Саптарың түзу болсын Қазбат сарбаздары!
Қоғамда «Қазбат» атымен танылған Бітімгерлер батальоны – Қазақстан Қарулы күштерінің бітімгершілік күші БҰҰ миссиясын атқарушы, еліміздің ең таңдаулы әскери күші саналатын құрама. Бұл жәй ғана қатардағы құрама емес. Оның қызметі әскери қауіпсіздікті, халықаралық дипломатияны және еліміздің сыртқы саясатын жүзеге асырумен жалғасады.
Оның құрылу тарихы 2000 жылға тіреледі. Ал Қазбат БҰҰ атынан ең алғаш рет 2003 жылы Ирактағы әскери операцияларға қатысуымен танылды. Одан кейін біздің сарбаздарымыз 2014 жылғы БҰҰ жүргізген операцияларға қатысты.
Қазбат не үшін құрылды?
Оның құрылуына (21 қаңтар 2000 ж.) мынадай факторлар ықпал етті:
- Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанның өз беделін арттыру;
- Әлемде қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтау туралы БҰҰ Халықаралық миссиясына қатысу;
- Сол арқылы әскери дамуды әлемдік стандарттарға, жаңа технологияларға сәйкестендіру;
- Әлеммен дипломатиялық жолмен қатар әскери тәжірибе алмасу бағытында қатынастар орнату.
Бұл жерде НАТО‑ның «Бейбітшілік үшін күш біріктіру» бағдарламасы да маңызды роль атқарғанын атап өтуіміз қажет.
Сөйтіп, «Қазбаттың» құрылуы тәуелсіз мемлекет ретіндегі Қазақстанның әскери саладағы ең ал,ашқы қадамдарының бірі болып саналады.
Осы уақытқа дейін «Қазбат» қандай әскери операцияларға қатысты?
«Қазбат» ең алғашқы әскери тәжірибесін Ирак мемлекетінде бастады. 2003 жылы халықаралық тұрақтылық инженер‑саперлық күштерінің қатарында қазақстандық әскерилер Ирактағы операцияларға қатысты. Ол миссия 2008 жылға дейін жалғасты. Осы уақытта еліміздің 290 сарбазы осы тәжірибеден өтті. Қауіпті миссияны ойдағыдай атқарды.
Онда олар:
- Мминаларды залалсыздандырды;
- Ауыз су көздерін улы заттардан тазалады;
- Ирак әскерилерін саперлық жұмысқа үйретті;
- Жергілікті тұрғындарға медициналық жәрдем етті.
Қорғаныс министрлігінің дерегі бойынша, осы уақытта біздің сарбаздар төрт миллионнан астам жарылғыш заттарды залалсыздандырды, жеті миллион куб метрге тең суда тазартты, бес мыңнан астам адамға медициналық көмек көрсетті.
Алайда, қасіретке орай, бейбітшілік миссия да құрбандықсыз болмайды екен – 2005 жылдың 5‑қаңтарында Иракта қазақстандық офицер Қайрат Құдабаев өз миссиясын атқару барысында ерлікпен қаза тапты. Оның аты‑жөні Қазақстанның Қарулы Күштері тарихына мәңгілікке жазылды.
Еліміздің бейбіт өмір сүруі үшін елімізден тысқары жақта қызметте жүрген ҚАЗБАТ сарбаздары әлі де алдыңғы шепте! Саптарың түзу болсын дейміз оларға.
Abai.kz