Ағатайымның бастан кешкендері
Әңгіме
Осыдан көп жыл бұрын, Француз төңкерісінен әлдеқайда ертеректе, менің ағатайым бірнеше айын Парижде өткізеді. Ол кездерде ағылшындар мен француздардың барыс-келісі бүгінгідей емес айтақалсын жақсы тұғын. Бір үйдің баласындай шұрқырасып, ырду-дырду боп жататын. Ағылшындар, ол заманда, шетелге ақшасын шашу үшін шығатын, ал, француздар олардың қалтасын қағуға қашан да дайын тұратын. Қазір олар шетелге ақшаларын үнемдеу үшін ғана шығады әрі француздардың көмегінсіз-ақ шаруаларын жап-жақсы дөңгелетіп жүр. Ол уақытта қолы жеткендер ғана болмаса шетелге саяхаттайтын ағылшындар некен-саяқ. Қазіргідей тұтас бір ел жаппай босып, кәрі құрлықта сеңдей соғылысып жатпаған кез. Қалай болмасын, ол заманда ағылшындар өзге жұртта өз үйлерінде жүргендей тез сіңісіп кететін. Сондықтан болар, Парижде тұрған кезінде ағатайымның француз ақсүйектерінен таныс-білістері аз болмаған.
Арада біраз уақыт өткеннен кейін, қыс күдерінің бірінде ағатайым Нормандияның Пэйс-Де Ко деп аталатын аймағында сапарлап жүрген еді. Ымырт үйіріле бастаған кезде, айналасы тал-бұталармен қоршалған бақтың ішінен ескі қамалдың мұнаралары сонадайдан көзіне оттай басылады. Кілең сұр тақтатасты конус пішінді шатырмен жабылған мұнаралардың төбесі балауыз шамнан аумайтын.
– Бұл қамалдың қожайыны кім болды, достым? – деп айғай салды ағатайым, аяғына ерепейсіз үлкен етік киген, басында үшкіл қалпағы бар жүзі ашаң тартқанмен еңсесін тіп-тік ұстаған делбешіге.
– Мәртебелі Маркиз де... деді делбеші, бір жағынан ағатайымды сыйлағандықтан, екінші жағынан аты аталған қадірменді жанға ілтипатын білдіріп қолын қалпағына апарды. Ағатайымның есіне өзінің ата қонысындағы сарайына қонақ болып қайтуын көптен бері өтініп жүрген париждегі көңілі жақын достарының бірі саналатын Маркиз бірден есіне түсті. Көпті көрген кәнігі жиһангез ретінде ағатайым жағдайды өз пайдасына қалай шешуді жақсы білетін. Досжар адамның бұлай күтпеген жерден құшақ жая жетіп келуі Маркизды қабағат қуантатынын бір сәт көз алдына әкелді. Бәрінен де өзіне пайдасы шаш етектен еді. Ауылдық жатақтың жұпыны ауызүйі мен кенеусіз қойыртпағына тап болғаннан гөрі қамалдың жанға жайлы тыныштығына сүңгіп, Маркиздың жұртқа мағылұм дастарханынан рахаттана дәм татып, шампан мен бургундия шарабын сыздықтата жұтқанға не жетсін. Сөйтіп, бірер минуттан соң, жүдеу делбеші нағыз французша қамшысын шырық үйіріп қамалға апаратын аллея бойымен өрлей құйындата кетіп бара жатты.
Қазір Францияға саяхаттап бару ешкімге таңсық емес қой, сондықтан француз қамалдарымен етене таныс екендеріңізге еш күмәнім жоқ. Бұл сол қамалардың ең көнесі тұғын. Шағылды соқпақтар мен тас төселген сұр террассалардың қалың ортасында сорайып жалғыз көрінетін. Әртүрлі бұрыштар мен пішіндер бейнесінде қырқылған жадау тартқан бақ пен жапырақсыз сидиған тоғай оқтай түзу аллеялармен геометриялық дәлдікте бөлінген. Тұмсықтары кетіліп, үстінде іліп алар лыпасы жоқ түсі суық екі-үш мүсін көзге түседі. Ал, фонтандағы бұрқақтап жатқан судың суықтығы сүйектен өткендей еді. Әйтеуір, ағатайым келген күні бұл араның адамға беретін әсері осындай тұғын. Әйтпесе, жаз күндері бұл жердің бүлістей құлпырып көздің жауын алатынына өз басым кәміл сенем.
