Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3584 0 пікір 24 Мамыр, 2009 сағат 06:11

Қажыны атқан Қарасартов емес

Төкен ИБРАГИМОВ,
Абайдың мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры:

Есiм-сойы елге мәшһүр Төкен Ибрагимов 32 жылдан берi Абайдың мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры. Астаналық журналист Бекен Қайратұлымен әңгiмесiнде де 32 жыл бойында Абайды үзбей оқып келе жатқанын айтқан ол «Кейде осы кiсiге «қатты ренжiп» қиналамын» деп шынын ақтарады және «Шәкәрiмнiң iшiнде тағы бiр Абай отыр» дейдi. Бұл сұхбатында шежiре Төкең сондай-ақ Шәкәрiм қажының тағдыры мен қажының ұлы Ахаттың кiсiлiгiне қатысты және сонау қиын-қыстау заманның қалтарысында қалып, көмескелене түскен жайттардан сыр шертедi.
– Төкен аға, Астанаға хош келiпсiз. Қандай шаруамен жүрсiз?
– Осында Абай оқулары өтедi деп Астана қаласы әкiмдiгi мен Тiлдердi дамыту басқармасы шақырған соң келiп қалдым. Шаруам сол, тыңдар құлақ болса, бiр ауыз сөз айтам да, қайтам.
– Тыңдар құлақ неге болмасын, сөз айтар дуалы ауыз болса. Аз-кем әңгiме-дүкен жасап жiберсек қалай қарайсыз? Жұмысыңыз орынша ма?

Төкен ИБРАГИМОВ,
Абайдың мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры:

Есiм-сойы елге мәшһүр Төкен Ибрагимов 32 жылдан берi Абайдың мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры. Астаналық журналист Бекен Қайратұлымен әңгiмесiнде де 32 жыл бойында Абайды үзбей оқып келе жатқанын айтқан ол «Кейде осы кiсiге «қатты ренжiп» қиналамын» деп шынын ақтарады және «Шәкәрiмнiң iшiнде тағы бiр Абай отыр» дейдi. Бұл сұхбатында шежiре Төкең сондай-ақ Шәкәрiм қажының тағдыры мен қажының ұлы Ахаттың кiсiлiгiне қатысты және сонау қиын-қыстау заманның қалтарысында қалып, көмескелене түскен жайттардан сыр шертедi.
– Төкен аға, Астанаға хош келiпсiз. Қандай шаруамен жүрсiз?
– Осында Абай оқулары өтедi деп Астана қаласы әкiмдiгi мен Тiлдердi дамыту басқармасы шақырған соң келiп қалдым. Шаруам сол, тыңдар құлақ болса, бiр ауыз сөз айтам да, қайтам.
– Тыңдар құлақ неге болмасын, сөз айтар дуалы ауыз болса. Аз-кем әңгiме-дүкен жасап жiберсек қалай қарайсыз? Жұмысыңыз орынша ма?
– Семей қаласында орналасқан Абайдың мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры болып қызмет атқарғаныма жуықта 32 жыл 5 ай болады. Содан бергi менiң жұмысым таңертеңнен кешке дейiн болмағанда Абайдың бiр сөзiн оқып қалу. Сол жалғыз сөзге басымды иiп қызмет жасау. Сол жалғыз сөздiң ығымен жұмыс жүргiзу. Отыз екi жыл Абайды оқығаннан кейiн маймыл болсаң да, бiр нәрсе ұғасың емес пе?
– Мысалы...
– Мысалы, Абайдың «махаббатсыз дүние бос» деген сөзiн сен сияқты журналистер көп айтады. Ол олай емес, дұрысы: «Махаббатсыз дүние дос». Ойлап қарасаңшы, қалай «махаббатсыз дүние бос» болады? Абай: «Махаббатсыз дүние дос, хайуанға оны қосыңдар!» – деп айтқан. Мұндағы ойы мен жүрегiнде имани махаббаты жоқ адам дүниеге дос (вещизм) болатынын айтып тұр. Абайдың айтатын «махаббаты» қыз бен жiгiт арасындағы сүйiспеншiлiк емес. Ол – басқа махаббат. Өте үлкен дүние. Осындай үлкен махаббаты болмаған адам заманды танымайды. Оған дүние жақын тұрады. Мiне, «дүние дос» деген – осы. Заманды танымаған адам қайтедi? Жемқор болады, оны қазiргi коррупция деп ұғыңыз.
Бiз Абайды түк те танымаймыз. Танымаған соң ұқпаймыз. Адамдарда Абай айтқан «үлкен махаббат» болған да ғана дүние оңалады. Ол: ұлы ғұрыпың, ұлттық мүддең, тыныштығың, тiлiң, дiнiң. Осыларды сүй. Сол «үлкен махаббат».
