Сейсенбі, 20 Қазан 2026
Бетбұрыс 301 0 пікір 20 Қазан, 2026 сағат 13:37

«Астана - медиа орда»: Форумынан репортаж...

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Елорда қаламызда қазан айының 14-16 күндері аралығында телевидение мен баспасөз қызметкерлері жиналған үлкен басқосу өтті.

Қатысқандар: Республикамыздың түкпір-түкпірінен 400-ге жуық журналистер, түрлі медиа компания басшылары, сарапшы мамандары, сондай-ақ, шетелдік қонақтар.

Бұл оныншы жиын, яғни мерейлі дата. Сондықтан Бейбітшілік және келісім сарайы (пирамида ғимараты) сән-салтанаты жарасып, түрлі-түсті декорациясы жарқырап-ақ тұрды, ұйымдастыру жағы да өте жоғары деңгейден көрінді.

Бағдарламаға сәйкес алғашқы күні «Бүгінгі баспасөз: 10 жылдағы трансформация. Сенімнің жаңа архитектурасы» атты пленарлық сессия және «Жасанды интеллект дәуіріндегі баспасөз: Жауапкершілік шегі» деген технологиялық дискуссия өтті. Әрі қарайғы іс-шаралар БАҚ-тың осы заманғы өткір мәселелері көтерілген секцияларда жалғасты. Соңғы күні «Қазақстанның үздік медиа мамандарын марапаттау» рәсімі Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев мырзаның қатысумен салтанатты түрде өтті.

Сөз болып отырған медиа-форумға Семейдегі «Ертіс өңірі» газеті атынан мен де қатысқан едім. Төменде алған әсерлерімді, көргендерім мен көңілге түйгендерімді қағаз бетіне түсіріп, назарларыңызға ұсынып отырмын.

БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ – ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕ

Журналистер қауымының оныншы форумы үш тілде (қазақ, ағылшын, орыс) өтті. Мені бірер нәрсе таң қалдырды. Ағылшын тілі билеп-төстеді, төрге шықты. Ал, біз табынатын, онсыз күніміз қараң болатындай көретін орыс тілі  мүлдем төменшіктеп, тіпті босағадан сығалап қалды. Ал керек болса! Бұл-бір.

Бұдан бөлек, сөз сөйлеген, жиын барысында спикер, модератор қызметін атқарған қазақ жастарының үш тілге бірдей жүйріктігі тәнті етті. Мысалға форумның ашылуында сөз алған мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары Қанат Ысқақов мырза баспасөздің қазіргі хал-ахуалын ана тілімізде баяндап берді, бірақ ағылшын тілі де жетік шешен екен. Сахнада отырған шетелдік қонақтармен дискуссияны осы тілде шебер жүргізді. Міне, мұны бүгінгі заман үдерісінің бірі деп қоялық.

Сонымен, Қанат мырза не айтты? Отандық медиа кеңістігінің бүгінгі ахуалына ой жүгірткен және болашағына қатысты ойларын ортаға салған лауазымды басшы былай деді: «Он жыл ішіндегі баспасөз трансформациясы ғажап. Мәселен, осыдан он жыл бұрын еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) саны 2,5 мың болса, қазіргі таңда 5,5 мыңға жетті. Ол күнде интернет халықтың 70 пайызына қол жетімді болса, қазіргі күні қолданыс 98 пайызға жетті. Жалпы баспасөз сатылаған үш дәуір бар: әуелгісі, 19 және 20 ғасырлар – газет, радио дәуірі, үстіміздегі ғасырдың алғашқы ширегі – интернет, компьютер дәуірі, соңғысы, төрт-бес жылдан бергісі – цифрлық технология мен жасанды интеллект (ЖИ) дәуірі. Соңғыны шапшаң даму, тез өзгеріс кезеңі демеске лажымыз жоқ».