Қамалға таяй бере үсті-үстіне төпелей түскен қамшының шартылынан үріккен бір топ көгершін кептерқорадан жарыса ұшып шықты, шартыр төбесіндегі қарағалар да дүркірей ұшты. Ақырында, соңына бір топ үй қызметішерін ертіп Маркиз де алдарынан шықты. Ағатайымды көргенде таңданысын жасыра алмады. Себебі, біздің қадірменді қожайынның атшаптырым сарайына жылдың бұл мезгілінде қонақ көп келе бермейтін. Сондықтан ол ағатайымның екі бетін кезек-кезек сүюмен болды. Француздарға тән жөн-жоралғы көрсетіліп болғаннан кейін ағатайымды ертіп қамалға кірді.
Маркиз өз елінің сыпайгершілік салтымен үй иесіне тән қонақжайлылық танытты. Шын мәнінде, маркиз осынау отбасылық ескі қамалды ерекше мақтан тұтатын. Қамалдың бір жартысының тұрғанына замандар болған. Ондағы мұнара мен мінәжатханың қашан салынғаны ешкімнің есінде жоқ. Ал қалған бөлігі бертінгі заманда салынған. Діндер шайқасы кезінде қамал жермен жексен болып қирай жаздаған. Бұл оқиғаны маркиз ерекше тебіреніспен еске алатын. Әсіресе, қамалды қиратуға әбден тұрарлық деп тапқан Генри VI-ге деген құрметі айрықша тұғын. Ата-басының ерліктері туралы айтқанда әңгімесі таусылып бермейтін. Ондайда әлдебір төбетай мен дуылға, не болмаса, садақ-сақпандарды мақтана көрсететін. Тіпті, үйінен Франциядағы діндер шайқасына қатысушылар киді делінген етік пен күртешенің сан алуан түрін көруге болатын. Оған бәрінен де қымбаты өзі зорға көтеретін ұзын сапты алдаспан еді. Ата-бабасының алып адамдар болғанын растау үшін оны көзге көрінер жерген іліп қоятын.
Шынында да, Маркизды осынау алып жауынгерлердің құртақандай ұрпағы демеске лажыңыз жоқ. Портреттерде суреттелгендей олардың сұсты жүздері мен қақпақтай жаурындарына қараңыз да, сосын, ешкінің асығындай болған Маркизге қараңыз! Байғұстың сирақттары сидиып, екі беті сөнер шамдай бозарып, самайындағы опа себіліп бұйраланған шашы - «көгершін қанаты» әне-міне «пыр» етіп ұша жөнелетіндей. Олардың бір нәсілден екеніне сенудің өзі қиын. Дегенмен, оның имек тұмсығының екі жағына орналасқан жарқырауық қоңыздыкіндей жарқыл атқан көздеріне қарап-ақ ата-бабасынан дарыған өршіл рухты бірден байқайсыз. Жасыратыны жоқ, француз ұрпағының денесі шау тартқанмен рухы әсте бәсеймейді. Қайта керісінше, бастапқы қасиеттері әлсірегенмен рухы күшейген үстіне күшейіп алапат жалынға айналады. Өз басым, арымайтын алыпта ғана болатын ондай ерлік пен өрлікті жүрегі отты шәкене француздың бойынан сан мәрте байқағам.
Бірде, Маркиз, үйреншікті әдетімен қонақ бөлмеде ілулі тұратын бағзы заманғы дуылғаның бірін киіп көрмек болады. Сол-ақ екен, кеуіп қалған бұршақ дәнін қауызына қайта салғандай шақшадай басына қолқаң ете түсті. Сонда да, жылтырақ бедерлі темір апанның ар жағында қуаныштан екі көзі оттай жанып тұрды. Енді бірде бабаларынан қалған ұзын сапты сала құлаш алдаспанды ұстап тұра қалғанда алдыңызда тап бір қолына Голиафтың қылышын ұстап, оны ұршықша үйірген ержүрек бала Дәуіт тұр ма деп қаласыз.
Алайда, мырзалар, Маркиз бен оның қаламлы жайлы суреттеулерді тым шұбалаңқы етіп жібергенімді мойындаймын. Десе де, мені түсінуге тиіссіздер. Себебі, Маркиз ағатайымның көнекөз досы болды әрі әңгіме қамал туралы бола қалса ол қашан да оның қожайыны туралы көсіле әңгімелегенді құп көретін. Байғұс Маркиз! Қасіретті 10 тамыз күнгі қаратабан тобырдың бүлігіне қарсы тұрып, үміт етерлік ештеңе болмаса да өз егемендіктері үшін қасқая қарсы тұрған, билікке шын берілген Тюильри сарайындағы ат төбеліндей сарай қызметкерлерінің бірі болды.
