Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3958 0 пікір 24 Қараша, 2009 сағат 11:26

"Қызылжар" атам қойған аты мәлім...

Қазақ мүддесі де қақас қалмасыншы...

Қазақстан халқының үлкен же­тістігі - ұлтаралық келісім екенін осы күні барлық отандастарымыз жақ­сы біледі. Президент Н.Назар­баев­тың жүргізіп отырған салиқалы сая­сатының арқасында қол жетіп отырған бұл табысымызды өзіміз жоғары бағалаймыз, өзгелер оған қызыға қарайды. Елбасы да өзінің сөз­дерінде оған жоғары баға беріп, елдің үлкен табысының қайнар көзі­нің бірі сол екенін үнемі еске салып отырады.

Бұл табысты уыстан шығаруға болмайтыны сөзсіз. Оған Қазақ­стан­да тұратын негізгі халық қазақ­тар­мен бірге басқа халықтардың өкіл­де­рі де мүдделі. Өйткені, табыс ке­пілі тыныштық, өзара келісім екенін бәрі де біледі.

Ұлтаралық келісімге жету жо­лын­да Президент ашық пікірлер ай­тып, айқын жол ұстанып келеді. Жауырды жаба тоқып, көзге көрін­ген кеселді күлбілтелеп, көрмеген бол­сақ, ондай іс бітеу жараға айна­лып, үсті тобарсып тұрғанымен асты шіри берер еді. Ал ондай жара бір күні бәрібір жарылып, қоғам ағза­сына айтарлықтай залал келтірері сөзсіз. Бетін аулақ қылсын, Кеңес одағының бітеу жарасы асқынып кетіп, ақырында сол қоғамның өзін де құртып тынды ғой. Кеселді көзге ілмей, "бізде халықтардың мызғы­мас достығы орнады" деп сарнап келген саясат бір-ақ сәтте өзінің жалған екенін көрсетіп берді.

Қазақ мүддесі де қақас қалмасыншы...

Қазақстан халқының үлкен же­тістігі - ұлтаралық келісім екенін осы күні барлық отандастарымыз жақ­сы біледі. Президент Н.Назар­баев­тың жүргізіп отырған салиқалы сая­сатының арқасында қол жетіп отырған бұл табысымызды өзіміз жоғары бағалаймыз, өзгелер оған қызыға қарайды. Елбасы да өзінің сөз­дерінде оған жоғары баға беріп, елдің үлкен табысының қайнар көзі­нің бірі сол екенін үнемі еске салып отырады.

Бұл табысты уыстан шығаруға болмайтыны сөзсіз. Оған Қазақ­стан­да тұратын негізгі халық қазақ­тар­мен бірге басқа халықтардың өкіл­де­рі де мүдделі. Өйткені, табыс ке­пілі тыныштық, өзара келісім екенін бәрі де біледі.

Ұлтаралық келісімге жету жо­лын­да Президент ашық пікірлер ай­тып, айқын жол ұстанып келеді. Жауырды жаба тоқып, көзге көрін­ген кеселді күлбілтелеп, көрмеген бол­сақ, ондай іс бітеу жараға айна­лып, үсті тобарсып тұрғанымен асты шіри берер еді. Ал ондай жара бір күні бәрібір жарылып, қоғам ағза­сына айтарлықтай залал келтірері сөзсіз. Бетін аулақ қылсын, Кеңес одағының бітеу жарасы асқынып кетіп, ақырында сол қоғамның өзін де құртып тынды ғой. Кеселді көзге ілмей, "бізде халықтардың мызғы­мас достығы орнады" деп сарнап келген саясат бір-ақ сәтте өзінің жалған екенін көрсетіп берді.

Ал бізде бәрі де ашық, анығы ай­тылып, дұрыс жолмен шешіліп келеді. Тарихи Отаны Қазақстан болмаса да бізде тұратын өзге ұлт өкілдерінің бәріне мемлекет жағдай жасап отыр. Бәрінің де дерлік ұлт­тық-мәдени орталықтары бар. Тіл үйренемін, өз ұлтымның салт-дәс­түрін жандандырамын десең - ерік өзіңде. Мемлекет қолынан келген барлық жағдайды жасап береді: орын береді, мектеп ашады, ұсынған жо­ба­ларын да қаржыландырып отырады, т.т. Жиналыс өткіземіз, кездесу жасай­мыз, ұлттық мерекелерімізді атап өтеміз десе де құба-құп.

