Сейсенбі, 24 Қараша 2026
Өнер 114 0 пікір 24 Қараша, 2026 сағат 13:26

Одиссея: Өзіңнен қашу немесе өлімге ұмтылу...

Сурет: kinospoilers.ru сайтынан алынды.

Бұл жолы режиссер Кристофер Ноланның «Одиссея» фильмінен алған әсеріммен бөліскім келді. Гомердің көне грек поэмасына негізделген туындыны режиссер соғысқа қарсы көзқарас пен психологиялық драма тұрғысынан қайта пайымдаған. Басты рөлдерде Мэтт Деймон, Том Холланд, Зендея, Роберт Паттинсон, Энн Хэтэуэй секілді Голливудтың танымал актерлері ойнайды. Гомердің сан ғасырлық тарихы бар шығармасын Ноланның өзіндік көркемдік көзқарасымен ұштастыра алғаны маған ұнады. Өйткені бұл жолы оқиғаның сыртқы желісінен гөрі, кейіпкерлердің ішкі күйіне, олардың жан дүниесіндегі арпалысқа көбірек үңілгің келеді.

Фильмнің костюмдік шешімі бір қарағанда қарапайым болғанымен, өзіндік салтанаты бар. Қолданылған түстер мен кадрлардың реңкі де бір-бірімен үйлесім тауып, әр кейіпкердің ішкі күйін аңғартатындай әсер қалдырады. Тіпті кейіпкерлердің жан дүниесі киген киімдерінің түсімен астасып жатқандай көрінді. Туындыны тамашалап отырып, өткен уақыт пен бүгінгі күннің арасында біз ойлағандай үлкен алшақтық жоқ екеніне көзім жеткендей болды. Өткен ешқайда жоғалып кетпейді. Ол өз уақытында қалып қойғанымен, оның жаңғырығы бүгінгі өмірімізбен қатар жүреді. Естеліктер мен бастан өткен оқиғалар да солай. Бірі артта қалса, екіншісі алға жылжиды. Бірақ екеуінің арасындағы байланыс ешқашан үзілмейді.

Кейде адамның ішкі қарақұрдымы оны уақыттың тұзағына түсіреді. Бір оқиғаның, бір естеліктің, тіпті бір адамның айналасынан шыға алмай, өзіне-өзі шеңбер сызып алады. Сол шеңбердің ішінде жүріп, өмірінің өтіп жатқанын да аңғармайды. Ең қиыны, бұл тұзақтың есігі сырттан жабылмайды. Оның кілті адамның өз қолында. Бірақ оны көбіне тым кеш түсінеді. Меніңше, Одиссейдің сапарындағы ең үлкен қайшылықтардың бірі де осында жатыр. Ол туған жеріне қайтқысы келеді, бірақ кейде өз жолынан өзі жаңылады. Кейде оны құбыжықтар тоқтатса, кейде өз әлсіздігі, кейде өзгеге деген сенімі, енді бірде жайлылыққа бой алдыруы бөгейді.

Пенелопаның тағдыры да оңай болмады. Оның сұлу дидары мен мінсіз мүсінінің ар жағында жиырма жылға созылған күту, үміт пен үрей жатты. Күн сайын тоқылған, түн сайын қайта сөгіліп отырған кілем оның өмірінің өзіне айналғандай. Қолындағы жіптерді бір-бірлеп жалғаған сайын, оның да ішкі сенімі мен төзімі жіңішкере түскен шығар. Қанша мықты көрінгісі келгенімен, жалғыздықтың салмағы адамды іштей қажытпай қоймайды. Ол жіптің бір күні үзіліп кетуінен қорықты. Өйткені сол сәтте өзін қоршаған қалың үміткердің ортасында қорғансыз қалатынын білді. Бірақ жіп үзілмеді. Кілем де аяқталмады. Пенелопа өз күтуіне соңына дейін адал болды.

Әйелдің махаббаты да сол жіп сияқты шығар. Көзге көрінбейді, бірақ үзілмей жалғанып жатады. Кейде ол адамды әлсіз ететіндей көрінгенімен, шын мәнінде, ең ұзаққа шыдайтын күштің өзі болуы мүмкін. Пенелопаның жиырма жыл бойы күтуі маған махаббаттың тек біреуді сағыну емес, сол адамға деген сеніміңді жоғалтпау екенін ұқтырды.

Маған ерекше әсер еткен тағы бір көрініс – Одиссейдің өлген майдандастарына құрбандық шалып, олардың рухтарына қан ұсынған сәті. Тірілер мен өлілердің арасындағы шекара бір сәтке ғана жойылғандай. Егер шын өмірде қайтыс болған адамдардың айтарын тыңдауға мүмкіндік болса, қаншама бет қаратпас зілді сөздер естір едік... Қаншама өкініш, айтылмай қалған сыр, кешірілмеген кінә мен жауапсыз қалған сұрақ бар. Кейде тірі жүрген адамдар бір-бірімен сөйлесуге асықпайды, ал өлгеннен кейін ғана айтылмай қалған сөздің салмағын сезінеді. Осы көріністен кейін өлімнің өзі емес, адамның тірісінде үлгермей қалған дүниелері қорқыныштырақ көрінді.