Ол нағыз француз кавалеріне тән жанқиярлықпен соңғы демі таусылғанша шайқасты. Күллі санкюлоттар легионның көз алдында кішкентай сарай семсерін оңды-солды сермеп айқай салды. Ақырында, төңкерісшіл қатының қолындағы қандауырмен көбелекше қадалып қабырғада қалды. Сөйтіп, оның өршіл рухы көгершін қанатымен бірге аспанға ұшты да кетті.
Бірақ бұлардың оқиғаға зәредей қатсы жоқ болғандықтан, бірден бастапқы әңгімеме оралайын:
Ас ішіліп, жатар мезгіл болғанда ағатайымды әлде бір ескі мұнарадағы бөлмеге алып келеді. Бұл қамалдың ең ежелгі бөлігі саналатын. Бағзы бір замандарда бұл жер қарауыл мұнарасы не бекініс қызметін атқарған болса керек. Әрине, бөлменің керемет боп жетісіп тұрғаны шамалы. Маркиздың бұлай орналастыру себебі, ол ағатайымның талғамы биік жиһангез әрі ежелгі ескерткіштердің жанкүйері екенін жақсы білетін. Енді бір жағынан, жайлылау деген бөлмелер бұл уақытта бос емес тұғын. Сонымен бірге, ағатайыма бұл бөлменің жай бөлме емес екенін, кезінде бұнда осы әулетке әлде қандай қатысы бар атағы таудай тұлғалардың тұрғанын асқан шеберлікпен жеткізеді. Оның сөзіне сенсек, бақталасы Роберт Брюстың Беннокберне шайқасындағы жеңісін естіген Джон Баллиол яғни өзінің тілімен айтқанда Жан де Байель дәл осы бөлмеде құсадан көз жұмыпты. Бәрінен де, діндер шайқасы кезінде Герцог де Гиздің осы бөлмеде түнеп шыққанын естіген ағатайымның қуаныштан жүрегі жарыла жаздайды.
Түн құбылмалы әрі желді болды. Ал, бөлмені жылы болды деуге ауыз бармайтын. Үстіне ескі үлгідегі ливерей киген, сопақша жүзді, бойы сырықтай ұзын қарт қызметші ағатайым жатқан бөлмеге кеп кірді. Бір құшақ отынды пештің түбіне тастай беріп, бөлмені жымысқы көзімен бір шолып шықты. Содан соң, мырс етіп, иығын қиқаң еткізді де қонағына жақсы жатып, жайлы тұруын тілеп шығып кетті. Басқасы басқа, жасы келген қарт Француз қызметішінің бұнысы көңілге күдік ұялатарлық еді. Бөлменің шынымен де көзге оғаш, сүрепетсіз көрінетіні сонша ескі романдарға қанық кез –келген адамның бойына қорқыныш пен сенімсіздік ұялатар еді. Терезелері биік болғанмен өте тар тұғын. Кезінде қарауыл тесігі болған оларды кейін ерепейсіз қалың қабырға мүмкіндік бергенінше тұрпайы түрде кеңейтілгені көрініп тұр. Ілдәлдалаумен әрзер тұрған терезе жақтаулары үп еткен желден сықырлап қоя береді. Желді түндері бұл бөлмеден дәу етіктерімен тарсылдатып, шпорларын зырылдатып арлы-берлі жүрген баяғы лига мүшелерінің аяқ дыбысын естігендей болар едіңіз. Нағыз француз есіктеріне тән қыңырлықпен қанша жерден жаппақ болып күш жұмсасаңыз да сол жартылай ашық күйде қалатын есік сізді қайда апаратыны белгісіз үңірейген қараңғы дәлізге әкеп шығаратын. Дәлізге қарап – бұл жер түн ортасында қабірден тұрып серуендеуге шығатын елестерге арнап әдейі салынған ба дерсіз. Дәліз ішімен гуілдей соққан суық желден есік ары-бері ыңырана қозғалғанда, бейне бір құбыжық елес ішке кірерін, не кірмесін білмей, есік көзінде екіұдай күй кешіп тұрғандай әсер қалдыратын. Қысқасы, егер қамалда әлдебір елестің бары рас болса, өзінің сүйікті де жайлы бұрышы ретінде дәл осы сұрықсыз бөлмені таңдары даусыз еді.