Министрдің бірінші орынбасары назар аударған жәйттің бірі – ақпарат алаңындағы бәсекелестік мәселесі. Осыдан он жыл бұрын қоғамдық сана негізінен телеканалдар және газеттер арқылы қалыптасты. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер ықпалын жоққа шығару мүмкін емес. Интернеттік сайттар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Демек, кәсіби журналистика мен блогерлер арасындағы қызу тайталас күшея түсті және бұл жалғаса да бермекші. Анығы, жасанды интеллект (ЖИ) саласын кім тезірек меңгерсе, таразы басы соған ауатын болады. Екіншіден, ақпарат ағыны толастамаған заманда ақиқатты жалған мәлімет пен манипулияциядан ажырата білу, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарау аса маңызды. Баршаға аян, ЖИ арқылы кісінің бейнесін, дауысын, сөзін жасаудың еш қиындығы жоқ. Сондықтан: «ЖИ беретін мүмкіндікті барынша қолдану қажеттілік. Сонымен бірге, жалған ақпарат үшін жауапкершілікті күшейту – уақыт талабы. ЖИ дәуірінде тек мамандар ғана емес, заңнамалар даярлауға да әзірлік керек. Медиа сауаттылықты арттыру өткір қажеттілік!» деп түйіндеді сөзін вице-министр Қанат Жұмабайұлы.

Жалпысында, «ЖИ дәуіріндегі БАҚ» медиа-форумды көктей өткен тақырыптың бірі болды. Оны шетелдік қонақтар да (Түркия, Әзербайжан, Польша, Германия, Ресей, Қырғызстан және т.б.) көп қозғады. Жасы 16-ға  толмаған балаларды әлеуметтік желіден (тик-ток, инстраграм, фейсбук)  ажырату сияқты мәселелер талқыланып, ЖИ басқаруы мен оны қолданудың көптеген аспектілері жайлы ойлар ортаға салынды.  Қай қырынан келсек те, медиа-форум – тәжірибе алмасу алаңына айналды.

ЖИ – ҚҰРАЛ ҒАНА, КӘСІБИ МАМАНДАР – ШЕШУШІ КҮШ

Бір жарым сағаттай өткенде сахна төріне келесі қонақтар тобы жайғасты. Алдыңғыда Надира Тюдор деген ағылшынтілді әзірбайжан қызы модератор болса, енді жиын тізгінін  үш тілге де жорға Әлия Оспанова деген қазақ қызы өз қолына алды. Ол қонақтарды таныстыра келе, ЖИ-ді баспасөзде қолдану тәжірибесін қозғады. Бұл тақырып бойынша сөз «Хабар» агенттігі басқарма төрайымы Ләззат Танысбай ханымға берілді. «ЖИ енгізу, оны басқару оңайға түспеді, – деді Ләззат Мұратқызы, – оны дәстүрлі БАҚ-пен үйлестіру үшін көптеген тың қадамдарға баруға тура келіп, қилы сынақтан өттік. Алдан да қыруар жұмыстар тосуда. Соның бірі – архивті цифрландыру. Міне, бұл жұмыс ЖИ-ге жүктемей бітпейді, сонда қыруар қаржы да, қымбат уақыт та үнемделетін болады».

Әрі қарай әңгіме: «ЖИ адамды жұмыссыз қалдырмай ма?», «ЖИ берілген тапсырманы толыққанды орындай ала ма?» деген сауалдар төңірегінде өрбіді. « Бізде жинақталған тәжірибе бойынша айтарым, ЖИ мүмкіндігі өте зор ауқымды құбылыс, бірақ ол адамды алмастыра алмайды. Мысалға ол кез келген тілге аударуын аударады, алайда оны мамандар тексеріп отырмаса, дөрекі қателіктер орын алуы бек мүмкін. Демек, ЖИ емес, шешуші күш – кәсіби мамандар болып қала бермегі сөзсіз» – деді  «Хабар» агенттігінің басшысы.

Заман асау, бәсекелестік зор қазір. Мемлекеттік канал көштен қалмауы үшін жаңа технологиямен қарулануы керектігі сөзсіз. Көрермен үшін күрес күш алды, енді талдамалар, сыни көзқарастар көбірек болуы маңызды. Сонымен бірге, мемканалдың өз приоритеті болуы да заңдылық. Мәселен, фейк (жалған ақпарат) әлеужеліде  үйренішті нәрсеге айналды, ең қиыны, ол 5-10 минут ішінде миллиондарға жетіп үлгереді. Әрине, өтірік пен өсек жолы кесілуі керек. Бірақ фактіні тексеру уақыт талап етеді, еріксіз ұтыласыз.