Бірде, республикалық корей ұлт­тық-мәдени қоғамының төрағасы, атақты Серік Қонақбаевтың жаттық­тырушысы, сенатор Юрий Цхаймен әң­гімелескеніміз бар. Сол төмен­дегідей қызық әңгіме айтып еді.

- Осыдан біраз бұрын біздің белсенділеріміз Мәскеуге жиналып, Орталық Азия мен Ресейдегі корей­лердің аймақтық конференциясын өткізбек болдық, - деп бастады ол. - Корейлердің көп жерінің бірі - Таш­кент, мұндай жиындар Қазақ­станда бұрын бірнеше рет бол­ған­дықтан осы жолы өзбекстандық ағай­ындардың қарсы алғанын қала­дық. Сөйтсек, олар төмен қарап кү­міл­жиді. Мәнісін сұрай келсек, ал­дымен жергілікті өкіметтің рұқсатын алу керек екен, ал бұл оңай шаруа емес көрінеді, талай шенеуніктің алдынан өтіп, табан тоздыру керек. Ал ол қолға тигеннің өзінде кез­де­суді өткізетін жер табу да оңай емес екен. Олай болса бізде-ақ өткізейік деп мен нақты ұсыныстар жасай бас­тадым. Өзгелер менің белсенділігіме таңырқап, жергілікті өкіметпен келі­сіп алмай, бірден шешім қабыл­дағаның қалай деп қайран қалды. Сонда мен өзімнің Қазақстандай ер­кін елде тұратыныма мақтанып қа­лып едім. Қандай рұқсат керек дедім мен оларға шекемнен қарап, бізде демократия, біздің ел ұлттардың өз мүдделерін шешудегі белсенділігін қолдайды, мен ешкімнен рұқсат сұрамақ түгіл, ешкімге айтпаймын да, жиынды өткізетін орынды жалдай­мын да іске кірісе беремін, деп мақ­танышпен айттым. Осының өзі ба­қыт қой, деді Цхай. Расында солай, бізде ешкімнің мүддесі аяққа басыл­майды, ұлттық дүние десе есікті шалқасынан ашып, бәріне де рұқсат береміз.

Бірақ барлық ұлттың жағдайын ескеріп жүрген Қазақстан Үкіметі жергілікті халық, мемлекетті құрау­шы қазақ халқының өз мүддесін кейде ескермейтін сияқты. Мемлекет өзінікі болған соң бұлар неге болса да шыдай береді деп өзімізден шық­қан кейбір шенеуніктеріміз қазақтың көнбістігін пайдаланып, белден басып жүре береді. Сөйтіп, басқа жұрт­тың бәрінің мүддесі ескеріліп, проблемасы шешіліп жатқанда өз мүддеміз ішінара аяққа басылып қалуда. Әрине, айыптарды көп созбай нақты мысалдар айтайық.

Петропавл мен Павлодар қала­ла­рының қазақша атау алуы керектігін, екеуі де біздің колониалдық тәуел­ді­лікте болған, рухымыз бен сана­мыз­ды езген сорлылық кезімізді еске салып, намысқа тиіп тұрған атаулар еке­нін, соны өзгерту ұлттық мүддеміз екенін айтып, дәлел­деп, қазақ халқының талай өкілдері, ұлттың сүт бетіне шы­ғар қаймақтары дабыл көтер­гелі біраз жыл болды. Бұл заң­ды талап. Барлық ілім-ғылым да бұл талаптың дұрыстығын айтады. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым М.Құл-Мұхаммед өзінің бір ғылыми мақаласында: "...как только народы добиваются неза­висимости, они первым делом стремятся поскорее избавиться от всех и всяческих атрибутов позорного коло­ниаль­ного прошлого и восста­новить свою, в той или иной степени и на тот или иной взгляд, утерянную националь­ную идентичность" деп жазған еді. ("Қазақ альманағы", №1, 2009 ж., "Основа националь­но­го бытия", 55-бет).

Осы екі атау да ел мен жер­ге байланыссыз бізге колонизатор­лардың сырттан әкеліп таңған атауы еді ғой. Сондықтан тәуелсіз Қазақ­стан азаматтарының оны өзгертуге ұмтылуы - табиғи тілек. Бірақ соны құ­лаққа іліп, шешуге ұмтылған не­месе тырмысқан бірде-бір шенеунік болған емес. Ал кейбір орыс ағайын­дар бойларына сіңіп қалған әдетпен осы атаулардан айрылмаймыз деп шуласа болды, ойбай, өзгертпейміз, әміріңе құлдық, деп аяғына бас ұрып шыға келеміз. Әрине, белгілі бір мә­селелерде орыс халқының мүддесін де ескеру керек. Бірақ олармен түсі­нік жұмыстарын жүргізуге болады ғой. Егер біз Қазақ­станның Петро­павл қаласының атын өзгертіп жат­сақ, ол Ресейдің Санкт-Петербур­гін­дегі Петропавл қорғаны­ның немесе Қиыр Шығысындағы Петропавл атты қаласының атауын өзгертеміз деген сөз емес қой. Біз тек өз еліміз­де, өз жерімізге салынған, өз қала­мыздың жер-суға байланысты халық қойған ежелгі атауын қай­тар­сақ дейміз. Егер бір жерде орыс хал­қы­­ның өкілдері көп отырса - сол қаланы, жерді орысша ғана атау ке­рек деген заң жоқ қой. Бізде орысша атау алған қалалар мен елді мекендер толып жатыр. Солардың бәрін жап­пай өзгертейік деп жатқан ешкім жоқ, ал бірақ елдің екі үлкен айма­ғы­ның орталығы сапындағы екі қа­ламыздың қазақы атауын қайтаруға қақымыз бар шығар? Бұл қазақ хал­қының, елдің негізгі тұрғындарының ежелгі мүддесінен туындайтын заңды талап еді ғой. Барлық халықтың мүд­десін ескеретін Қазақстан Үкіметі мем­­лекет құраушы халық - қазақ­тың мүддесімен де санасуы керек шығар.

Айта кететін жәйт, орыстардың басым бөлігі қазақтардың бұл ние­тіне түсіністікпен қарайды. Әсіресе, зиялы қауым өкілдері, соның ішінде екі халықтың ежелгі достығы мен сыйластығын бағалайтын, қазақты қадірлейтін азаматтары арасында ешқандай қарсылық жоғын көріп жүрміз. Қарсылық, империялық сая­сат миларын улап, кеуделерін өсіріп жіберген шағын топтардың арасында ғана бар. Сосын үнін шығарудың өзіне тайсалып, қазақты "қазақ" деп айтудан да жасқанып, бұғып өскен қазақтың өзінен шыққан кәрі, бұ­рын­ғы партократ-бюрократтардың арасында бар. Жауын жаумай су бо­лып жүретін ондайлар ашық қар­сы­лық білдірмесе де көлеңкесінен қорқып, соның не керегі бар, қай­те­сіңдер, қоя тұрыңдар деп бұрыш-бұрышта өзіміздің шалғайымыздан алады. Былтыр "Егеменге" Қызыл­жар­дың 1925 жылы қазақша аталға­нын, Қазақ Республикасының Орталық Атқару комитетінің қаулы­сы да болғанын жазып, сол құжат­тардың көшірмесін де көрсеткен едік ("Е.Қ." 05.08.08.). Соны оқыған бір ағамыз мені көріп, сол мақаланы бекер жазғанымды айтып, шенеп жатыр. Ішінен Қызылжар атауына қарсы болмаса да қанына әбден сіңіп қалған қорқақтық байғұсты қатты шошындырып жіберіпті...

 

Жалған құжат жасап, жаба сал­ған...

Әрине, ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмайды, қаланың қа­зақы атауын қайтару жолында сол­түстік өңірдің қазіргі басшылары­ның құп көрерлік епті қадамдары да бар. Мәселен, облыстың футбол командасының атауын "Қызылжар" деп қойып, мыңдаған жанкүйерлер арасында бұл атауды сүйкімді, құ­лақ­қа жағымды үн етіпті. Қазір қала стадионында футбол қарап отыр­саңыз "Қызылжар, Қызылжар!" де­ген барлық ұлттан шыққан жан­күйерлердің өз командасын қосыла қостаған айғайын естіп, халықтың бір­тұтастығына риза болып қала­сың. Бұл, әрине, өте құптарлық іс болған. Оның үстіне... Қаланың бір шетіндегі биік жардың үстінде баяғы "Әулие Петр", яғни "Петропавл" қор­ғанының орны бар еді, сол орында қорғанның фрагментін қай­та қалпына келтіріп, қазіргі атауды сол жерге беріп, қаланың өзін Қы­зылжар атайық деген де ұсыныстар бар көрінеді.  Ата қоныс, туған же­рімізді басып алғанда салынған ко­лониалдықтың белгісін қалпына кел­тірумен пара-пар болса да қаланың атауын қайтартудың бұл да логи­ка­лық,­ ұтымды амалы ма деп қалдық...