–  Төке, осы Абай қандай адам?
– Абай – сұмдық «оңбаған» адам. Адамды тiрiдей өлтiредi, жаның шықпай тұрып, жүрегiңдi суырып алады. Маған айтады-ау: «Бiрiңдi бiрiң ғизат етiс, тұрғандай бейне қорқып және шошып», – дейдi. Қарашы, қорқып отырғаным аз болғандай және шошуым керек. Ойпырым-ай, Абайда «аш түйенiң күйсегенiндей» дейтiн зәреңдi ұшыратын теңеу бар. Бұл сұмдық қой, түйенiң өзi аш, ол қайтiп күйсейдi? Бұдан артық қандай қасiрет болуы мүмкiн? Ал ендi Абаймен сөйлесiп көр. Қара шал – өте қиын адам. Кейде осы кiсiге «қатты ренжiп» қиналамын, қарап отырып адамның масқарасын шығарады ғой. Адам сияқты бiрдеңе айтайын десең, бәрiн айтып тастаған. Қалай ренжiмейсiң...
–  Сiздiң бойыңызға Абайдың «уы» әбден  тараған-ау шамасы. Зар мен заһарын күнде жұтасыз ба?
– Дәл таптың, бала... Мен – Абайды оқи-оқи  кәдiмгiдей уланап қалған пендемiн. У басыма шыққанда жаман саяжайыма барып,  жападан жалғыз жатып аламын.  Абайдан қашқан түрiм. Қашсам да құтылмаймын, бәрiбiр түнде келiп билеп алады. Бiр қарасам, Абайды оқып отырғаным. Тура түн ортасы болғанда елесi келедi. Былай... қабырғалап келiп, қарсы алдыма шығып алып: «Өй, сен бiрдеме ұғып отырсың ба?» – дейдi ғой. Осыдан кейiн қалай күйiнбейсiң? Менiң түк түсiнбей отырғанымды бiлiп қояды. Мiне, бұл, сондай адам.
Кейде отырып алып ашуланам. Абаймен ренжiсiп қалғанда мұңымды  айтып марқұм Қайым Мұхаметханға барушы едiм. Ол кiсi: «И-и-и, сен неменеге бүлiнiп жүрсiң?» – дейдi. Мен айтамын: «Қайым аға,  Абайды өз ағайындары қамшының астына алып, жон арқасын тiлiп сабады.  Мал бар, дәулет деген жетедi. Алдына түсетiн өзiнен ақылды адам жоқ. Осы Абайдың өлеңде несi бар? Елге ақыл айтып қажетi қанша? Барды да, таяқ жедi. Тапқан қызығы осы ма?» – деймiн. Қайым аға ақылды адам ғой, кеңкiлдеп тұрып күледi. Осыны айтамын да, шай да iшпей кетiп қаламын.
– Сiз өткендегi бiр сұхбатыңызда «Абай, Шәкәрiм, Мұхтар әлемi – тұтас дүние» депсiз. Оларда Абай сияқты «қиын» адамдар ма?
– Ойбай-ау, олар мен сияқты жаман адамдар бойлай алмайтын шексiз әлем емес пе? Мұхтар Әуезов  – Абай емген уызбен ауызданған сойқан ғой. Алғаш ғарып  танығанда оқығаны – Абайдың өлеңдерi мен қара сөздерi. Мұхтар марқұмның өзiнiң жазғаны бар: «Алғаш молдадан ғарып танып үйге келсем, атам Әуез басқа балалар сияқты қозы-лақпен ойнатып қоймай, Абайдың өлеңдерiн оқытып қоятын», – дейдi. Осылай Абаймен ауызданған Әуезовтiң бiлiмi бiзге қайдан күш бередi? Оның үстiне, өзi де сөзсоқты адам.  Екеуi қосылып алғанда «менiң күнiм күн емес». Ендi оған «түрмеде» жатып-жатып жаңа босаған Шәкәрiм келiп қосылды. Бұның өзi – үлкен аномалия. Қазақша айтқанда, қоянжым сияқты дүние, ойдың қайдан шығып жатқанын, сөздiң астары қайда кетiп барады, түк аңғара алмай қаласың.  «Мектеп» деген – осы, «дәстүр» деген – сол. Осыны шала-пұла ұғып аламыз да, басқаға жеткiзе алмай әлегiмiз шығады-ау. 