Адамды жолдан тайдыратын тоғыз сынақ

Грек мифологиясындағы Одиссейдің туған жері Итакаға оралу сапары – жай ғана ұзақ теңіз саяхаты емес, адам баласының өзімен-өзі арпалысуының көрінісі. Гомердің «Одиссея» дастанында бұл сапар он жылға созылады. Осы уақыт ішінде Одиссей талай қауіп-қатерге тап болып, түрлі азғыру мен сынақтан өтеді. Оның жолын бөгегендердің арасында қорқынышты құбыжықтар да, сиқыршылар да, табиғаттың дүлей күштері де бар. Бірақ солардың бәрінен де қауіптісі – адамның өз ішіндегі әлсіздік.

Алғашқы сынақтарының бірі – лотофагтар мекендеген жерге тап болуы. Одиссейдің серіктері лотос жемісінен дәм татқан соң, туған жерін ұмытып, кері қайтқысы келмей қалады. Олар үшін бұрынғы өмірдің, Итаканың, тіпті үйге оралудың мәні жоғалады. Одиссей оларды күшпен кемеге қайтаруға мәжбүр болады. Бір ғана жемістің адамды өз өткенінен, мақсаты мен міндетінен ажыратып жіберуі қызық емес пе? Кейде біз де уақытша рақат сыйлайтын дүниелерге алданып, шын мәнінде не үшін өмір сүріп жүргенімізді ұмытып кетеміз. Адамның өзінен қашуы осындай кішкентай әуестіктерден басталатын шығар.

Одан кейін Одиссей мен серіктері циклоп Полифемнің қолына түседі. Ол өзінің айласын асырып, циклопқа есімін «Ешкім» деп таныстырады. Осылайша оның қолынан құтылып шығады. Алайда қауіптен алыстаған соң, жеңісіне масаттанып, өзінің шын есімін жария етеді. Осы мақтанышының салдарынан Полифемнің әкесі Посейдон оған қаһарын төгіп, сапарын одан әрі қиындатады. Кейде адамды жеңілісі емес, жеңісінен кейінгі тәкаппарлығы құлатады. Өзінің кім екенін дәлелдеуге асығатын сәттеріміз де аз емес. Біреуге өзіңді таныту үшін кейде өзіңе зиян келтіріп алатыныңды кеш түсінесің.

Келесі бір оқиғада желдердің әміршісі Эол Одиссейге көмектесіп, қарсы соғатын желдерді қапқа қамап береді. Итакаға аз ғана жол қалғанда, шаршаған Одиссей ұйқыға кетеді. Осы сәтті пайдаланған серіктері қаптың ішінде қазына бар деп ойлап, оны ашып жібереді. Қаптан шыққан жел кемені қайтадан ашық теңізге алып кетеді. Туған жеріне табан тіреуге шақ қалған сапар осылайша қайта басталады. Адам кейде межесіне бір қадам қалғанда ғана сақтығын жоғалтады. Біреудің ниетін түсінбеу, асығыс шешім немесе орынсыз күдік тұтас бір өмірдің бағытын өзгертіп жіберуі мүмкін.

Одиссейдің жолында кездескен сиқыршы Кирка да оның серіктерін шошқаға айналдырып жібереді. Одиссей оларды құтқарғанымен, Кирканың сарайында тұтас бір жыл қалып қояды. Мұнда мені ойландырғаны – адамның өз мақсатын біле тұра, жайлылыққа алданып, уақытын жоғалтуы. Кейде бізді алға жылжытпайтын нәрсе азап емес, керісінше, тым жайлы өмір болуы мүмкін. Өйткені қиындық адамды әрекет етуге мәжбүрлейді, ал жайлылық кейде ешқайда асықтырмайды. Адам бір орында тұрып қалғанын да байқамай қалады.

Одан кейін Одиссей сиреналардың арбаушы әніне тап болады. Олардың әуенін естіген теңізшілер өздерін билей алмай, өлімге қарай ұмтылады. Мұны алдын ала білген Одиссей серіктерінің құлағына балауыз құйып, ал өзін кеменің діңгегіне байлап қоюды бұйырады. Осылайша ол сиреналардың әнін естісе де, оның жетегіне ермей аман қалады. Бұл оқиғаның астарында да адамға таныс бір шындық бар. Кейде біз өзіміздің әлсіз тұсымызды жақсы білеміз. Ненің бізді жолдан тайдыратынын да сеземіз. Бірақ соған қарамастан, сол нәрсеге қайта-қайта жақындай береміз. Мүмкін, адамға кейде өзін шектеу де қажет шығар. Өйткені барлық азғыруға қарсы тұрудың қажеті жоқ, кейбірінен мүлде аулақ жүрген дұрыс.