Дегенмен де, талай қызық пен шытырманды бастан кешіріп, әбден ысылған менің ағатайым ол сәтте ештеңеден жүрексіне қоймаған еді. Есікті бірнеше мәрте жаппақ болғанымен, ол әрекетінен түк шықпады. Бұл оның бойын қорқыныш билегендіктен емес, себебі ол сүреңсіз бөлмеден сескенетін жастан өтіп кеткен, тісқаққан тәжірибелі жиһангез тұғын. Керісінше, мен жоғарыда айтқанымдай, түн тап қазіргідей азынап тұрған еді. Дәлі қазір мына ескі сарайды айнала жел қалай ұйытқып тұрса, көне мұнараны да солай суық жел айнала ұйытқып тұрды. Ал, тастай қараңғы дәлізден ескен ызғар зінданнан шыққан ызғырықтай сүйектен өтеді. Аықыры, есікті жабудан үміті үзілген ағатайым ошаққа бір құшақ отынды әкеп тастай салды. Көп өтпей-ақ, аузы апандай ошақтан шыққан жалын бүкіл бөлмені жап-жарық етіп жіберді. Қарсы қабырғаға түскен қысқыштың көлеңкесі көз алдыңа ұзын сирақты диюды елестеткендей. Осыдан кейін, ағатайым қабырғаға сұғынған, үстіне оншақты матрас төселген француз төсегіне өрмелеп шықты да, көрпесін қымтана бүркеніп, иегіне дейін жамылып алды. Лапылдап жанған отқа қарап, желдің гуіліне құлақ түрді. Бір түнгі қоналқы үшін досы Маркизды қалай шебер пайдаланып кеткеніне іштей мәз болып, мысқылдай күлімсіреді. Сөйтіп жатып көзі ілініп кетті.
Шырт ұйқыға ғана ене бергені сол еді, өзі жатқан бөлменің дәл үстінде орналасқан мұнарадағы қамал сағатының он екіні соққан дауысынан оянып кетті. Сағат тұрған ескі мұнара елестер мен аруақтарға таптырмайтын мекен еді. Оның күңіренген бірсарынды дауысының кісі жалықтырардай баяу шыққаны сонша ағатайыма бұл бітіп бермейтін қияметттей көрінді. Ол ішінен санай берді, санай берді, тура он үшінші рет соққанда барып сағат дауысы сап тиылды.
Ошақтағы от өлеусіреп, соңғы шырпының шоғы сөнуге айналған. Әлсіз көкшіл жалын жыпылықтап, анда-санда ақшыл сәуле шашып, жоғары өрлейтін де қоятын. Ұйықтарда киетін телпегін тұмсығына дейін бастыра кигенағатайым көзі шала жұмулы күйі жатыр. Оның қиялы қайда шығандамады дейсіз?! Көз алдындағы мына көріністер біресе Везувий жанартауы, біресе француз операсы, Римдегі Колизей, тіпті, Лондондағы Доллидің кофеханасы болып елестеп, керек десеңіз, саяхатшы атаулының миына әбден орнығып алған әйгілі орындардың сапырылысқан бейнелерімен миша араласты да кетті. Қысқасы, ол әне-мінетерең ұйқы құшағына еніп бара жатқан еді.
Кенет ол дәліз бойымен келе жатқан әлдкімнің ақырын басқан аяқ тықырынан селт етіп оянды. Ағатайымның өз аузынан талай естігенмін, ол кісі жөп-жөнкі нәрсеге жүрегі шайлығатын жан емес-ті. Сондықтан, осындағы қонақтардың бірі болар, тіпті болмаса, бөлмесіне ұйықтауға бара жатқан қызметші шығар деп топшылады да, орнынан қозғалмаған күйі жата берді. Алайда, аяқ дыбысы дәл табалдырыққа дейін келді де іле-шала есік баяу ашылғандай болды. Оның өздігінен ашылғанын, не, біреудің итеріп ашқанын ағатайым ажырата алмады. Бөлмеге аппақ киімді бір бейне жылыстай енді. Бұл өзі бойшаң, сымбатты келген өр мүсінді әйел адам еді. Ескі үлгідегі етегі мол пішілген көйлегі жүргенде еден үстімен сүйретіліп келеді. Ол ағатайыма бұрылып қарамастан тура ошаққа қарай беттеді. Ағатайым болса бір қолымен көзіне түскен телпегін көтерген күйі оған көз аламай тесіле қарап қалған. Әлгі бейне оттың жанында біраз уақыт қозғалмай тұрып қалды. Ошақта ара-тұра лап ете қалған жалынның көк-шулан сәулесі ағатайыма оның кескін-келбетін анықтап қарап алуға мүмкіндік берді.