Міне, осы айтылған полемикалық мәселелер төңірегінде сахна төріндегі қонақтар да ат салысып, ой-пікірлерімен бөлісті. Ағылшынтілді шешендерді онша ұға алмадым, бірақ бауырлас қырғыз елінің медиа маманы Илясбек Балташев сөзі құлағымызға майдай жақты. Қырғыз бен қазақ тілдерінің бірлігін, жарастығын сезінген зал жиі қол соғып отырды. Мәселен, Илясбек: «БАҚ дегеніміз – демократия тірегі, бірақ ол – шексіз еркіндік емес, әсіресе, ЖИ саласын бақылауда ұстамай болмайды. Заң мен моральдың арақатынасы бұзылған жағдайда ақпараттық хаос басталмақ» деді.  Тоқ етерін айтқанда, полемика залда отырған журналистер қауымына пайдалы болды деген ойдамын.

Осымен, пленарлық сессия соңына жетті. Жұртшылық ескерткіш фотоға ынталанып жатты, бізге Ләззат Мұратқызымен бірге түсудің сәті түсті. Залда, фойеде ығы-жығы халық, түскі ас (кофе-брейк) аста-төк, дәмді тағамға толы болғанын да айта отырайын. Түстен кейін жиын секцияларда жалғасты. Әркім өз қалауы бойынша секция таңдауға, оған қатысуға мүмкіндік алды.

ЖИ ДӘУІРІ: ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Мен таңдаған секцияда «Ақпаратты қабылдау, саралаудың тың тәсілі және критикалық интеллект» деген тақырып талқыға түсті. Шеберлік сағатын жүргізуші (спикер) журналист Жәудір Оразхан қарындасымыз ЖИ дәуіріндегі қауіпсіздік пен жауапкершілік мәселесін жан-жақты қарастырып, залда отырғандарды бірден баурап алды. Шеберлік сағатының сұрақ-жауап түрінде өтуі де спикер мен зал арасындағы байланысқа жол ашты.

«ЖИ» деген жарықтық киноиндустрияны дамытуға, бейнеролик түсіру, сан алуан жобалар жасау сияқты істерді жеңілдетуге бұрын-соңды болмаған таңғажайып мүмкіндіктер әкеліп отыр. Қала, қалама, онсыз БАҚ болашағын елестету қиынға соғады. Бірақ қауіпсіздік өткір мәселеге айналуда. Осыдан екі-үш жыл бұрын «Қазатомпром» компаниясы «Біздің акцияны сатып алсаңыз, пайдаға шаш-етектен кенелесіз!» деп үндеу тастаған-ды. Компания  басшысы, абыройлы азамат Мұхтар Жакишев мырзаға сенім артқан мыңдаған адамдар 50-100 мың теңгеден қаржысын құйсын. Сүйтсек, бұл алаяқтар әрекеті болып шықты, ЖИ арқылы қулар Мұхтардың дауысын, сөзін айнытпай келтірген ғой...

Жалған ақпарат (дезинформация) блогерлер тарапынан да жиі төнетіні белгілі. Оған Жәудір ханым мынадай мысал алды. Блогердің бірі әлеужеліде Қостанай қаласында 380 миллион теңгеге автотұрақ салынып жатыр, бұл дегеніңіз – Рудный қаласы дамуына бір жылға бөлінетін қаржы деген ақпарат таратқан екен. Сондықтан оның астында «үкімет нәғып көрмей отыр», «шенеуніктер кілең жемқор», «ондай автотұрақ кімге керек» деген секілді комментарий қаптап кетіпті. Жалпылама айыптаулар көп. Арнайы органдар тексере келгенде, әлгі сома Рудный жылдық бюджеті емес, арнайы бөлінетін қосымша қаржы ғана екені анықталған. Міне, осындай үкіметке я депутатқа сенімсіздік тудыратын ақпарат баршылық деді скипер. Сондай-ақ, негізгі дезинформация қайнары –  саясат, сауда бәсекелестігі мен экономикалық текетірестер. Мысалға Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев инфаркт алып, қайтыс болды деген саяси фейк таралғаны әлі есімізде. Бұл құбылысты зерттеуші ғалымдар жалған ақпаратқа сабырсыз, эмоцияға берілгіштер мен тырнақ астынан кір іздеуге бейім жандар тез иланады дейді.