Қалаға Қызылжар атауын қою керектігін алдыңғы ағаларымыз Ке­ңес өкіметінің алғашқы жыл­дары­нан-ақ қолға алған болатын. Бұл жө­нінде Ақмола губисполкомының (ол кезде Қызылжар осы губер­ния­ның орталығы) шешімі шыққанын, оны Қазақ Республикасы Орталық Атқару комитеті бекітіп, Қаулы шы­ғарғанын жоғарыда аталған мақала­мызда егжей-тегжейлі жазған бола­тынбыз. Ресей мемлекеттік архивін­де осыған байланысты тағы да қан­дай құжаттар бар екенін сұрауды Сол­түстік Қазақстан облыстық мұ­ра­ғатының директоры Сәуле Мә­ліковадан өтінген едік. Ол ресейлік әріптестерімен хабарласып, төмен­де­гідей қосымша құжаттар алды.

Алдымен ҚазОАК сол кездегі төрағасы Мыңбаев (есімінің бас әрпі көрсетілмесе де оның Жалау Мың­баев екені белгілі) және хат­шысы Аралбаев қол қойып, Мәс­кеудегі ВЦИК-ке мынадай хат жол­дайды: "Президиум Казакского ЦИК, на основании ходатайства Акмо­линского Губисполкома от 1 августа и своего постановления от 19 сентября с.г. настоящим возбуждает ходатайство о переименовании губер­нского центра Акмолинской губернии города Петропавловска в гор. Кзыл-Жар (Красный Яр)" дей келіп, одан әрі оның екі түрлі себебін айтады. Бі­ріншісі, "әулие Петр мен Павел­дің" аттары жұмысшы табының атеистік санасына кереғар екендігі және екіншісі, "Қызыл -Жар" атауы­ның қазақ халқының ежелден қойған төл атауы екендігі.

Осы жерде бір "әттегенай" бар. Екі себепке қосып "қызыл" деген сөздің заман талабына сай екендігі, яғни "әлемге аты шыққан жеңімпаз пролетариаттың" туының түсіне дәл екендігін де айта кету керек еді. Сонда жер-дүниенің бәрін қып-қызыл қылып жатқан Кеңес көсем­дері бұған көңілдері көбірек жібіп қалар ма еді, қайтер еді...

Бұл ресми хат ВЦИК-ке 1925 жылдың 30 қыркүйегі күні енеді. Ал 2 қазан күні ВЦИК оны әкімшілік комиссиясына "Президиум ВЦИК при сем препровождает для рас­смо­тре­ния ходатайство ЦИК-а Авто­номной Казакской СС Республики от 22/ІХ-25 г. за №16320 о пере­име­но­ва­нии гор.Петропавловска в гор. "Кзыл-Жар" деген мәтінмен қарауға жібереді. Осы жерде мына қызыққа қараңыз, жолдама хатқа басқа емес... С.Асфандияров қол қойыпты. Иә, иә, өзіміздің Санжар Асфандияров. Ол сол тұста Мәскеуде ВЦИК хатшысының орынбасары екен.

Әкімшілік комиссия ұсынысты ұзақ уақыт бойы қарамай, жауап бе­рілмейді. Осы екі ортада, 29 қазан күні ВЦИК-тің Ұлттар бөлімінің хат­шысы Юмакаев деген кісі әкім­шілік комиссиясына "...просим в срочном порядке сообщить в каком по­ложении находится дело о переиме­но­вании г.Петропавловска - Кзыл-джар" деп телефоно­грам­ма соғады. Осының өзі­нен қазақ бас­шыларының бұл істі қатты қадағалап, қозғап отырғанын көруге болады.

Ресей мұрағатынан осы іске байланысты барлық құ­жаттар алынғанымен әкім­ші­лік комиссияның ұсынысты қараған хаттамасы табылмады. Соған қарағанда бұл мәселе комиссияда қаралмаған. Ал жауапты әкімшілік комиссия­сының төрағасы Делобродов, хатшысы Троицкий дегендер­дің фамилиясы ғана көрсеті­ліп, "копия верна" деп жазып, қолы ғана қойылған біреу жі­бере салған. Осының өзі жа­сы­рын жібере салған қағазға ке­летін секілді деп өткен ма­қа­ламызда күдік келтірген бо­ла­тынбыз. Өйткені, онда ана екеуінің фамилиясы көрсе­тіл­генімен қолдары жоқ. Мұндайда түп­нұсқа құжаттың өзі жіберілуі керек еді ғой. Енді жауаптың өзін қай­талап келтіре кетелік: "Административная комиссия уведомляет Вас, что Президиум ВЦИК предложил адмкомиссии ВЦИК не входить в будущем с представлениями в Президиум ВЦИК о пере­именованиях населенных пунктов, а потому дальнейшего движения вопросу о переименовании упомя­нутого города дано быть не может и следовательно постановление Адмкомиссии по этому вопросу является окончательным."