Өңі сүлік сорғандай құп-қу екен, бәлкім, өңінің бұлайша тым қуқыл тартып көрінуіне ошақта жанған оттың сүреңсіз көкшіл сәулесі әсер еткен болуы да ғажап емес. Жүзінен сұлулықтың табы байқалады. Бірақ, сол сұлулықты әлдебір мұң мен уайым шырмап алғандай. Оның бейнесінен азапты тауқыметке еті әбден үйренген, бірақ, ешқандай михнат еңсесін езіп, сағын сындар алмаған қайсар жанның өр рухын аңғаруға болатын. Әйтеуір, өзін адам танудың хас шебері санайтын ағатайымның көкейіне түйгені осы болды.
Әлгінде айтқанымдай, елес досымыз оттың басында байырқалап бірз тұрды, сосын, жылынбақ болғандай алдымен бір қолын, сосын, екіншісін, содан кейін аяқтарын кезекпен отқа жақындатты. Біз білетін елестер, егер бұл шынымен елес болса, әдетте суыққа айтарлықтай бейім келеді. Ағатайым, сондай-ақ, оның аяғына көне үлгідегі биік өкшелі туфли кигенін, ондағы жасанды я нағыз гуһар тастармен безендірілген айылбастың жаны бар заттай жалт-жұлт етіп тұрғанын байқайды. Ақырында, әлгі бейне жайлап артына бұрылды да бөлме ішіне көз тастады. Оның шыныдай суық өлі жанары ағатайымның көзімен түйіскенде байқұстың өне-бойы қалшылдап, сүйек-сүйегіне дейін түршігіп кетті. Содан соң әйел қолдарын жайып, саусақтарын айқастырды да жалбарынған кейіппен қатты қысқан күйі ақырын басып бөлмеден шығып, ғайып болды.
Ағатайым бұл тылсым кездесу жайлы ойлап, біраз уақыт ой құшағында жатты. Ол өзі (кейін бұл жайлы маған айтқанда өзі де баса тоқталған) жүректі адам болуымен қатар, терең пайымның иесі де еді. Үйреншікті өмір заңдылықтарынан тыс нәрселерді бірден жоққа шығара салмайтын. Дегенмен де, алдында айтқанымдай, шартарапты кезген жиһангез әрі таңғажайып оқиғаларға еті үйренген адам болғандықтан, ағатайым телпегін көзіне баса киіп, есікке ту сыртын бере аунап түсті де көрпесін иығынан нығарлай тартып, әп сәтте ұйқыға кетті.
Қанша ұйықтағаны беймәлім, әйтеуір, төсегінің бас жағынан шыққан әлде кімнің дауысынан оянып кетті. Басын көтеріп қарап еді, алдында екі жақ самай шашы сақина тәрізді тығыз етіп бұйраланған, үнемі жымип жүруге әдеттенген сопақша ұзын жүзіне мәңгілік күлкінің табы әжім болып ұялаған қарт француз қызметшісі тұр екен. Байқұс жүзін мың құбылтып, таңның атқанына біраз болса да мырзаны ұйқысынан оятқанына қайта-қайта кешірім сұраумен болды. Ағатайым киініп жатып түнде келген жұмбақ қонақты емес-еміс есіне түсірді. Содан соң кәрі қызметшіден қамалдың осы бөлігінде түн ортасында қыдырыстап жүретін әйелдің кім екенін сұрады. Кәрі малай екі иығын құлағына жеткенше көтеріп, бір қолын кеудесіне қойды да, екінші қолының саусақтарын салалай жазып жіберіп, жүзін ерепайсыз құбылтып, асқан бір ілтифатпен:
– Мырзаның өзіне аян түнгі сырларын білу біз пақырыңызға бұйырмаған. – деді ол.
Бұл жақтан жарытып ештеңе біле алмасын түсінген ағатайым таңғы астан соң Маркизбен бірге қамалдың жаңартылған бөлігін аралауға шықты. Қабырғалары жібек матамен қапталған бөлмелердің өлгенше балауыздалған еденімен сырғи басып, алтын жалатылған жиһаздар мен асыл маталлардың арасымен өтіп, соңында бірі майлы бояумен, бірі бормен салынған портреттерге толы ұзыншақ галерияға келіп жетті.
