Кәрім Көкірекбаев түрмеден босатылмайтын болды
Экс-шенеунік Кәрім Көкірекбаевты қамаудан босату жайлы қаулының күші жойылды, - деп жазды Азаттық радиосы.
Алматы облыстық соты парақорлық айыбымен 12 жылға сотталған 69 жастағы Кәрім Көкірекбаевты шартты бостандыққа шығару туралы қаулының күшін жойған.
Алатау қалалық соты 17 қарашада Көкірекбаевты денсаулық жағдайына байланысты жаза өтеу мекемесінен бостандыққа шығару туралы шешім шығарған. Бұған қарсылық білдірген прокуратураның шағымын қараған облыстық сот Көкірекбаевты қамаудан босату туралы қаулы негізсіз қабылданған деген ұйғарымға келген.
Бұрын Жамбыл облысының әкімі, "Қазақстан темір жолы" АҚ басшысы, Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі, "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің жетекшісі сынды лауазымды қызметтер атқарған Көкірекбаев 2022 жылдың желтоқсанында "Bazis Construction INFR" компаниясы басшысы Андрей Поплавскийден 396 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған еді.
Тергеу нұсқасы бойынша, ол қаражат Қорғас өзеніндегі қорғаныс бөгеттерінде іс жүзінде атқарылмаған жұмыстардың актілеріне қол қою үшін берілген. Мемлекетке келген шығын шамамен 2 миллиард теңге деп бағаланды.
2025 жылдың шілде айында сот Көкірекбаевты айыпты деп танып, 12 жылға бостандығынан айырған.
Abai.kz