші әндерінен бірде-бір кем емес, өзіндік сыршылдығымен ерекшеленетін. Бірақ Шәмші даңқ тұғырына көтерілгенде, Теміржан Семейде, тасада, үнсіз шығармашылықпен айналысты. Ол өмірде өте қарапайым, томаға-тұйық, атақ пен лауазым қумайтын, «мен композитор едім» деп кеуде қақпайтын қоңыр мінезді жан болды.
«Мен пәлендей әннің авторымын» деп ешкімге міндет қылмаған, өзін жарнамаламаған, қызмет те көздемеген бірегей дарынның іздеушісі болмағаны жанға батады. Табиғатты ерекше сүйетін композитор өмірінің соңғы жылдарын Семейдегі шағын саяжайында (дачасында) өткізді. Өмірінің соңына таман сазгер қатты сырқаттанды. Алайда, бала жасынан қиындыққа төзіп өскен қайсар мінезді азамат ешқашан тағдырына налып, ешкімге шағым айтқан емес. Тән азабын да, жан азабын да іштей, үнсіз ғана көтерді. Осындай сәттерде Семейдің таланттарын көзінен таса қылмай іздеп отыратын Төкен Ибрагимов қолдау көрсетті. Жанында адал жары, отбасы алдын көрген шәкірттері, өнеріне тамсанған Семей жұрты болды.
Оның өмірі нағыз өнер адамының – үнсіз келіп, артына жауһар дүние қалдырып, үнсіз ғана кете баратын қоңыр да текті болмысының көрінісі еді.
«Қаздар қайтқанда», «Тамаша», «Атың кім қалқа?», «Студенттік кештер», «Алакөлім» сияқты танымал әндері ел арасына кең тарағанымен, бұл туындылардың авторы туралы зерттеулер мен естеліктер аз.
Бүгінгі таңда бұл ұлы таланттың ел назарынан тыс қалып бара жатқаны – өнер алдындағы әділетсіздік. Радио мен теледидардан оның әндері сирек айтылады, есімі мектеп оқулықтарында айтарлықтай ұлықталмайды. Шәмшімен замандас, бірге оқыған курстас болғанымен Шәмшіні ардақтағандай арда шәкірттер Теміржан Базарбаевтың ендігі бағына жазылмай тұр. Мүмкін, осы мақаланы оқығаннан кейін кйінгіге ой салармыз... Оның жетімдер үйінен басталған қиын тағдыры, Семей топырағында қалдырған өшпес мұрасы мен «Студенттер әніндей» мәңгілік туындылары қайта жаңғыруды қажет етеді. Өйткені өз алыптарын ұмытқан елдің руханияты да таяз болмақ.
Алмахан Мұхаметқалиқызы,
Астана
Abai.kz