Бұл жауап 1925 жылғы 20 қа­зан­да Мәскеудегі Қазақ Автономиялы Республикасының өкілдігіне жібе­ріл­ген. Ұсыныс-хатты ВЦИК жол­даса да жауап өкілдікке жіберіліпті. Неге? Бұл жерде де бір жұмбақ бар.

Жауаптың қолдан жасалған, жалған, шығарыпсалма екендігін  қолымызға тиген қосымша құжаттар тіпті айқындай түсті. Әкімшілік комиссияға ВЦИК болашақта елді-мекендердің атын өзгерту туралы ұсыныспен шықпаңдар (Аударған біз - Ж.С.) деп айтты дейді. Осының өзі өтірік қой. Өйткені, 2 қазан күні ғана ВЦИК-тің төралқасы атынан Қазақ АКСР қолдаухатын қараңыз­дар деген хатты өздері жіберген жоқ па еді? Елді-мекендердің атын өз­гер­ту туралы ұсыныс жасамаңдар деп өздері ұсыныс жасаса мына хат­ты жібермес еді ғой. Екіншіден, өз­деріне жауап келмеген соң ВЦИК-тің Ұлттар бөлімінің хатшысы Юмакаев мәселені шешу қандай дең­гейде екенін жылдам хабарла­ңыз­дар деп телефонограмма соғар ма еді? Бұл құжат та ВЦИК-тің елді-ме­кендер атын өзгерту туралы ұсы­ныс жасамаңдар дегенінің жалған екенін растайды.

Өткен мақаламызда біз: "осы жауаптың өзі жоғары өкіметтің жа­сағаны емес, әрі шовинист, әрі дін­шіл бір шенеуніктің өз тарапынан жа­сырын түрде жібере салғаны емес пе екен деген күдік туады" деп жаз­ған едік. Сол күдік енді расқа ай­нал­ды. Қайтсе де орысша атаудың қал­ға­нын қалаған біреу жалған құжат жасап, оны және тиісті жерге жібер­мей Қазақстанның өкілдігіне жібере салған ғой. Сұраса өкілдікке жауап берілді деп айта салу үшін солай іс­те­ген болуы керек. Ол жауапты көте­ріп, түп ізіне түсетіндей адам алыс­тағы қазақ елінен ол кезде келе қоюы да екіталай  екені анық. Ал ВЦИК-тің өзіне жауап бермегені оның атын жамылып жасаған өтірі­гін оған  қалай айтсын?

Міне, біздің тағдырымызды, ұлт­тық мүддемізді әлдекімдер тасадан тас лақтыру арқылы осылай шеше салып отырған. Сондықтан қазіргі, Тәуелсіз еліміздің Үкіметі Қазақ ОАК 1925 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысының негізінде Петропавлдың атауын Қызыл­жарға өзгертсе оның ешқандай заң бұзушылығы болмас еді деп ойлаймыз.

Әрине, заңгерлер оның дұрысты­ғына шүбә келтіруі мүмкін. Бұрынғы үкімет басқа, қазір біз басқамыз дейтін шығар. Бірақ біз Қазақ КСР-нің заңды ізбасары емеспіз бе? Ол құрыған жоқ, Тәуелсіз Қазақстан Республикасына айналды. Оның қабылдаған құжаттары күшін жойған жоқ. Қазақ КСР ОАК сол, 1925 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысының күшін жойды деген құжат қабыл­данса бір сәрі. Ал ондай құжатты біз көрген жоқпыз...

Жалпы, заң бойынша, ҚазОАК-тың қаулысының күшін жоятын тек ВЦИК қаулысы болуға тиісті еді ғой. Ал ол жерден ешқандай қаулы шықпаған...

«Егемен Қазақстан», №386-388 (25785) 24 ҚАРАША СЕЙСЕНБІ 2009 ЖЫЛ

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3227
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5285