Бейсенбі, 19 Қараша 2026
Денсаулық 119 0 пікір 19 Қараша, 2026 сағат 14:07

Робот-ассистент хирургке қалай көмектеседі?

Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды.

Қазіргі таңда робот-ассистенттік технологиялар ортопедия саласында, әсіресе тізе және жамбас буындарын эндопротездеу операцияларында кеңінен қолданылып келеді.

Робот-ассистент хирургтің орнын алмастырмайды, керісінше, оның жұмысын жоғары дәлдікпен орындауға көмектеседі.

Операция алдында арнайы компьютерлік жүйе арқылы науқастың анатомиялық ерекшеліктері зерттеліп, хирургиялық жоспар жасалады. Ал операция барысында робот-ассистент сүйек кесінділерінің дәлдігін бақылауға, жасанды буын компоненттерін оңтайлы орналастыруға және сау тіндерді барынша сақтауға көмектеседі.

Бұл технологияның негізгі артықшылықтары — операцияның дәлдігін арттыру, әр науқасқа жеке хирургиялық тәсілді қолдану және ықтимал техникалық қателіктерді азайту.

Ең бастысы, барлық шешімді хирург қабылдайды. Робот — дәрігердің тәжірибесі мен кәсіби шеберлігін толықтыратын заманауи технология.

Робот-ассистенттік хирургияның басты мақсаты — операция сапасын арттыру және пациенттің емдеу нәтижесін жақсарту.

MISSO роботының басты ерекшелігі — тізе буынын эндопротездеу операциясын жоғары дәлдікпен орындауға көмектесуі.

Бұл жүйе жасанды интеллект пен үшөлшемді жоспарлау технологиясын біріктіреді. Операция алдында науқастың тізе буынының жеке анатомиялық ерекшеліктері зерттеледі.

Операция барысында робот сүйек кесінділерін алдын ала жасалған жоспарға сәйкес жоғары дәлдікпен орындайды. Бұл хирургке эндопротез компоненттерін дұрыс орналастыруға және операцияның техникалық дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бекжан Сулейменов,

Н.Ж.Батпенов атындағы ҰҒТОО-ның травматолог-ортопеді

Abai.kz

0 пікір