Сейсенбі, 17 Қараша 2026
Жаңалықтар 101 0 пікір 17 Қараша, 2026 сағат 14:19

ҚазҰУ-дегі кезекті өлім: Проректор қызметтен кетті...

Сурет: farabi.university сайтынан алынды.

ҚазҰУ-де бірінші курс студенті қаза тауып, проректор мен декан қызметінен босатылды...

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тағы бір қайғылы оқиға тіркелді. 16 қараша күні оқу орнының география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті қаза тапты.

Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстағанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде. Өз кезегінде университет ұжымы марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, құқық қорғау органдарына жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Қайғылы жағдайдан кейін жоғары оқу орнының басшылығы қатаң тәртіптік шаралар қабылдады. 17 қарашада университеттің баспасөз қызметі жатақханадағы тәртіп пен қауіпсіздікті тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін әлеуметтік-тұрақты даму жөніндегі проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылғанын хабарлады. Сондай-ақ оқиға болған күні кезекшілік еткен қызметкерлер де жұмыстан шеттетілді.

Айта кетейік, бұл — кейінгі он күн ішінде ҚазҰУ қабырғасында тіркелген екінші қайғылы жағдай. Бұған дейін, 6 қараша күні университеттің студенттер қалашығы аумағында журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмған еді. Ол дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалып, тергеу жалғасып жатыр.

Abai.kz

0 пікір