Дүйсенбі, 9 Қараша 2026
Жөн-ақ 148 0 пікір 9 Қараша, 2026 сағат 12:44

Бізге ізгі қоғам қажет?...

Сурет: 7-su.kz сайтынан алынды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоөқаев Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауында мемлекетіміздің болашағы, ішкі-сыртқы саясаты, экономика мен білім беру, денсаулық сақтау салаларын өркендету жайында нақты ұсыныстарын айқындай келіп, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қатысты өз ойларын ортаға салған еді. Қазақ қоғамын ізгілендіруге қатысты бұл ұсыныстар ешкімді бейжай қалдырмағаны анық.

Өркениетті қоғамның болашағы  әрбір адамның құқығын құрметтеп, мүмкіндіктерін бағалай білуімен өлшенеді. Себебі, әр адам – қайталанбас тұлға екені анық. Қайсыбір адамдардың  мүмкіндігі шектеулі болғанымен, оның арманы, мақсаты, дарыны мен қабілеті шектеулі болмауы заңдылық. Сондықтан ерекше білім беру қажеттіліктері бар және мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау, оларға құрметпен қарау – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Ең алдымен инклюзивті қоғам дегеніміз не деген сауалға жауап іздеп көрейікші?! Ол – ешкімді сырт келбетіне, денсаулық жағдайына немесе жеке ерекшеліктеріне қарап бөліп-жармайтын, барлығына тең мүмкіндік беретін орта. Мұндай ортада әр адам білім алуға, еңбек етуге, шығармашылықпен айналысуға және қоғамдық өмірге белсенді қатысуға құқылы. Инклюзия ұғымының  басты мақсаты – адамдарды бір-бірінен ерекшелігіне қарай ажырату емес, керісінше, олардың қоғамның толыққанды мүшесі болуына жағдай жасау.

Біз күнделікті өмірде ерекше қабілеттері бар адамдардың арасында өнерге, спортқа, ғылымға және басқа да салаларға үлкен үлес қосып жүрген жандарды көріп жүрміз емес пе. Бір ғана спорт саласында еліміздің атын әлемге әйгіле жүрген ұландарымыз қаншама.  Олардың жетістіктері бізге табандылықтың, жігердің және өзіне деген сенімділіктің қажеттілігін  көрсетеді. Осындай адамдар күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарға қарамастан, өз армандарына жетіп, өзгелерге үлгі болып жүр. Олардың еңбегін бағалап, жетістіктеріне қолдау көрсету – баршамыздың  адамгершілік ұстанымымызды  танытады.

Біз айтып отырған инклюзивті ортаны қалыптастыру ең алдымен отбасынан, мектептен және қоғамнан басталады. Ол үшін мектепте барлық балаға тең білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуіміз керек. Мәселен, мұғалімдер әр оқушының жеке ерекшелігін ескеріп, оның қабілетін дамытуға көмектескені маңызды. Сонымен қатар қоғамдық орындарда арнайы пандустардың, лифтілердің, қолжетімді жолдардың және қажетті жағдайлардың болуы да маңызды. Бұл мүмкіндігі шектеулі адамдардың өздігінен қозғалуына және қоғам өміріне еркін араласуына мүмкіндік береді.

Дегенмен, инклюзия дегеніміз тек материалдық жағдай жасаумен шектелмейтінін де түсіну керек. Мұнда бірінші орынға  адамдардың бір-біріне деген көзқарасы мен қарым-қатынасы шығарылады. Кейде орынсыз сөздер, кемсіту, аяушылықпен қарау немесе түсінбеушілік таныту мүмкіндігі шектеулі жанның  көңіліне қаяу түсіруі мүмкін. Сондықтан әр адамға құрметпен қарап, оның жеке таңдауын, пікірін және қадір-қасиетін бағалауымыз аса маңызды. Көмек қажет болған жағдайда алдымен рұқсат сұрап, адамның дербестігіне құрметпен қарағанымыз абзал.

Инклюзивті қоғам құру туралы сөз болған кезде әрқайсымыз бұл іске  өз үлесімізді қоса алатынымызды ескергеніміз жөн . Ол үшін өзгелердің ерекшелігін қабылдап, мейірімділік танытып, кемсітуге жол бермеуіміз аса маңызды. Бұл жерде қолдау көрсету дегеніміз – біреуді аяу емес, керісінше оның мүмкіндіктеріне сену және дамуына жағдай жасау.

Қорытындылай келе, ерекше қабілеттері бар адамдарға қолдау көрсеті  – тек белгілі бір топтың емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі екенін баса айтқым келеді. Нағыз өркениетті қоғам әр адамның құндылығын мойындап, ешкімді шеттетпейді. Біз бір-бірімізді түсініп, құрметтеп, тең мүмкіндік беруге ұмтылғанда ғана мейірімді, әділетті әрі инклюзивті қоғам қалыптастыра аламыз. Өйткені әр адам құрметке лайық, ал әрбір адамның қоғамға қосар үлесі бар.

Қуат Қайранбаев,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір