Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ: Мен қол қойған жоқпын
«Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Мұхтар Шаханов бастаған бір топ азаматтар «Ел бірлігі» (қазақстандық ұлт) доктринасына қарсы баспасөз мәслихатын өткізгені белгілі. Олар өз талаптары орындалмаса, 17 желтоқсан күні аштық жариялайтындарын мәлімдеген. Оны қолдап, бір топ зиялылар Елбасы мен халыққа арналған Ашық хатқа қол қойған-ды. Сол қол қойған ұлт зиялыларының арасында сыртынан «қол қойды» деп, тізімге енгізіп жібергендер де бар болып шықты. Соның бірі - Халық әртісі Досхан Жолжақсынов редакциямызға хабарласып, шағымын жеткізуімізді ұсынды.
- Сөздің қысқасы, «Ел бірлігі» доктринасына қарсылық білдірушілер «Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов та бізге қосылды» деп, сыртымнан менің фамилиямды енгізеді де жібереді. Мені бүйтіп жалаулатып, атымды жыртыққа жамау қылуға ешкімнің де құқы жоқ! Сондықтан мен бұған түбегейлі қарсымын. Әрбірден соң, бұл - өте ұят шаруа. Бас-аяғы жоқ, өзіммен келіспей, алып барып жапсыра салу - жақсылыққа апармайтын нәрсе. Жақсы үрдіс емес.
Жігіт ағасы жасына келдік. Әр нәрсеге менің өзіндік пікірім бар емес пе?!

Өз басым кезінде айтатын жерімізде айттық та. Әлі де айтамыз. Мәселен, кезінде, Желтоқсан оқиғасы кезінде, мені қамап та қоймақ болған. Әйтеуір театрдағы инспектордың арқасында аман қалдық. Бірақ соның қарымтасын 1986 жылы 19 желтоқсанда Жазушылар одағында болған басқосуда қайтардым. Менің сөзіме ақ адал бағасын берген марқұм Хамаң - Хамит Ерғалиев еді. Әркім «жастарды өйту керек, бүйту керек» деп әртүрлі сөйлеп жатты. Содан мен сөйлеп жатқанда, таяғына сүйеніп тұрған Хамаң: «Мынау сөйлеп тұрған қай бала?» дейді. «ТЮЗ-дің актері Досхан Жолжақсынов» дегенде, ана кісі менің көзімше қолындағы таяғын ортағы қарай лақтырып жіберді. «Досханға дейін, Досханнан кейін сөйлейтіндердің сөзі сөз емес!» деп. Содан маңдайымнан сүйді. Ертеңіне Олжас ағамыз бен Роза апамыз үшеумізді КазГУ-ге апарды. Сол жерде сөйледік. Мұны мен сөйлейтін жерде сөйлейтінім үшін мысалға келтіріп отырмын.
- Ал енді өзіңізден рұқсат сұраған болса, сіз жоғарыдағы тізімге қосылар ма едіңіз?
- Жоқ, мен қосылмас едім. Шынымды айтсам, мен осы кезеңде қалада да болған жоқпын. Киноның шаруасымен шапқылап жүргенмін. Тіпті доктринаға қарсы шаруалардың жүріп жатқанын да естімеппін. Ал аштық жариялау, жалпы, бұл дұрыс күрес тәсілі емес!
- "Ел бірлігі" доктринасынан хабардарсыз ғой?
- Әрине! Доктрина жергілікті ұлтқа деген үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Үлкен жауапкершілік! Өзімізді ғана күйттеп, байбалам сала берсек, еліміздегі өзге ұлт пен ұлыс өкілдерін қайтеміз? Ұлты неміс Гер-ағамызды, қазақша түс көретін, ұлты әзірбайжан Асылы апамызды қайтпекпіз? Әрине, қазақтың тіліне келгенде әңгіме басқа!
- Сонда сіз "Қазақстандық ұлт" идеясын қолдайтын болдыңыз ғой?
- Әрине, қолдаймын! Мұның өзі жергілікті ұлт ретінде қазаққа айрықша жүк, жауапкершілік артып тұр ғой. Әрине, тілге келетін болсақ, барлық қазақстандық қазақ тілін білуі тиіс! Мен өзімнің де, бала-шағамның да құжатында ұлты "қазақ" болып жазылуын қалар едім, әрине.
Бірлік - жергілікті ұлттың жауапкершілігінде жатыр. Жауапкершілік -тек қана бізде! Ұлт мүддесін қазір айтпасақ, айырылып қаламыз дегеннің бәрі далбаса! Тіл туралы айғайлағанымызға көп болды, ал содан не өзгерді? Біздікі әншейін көпірме сөз! Одан ештеңе өзгермейді. Ол үшін әрбір ағайын өзінің отбасынан бастасын! Мінбеде "Мен қазақпын!" деп кеудесін соғып жүргендердің талайының үйінде қонақта болдық, солардың әйелдері, балалары, немерелеріне дейін орысша сөйлейді. Жағамызды ұстадық! Менің өз ұлтыма деген жымысқы ойымның жоқтығын менімен араласатындардың бәрі де жақсы біледі. Ұлтыма деген сүйіспеншілігім болмаса, мен "Біржан сал" киносына барар ма едім. Мен саясаттың адамы емеспін. Жалпы, ұлтқа үлесін қосқысы келсе, әркім өз орнында қоссын. Ақынсың ба - өлең жаз, актерсің бе - ойна, режиссерсің бе - қой, әншісің бе - айт!..
Әңгімелескен Төре ҒАЛИ
«Айқын» газеті, 08.12.09.
Ескерту: сұхбат газетте «Мені «қол қойды» деп, сыртымнан тізімге енгізіп жіберіпті» деген тақырыппен берілген.