– Бiз Абайды өткен ғасырда коммунистiк идеология тұрғысынан насихаттап келдiк. Соның өзiнде асып-төгiлiп жатты. Оған, сiз айтқандай, Шәкәрiм келiп қосылды. Қазiр осыларға жамау қоспай, «таза қазақша» түсiнетiн заман келген жоқ па?
– Қазiр уақыт өзгерiп кеттi. Абайдың өзiн мүлде қайта қарау керек. Неге? Абайды ең терең түсiнген, Әуезовтен де артық бiлген, данагөйдiң жатырын жарып шыққан, тiрiдей сөзiн тыңдап, өнегесiн алған, оқыған, игерген, тырнақтай күнiнен қасында жатып сөзiн жаттаған адам – Шәкәрiм Құдайбердiұлы. Егер де Шәкәрiмдi былай таман апарып айналдырып көрсең,  Абайдың жаңа түрi шыға келедi. Былайша айтқанда, Шәкәрiмнiң iшiнде тағы бiр Абай жатыр. Бiз осы жаңа Абайды түстеп-түгендеп, танып, «мына тағылым Абайдың қай ойының баламасы, қалай түрленiп, қандай қайнардан ағып шықты?» деген сұрақтарға жауап таппасақ, Абай толық ашылмайды.
– Не iстеуiмiз керек?
– Өмiрi өстiп, өтiрiк таласып жүремiз. Менiкi – жай бiр  айта салған сөз. Әйтпесе, Абайды ашу қиын. Қазiргi ақындардың өле жатқанында 4-5 том, кейбiреулерiнде 15-20 том өлең жинақтары бар. Абайда бар болғаны 176 өлең, 3 поэма, 45 қарасөз, 1 мақала. Ал оқысаң, таусылмайды.
– Бiр мақаласы не туралы едi?
– Әлгi «Қазақтың шығу тегi туралы» деп аталатыны. Шыққан тегiңдi түсiндiрiп бередi. Абай – тарихшы...
– Осы мақаласында  Абай «қазақтың шыққан тегi – моңғол» деп неге айтты екен?
– Ондай сөз бар. Бiрақ Абай – бiз секiлдi арнайы зерттемеген адам. Кейбiр мәселеде ондай түсiнiгi  болған шығар.  Мүмкiн бiр деректен алған шығар. Онысы бiзге жетпеген. Тiптi алғаш  «Дала уәлаяты» газетiне «Болыс болдым, мiнеки», «Жаздыгүнi шiлде болғанда» дейтiн өлеңдерi шыққанға дейiн өзiнiң жазғандарына назар аудармаған. Кейiн барып, «өй, мынау керек екен ғой!» деп жазған дүниелерiн реттеп жинай бастаған.
– «Дала уәлаятына» өлеңдерi қай жылы шығып жүр?
– 1886 немесе 1889 жылдардың бiрi. Дәл есiме түспей тұр. Осыдан кейiн сөзiне өзi мән берген. Өлеңдерiн насихаттай бастаған. Көршi-қолаң, сөз бiлетiн ағайын-туғандар көшiрiп алып оқитын болған. Оның сыртында тобықтылар – бөспелеу жұрт. «Бiздiң Абайдың сөзi» деп басқа елге ұзатылған қыздарының жасауына ақынның өлеңдерiн қосып жiберетiн болған.

<!--pagebreak-->

– Ақынның қандай өлеңдерiн қыздың жасауына қосты екен?
– Үйлену тойы, махаббат тойы болғаннан кейiн «Айттым сәлем,  Қаламқас», «Көзiмнiң қарасы»... деген сияқты қырланып-сырланып, былқылдап-бұлғақтап, сөзi жұпар атып тұратын өлеңдерiн жасауға қосқан болуы керек. Абай өлеңдерiнде  мәдениеттi эротика басым. Ол сезiм ғой. Сезiм болмаса, поэзия тумайды.
– Абайды алғаш таныған Алаш зиялылары деп жүрмiз. Осы қаншалықты ақиқат?
– Алаш зиялылары Абайды тануға ұмтылды. Бiрақ бәрi емес. Мысалы, 1909 жылы Абай өлеңдерiнiң алғашқы жинағын Петербордан шығаруға ат салысқан адамның бiрi – Әлихан Бөкейханов.
– Бураганскийдiң баспасынан шыққан жинақты айтасыз ба?
– Соны айтам. «Бураганский» деп  ғалымдар қате жазып жүр. Шын аты – Илья Бораганский. Қырым татарының тұқымы. Өзi профессор, каллиграфист болған.
– Петерборда тұрған ба?
