6,5 трлн теңге әлеуметтік жобаларға бағытталады
Ұлттық қордан әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға шамамен 6,5 трлн теңге бағытталады.
Бұл туралы Үкімет отырысында Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын таныстырған Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді. Құжат 12 бағыт бойынша 96 іс-шараны қамтиды.
Жоспар шеңберінде «Халықтық құрылыс» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы бекітіледі. Оны жүзеге асыру кезінде отандық құрылыс материалдары мен жабдықтарын пайдалану көзделген. Қаражат ТКШ-ны модернизациялауға, тұрғын үй құрылысына, елді мекендерді ауызсумен және газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталады. Бұл ретте орындалатын жұмыстардың сапасына бақылау қамтамасыз етіледі.
Атап айтқанда, 2027 жылғы мамырда Зайсан, Катонқарағай және Кендірлідегі әуежайларды пайдалануға беру, ал маусымда Астанада жаңа әуежай құрылысын бастау жоспарланып отыр. 2027 жылдың соңына дейін «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысын аяқтау межеленген. Сондай-ақ автомобиль жолдарын, соның ішінде «Арал – Каспий» және «Көкшетау – Петропавловск» трассаларын салу мен қайта жаңарту жұмыстары жалғасады. Соңғы кезеңде барлық автомобиль өткізу пунктерінің инфрақұрылымын толық жаңарту, сондай-ақ интеллектілі көлік жүйесін енгізе отырып, жүк тасымалын электрондық құжат айналымына көшіру жоспарланған.
Abai.kz