Бұл әулет даңқынан басқа мақтанатын ештеңесі қалмаған ескі жүйенің бекзадасы үшін көсіле сөйлеуге таптырмайтын жер тұғын. Нормандиядағы, тіпті, тұтас Франциядағы атақты әулеттердің бұл үймен байланыс орнатпағандары кем де кем. Маркиз қабырғадағы ілулі тұрған бабаларының суреттеріне бір-бірден тоқталып, олардың атқарған еңбектерін өзіне тән отты шабытпен тізіп шықты. Ал, ағатайым іштей тағаты таусыла, біресе оң аяғына, біресе сол аяғына қарай бүкшиіп зорға тыңдап тұрған еді. Маркиз болат сауыт құрсанған, жүзі сұсты жауынгерлердің соғыстағы ерліктерінен тартып, шаштарына опа сепкен, самай тұсы бұйраланған, қызғыт көгілдір түсті жібек күртеше киген, күлімкөз, кербез мырзалардың махаббат хикаялары мен сарайдағы астыртын ойындарына дейін ештеңе қалдырмады. Сондай-ақ, белі құмсағаттың беліндей жіңішке, кең етек көйлек киген, әдемі иіліген таяқтарына түрлі-түсті тапспалар байлап бір отар қой мен ғашықтарына билік жүргізіп тұрған жүректерді жаулағыш бақташы қыздарды да ұмыт қалдырған жоқ.
Маркиз олсылай қызына сөйлеп тұрған бір сәтте ағатайымның көзі кеше түндегі жұмбақ қонақтан аумайтын бөйжеткен қыздың суретіне түседі.
– Сенесіз бе, суреттегі бұл әйелді көрген сияқтымын. – деді ол суретті көрсетіп.
– Ғафу етерсіз, - деді Маркиз сыпайы ғана жымиып, - бұл мүмкін емес, өйткені бұл ханымның дүниеден өткеніне жұз жылдан асты. Бұл – Людовик XIV-нің жас кезінде бір дәуірдің сұлуы болған герцогиня Лонгиль болады.
– Оның өміріне әсер еткен әлде бір оқиға болып па еді?
Бұдан асқан сәтсіз сауал болмайтын шығар. Қарға бойлы Маркиз сол сәтте-ақ ұзын сонар бір әңгіменің тиегін ағытуға ыңғайлана бастап еді. Шынымен де, ағатайым сау басына бәле тілеп алды да әлгі ажары алабөтен Герцогиня айтқаларлықтай рөл ойнған Фронда азамат соғысының бүкіл тарихын бастан-аяқ тыңдап шығуына тура келген. Ал, Маркиз әңгімесіне тұздық болсын деп көрде жатқан Тюренн, Колиньи және Мазаринидің құлағын шулатуға дейін барды. Әрине, Баррикадалар кезеңі мен «Порт-кошер» де қалыс қалған жоқ. Менің ағатайым Маркиз бен оның жан шыдатпас естеліктерінен қашарға жер таппай отырғанда, кенет әңгіме ауаны әлдеқайда қызықты бір оқиғаға қарай ойысты. Мырзамыз Герцог де Лонгвилдің кньяз Конде және Контимен бірге Венсен бекінісіне қалай қамалғанын, сондай-ақ, оларды құтқаруға темірдей берік нормандықтарды жұмылдырмақ болған Герцогиняның баянсыз талпынысы туралы майын тамыза айтты. Ақыры, оның Диепп бекінісінде король әскерінің қоршауында қалып, қолға түсудің аз-ақ алдында тұрған қысылтаяаң сәтіне де кеп жетті.
– Герцогиняның рухы, - деп сөзін әрмен қарай жалғады Маркиз, - Басына түскен тауқыметпен бірге асқақтай түсті. Осынау нәзік те сүйкімді жанның мұншама ауыр азапқа қайыспай қарсы тұруының өзі таңғаларлық жағдай еді. Ол басын қатерге тігіп, қашудың ең қетерлі жолын таңдайды. Алай-дүлей ұйытқыған дауылды түні жанына бірнеше үй қызметші мен күтуші әйелдерді, сондай-ақ, оның тағдырына әлі де адал бірнеше ержүрек кавалерлерін ертіп жау жасағы күзетуді ұмыт қалдырған қамалдың кішкентай артқы қақпасынан байқатпай сытылып шығады. Оның бар ойы – шамамен 8 шақырымдай жердегі шағын портқа жету еді. Алда-жалда қатер төне қалса деп ол жерге күні бұрын құпия түрде кеме дайындатып қойған болатын.