– Иә, сонда тұрған. Бораганскийдың баспасын тауып берiп жүрген –Әлихан Бөкейханов. Әрi Абайдың шығармасын өзiмен бiрге алып жүрiп халыққа насихаттаған да – Бөкейханов. Мысалы, Павлодардан 100 шақырым жерде «Тұз қала» дейтiн кент бар. Өткен ғасырдың басында осы жерде Әлиханды патша шенеунiктерi тұтқындаған. Тұтқынға алынған адамды түрмеге жаппай тұрып, алып жүрген дүние-мүлкiн тексерiп, хаттама жасайтын тәртiп болған. Ол қазiр де бар. Сондағы Әлиханды тұтқындау барысында толтырылған хаттамада «Абайдың өлеңдер жинағы – 1, бағасы –100 теңге» деп жазыпты.
–  Жаңағы Петербордан шыққан Абай  өлеңдерiн жинап, баспаға  дайындаған да Әлихан Бөкейханов па?
– Жоқ. Абайдың өлеңдерiн жинап әзiрлеген – Кәкiтай.  Өзi де Петерборға Әлиханмен бiрге барған. 1912 жылы Кәкiтай Ысқақов қайтыс болғанда Әлиханның жазған қазанама мақаласы бар. Сонда айтады: «Марқұм Кәкiтай екеумiз Петерборға барып, Абай өлеңдерiнiң жинағын шығарып едiк. Ескi  жазудан аударып, Кәкiтай жаңа ғарiпке түсiрiп едi...» дейдi.
–  1918 жылдың басында Алашорда үкiметi Семейге көшiп келдi. Оларға Абай тұқымдарының  бүйрегi бұрылды. Солай ғой?
– Мынаны бiлiп алғын. Алашқа Абай тұқымдарының бүйрегi бұрылды ма, жоқ па, бiлмеймiн. Бiрақ Алаш азаматтары Абайдың атағына, тұқымына ықтап Семейге келдi. Себебi, онда өзi оқымысты, ғалым, қайраткер Абайдың баласы Тұрағұлдың көзi тiрi тұр. Бұл – бiр. Екiншiден, қазақ мәдениетiне қатысты алғашқы орталық Семейде құрылды. Оны есеп комитетi деп атаған. Қазiргi мәдениет министрлiгi сияқты мiндет атқарған. Оның ұйымдастырушы мүшелерiнiң iшiнде Абай болды. Одан кейiн, тұңғыш өлкетану мұражай негiзiнде ғылыми-көпшiлiк кiтапхана Семейде ашылды. Тағы да Абай ұйымдастырушылар қатарында болды. Патшалық Ресей географиялық қоғамының Семейде бөлiмшесi орнады. Оның мүшесi – Шәкәрiм Құдайбердiұлы.  Осылай қазақ топырағындағы  алғашқы мәдениет нүктелерi Семейде ашылды. Барлығы белгiлi дәрежеде жұмыс iстеп тұрды. Әрi Абайдың баласы Тұрағұлдың ықпалы халық арасында төтенше күштi едi.  Осылай Семейге Алашорда келдi.
– Тұрағұл Алаштың қатарына қосылып  қызмет атқарды емес пе?
– Иә, Тұрағұл Алашорданың тапсырмасымен Торғайға барып, әскер бастап әкелген. Семейде Алаш милициясын құруға қатысқан. Олары кәдiмгiдей қызылдармен соғысып жеңiп кеткен. Одан кейiн Семейде «Жәрдем» деген баспа болды. «Таң», «Сарыарқа» журналдары осында басылып тұрды.  Тұрағұл Алашты қолдап көсiлтiп-көсiлтiп мақалалар жазды. Жаңағы басылымдар төңiрегiне Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Бияхмет Сәрсенов секiлдi ғаламаттар жиналды.
– Осы басылымдарды кiм қаржыландырып тұрды?
– Өзiмiздiң ауылдағы қазақтың байлары қаржыландырып тұрған. Мәселе былай болған ғой. Жоғарыдағы ғаламаттардан басқа Әлихан Бөкейханов, Мiржақып Дулатовтар ақылдасып отырып, саясатқа қарсы мақаланы  бұрқ еткiзедi. Жандармдар мақала авторын сол күнi түрмеге жауып тастайды. Әйтпесе журналға айыппұл салады. Зиялылар журналға айыппұл салдырғанша, өздерi барып түрмеге жатып шығады. Содан әлгi оқығандар ел iшiне жаушы шаптырады. «Азаматымызды түрмеге қамап қойды, шығарып алатын қаржы жiберiңдер!» дейдi. Қазақ қызық халық қой, «Ойбай, пәленшекең Сiбiрге айдалып кетпесiн!»  деп байлар ақша бередi. Сол ақшаға әлгiлер газет-журналын шығаратын болған. Ақша таусылатын кезде тағы бiреуi «тентек» мақала жазып,  әлгi әдiстi қайталайды. Осылай күн көрген.