Сапар барысында Одиссей Сцилла мен Харибданың ортасынан өтуге мәжбүр болады. Бір жағында алты басты Сцилла тұрса, екінші жағында кемелерді тұтасымен жұтып қоятын алып иірім Харибда бар еді. Екі қауіптің бірін таңдауға тура келгенде, Одиссей кемесін Сцилланың жанынан алып өтеді. Нәтижесінде алты серігінен айырылғанымен, қалғандарын аман сақтап қалады. Өмірде де кейде мінсіз таңдау болмайды. Қай жолды таңдасаң да, бір нәрседен айырылуың мүмкін. Сондай сәтте адам өзіне ең қымбат нәрсені сақтап қалу үшін шешім қабылдауға мәжбүр. Мұндай таңдаудың салмағын сырт көзбен бағалау оңай, ал оның ішінде қалған адамның жан күйін түсіну әлдеқайда қиын.

Одиссейдің сапарын ең ұзаққа созған кедергілердің бірі – Калипсо аралы. Калипсо оны жеті жыл бойы өз жанында ұстап, тіпті мәңгілік өмір сыйлауға уәде береді. Бірақ Одиссей мұндай сыйдан бас тартып, күн сайын теңіз жағасында отырып, туған жерін сағынып жылайды. Оған мәңгілік өмірден гөрі, өз үйіне оралу маңызды еді. Осы тұста тағы бір ой келеді: адам кейде өмір бойы іздеген нәрсесіне қол жеткізгенімен, бақытты бола алмауы мүмкін. Өйткені оның жаны басқа жерде қалады. Сырттай қарағанда, Калипсоның аралы – жайлылық пен мәңгілік өмірдің мекені. Бірақ Одиссей үшін ол – еркіндігінен айырылған жер. Кейде ең әдемі мекеннің өзі адамға түрме болуы мүмкін.

Ал алыста қалған Итакада Пенелопа күйеуінің оралуын күтеді. Оған үйленгісі келген үміткерлер көбейіп, таңдау жасауға қысым көрсетеді. Пенелопа жерлеу жамылғысын тоқып біткен соң ғана шешім қабылдайтынын айтып, күндіз тоқығанын түнде қайта сөгіп отырады. Осылайша ол уақыт ұтып, өзіне сеніп тапсырылған құндылықты сақтап қалуға тырысады. Оның әрекеті жай ғана айла емес, үмітін жоғалтпау үшін жасаған күресі еді. Кейде адамның бар өмірі бір ғана үмітке байланып қалуы мүмкін. Сол үміттің үзілмеуі үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды.

Осы оқиғалардың барлығы Одиссейдің он жылға созылған сапарындағы бір-бірімен сабақтас сынақтар еді. Оның туған жеріне оралуына тек теңіздегі дауылдар мен құбыжықтар ғана кедергі болған жоқ. Оны жолдан тайдырған – ұмытшақтық, мақтаншақтық, аңғалдық, әуестік және жайлылыққа бой алдыру секілді адам бойындағы қасиеттер де болды. Одиссейдің Кирка мен Калипсоның жанында өткізген жылдары да осының дәлелі. Әсіресе Калипсоның аралында өткен жеті жыл оның сапарын ұзартты. Бір қарағанда, оны қоршаған жайлы орта мен мәңгілік өмір туралы уәде кез келген қауіптен артық көрінуі мүмкін. Бірақ ол туған жеріне оралуды таңдады.

Мені осы тұста «өзіңнен қашу немесе өлімге ұмтылу» деген ой мазалайды. Кейде адам өмірден емес, өзінің өткенінен қашқысы келеді. Кейбір естеліктерді ұмытқысы келеді, кейбір адамдарды кездестірмегендей болғысы келеді, кейбір қателіктерін ешқашан жасамағанын қалайды. Бірақ өзіңнен қашып құтыла алмайсың. Қайда барсаң да, өзіңмен бірге өзіңді алып жүресің. Одиссей де қанша жерді шарласа да, қанша сынақтан өтсе де, ақырында өзіне тиесілі мекенге қайтуы керек болды. Өйткені оның сапарының мәні тек Итакаға жету емес, сол жолда жоғалтып ала жаздаған өзін қайта табу еді.

«Одиссеяның» бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпауы да осында шығар. Адам өміріндегі сынақтар әр дәуірде әртүрлі сипат алғанымен, олардың түпкі мәні өзгермейді. Біреуді уақытша қызықтар, біреуді атақ пен даңқ, енді біреуді жайлы өмір мен жалған уәделер өз жолынан адастыруы мүмкін. Ал кейде адамды өлімге жетелейтін де сыртқы жау емес, өзінің ішіндегі бітпейтін арпалыс шығар. Ең қиыны – сол арпалыстың бар екенін мойындау. Өйткені өзіңнен қашқан сайын, өзіңе жақындай түсесің.

Нұржан Думанқызы

Abai.kz

0 пікір