Босқындардың шағын тобы бұл қашықтықты жаяу жүріп өтуге мәжбүр болды. Олар портқа жеткенде дауыл күшейіп, аласапыран болып жатты. Ағыс кері соғып, кеме зәкірін тастап жағалаудан алыста тұрды. Маңайда ағаш жаңқасындай жиекте тынымсыз шайқалақ қаққан балықшылардың шағын қайығынан басқа кемеге баруға болатын дені дұрыс ешнәрсе жоқ еді. Герцогиня тәуекел етуге бел буды. Теңізшілер райынан қайтаруға қанша тырысқандарымен жағалауда күтіп тұрған өлім қаупі мен ештеңеден қайтпайтын бірбеткейлгі оны асықтыра түсті. Сондықтан өзін қайыққа дейін матростың құшағына сап көтеріп апаруына келісуіне тура келді. Бірақ, жел өршелене соғып, көтерілген дүлей толқыннан маторс бойын билей алмай, аяғы тайып кетті де қолындағы асыл қазынаны теңізге ағызып алады.
Герцогина теңізге ғарық бола жаздап, өлім аузынан қалды. Өзінің беріспейтін өлермендігі мен теңізшілердің жанқиярлығы арқасында жағаға ілінді. Есін жиіп, сәл әлденген соң-ақ, тағы бір рет бақайқап көруді айтып өзелене түсті. Алайда, бұл уақытта дауылдың күшейгені сонша, бұдан былайғы талпыныстың еш мәні жоқ еді. Бірақ, бұдан әрі бөгелу – қолға түсіп, тұтқын болу деген сөз. Амалы әбден таусылған Герцогиня аттар алдыртты да қызметші әйелдермен бірге өзіне ерген жаужүрек мырзаларға мінгесіп, уақытша паналайтын жер іздеп туған жердің төсін кезіп кете барды
– Тағдыр тәлкегімен, - деді Маркиз сөзін сабақтап, әрі қалғып бара жатқан ағатайымның назарын аудару үшін сұқ сасағын оның кеудесіне тірей қойып, - сол бір бейбақ Герцогиня дүлей дауылдың өтінде тентіреп жүріп, ақыры осы сарайға ат басын бұрады. Оның келе жатқанын естіген сарайдағылар әжептәуір әбігерге түскен. Өйткені, осынау аласапыран заманда, елсіз аймақтағы жалғыз сарайға атты әскердің дүрсілтеде жетіп келуі кімді болса да шошындырары анық еді.
Сырт тұлғасы еңгезердей, мұздай қаруланған жауынгер алға суырылып шығып мәртебелі қонақтың есімін хабарлады. Осыдан кейін ғана сарайдағылардың жаны бойларына түсті. Жапа-тармағай шырақтарын ала жүгіріп, қонақтарды қарсы алуғы аулаға шығады. Алау оттың жарығында олар дәл мұндай жол азабын тартып, малмандай болып, әбден титықтаған жандарды бұрын-соңды көрмеген шығар-ау. Өңдері құп-қу, киімдерінің өрім-өрімі шыққан Герцегиня мен оның нөкер әйелдері бір-бір жауынгердің артына мінгесіп алған. Ал, суықтан дірдектеп, ұйқы меңдеп қажыған паждар мен қызметшілер аттан аунап түсе жаздап әрең тұрды.
Герцогиняны менің ата-бабаларым құшақ жая күтіп алды. Оны сарайдың үлкен залына кірігізіп, тоңған қонақтар жылынсын деп ошаққа лаулатып от жақты. Ал, жолаушыларға мол етіп дастархан жаю үшін асүйдегі барлық қазан-шақ пен ыдыс-аяқтар іске қосылды.
– Оның біздің сарайдан пана табуға толық хақы бар еді, - деді шәкене бойлы Маркиз кеудесін сәл кере түсіп, - өйткені ол біздің әулетке туыс болып келетін. Оның жайы былай тұғын, оның әесі- Генрих де Бурбон, Конде ханзадамен...
– Сонда Герцогиня сарайда түнеп шықты ма? – деп баж ете қалды Маркиздің тағы бір үшы-қиырсыз шежірелік хикаясына тап келуден қорыққан ағатайым, оның сөзін әдейі бөліп.
