Сейсенбі, 17 Қараша 2026
Жаңалықтар 109 0 пікір 17 Қараша, 2026 сағат 16:09

Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілді

Сурет: Александр Павский/ Kazinform,

Үкімет Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі даму перспективаларын айқындайтын Бас жоспардың жаңа редакциясын бекітті.

Құжатта қаланы полицентрлік жүйе бойынша дамыту, LRT желілерін салу, метроны кеңейту, өнеркәсіптік аумақтарды жаңғырту және жасыл желектер көлемін ұлғайту көзделген.

Тиісті өзгерістер Үкіметтің 2026 жылғы 31 қазандағы №961 қаулысымен енгізілді. Құжат алғашқы ресми жарияланған күннен, яғни 16 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді.

– Алматы қаласының Бас жоспары – қаланы перспективалық кешенді дамыту, аумақты жоспарлау, әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылымы жүйесін қалыптастыру бағыттарын айқындайтын негізгі қала құрылысы құжаты, – делінген қаулыда.

Бас жоспар Жер, Экология және Құрылыс кодекстерінің, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңдардың және қала құрылысына қатысты өзге де нормативтік-құқықтық актілердің талаптарына сәйкес әзірленген.

Сонымен қатар құжат Алматының әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту схемаларын, аумақтарды салу және реконструкциялау жобаларын, тарихи мұраны сақтау, көгалдандыру мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жоспарларын әзірлеуге негіз болады.

Бас жоспарда мынадай жоспарлау кезеңдері белгіленген:

* бастапқы жыл – 2025 жылғы 1 қаңтар;
* құрылыстың бірінші кезеңі – 2030 жыл (2031 жылғы 1 қаңтар);
* есептік мерзім – 2040 жыл (2041 жылғы 1 қаңтар).

Алматы полицентрлік жүйеге көшеді

Бас жоспар Алматы қаласы мен Алматы агломерациясының өзара байланысын ескере отырып әзірленген.

Қаланы дамытудың негізгі міндеттеріне тарихи-мәдени мұра мен табиғи аумақтарды сақтау, жасыл аймақтарды кеңейту, сондай-ақ жалпы қалалық және жергілікті қоғамдық орталықтарды қалыптастыру кіреді.

Осы мақсатта Алматыны дамытудың полицентрлік моделіне көшу көзделген. Бұл тәсіл қалада бірнеше белсенді орталық құруды қарастырады. Олардың әрқайсысында тұрғын үй, жұмыс орындары, әлеуметтік нысандар, көлік және коммуналдық қызметтер теңгерімді түрде орналастырылуы тиіс.

Құжат авторларының пайымынша, мұндай тәсіл экономикалық өсімге, әлеуметтік мәселелерді шешуге және қала аумағын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Бас жоспарда полицентрлердің мынадай мамандануы қарастырылған:

* Солтүстік – өнеркәсіптік аймақтар мен тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңғырту, демалыс аумақтарын дамыту және көгалдандыру;
* Шығыс қақпасы – логистикалық хаб, көрме және ойын-сауық инфрақұрылымы, медицина мен фармацевтика;
* Тарихи орталық – туризм, мәдениет және қызмет көрсету саласы;
* Батыс – ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен көлік-логистикалық хаб;
* Оңтүстік-батыс – шағын өнеркәсіптік парктер, сауда және логистика.

Алғашқы өзгерістер қаланың солтүстік бөлігінен, атап айтқанда Жетісу ауданы мен Түрксіб ауданының бір бөлігінен басталады. Бұл аумақтарда жекелеген өндіріс орындары мен базарларды көшіру, ескі тұрғын үй қорын жаңарту, көше желісін дамыту және скверлер салу жоспарланған.

Аумақтың көлік инфрақұрылымын дамыту Алматы-1 теміржол вокзалымен байланысты болады. Алматы-2 вокзалына дейін екінші теміржол жолдарын салу және көлік-логистикалық торабын құру көзделген.

Қаланың шығыс бөлігінде жылдам жүретін трамвай, «Шығыс» автовокзалы, BRT желісі және қала маңындағы көлік қатынасын біріктіретін мультимодальды көлік торабы құрылмақ. Сонымен бірге көл мен өзендері бар 120 гектарлық табиғи аумақты абаттандыру жоспарланған.

Батыс бөлікте экологиялық талаптарға сай өндіріс орындарын орналастыру арқылы индустриялық аймақты кеңейту көзделген. Бұдан бөлек, техникалық және кәсіптік білім беру колледждері, жалға берілетін тұрғын үйлер мен жас мамандарға арналған жатақханалар салынады.

