Жұма, 16 Қазан 2026
Ақмылтық 189 0 пікір 16 Қазан, 2026 сағат 14:27

Қытай ықпалы: Орталық Азиядағы Қазақстанның рөлі қандай?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

ҚЫТАЙДЫҢ АЙМАҚТЫҚ ЫҚПАЛЫ: «ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БЕСТІГІНДЕГІ» ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОРНЫ МЕН РӨЛІ

Қазіргі таңда Орталық Азия халықаралық қатынастар жүйесінде аса маңызды геосаяси өңірге айналып, халықаралық және өңірлік үдерістерге белсенді қатысып келеді.

Еліміздің географиялық орналасуы, экономикалық әлеуеті, сыртқы саясаттағы дәйекті ұстанымы және халықаралық бастамаларға белсенді қатысуы оның аймақтағы орны мен рөлінің маңызын артыра түсті.

Орталық Азия – бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған бес тәуелсіз мемлекет (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстан) аумағын қамтыған өңір. Бұл аймақ Еуропа, Таяу Шығыс және Азия тоғысқан жерде орналасқан, стратегиялық маңызы ерекше кеңістік.

Аймақтың бұл ерекшелігін ғалымдар өткен ғасырдың өзінде-ақ байқаған болатын.

Белгілі географ ғалым  Хэлфорд Джон Маккиндер Сібірден қазіргі Украина аумағына дейін созылатын «Әлемдік аралды» («World Island») бақылауға алған мемлекет жаһандық үстемдікке ие болады деген. Оның «Heartland» немесе «Жер қолқасы» ұғымы негізінен Орталық Азия мен Шығыс Еуропаны қамтиды.

1942 жылы Маккиндер өзінің теориясын нақтылады: «Шығыс Еуропаға иелік еткендер – Heartland-қа иелік етеді. Heartland-ты иеленгендер – Әлемдік аралды басқарады. Әлемдік аралды басқарғандар – әлемді билейді», - деп тұжырымдаған.

Збигнев Бжезинский «Ұлы шахмат тақтасы» атты еңбегінде Орталық Азия мемлекеттерін Еуразиялық кеңістіктегі «өзек аймағы» ретінде оның геостратегиялық және стратегиялық маңызын пайымдаған болатын.

Орталық Азия өткен ғасырдың соңында «Үлкен ойынының» өзегіне айналды. АҚШ, Ресей және Қытай секілді жаһандық ойыншылар аймаққа үстемдік орнатып, энергетикалық ресурстарды неқұрлым көп иеленуді көздеді.

2006 жылы Қазақстан–Қытай мұнай құбырының, ал 2009 жылы Орталық Азия–Қытай газ құбырының іске қосылуы - Қытайдың өңірдегі негізгі энергетикалық серіктес екенін анықтады.

Қытай мен Қазақстан арасындағы қатынастар екіжақты қарым-қатынастар, ШЫҰ шеңберіндегі көпжақты қарым-қатынастар жүйесінде және «Бір белдеу, бір жол» мега жобасы аясындағы жан-жақты кең көлемде үрдіс дамып келеді.

2023 жылы 18–19 мамырда Қытайдың Сиань қаласында «Қытай–Орталық Азия» саммиті өтіп, «Қытай + Орталық Азия бестігі» («China + C5») моделін қалыптастырды. Сонымен бұл платфома Қытай мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы көпжақты өзара іс-қимылдың арнайы тетігі ретінде қолданысқа енді.

Аталмыш платформаны Орталық Азия елдері көпвекторлы сыртқы саясаттың қосымшасы ретінде қолданып келеді.

Қытай Орталық Азия мемлекеттеріне инвестиция салушы және несие беруші негізгі мемлекеттердің бірі. Алайда Қазақстанның Қытайдан алған қарызы тым көп емес. Ұлттық банктің мәліметінше, 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін Қазақстанның Қытайдан алған қарызы 9,2 млрд АҚШ долларын құраған.

Соңғы жылдары қытайлық инвесторлар Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және «жасыл» энергетика салаларына қаржы құйып, отандық өндірістің жаңғыруына белсенді ықпал етуде.

Қазақстан «China+C5» форматына жай ғана қатысушы емес, сонымен қатар ол жаһандық көлік, коммуникация және қауіпсіздік бастамаларындағы белсенді ойыншы болып табылады. Сондықтан да Қазақстанның халықаралық қатынастардағы беделі арттырып, Орталық Азиядағы интеграциялық үдерістердің дамуына оң әсер етіп отыр.

«Қытай + C5» форматы механизмі өңірлік тұрақтылық пен дамуға тиімді, ұлы державалардың аймақтағы бәсекелестігін пайдаланып, ұлттық және аймақтық мүдделерді қорғауға қолайлы болып отырған жайы бар. Ең маңыздысы - Орта Азия аймағының біртұтас субекті ретінде қалыптасуы мен жаһандық үдерістерге бірге қатысуына жол ашты.

Қазақстан бұл платформаны тек экономикалық жобалар үшін ғана емес, сонымен қатар дипломатиялық, мәдени-гуманитарлық, қауіпсіздік және экологиялық бастамаларды жүзеге асыру үшін де ұтымды пайдаланып келеді.

Орталық Азия бестігі механизмі мен «C5+1» форматы өңірлік ынтымақтастықты, бейбіт қатар дамуды және қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігіне айналды. Қазақстан өзінің аймақтағы ерекше әлеуетімен «C5+1» форматында маңызды орын ұстайды және белсенді рөл атқарып келеді деуге незіз бар. Міне мұны  жақын жылдардағы Қазақстанның және Орталық Азия елдерінің халықаралық қатынастардағы үлкен жетістігі деп санаймыз.

Нәбижан Мұқаметжанұлы, Әлихан Махашев,

(Бұл, ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты 2026 жылғы қазанның 14-і күні  Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 35 жыл және Институттың құрылғанына 30 жыл толуына орай «Қазақстан мен Шығыс әлемінің тарихи-мәдени, саяси-экономикалық қарым-қатынастары:  тарихы, бүгіні және даму беталысы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жасалған баяндаманың тезисі).

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1034
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1384