Сонымен, өтірік пен манипуляцияға қайтсек қарсы тұра  аламыз? Оның екі амалы бар. Біріншісі, ақпарат таратушының жеке жауапкершілігі. Ол нені айтса да, алдымен тексеріп алсын, нақты аргументпен жеткізсін. Екіншісі, ақпаратты қабылдаушының – сыни ойлау, зерттеу қабілеті. Бұл ақпаратты әркім өз ақылы мен өмір тәжірибесіне сүйеніп барып қабылдау керек деген сөз. Критикалық ойлау ішкі сезімдерге (ашу, ыза, кек) емес, объективті шындыққа сүйену арқылы қалыптасады. Мысалға жаңағы 380 млн. теңге білдей бір қаланың бюджеті дегендік көңілге қонбайтын, ақылға сыймайтын өтірік екендігі дәлелсіз-ақ ап-айқын емес пе деді Жәудір ұстаз-журналист. Ол шеберлік сабағын: «Қазіргі таңда қоғамдық түсінік пен көзқарас қоршаған орта арқылы жұғысты болуда, ал дұрыстық – әркімнің өз басы мен жүрегінде сыни ойлау тәжірибесі қалыптасуында» деп тұжырымдады.

Жәудірден кейін сахна төрінен әйгілі «Еуроньюс» телеканалының өкілдері Боян Бркич пен Нұрбек Жантілеу көрінді. Олардың «Қазақ тілі аталмыш медиа канал хабар таратынын тілдің біріне айналды» деген сүйіншілеген сөзін жұрт ду қол шапалақтап қарсы алды. «Еуроньюстің» тәулік бойы 140 елге, 15 тілде жаңалық таратын канал екені белгілі. Боян Бркич тілдерді ЖИ арқылы аудару мәселесіне егжей-тегжей тоқталса, Нұрбек бауырымыз әлемдік каналға Қазақстан жаңалықтары қалай даярланып жатқанын әңгімелеп берді.

Қорытынды сөз: ЖИ дегеніміз – интернеттік ақпараттық ағым,  ол қуатты құрал. Соның арқасында, айталық, қазақ тілінің дамуы тың серпін алмақ, мемлекеттік тілдегі контент еселеп көбеймек. Бұл, сөз жоқ, сүйініш! Ана тілін менсінбейтін қазақ ойға батып, есін жимасқа амалы қалмас, тегі. Бірақ ЖИ жоқтан бар жасай алмайды һәм ештеңеге де жауапты емес. Шексіз білім береді, бірақ, иман, сана, этика, тәрбие, бірлік дегендерден мақұрым. Білмейді. Себебі, дүниеге тек бас көзімен қарайды. Қысқасы, ЖИ дәуірі «атың адам болу» өзектілігін арттыра түспекші. Олай болса, Абай, Шәкәрім және алаш арыстары қақсап айтқан өсиет-тағылымдар мына цифрлық технология заманында елеусіз, ескерусіз қалмауға тиісті. Екі көзі сотка, ұялы телефонға қадалған ұрпақ болашағы  қандай? «Пайда ойлама, ар ойла» немесе «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» (Абай) деген өсиет парқына жете алар ма екен?  Қу дүние қанша қусаң да жеткізбейді дейді халқымыз. Кілең кәсіп, өнер, технология деп атой салуға асықпайық. Анығы, ұлттық күш-қуат адамдық тәрбиеге тірелмекші (оны мемлекеттік деңгейде іске асырсақ, кәне). Елорда төрінде өткен айтулы форум жарқылы көңіл түкпірінде, міне, осынау күпті ойды да қалдырды...

Асан Омаров, абайтанушы-журналист

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1119
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1548