– О, герцогиня ма? Оны сіз кеше түнде түнеген бөлмеге орналастырады. Ол кезде бұл бөлме мәртебелі қонақтарға арналған салтанатты қонақжай болатын. Нөкерлері іргелес дәлізге шығатын бөлмелерге жайғасты, ал, сүйікті пажы көршілес шағын бөлмеге жатты. Герцогиняның келгенін салтанаты түрде хабарлаған, күзетші қызметін атқарған әлгі алпамсадай жауынгер болса дәлізде ары-бері жүріп қарауылдаумен болады. Ол қара торы келген, жүзі сұсты, қарулы жігіт еді. Дәліздегі шамның жарында оның айбат шекке жүзі мен бұлшық еті бұлтиған денесіне қарап бүкіл қамалды жалғыз өзі-ақ қорғай алатынына шек келтірмес едіңіз.
Сол күні де түн дәл қазіргідей алай-дүлей тұғын. Айтпақшы, енді есіме түсті, кеше Герцогиняның осы сарайға келген тарихи күні болатын. Бұл күнді мен жақсы білем, себебі, біздің әулет үшін ол түнді ұмыту мүмкін емес еді. Бұл туралы біздің әулетте оғаштау бір әңгіме сақталған.
Әңгіме осыған жетіп, Маркиз сөзін кілт үзді. Оның қабағының арасына әлдебір мұң үйірілгендей болды.
– Біздің әулетте бұл туралы мынандай аңыз бар. Сол түні бір тосын оқиға болған көрінеді... ақылға сыймайтын, құпия, жұмбақ оқиға, - осыны айтты да бір уақ үнсіз қалды.
– Бұл әлгі ханымға қатысты ма еді? – деп сұрады ағатайым, тағатсыздана елеңдеп.
– Түн жарымы ауып кеткен болатын, - деп Маркиз әңгімесін қайта жалғады, - бұл кезде бүкіл сарай...
Осыны айтты да ол тағы да кібіртіктеп тоқтап қалды, ағатайым болса білгенше тағаты таусылып алға қарай ұмсына түсті.
– Кешірім өтінем, - деді Маркиз, оның сұрғылт тартқан өңіне сенді ғана қан жүгіріп, - Әулетіміздің тарихына қатысты кейбір жайттарды айту маған өте ауыр. Иә, ол бір алмағайып заман еді ғой. Ауыр қылмыстар танымал адамдардың қолымен жасалатын уақыт. Өзіңізге мәлім, тектілер теріс іске бой алдырса қара тобырдыкіндей емес, оның салдары ауыр болады ғой. Байғұс Герцогиня! Кешірерсіз, бойымдағы әулет намысы жіберер емес, қарсы болмасаңыз, әңгіме ауанын басқаға бұрсақ.
Ағатайымның қызығушылығы тіптен үдей түсті. Әлгі бір асқақ та салтанатты кіріспесөз алда таңғажайып бір хикая күтіп тұрғандай оны өзінің сырлы иіріміне тарта бастап еді. Енді келіп, кенеттен ұстаған орынсыз қымсынудың кесірінен осынау қызықтан құра қалуды тіпті де қалаған жоқ. Оның үстіне, жаңалыққа жаны құмар саяхатшы ретінде әр нәрсенің анық-қанығына жетуді өзінің борышы деп санайтын. Бірақ, Маркиз қойылған сұрақтың бәрінен жалтарып бақты.
– Жақсы, - деді ағатайым сәл жаратпаған кейіппен, - Бұл туралы не ойласаңыз да еркіңіз, мен ол ханымды кеше түнде көрдім.
Таңданысын жасыра алмаған Маркиз кейін қарай шегініп, оған көз алмай қарап қалды.
– Ол мен жатқан бөлмемге бас сұқты.
Маркиз иығын қиқаң еткізіп, мысқылмен жымиды да, насыбай салған шақшасын суырып алды. Мұнысын ағылшындарға тән дөрекілеу әзілге балап, әдептілік сақтау үшін ғана мәжбүрлі түрде жылы шырай танытқан сыңайы еді.
Алайда ағатайым сөзін еш бөлместен, аса салмақтылықпен болған жағдайды егжей-тегжей баяндап шықты. Маркиз қолындағы ашылмаған шақшасын ұстаған күйі, оны ұйып тыңдады. Әңгіме аяқталғанда, ол шақшаның қақпағын саусағымен асықпай қақты да, насыбайын құшырлана бір сіміріп алды:
– Пәлі! — деді де Маркиз, галереяның келесі басына қарай адымдай жөнелді.
Ағылшын тілінен аударған: Әмір Қабшықбай
Abai.kz