Ал 90 гектар аумақты алып жатқан тектоникалық жарық үстіне құрылыс салынбайды. Оның орнына бұл аумақ көгалдандырылып, жасыл аймаққа айналады.

Қаланың оңтүстік-батысында «Алтын Орда» базарын агроөңдеу кәсіпорындары бар қалалық көтерме-тарату орталығына айналдыру жоспарланған. Сондай-ақ сауда-логистикалық және іскерлік орталықтар, «Батыс» автовокзалы, метро мен LRT станциялары салынады.

Тарихи орталықта ғимараттарды қалпына келтіру және мәдени нысандардың аумағын абаттандыру бағдарламасы жүзеге асырылады. Кеңес дәуірінде салынған тұрғын үйлердің тозған инженерлік желілері жаңартылады.

Сонымен қатар Алматы ауыр машина жасау зауытының аумағы мен Сейфуллин даңғылындағы бұрынғы №1 тергеу изоляторы орналасқан аумақты заманауи кварталдық құрылыс пен іскерлік кластерге айналдыру қарастырылған.

Метро мен LRT желілері кеңейеді

Бас жоспардың жеке бөлімі көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған.

Метро желілерінің жалпы ұзындығын қазіргі 13,4 шақырымнан 2030 жылға қарай 35 шақырымға, ал 2040 жылға қарай 123,6 шақырымға дейін жеткізу жоспарланған.

Құжатта қолданыстағы бірінші желінің құрылысын аяқтау, сондай-ақ екінші – айналма және үшінші метро желілерінің құрылысын бастау көзделген.

Алматыда жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесі де дамытылады. Ұзындығы 31 шақырым болатын алғашқы желі қаланың батыс аудандарын Алматы-2 вокзалымен және «Батыс», «Шығыс» көлік тораптарымен байланыстыруы тиіс.

Бас жоспарға сәйкес, 2040 жылға қарай LRT желілерінің жалпы ұзындығы 79 шақырымға жетеді.

Бұдан бөлек, Райымбек даңғылы бойымен BRT жүйесінің екінші желісін салу қарастырылған.

Веложолдар желісінің ұзындығы 2030 жылға қарай 96 шақырымнан 262,8 шақырымға дейін ұлғаяды.

Осылайша, 2040 жылға қарай жолаушылар қоғамдық көлігі желілерінің жалпы ұзындығы 981 шақырымнан 1 214 шақырымға дейін артуы тиіс.

Жасыл аймақтар көбейіп, экологиялық талаптар күшейеді

Экология саласында 2027 жылдан бастап қалдықтарды міндетті түрде бөлек жинау жүйесін енгізу жоспарланған. Ал 2040 жылға қарай қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 60%-ға жеткізу көзделген.

Сондай-ақ тәулігіне 2 мың тонна қалдықты өңдей алатын энергетикалық кәдеге жарату зауытын және макулатураны қайта өңдейтін кәсіпорын салу жоспарланып отыр.

Бас жоспардағы басым бағыттардың бірі – жасыл желектер аумағын ұлғайту. Қоғамдық пайдаланудағы көгалдандырылған аумақ көлемін 2025 жылғы бір адамға шаққандағы 12,4 шаршы метрден 2040 жылға қарай 16,3 шаршы метрге дейін жеткізу көзделген.

Құжатта қолданыстағы жасыл алқаптарды, соның ішінде Баум тоғайын, зираттар аумағы мен санитарлық-қорғау аймақтарын абаттандыру, сондай-ақ жаңа қоғамдық жасыл кеңістіктер құру қарастырылған.

Су нысандарын қорғауға да ерекше назар аударылған. Қаладағы өзен арналары бойында тұрақты су ағысын қалпына келтіру, су қорғау белдеулері мен аймақтарындағы құрылыс жұмыстарын қатаң реттеу жоспарланған.

Табиғи ландшафтарды сақтау және ауа ағындарының еркін айналымын қамтамасыз ету үшін тау бөктеріндегі үстірттерге құрылыс салуға тыйым салынады. Сонымен қатар су қорғау аймақтарын пайдалану талаптары күшейтіледі. Ені 35 метр болатын су қорғау белдеулерінде күрделі құрылыс жүргізуге рұқсат берілмейді.

Жалпы, Бас жоспарда тарихи-мәдени мұраны сақтау, қоғамдық және жергілікті көпфункционалды орталықтарды дамыту, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру көзделген. Құжатта белгіленген шараларды жүзеге асыру қаланың экономикалық өсуіне және қордаланған әлеуметтік әрі инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге ықпал етеді деп күтіледі.

Дереккөзі: kaz.inform.kz

Abai.kz

0 пікір