–  Шәкәрiм қажы Семейде құрылған Шығыс Алашорданың Бас қазысы болғаны жайлы  дерек бар ма?
– Е, оны елдiң бәрi бiледi. Семейдегi Алашорда бүгiнгiнiң тiлiмен айтқанда, Шәкәрiмдi Жоғарғы соттың төрағасы етiп сайлаған. Ол туралы өзiнiң «Ұмтылғанның өмiрi» дейтiн шығармасында жазып кеткен. «Қазылық iстейiн деп барсам, ешкiм орын бермейдi. Қызылдармен билiкке таласып қырқысып жатқан кез. Содан береке болмайтынын бiлдiм де, «iшiм ауырды» деп ауылға кетiп қалдым» дейдi.
– Сiз Шәкәрiм қажының  өлiмi жайында не бiлесiз?
– Әлi айтылмай жүрген мынадай бiр ақиқат бар. 1931 жылы 5 қыркүйекте үлкен көтерiлiс болған.
– Қай жерде?
– Шыңғыстауда. Сонымен бiрге Шұбартауда да көтерiлiс болған. «Осы екi көтерiлiстi ұйымдастырушы Шәкәрiм»  деген ел арасында сөз тараған.  Көтерiлiстi Семейден әскер шығып басып тастаған. Одан кейiн көтерiлiске қатысқан адамдар топ-топ болып жансауғалап тау-тасқа қашады ғой. Осылай апалас-төпелес болып жатқан тұста Қарабұлақтағы шошаласында отырған Шәкәрiмге өзiнiң баласы Зият келедi. Қасында Әзiмбайдың Бердешi бар.  Олар айтады: «Жүрiңiз, Қытай асамыз!» – дейдi. Қажы үндемей отыра бередi. Сөзге Бердеш араласады: «Сiз бiрге жүрiңiз! Ол жаққа сiздi ертiп апарсақ, беделдi боламыз. Бармасаңыз, өлтiрiп, сүйегiңiздi әкетемiз. Оның өзi бiзге бедел болуға жарап жатыр», – дейдi. Бердеш –  әсiре қатыгез адам. Арғы бетке өтерiнде тiлiне көнбеген өзiнiң туыстарын түгел атып кеткен.  Сонымен Бердеш қажыны көндiредi. Шәкәрiм айтады: «Жарайды, айтқандарың болсын. Менiң Ботақан асуында жасырған қоймам бар. Iшiнде жазған кiтаптарым қалып барады. Соған барып келейiн».
Қытай асып кетуге сайланып отырған топ сонда да қажыға сенбей, өзiнiң атақты қоңыр атын алып қалып, сырын бiлмейтiн торы қасқаны мiнгiзiп жiбередi. Егер қоңыр ат тақымына тигенде,  ешкiмге iлдiрмес едi. Сонымен Шәкәрiм қоймасына кетiп бара жатып, жолда бандыларды қуып жүрген қызыл әскердiң көзiне түсiп қалады. Олар: «Ойбай, бандылардың бiреуi әне, кетiп бара жатыр, ұстайық!» – деп тұра ұмтылады. Шәкәрiм жарықтық тұра қашады. Осылай атып жiберген.
–  Әскерлер қашқан адамның Шәкәрiм қажы екенiн танымаған ба?
– Әркiм әртүрлi айтады. Шын мәнiнде атқанға дейiн танымаған. Ақыры атқан әскерлер қажының сүйегiн түйеге артып, Бақанасқа алып келедi. Шеттеу бiр қораға түсiп, «сүйектi  ендi не iстеймiз?» деп отырғанда бiр топ әскерi бар Қарасартов келедi. Келе салып айғайлайды: «Бәрiңдi құртам, жоғалтам, неге атасыңдар!» – дейдi. Себебi, «Шәкәрiмдi тiрiдей ұста!» деген тапсырма алып келе жатқан бетi екен. Сол жерде үштiктiң сотын ұйымдастырып, «осылай да, осылай, қатты қарсылық үстiнде Шәкәрiм оққа ұшты» деп хаттама толтырады.
