Бейсенбі, 12 Қараша 2026
Өзекті 141 0 пікір 12 Қараша, 2026 сағат 15:09

Ел қорғаны – Қазақ тілі!

Сурет: qazdauiri.kz сайтынан алынды.

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзінде: «Қазақ тілі Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдануы қажет. Басқа көзқарастың болуы мүмкін емес. Сондықтан қазақ тіліне сыйластықпен қарау – бұл азаматтық, адами борыш. Ал парыз қаншама қастерлі болса да, оның мықты негізі болуы керек», – деді. Осы айтылғанды қалай заңдық тұрғыда орындауымыз керектігін айтып өтсем.

Ел Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл талапты Қазақстан азаматтарына тағы да бір айтуы сіз бен бізге Ата Заңда бекітілген қазақ тілі мемлекеттік тіл деген бапты әрқашанда орындауымыз керектігін ескертті. Өйткені бұл норма 1995 жылғы Конституцияда, сондай-ақ 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енген жаңа Ата Заңымыздың 9-бабында да мемлекеттік тіл қазақ тілі екендігі көрсетілген.

Осы Конституция талабын орындау қалай жүруде не қалай орындалуы керек екенін, осы күрделі сұрақты ойлаған кезде маған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясының ашылуында айтқан: «Ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие, ұлттық мәдениетімізді, болмысымызды шырайлы да шұрайлы туған тіліміз арқылы көрсетеміз. Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздік пен мәдениетсіздіктің белгісіне айналды» деген сөзі қатты әсер етті, неге дейсіз ғой. Бізде әлі де билік тармақтарында, Құрылтайда, Жоғарғы сотында, Конституциялық сотта, министрліктерде, мемлекеттік органдарда жоғары лауазымдарды атқарып отырған, бірақ мемлекеттік тілде тіпті қарапайым сөздерді де айта алмайтын қызметкерлер бар.

Түйсігі бар, түсінген адамға бұл – Елбасының мемлекеттік қызметтегілерге қатаң ескертуі. Сіздер қазақ тілін тез арада үйренуге міндеттісіздер, не болмаса орныңызды босатыңыздар дегені. Себебі заңдарға сәйкес мемлекеттік қызметке тек қана мемлекеттік тілді меңгерген Қазақстан азаматы тағайындалады.

Бұл тілдердің қолданылуының құқықтық негіздерін реттейтін «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» арнайы заңның 4-бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» деп көрсетілуімен міндеттелген.

Демек, жоғарыда аталған тұлғалар Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңға сәйкес мемлекеттік тілді меңгеруге және өз қызметін мемлекеттік тілде жүзеге асыруға міндетті. Бұл аталған тұлғалардың іскерлік қазақ тілін шұғыл түрде меңгеруі керектігін білдіреді. Олар өз біліктілігін арттыруға тиіс, ал мемлекеттік тілді меңгеруге талпынбаған жағдайда өз еркімен қызметінен кетуі немесе біліктілік талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты атқаратын лауазымынан босатылуы қажет.

Мен бұған дейін де Үкіметке, Парламентке және министрліктерге бір күнді толығымен мемлекеттік тілге арнауды ұсынған болатынмын. Өйткені қазіргі кезде қазақ тілін білуге талпынушылар саны артуда. Көптеген тіл үйрету орталықтары ашылуда, осы арқылы біз барлық этнос өкілдеріне, қазақ азаматтарына да ешкімнің келемеждеуінен қорықпай, қысылмай және ұялмай қазақ тілінде сөйлеп үйренуіне мүмкіндік берер едік.

Осыны ескере отырып, мемлекеттік тілді қолдау ниетімен ұсынарым: олардың ұялмай-қызармай мемлекеттік тілде сөйлеп, ортаға үйренуі мақсатында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ұлтты ұйыстырып, мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл» дегенін насихаттау жолында бүкіл Қазақстан аумағында бәріміз бір күнді белгілеп, сол күні тек қана қазақ тілінде араласып, жұмыс жасап, сөйлессек, бұл Отанға деген сүйіспеншілігімізді арттырып, патриотизмді күшейтіп, еліміздің азаматтарын бір шаңырақ астына біріктірер еді.

Ұлттық идеология – қазақ тілінен, ділінен, қазақ халқының көне тарихынан бастау алады. Егер біздің мемлекетіміз мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан қазақ халқының әдет-ғұрпын, рухын, тілін идеологияның басты тұғыры ретінде қабылдаса, қазіргі аумалы-төкпелі заманнан теңселмей өтеміз деп ойлаймын.

Айыпқан Мұхамадиев, заң ғылымының кандидаты

Abai.kz

0 пікір