Бейсенбі, 5 Қараша 2026
Өнер 217 0 пікір 5 Қараша, 2026 сағат 14:18

Ән мен жырды шашқанбыз...

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Сөз басы...

«Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй», - деп Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев жырлағандай ән өнері деген адамды бір баурап алатын дүние емеспе.

Қазіргі уақытта есті мен ескі әндер сиреп, көп айтылмай кетті. «Мәтінін де мән жоқ, әуенінде ән жоқ» - заман болды. Ешқандай мәні де, мағынасы да жоқ дүниелер көбейді.

Бірақ қазіргі уақытта таса да қалып, көп жерлерде айтылмай жүрген «әннен әнұранға айналған туынды» жәйлі айтқымыз келіп отыр. Бұл ән Шөмекейдің Тоқаларының Ырғызда өткен дүбірлі тойында жарыққа шығыпты.

«Сырлы сазды шығарған сазгер хақында...»

«Есіңде ме Қарабұтақ, Тахауи» - деп, Қуаң шайыр жырлағандай сырлы әуенді шығарған сазгер де осы қасиетті Қарабұтақ жеріңде туып өскен екен.

Сарманова Марина Болатқызы – 1982 жылы, 12 қыркүйек күні қазіргі Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ ауылы(бұрынғы аудан) дүниеге келген. Әкесі – Сарманов Болат құрылысшы болған болса, анасы – Сарсенгалиева Рая Абдоллақызы есепші болған екен. Жалпы отбасында үш ағайынды екен.

Т.Шевченко атындағы мектебінін табалдырығын 1989 жылы аттаған. Кейін 1998 жылы осы білім ордасынын 9-сыныбын аяқтап, Ақтөбе қаласындағы Болашақ көп салалы колледжінде Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітірген. Бергі уақытта Ақтөбе қаласындағы балабақшаларда музыкалық жетекші болып қызмет еткен.

2013 жылдан бастап асаба, әнші болып елге қызмет жасап жүр. Бірақ әнге әуес болған бойжеткеннің басты мақсаты музыка саласын терең меңгеру болған екен.

Осы себепті әнге құштар болған сазгер 2020 жылы Шымкент қаласындағы Ә.Қуатбеков атындағы халықтар достығы университетінің Музыка пәні мұғалімі мамандығына оқуға түсіп, 2023 жылы тәмамдаған.

«Талантымен топты жарған»

Бала күнінде мектепте оқып жүргенде, ең бірінші қатысқан байқауы мектепшілік «Әнші балапан» байқауы болған. Сол жерде 1-ші орын алған. Ол кезде 4-сыныпта оқыған екен. 1993 жыл Қарабұтақ ауданы болып тұрғанда, мектептер арасында іріктеу байқауында жеңгендер аудандық «Әнші балапан» қатысып, бағын сынайды екен. Сол жылы Бас жүлдені жеңіп алған!

Оның әншілік жолы бала кезінен басталған. Алғашқы аудандық байқауларға қатысып, өнерімен көзге түскен жас әнші аудандық байқауда бас жүлдені жеңіп алады. Осы жеңістен кейін Президенттік шыршаға қатысуға мүмкіндік туғанымен, белгілі бір себептермен қажетті жазбаға үлгермей қалады. Кейін облыстық «Балдәурен» байқауына жолдама алады.

Бұл байқауда М. Ералиеваның «Наз» әнін орындап, 60 баланың арасынан дипломант атанады. Сол жылдары оны байқауларға дайындап, өнерін шыңдаған ұстаздары Оспанова Батима апай мен Өксікбаев Қабден ағай еді.

Шамамен 1995 жылы Әйтеке би ауданында өткен «Балдәурен» байқауына қатысып, тағы да бас жүлдені иеленеді. Аталған байқауда ауданның бірқатар жас таланттары бақ сынаған. Олардың қатарында Прмағанбетова Гүлайым мен Боханова Айдана да болды.

Байқауда оның орындаушылық ерекшелігі де байқалды. Ол сол кезеңде көпшілік үшін тосындау саналатын ағылшын тіліндегі әнді таңдады. Mr. Zivago тобының «Little Russian» әнін жанды дауыста орындап шықты. Әнді Қабден ағай Yamaha аспабымен сүйемелдеді. Осылайша, жас өнерпаз аудандық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды.

Одан кейін де түрлі шығармашылық байқауларға қатысып, тәжірибе жинақтай берді.

Тоғызыншы сыныпты аяқтаған соң Қарағанды қаласына аттанып, нағашы апасы мен жездесінің үйінде екі жылдай тұрды. Осы қаладағы Тәттімбет атындағы колледжге мемлекеттік грантпен оқуға түсіп, «Домбырамен ән айту» мамандығын таңдады. Алайда оқуын жалғастырмай, кейін туған ауданына қайта оралды.

Ауданға келген соң «Целинник» мәдениет үйіне жұмысқа орналасып, 2000–2004 жылдар аралығында еңбек етті. Бұл жылдары да түрлі байқауларға қатысып, терме жанрында өз өнерін көрсетті.

2000 жылы Астана қаласында өткен халықаралық «Шабыт» фестиваліне Әйтеке би ауданынан үш қыз қатысты. Олардың қатарында Прмағанбетова Гүлайым, Ғабидуллина Индира және өзі де болды. Екі кезеңнен тұратын фестивальде ол терме жанры бойынша өнер көрсеткен жалғыз қатысушы еді. Екінші кезеңге өтіп, нәтижесінде дипломант атанды.

2001 жылы Ақтөбе қаласында өткен «Жас дәурен» байқауында терме жанры бойынша ІІ орын иеленді. Сондай-ақ «Өлкемді өрнектесін әсем әуен» байқауында І орынға қол жеткізді. Ал «Аймақты әнмен тербетіп» атты байқауға екі жыл қатарынан қатысып, Ырғыз ауданында өткен өнер додасында бір жылы лауреат, келесі жылы дипломант атанды.

2002 жылы Қостанай облысының Амангелді ауылында өткен байқауға терме жанры бойынша қатысып, тағы да дипломант атанды.

Осылайша, 2000–2004 жылдар аралығы оның өнер жолындағы белсенді кезеңдердің бірі болды. Аудандық, облыстық және халықаралық байқауларға қатысып, түрлі жетістіктерге қол жеткізді. Әр байқау оның өнердегі тәжірибесін арттырып, шығармашылық жолына өзіндік үлес қосты.

2004 жылы тұрмыс құруына байланысты мәдениет үйіндегі жұмысын тоқтатты. Осылайша, өнер саласындағы еңбек жолының бір кезеңі аяқталып, өмірінде жаңа кезең басталды.

«Біз Шөмекей Тоқамыз»

Көптеген жерлерде әуезді ән салып жүрген сазгерге тосыннан бір ой мазалаған екен. Әлеуметтік желіде Наркенже Серікбаева ән айтып отырғанда, өзіңін Ақтөбеден екенің, оның үстіңе Шөмекей руынан екенін айтып қалыпты. Сосын сол парақшада Марина Сарманова да осы рудан екенін жазып жіберіпті. Бір Ақтөбелік жігіт Шөмекей екенің айтып, Маринаны Тоқалардың 90 жылдық асына орай ашылған топқа қосқан екен. Кейін Марина топта отырғанда Ырғыздың Жайсаңбайында аталып өткелі жатқан дүбірлі тойды көтеру мақсатында мынадай ой келіпті:

  • «Негізі нағашыларым Төртқаралар. Сол Төртқаралардың әнін естіп қызығатын едім.
  • Неге осы Шөмекейлер туралы туралы ән шығармасқа» - деген үлкен мақсат қойыпты.

Жаңағы топта Шөмекей руына арнап жазған, төрт баласы түгел қамтылған қара өлең жіберіпті. Оны көріп Марина қатты қуаныпты. «Көктен іздегенің жерден тапты» - деген осы шығар. Алла алдына әкеліп бергендей көрінеді. Содан сазгер ұйқыдан қалыпты. Күнде жаңағы қара өлеңге қарайлап қала берген екен. Сөзіңе қарап ән шығарса да, өзіңе ұнамапты.

Содан бір сыпыра уақытқа ұмытып кеткен екен. Бір кезде төрт айлық қызын аяғына салып тербетіп отырғанда ұмыт болған қара өлеңнің сөзі әп сәтте көкейге оралыпты. Сөзді оқып отырып, соңында өлеңді шығарған ақын Қарақалпақстандық Шөмекей, Сырым бауырымыз Нұрлыбек Қайыповтың сөзіңе сол күні ән шығарған екен.

Әнді дереу диктофонға жазып алып, әрлеуші Шөмекейдің Көнек руынан шыққан Ерлан Саудабаевқа апарған екен. Әрлеушіге ән бірден ұнап, әуенінің өте керемет жасап берген екен. Ән дайын болғасын Әгугай сайтына жүктегенде, тыңдармандарды бірден баурап алыпты. Ән тез арада танымалдылығы артып, тыңдармандардың көңілінен шыққанына байланысты Марина осы әннің сөзің жазған Нұрлыбек інісіне қалам ақысын бермек болған. Дегенмен Нұрлыбек Қайыпов Маринаға: «Сізден ақы ала алмаймын. Сіздің арқаңызда мені халық таныды» - деп өз алғысын, ықласын білдіріпті.

«Шөмекейлерім»

Сөзі: Марина Сарманова

Әні: Нұрлыбек Қайыпов

Біз Шөмекей Тоқамыз,
Қолға қару алғанбыз.
Азаттығы үшін қазақтың,
Жанды құрбан қылғанбыз.
Бескем, Қармыс, Есқара,
Батыл мінез үш –Тоқа.
Тарих болып жырланған,
Жасасың біздің Дөйт – Тоқа.

Қайырмасы

Мен қазақпын, алты Алаш, Үш – жүзім,
Кіші Жүзбін – Алау батыр, Алшынмын.
Мен Шөмекей төрт құбылам тең болған,
Тоқа, Көнек, Аспан менен Бозғұлым.

Біз Шөмекей Көнектер,
Досқа ашық есік дер.
Кеудедегі жалын от,
Мәңгі соғар жүректер.
Бізді кімдер десеңдер,
Қыдырымбет, Көпсектер.
Екі Көнек ел болып,
Бабам жолын өрнектер.

Қайырмасы

Біз Шөмекей Аспанбыз,
Тарихымызбен тасқанбыз.
Алашым деп әлемге,
Ән мен жырды шашқанбыз.
Есімбет, Бахты, Мәмбетпіз,
Андасейіт, Құлшан, Қойытпыз.
Алты – Аспан аталып,
Дұшпандарды жойыппыз.

Қайырмасы

Біз Шөмекей – Бозғұлдар,
Жүрек толы мың жыр бар.
Батырлардың ұрпағын,
Кімдер келіп сөз қылар.
Қаратамыр, Торыбай,
Келдібай, Қайқы, Сарыбай.
Бес Бозғұлым тұрғанда,
Қалай кетем жырламай.

Сөз соңы...

1920-1930 жылдары қазақ даласындағы алмағайып оқиғалардың лебі Ақтөбенің Ырғыз топырағында айналып өтпеді. 1930 жылы жергілікті төрт аталы Шөмекей руының азаматтары азаттық үшін Кеңес әскерлеріне қасқия қарсы тұрды. Сол жылдары құрбан болған бабаларымызға 2020 жылы Ырғыздың Жайсаңбайында ас беріліп, бабалар рухына құран бағыштады. Кейін мерекелік дастархан мен ұлттық ойындар, ғылыми конференциямен жалғасты. Тарихи оқиғалар баяндалған конференцияда Талғат Әбдірахмановтың сиясы кеппеген «Тағзым» атты кітабынын тұсаукесері өтті. Сол алқалы аста Марина Сарманованың «Шөмекейлер» әнімен концерт өтті. Бабалардың жолын сырлы сазбен өрнектеген туынды барша ағайындардың әнұранына айналып кетті. Енді қазіргі уақытта ел есіңнен шығып, ұмытылып бара жатқан әуенді қайта жаңғыртып отырмыз.

Асқар Рахымжанұлы, тарихшы, өлкетанушы

Abai.kz

0 пікір