Бәрi бiткеннен кейiн топырлап жүрген жұртқа: «Мына мүрденi алыңдар, өздерiң жерлеңдер!» – дейдi. Ешкiмнiң  батылы жетiп, мәйiттi жерлеуге ала алмайды. Қызылдар өтiрiк «жем тастап» кiм келiп сүйектi алса, соны тағы атқалы тұрғанын жұрт бiледi. Осы оқиға кезiнде манағы Бердеш бастаған топ, iшiнде Шәкәрiмнiң үлкен ұлы Зият бар, бiр белдiң астындағы сайдың iшiнде тығылып отырады. Бұл 1931 жылы қазан айының 2-сi күнi болатын. Ертеңiнде Бердеш бастаған топ сүйектi жерлеуге батылы жетпей, түгелдей Қытай асып кеткен.

<!--pagebreak-->

–  Содан қажыны кiм жерлеген?
– Таң атқаннан кейiн әскерлер қажының мәйiтiн  алып кетедi. Ана сайға апарады, мына сайға апарады. Олардың артынан көзге түспей, Кәрiмқұлдың Қабышы деген азамат ерiп отырады. Әкесi Кәрiмқұл Шәкәрiммен замандас, әрi құда-құдандалы адамдар екен.  Бiр заматта әскерлер мәйiттi Құрқұдыққа алып келедi. Бұл арада Майбасардың бәйбiшесi Май апаң қайтыс болғанда зиратын тұрғызу үшiн топырағын қазып, кiрпiш құйған үлкен апан бар екен. Соған әкелiп  қажының мәйiтiн  тiгiнен тастап кетедi.
– Осының бәрiн әлгi Қабыш көрiп тұрған ба?
– Иә, көзiмен көрген жалғыз адам осы – Қабыш. Алыстан бақылап қарап тұрған.
– Артынан Ахатқа мүрденi тауып берген кiм?
– Осы Қабыш. Алғаш 1958 жылы ертiп барып көрсеттi.
– Әкесi атылғанда Ахат қайда жүрген? Ол да Қытай асып кеткен бе?
– Ахат Қытайға бармаған. Ол 1929 жылы  түрмеге қамалып, сотталып кеткен. Әкесi өлген соң босап шыққан. Бертiнде өзiн соттаған адамға рахмет айтып, құшақтап бетiнен сүйiп әлек болатын жарықтық. «Неге олай iстейсiз?» дегендерге: «Егер менi осы адам соттап жiбермегенде, бәрiбiр әкеме iлесiп тайраңдап жүрiп, бiрге атылып кетер едiм», –  дейтiн. Расында осы сөзiнiң жаны бар.
Ахат түрмеде қоян бағыпты. Ол туралы  Төлеужан Смайыловтың  кiтабында жазылған. Осы кiтаптан көп дерек табуға болады.
– Төлеужан Смайылов та түрмеде болған ба?
– Жоқ. Түрмеде жатқан досы Ахатты Төлеужан Смайылов iздеп барған. Қоянын бағып жүрiп өзiн iздеп келе жатқан Төлеужанды байқап қалған Ахаң: «Қаш, Төлеужан, маған жолама, қаш, мен – жұқпалы аурумын», – дейдi екен. Онысы – мен «Халық жауы» атандым, кесiрiм саған да тимесiн деп өзiнше досына қалжыңдағаны.
–  Ахат жарықтық түрмеден босағанда ағасы Зият Қытай асып кеткен, әкесi оққа ұшты. Қалай күн көрдi екен?
– Бертiнде Ахаңнан  «әкеңiз өлгеннен соң күнiңiз не болды?» деп мен сұрамаймын ба. Сонда айтатын: «Түрмеден шықтым да, Қытай асып кетейiн деп ойладым», – дейдi. Содан Мақаншыға қарай жол тартқан.  Жолай сұрағандарға «Мақаншыда тұратын Тұрағұлдың қызы Мәкенге кетiп барам» деп айтады екен. Мақаншыға жетпей, жолда Мәкеннiң күйеуi Ұлықбектi ұстап әкеле жатқан адамдарға кезiгедi. Дереу райынан қайтып, Тарбағатайды бөктерлеп басы ауған жаққа жүре берген. Бiр қараса, Лепсiге келiп қалыпты. Содан пойызға отырған да, Алматыдан бiр-ақ шыққан. Сонда барып Әуезовты паналаған.
– Жаңағы Қабыштың iстегенi ерлiк екен.
– Бұл түк емес. Қабыштың нағыз ерлiгi мынау: әкесi Кәрiмқұл мен анасы Қанымгүл  қайтыс болғанда өзеннiң арғы жағындағы өз ауылының зиратына жерлемей, адам аяғы бармайтын Құрқұдыққа әкелiп, Шәкәрiм қажының қасына жерлеген. Қажының сүйегi жатқан апанды ұмытып қалмау үшiн осылай жасаған. Онысын ешкiмге айтпаған. Ел болса «мынаның есi дұрыс емес шығар» деген де қойған. Қабыштың осы ерлiгiн бағалап, мына мен екi жыл бұрын Құрқұдықтағы  әкесi мен шешесiнiң басына ескерткiш тұрғыздым.
– Ахат әкесiнiң мәйiтiн 30 жылдан кейiн қазып алып қайта жерледi. Осы оқиға туралы нақты бiлетiн адамның бiрiсiз. Не айтасыз?
– Қажының жатқан жерiн 1958 жылы Ахат алғаш келiп көрiп кеткенi жайында жоғарыда айттым. Содан 1961 жылы шiлде айының 27-сi күнi  мүрденi қазды. Екi күн қазып, әкесiнiң сүйегiн тырнағына дейiн түгендеп санап алды. Содан тамыздың 8-i күнi Жидебайға апарып, Абайдың зиратынан 60 метр жердегi дөңнiң үстiне жерледi. 1984 жылы Ахаттың өзi дүниеден өткенде дәл осы араға әкесiнiң қасына апарып, мен өз қолыммен жерледiм.
– Шәкәрiм қажының сүйегiн қазып алғаннан кейiн екiншi рет қалай жерледi?
– Жидебайда Әрхамның ұлы бар едi. Соның үйiне әкелiп, шамадандағы сүйектi қойды. Жаназасын шығарды. Жетiсiн бердi. Сегiзiншi күнi жерледi. Ахат ғажап адам едi. Саған мынаны айтайын: 1983 жылы желтоқсанның 23-i күнi «Ахаттың Ресейде тұратын баласы Физули қайтыс болды» деген хабар келдi. Қайым Мұхаметхан екеумiз барып естiрттiк. Тура бiр күннен кейiн желтоқсанның 24-i күнi менiң баламның үйлену тойы болатын. Содан қайттi дейсiз ғой: «Сендер ешкiмге айтпаңдар, мен баламның тойына қатысайын», – дедi. Тойға қатысып, ертеңiнде өз баласын жерлеуге ұшып кеттi.
–   Ахат әкесiнiң ақталғанын көре алмаған екен ғой. Көзi тiрiсiнде «әкем ақталады, шығармасын халық қайта оқитын болады» деген сезiмде болды ма?
– Ахаңның тағы бiр кiсiлiгi қашан барсаң, әкесiнiң қолжазбасын көшiрiп отыратын. Көшiргенiн сенiмдi адамдарға таратады. Әкесiн ақтау туралы Қайым екеуi бiрiгiп төрт патшаға арыз жазды. Оның бәрiн мен жiберемiн. Алдымен Брежневке жазды, хабар болмады. Артынан Андроповқа, Черненкоға жазды. Бiздiң хат барғанша, патшалар өлiп қалатын бiр заман өттi.
– Атақты «қиқар» қария Шәкiр Әбенов туралы не бiлесiз?
– Шәкiр Әбенов әулие адам едi. Асқан бiлiмдi, орысша қандай сауатты. Әкесi Әбен Абаймен шен таластырып, бәсекелесiп өткен. Абай Семейдегi өлкетану мұражайына қырдан дүниелер жiберiп тұрған. Әбен болса одан асып түскiсi келiп, Омбыдағы дала музейiне экспонаттар тапсырған екен. Жуықта соның дерегiн таптық. Шәкәрiм ақталғанда Семейде үлкен жиын өттi.  Күн жауып тұр. Халықтың ықыласы сондай, бiрде-бiр адам жиынды тастап кетпедi. Осыған Шәкiр келiп қатысты. Өзiң сияқты журналистер сұрап жатыр: «Шәке, сiз Шәкәрiмдi көрдiңiз бе?» дейдi. Сонда Шәкiр: «Әй, Шәкерiм менiмен құйрығын сүрте ме, ол өзi сияқты болыс Әбенмен сөйлеседi емес пе? Мен ол кезде ит қуып жайында жүрген жындымын», – дейдi. Сонда жасы тоқсанның үстiнде. Бiр ауыз өтiрiк айта алмайтын адам едi. Басқа бiреу болса қиыстырып соғып жiберсе, кiм бiлiп жатыр?
– Сiзбен қатты дос болған дейдi. Шын ба?
– Рас. Екеумiз қатты дос болдық. Мiнезi қиқар, албаты адам шыдамайды.  Бiрақ бiлмейтiнi жоқ. Оны тағы айта бермейдi. Бiрдемелердi суыртпақтап сұраймын. Отырып-отырып алады да, тура таң атар алдында ең бiр жақсы әңгiмелердi айта бастайды. Мен қалғып кетем. Ояна кетсем, жетi атамды көшiрiп боқтап отырады. «Неге боқтайсыз?» десем, «Жәй, әншейiн қалғып кеткен екенсiң, оятқаным ғой» деп, жуып, шаяды.
Шәкiр бiз сияқты адамдармен таласпайды. Ол Мағжан Жұмабаевтармен сөйлеседi. Замандасы ғой. Ол – Сәкенмен үзеңгiлес жүрген адам. Iлияс, Бейiмбеттермен достас-дәмдес болған адам.
– Айтпақшы, Шәкiр ақсақал Сәкен Сейфуллинге атқосшы болып жүргенi туралы бiрдеңе айтты ма?
– Айтты. 1931 жылы аштықтың күйiп тұрған кезiнде Сәкен кәдiмгi iссапармен Үржар, Мақаншы өңiрiн аралауға шығады. Қасындағы атқосшысы – Шәкiр Әбенов. Шәкеңнен мен «Сәкенге қалай ерiп жүрдiң?» деп сұраймаймын ба. Жарықтық айтатын: «Әй, анау Сәкенiң жаман жылауық екен. Ат үстiнде сорайып отырып алады да, еңкiлдеп жылайды-ай келiп», – дейтiн.
– Сәкен неге жылады екен?
– Ойбай-ау, адамдар аштықтан қырылып жатқан жоқ па? Жол бойы теңкиiп-теңкиiп өлiп жатқан қазақ. Қолдан келер қайран жоқ. Сәкен осыған күйiнiп зар еңiрейдi ғой. Бүкiл қазақ аузына қараған адамның еңкiлдегенi Шәкiрге қораш көрiнген шығар. Бертiнге дейiн Сәкеннiң атын айтпай, «жылауық комиссар» деп қылжақтап отыратын.
–  Шәкiр атамыз Мұхтар Әуезовпен де жора-жолдас болған адам ғой. Ол туралы бiрдеме айтты ма?
– Мұхтар Әуезов Шәкiрден үлкен. Сондығы шығар, Шәкiр ол кiсiнi қатты сыйлап отыратын.  Өзiм куә болған бiр оқиғаны айтайын. Бiрде iссапармен Алматыға Жазушылар одағына барсам, Шәкiр де сол жерде жүр екен. Менi көрiп: «Әй,  берi жүр, үстiңгi қабатта Мұхтардың ұлы Мұрат отыр дейдi, барып көрейiк», – дедi. Бардық. Мұраттың  қолынан қысып бiраз отырды. Алғаш рет көрiп отыр. Содан «Әй, Мұрат, сенiң әкең барып тұрған мылжың адам едi» деп, түйеден түскендей дүңк еткiздi. Мұрат тегi шалдың мiнезiн бiлетiн болар, жайлап қана «неге?» деп сұрады. Сондағы айтқаны: «Қасым Аманжолов бар бiр топ ақын тойғанша арақ iштiк. Ертеңiнде басым зырқырап тұр екен. Не iстерiмдi бiлмей  қойын дәптерiмдi ашып жiберiп, көзiм түскен бiр нөмiрдi тере бастадым. Сөйтсем, Құдай атып, Әуезовтiң үйiне түсiппiн. Менi бiрден таныды. Үнi жып-жылы «басың ауырып тұрса, бiздiң үйге тез келе қал!» дегенi. Шауып жеттiм. Үстелдiң үстiнде бiр бөтелке арақ тұр. Аузы ашық. Содан кеттi: анау жақта соғыс болып жатыр, мына жақта дүние өзгердi... ұзынсонар әңгiме басталды. Үнiм өшiп, өзегiм кеуiп өлiп барамын. Сөзi бiтер емес. Бiрде ары қарағанда дайын тұрған стақанға арақты құйдым да, тартып жiбердiм. Әрең жаным қалды...» дегенi бар.
– Шәкiрдiң Жамбыл ақынға арнап шығарды дейтiн шайпау-шалыс  өлеңi бар. Сонысы рас па екен?
– Жамбылға шығарған Шәкiрдiң өлеңi түбiрiмен өтiрiк. Мен өзiнен осыны он рет қайталап сұрадым. Соңында айтқан жауабын жазып алдым. «Мен ондай өлең шығарғам жоқ, егер шығару керек болса басқаша жақсылап шығармаймын ба?» дейтiн.
– Сөз соңында не айтасыз?
– Басқа айтар жоқ. Астаналарың аман болсын. Сендер Абайдың туған күнiн 10 тамызда тойлап қойдыңдар. Ақиқатында Абайдың туған күнi – 23 тамыз.  Осыны ескерсеңiздер болғаны.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,  Астана
«Жас қазақ» газеті, №38, 2008 жыл.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1480
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475