Еуропа: Ресейді соққылау – әділетті қорғаныс!
АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресеймен жасасқан «дизель келісімінен» соң Уашиңтон Ресей мен Украина «энергетикалық бітімге келгенін» хабарлаған. Алайда, Киев бітімді сақтағанымен, Мәскеу бұл бітімнің еш мәні жоқ екенін ашық айтып, соққыларды жалғастырды.
Осыдан соң, Украина президенті Владимир Зеленский Ресей МӨЗ-деріне соққыларды қайта жалғастыратынын хабарлады.
Уашиңтон бұл бастамаға үзілді-кесілді қарсы болғанымен, Еуропа басшылары Украинаның шешімін қолдап отыр.
Сонымен, Еуропа не дейді? Қараңыз:
Германия канцлері Фридрих Мерц: «Біз Украина осы қыстан аман шығуы үшін қолдан келген көмектің бәрін беруіміз керек. Ол үшін көмек көлемін ұлғайтуымызға тура келеді», - деді.
Литва президенті Гитанас Науседа: «Украина ұрысты біржақты тоқтата алмайды. Егер Украина соққыны тоқтатып, Ресей жалғастыра беретін болса – бұның соңы нағыз апатқа алып келеді», - деді.
Швеция премьері Ульф Кристерссон: «Әлбетте, Украина Ресейдің экспорттан табатын табысын азайтуы үшін көмек беру керек. Ал АҚШ-тың Ресеймен келісімі – Ресей соғысын қаржыландыруды доғару қадамдарына қайшы келеді», - деді.
Финляндия премьері Петтри Орпо: «Украина қорғаныс күресін жалғастыруға әбден құқылы. Ол үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін қолдануы заңдылық. Ресей Украинаның азаматтық және энергетикалық инфрақұрылымын тоқтаусыз соққылап жатыр. Сол үшін де Украина өзі дұрыс деп тапқан амалдың бәрін қолдануға құқылы», - деді.
Латвия премьері Андрис Кулберс: «Украинаның алыс қашықтыққа жететін санкцияларының мәні де, мағынасы да, рөлі де маңызды. Ол нәтижелі екенін дәлелдеген амал», - деді.
Эстония премьері Кристен Михал: «Ресейдің мұнай өңдеу зауыттары мен соғысты қаржыландыру көздері неғұрлым жылдамырақ талқандалса, соғұрлым соғысты тоқтатудың мүмкіндігі туа түседі», - деді.
Еуродипломатия басшысы Кая Каллас: «Егер халықаралық құқық тұрғысынан қарайтын болсақ – бұл соққылар Украинаның қорғаныс амалы. МӨЗ-дер – Ресей соғысының басты қаржыландыру көзі. Сол үшін де Украина Ресей МӨЗ-дерін соққылауға құқылы», - деді.
Еуропа елдерінен Ресей МӨЗ-дерін соққылауға қарсы шыққан елдер – Болгария мен Аустрия болды.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz