Рақым АЙЫПҰЛЫ. Жердi жалға алғаны – жағаға қолды салғаны
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдiк инвесторлармен болған мәжiлiсте: "Қытай Халық Республикасы мал азығы үшiн соя мен рапс өсiруге бiзден 1 млн гектар жердi сұрады" деген сөзi жұртқа жария болған күнi-ақ елiмiз заңынан әлiппелiк сауаты бар адамдардың бәрi де ел үкiметiнiң заңды белден баса отырып, 16 млн халықтың көзiнше 1 млн гектар қазақ жерiн Қытайға басы бүтiн сатып жiбермейтiнiн бiлген болатын. Жұртты дүрлiктiрiп, ұйқысын қашырған мәселе де 1 млн гектар жердiң Қытайға жалға берiлу-берiлмеуiне байланысты болды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдiк инвесторлармен болған мәжiлiсте: "Қытай Халық Республикасы мал азығы үшiн соя мен рапс өсiруге бiзден 1 млн гектар жердi сұрады" деген сөзi жұртқа жария болған күнi-ақ елiмiз заңынан әлiппелiк сауаты бар адамдардың бәрi де ел үкiметiнiң заңды белден баса отырып, 16 млн халықтың көзiнше 1 млн гектар қазақ жерiн Қытайға басы бүтiн сатып жiбермейтiнiн бiлген болатын. Жұртты дүрлiктiрiп, ұйқысын қашырған мәселе де 1 млн гектар жердiң Қытайға жалға берiлу-берiлмеуiне байланысты болды.
Ал конституция мен заңдардың кепiлi саналатын президенттiң "жер ешкiмге жалға берiлмейдi" деп мәлiмдеуге де құқысы жоқ болатын. Себебi, ҚР Жер кодексiнiң 37-бап, 5-тармағындағы: "Уақытша өтеулi жер пайдалану құқығы шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасының азаматтарына және мемлекеттiк емес заңды тұлғаларына 49 жылға дейiнгi мерзiмге, ал шетелдiктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға 10 жылға дейiнгi мерзiмге берiледi" деп айқын жазылған. Және бiз аталған заң баптары өмiрге келуден бұрын-ақ 1994 жылы 6 млн 227 мың гектар жердi алып жатқан Байқоңыр ғарыш айлағын және 1995 жылы 8 млн 115 мың гектар жерiмен қоса Сарышаған сынақ полигонын ресейлiктерге жалға бердiк емес пе? Демек, қазақ жерiн шетелдiктерге жалға беру мәселесi бiрiншi рет көтерiлiп отырған жоқ. Иен тегiн жатқан иесiз мекендей қазақ жерiн қазба байлықтарымен қоса шетелдiктерге жомарттықпен үлестiрiп жатқан соң, құдайы көршiмiз Қытай да өздерi ерекше мұқтаж болып отырған ауылшаруашылық жерiне ауыз салуына еш таңданудың қажетi жоқ. Бес мың жылдық дипломатиялық тарихы бар ұлы көршiмiз айналасымен алыс-берiсте ешқашан аңғалдық танытпайды. Және бiздiң iшкi-сыртқы саясатымыз бен заңдарымызды да бес саусағындай бiледi. Қытайда тек Орта Азияны зерттеумен ғана әлденеше ғылыми институттар, мыңдаған ғылыми қызметкерлер айналысатындығын ескерсек, Қытай үкiметiнiң Қазақстан Республикасының жер кодексiнiң 23-бабындағы "Шетелдiктерге, Қазақстанның азаматы емес адамдарға жер сатылмайды" деп анық жазылған баптың бар екендiгiн бiлмей қалуы мүмкiн емес. Сол себептi де Қытай билiгi Қазақстандай тәуелсiз елдiң үкiметiне заңдарыңды белден баса отырып болса да бiзге 1 млн гектар жерiңдi сатып бер деп буынсыз жерден пышақ салып, заңсыз талап қоймайтындығы өз-өзiнен түсiнiктi. Сонда жердi пайдаланудың жалғыз жолы - жалға алу ғана. Ендi, ел көңiлiн күптi қылған осы сұраққа президент те, премьер-министр де кесiмдi сөз айта алған жоқ.
Тағы бiр таңғаларлығы, өз елiнiң жерге байланысты өтiнiшiнен Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсiнiң өзi бейхабар болып шықты. Елшiнiң мәлiмдемесiнен соң, көбiмiз арқаны кеңге салып, мүмкiн Қытай үкiметi ондай өтiнiш айтпаған да шығар деп те ойлағанбыз. Онымыз бекер екен. Президент жуықта ғана бiрқатар БАҚ басшыларымен кездесуiнде: "Өткенде тiкелей эфирде болған сауалдардың бiрiне жауап бергенде Қытайдың ауылшаруашылық мақсатында жер сұрағанын айттым. Олардың жердi игеруге деген ниетi бар екенiн ескерттiм. Бәрi менiң сөзiмнен шығып отыр. Менен басқа ешкiм айтқан жоқ мұны." деген сөзiнен кейiн көршi елдiң жерге байланысты өтiнiшiнiң өтiрiк еместiгiне көзiмiз анық жеттi.
Бұл жерде жұртты қатты мазалаған сұрақ, бұл өтiнiштiң ерекше құпия жағдайда, тек мемлекет басшысының құлағына ғана сыбырлануы. Оның құпия болғандығы сонша, Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасындағы әрбiр қадамды қалт жiбермеуге мiндеттелген төтенше және өкiлеттi елшiнiң өзiнен құпия ұсталғандығы күдiгiмiздi күшейте түседi. Әрине, мұндай маңызды бұйымтайдың Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтао мен елбасының өзара кездесуiнде айтылғандығын мөлшерлеуге болады. Бұдан бұрын да Қытай билiгi өз мақсаттарына тек бiр ғана адамға өтiнiш айтуы арқылы қол жеткiзiп келгендiгi ешкiмге құпия емес. Соның арқасында Қытай бiртiндеп Қазақстан экономикасының негiзгi ойыншысына айналып келедi.
Естерiңiзде болса, Қазақстан басшысы өткен жылғы 15-19 сәуiр аралығында Бейжiңге жасаған кезектi сапарында 10 млрд доллар несие алуға келiсiп қайтқан болатын. Осы жолы Қытай төрағасы Ху Цзиньтао Орталық Азия газ құбыры жобасының құрамдас бөлiгi "Қазақстан - Қытай" жобасының тұсаукесер рәсiмiне қатысуы үшiн Қазақстанға келген сапарында Қытай жағы Қазақстанның шикiзаттық емес саласын дамытуына 3,5 млрд АҚШ долларын бөлуге дайын екендiгi мәлiм болды. Бұдан тыс Қытай жағы Қытай мемлекеттiк банкi тарапынан шикiзаттық емес саладағы түрлi жобаларды жүзеге асыру үшiн 3 млрд доллар бөлу жөнiнде қосымша келiсiмшартқа келу мүмкiндiгiн де ойластырып жатқан көрiнедi.
Ендi есептей берiңiз, сәуiрде алған 10 млрд долларды қоса есептегенде бiздiң Қытайдан алған және алатын несиемiз 16,5 млрд АҚШ доллары болып шығады. Бұл мұнай мен шикiзаттың бағасы үздiксiз өскен жылдарда Қазақстан халқы iшпей-жемей жинаған ұлттық қордағы ақшаның тең жарымынан асып түседi. Және осындай мол қаржыны Қытай жағы бiр жылға жетпейтiн уақыт iшiнде Қазақстан нарығына үйiп-төгiп құя салмақ. Мұндай жомарт көңiл көршiнiң де Н.Назарбаевқа оңашалап маңызды бiр бұйымтай айтуы әбестiк емес, әрине. "Алмақтың да салмағы бар" дегендi атам қазақ осындайда айтатын болса керек. Бiрақ, Қытай жағы өтiнiшiнiң салмағы шынында тым ауыр болғанынан болар, президент ақыры көршiмiздiң сұраған нәрсесiн айдай әлемге жариялап жiбердi.
Жариялауын жариялаған соң, жердiң қандай түрiн болса да Қытайға жалға бере алмайтындығы жөнiндегi кесiмдi жауабын айта салса, ешкiм де дүрлiкпес едi ғой. Бiрақ, Қазақстан билiгi үйiп-төгiп несие берiп отырған Ұлы көршiнiң бетiн қайтаруға ыңғайсызданатын сияқты. Осыған байланысты өз наразылықтарын ашық айтып жүрген ұлт жанашырларына президенттiң де өкпе-ренiшi аз емес екен. Өткендегi БАҚ басшыларымен кездесуiнде ол кiсi: "Жер жағдайын жақсарту үшiн оған инвестиция салу қажет, жер өңдейтiн заманға сай құрал-жабдықтар сатып алу керек, өйткенi мына заман бәсекелестiктiң заманы. Осыны түсiнбейтiндердiң мәселенiң байыбына бармай айтқан сөздердiң халықты дүрбелеңге салғаннан басқа пайдасы жоқ" деген уәж айтты. Бұл жерде ол жер жағдайын жақсарту үшiн мол ақшаның керек екендiгiн және осы заманғы құрал-жабдықсыз да мәселенiң мәнiсi болмайтынын дұрыс айтады. Сонда, ақша мен құрал-жабдықты қайдан аламыз? Президент меңзеп отырған мәселенiң мәнiсi қайсы? Әлде Қытайға жердi жалға бергенде ғана инвестиция да, заманға сай құрал-жабдықтар да өздiгiнен келе қала ма? Дұрыс! Қытайда бәрi де бар. Ақша да, адам да, құрал-жабдық та жетiп артылады. Мұны қазақтың зиялы қауымы бiлмейдi емес, бiледi. Бiле тұра, өз жерiмiздi ешкiмге жалға бермеймiз деп шу көтередi. Және олардан көбi "мәселенiң байыбына бармай" даңғаза дау айтатын адамдарға ұқсамайды. Тiптi, олар құқық қорғау органдарының құқайынан да тайсалмайды.
Жақында ҚР Бас прокуратурасы: "Анық ақпаратты бiлместен және iстiң шынайы жағдайын қасақана бұрмалап, арандатуға ниеттенген адамдар кейбiр БАҚ-тарды пайдалана отырып, қоғамдық тәртiптi бұзуға және Қазақстан мен ҚХР арасындағы тату көршiлес қарым-қатынасқа залал келтiруге тырысты" деген мәлiмдеме жасады. Және мұндай адамдарға мемлекеттiк жазалау машинасын қарсы қоятындығын да ескерттi. Сонда да айқай-шу басылар емес. Түрлiше өсек-аяң да шұрқан болып шауып жүр.
Көпшiлiк жұрттың пiкiрi көбiне мынаған саяды. Өз жерiмiздi өзгеге бергiмiз келмей өз наразылығымызды айтсақ болды "Қоғамдық тәртiптi бұзуға және Қазақстан мен ҚХР арасындағы тату көршiлiк қатынасқа залал келтiруге тырысқан" болып шығамыз ба? Егер ресми билiктiң ұстанымы осы болса, тек жердi жат жұртқа жалға берудi қолдағандар ғана қоғамдық тәртiп пен тату көршiлiк қарым-қатынасты көздiң қарашығындай қорғаған патриоттар болып шығады екен. Логика қайда? Тату көршiлiк қарым-қатынасты сақтаудың жалғыз жолы жомарт көңiлдi көршiнiң меселiн қайтармай, сұрағанын берiп құтылу ма сонда? Бас прокуратураның бұл мәлiмдемесiн бұдан басқа қалай түсiнуге болады?, - дейдi, өздерiнiң ненi бүлдiрiп қойғанын түсiне алмаған жұрт.
Шынында, ұлт болып ойланатын мезгiл жеткен сияқты. Егер шындықтың жүзiне тура қарайтын болсақ, дәл бiздiң тәуелсiз елiмiзде қазақ халқына қарсы жарияланбаған соғыс жүрiп жатыр. Бүгiнде әлемдiк геосаясатта алпауыт елдердiң ықпал күш бөлiсу бәсекесi қыза түсуде. Ал оның тоғысар нүктесiнiң бiрi - қазақ жерi. Өйткенi, Қазақстан әлемдiк бақталастықтың қуатты үш орталығының тоғысқан түйiнiне орналасқан. Оның үстiне мемлекеттiк шекараны мойындамайтын этнодiни шекара да бiздiң отанымыздың үстiнен өтедi. Қазақ жерiнiң қойнауындағы құдай берген аса мол байлық әлем алпауыттарының аңсарын ауғызып, сiлекейiн шұбыртып отырғаны белгiлi. Қазақ елiнiң болашақ тағдыры, қазақ жерi және оның қойнауындағы ұшан-теңiз байлық, ұлтымыздың қайта өрлеуiне қызмет ете ме? Жоқ әлде, бұл несiбе басқа елдердi байытуға, сонымен қатар ұлтымыздың мүддесiн сыртымыздан саудалап жүрген жеке бастар үшiн, отанын да саудалауға арланбайтын опасыздарды байытқанның үсiнен байыта түсе ме? Мәселе, мiне, осыған байланысты. Егер мемлекеттiң талассыз меншiгi болуға тиiстi жер және оның қойнауындағы байлық көздерi жат қолында болса, өз халқын тақырға отырғызып кеткен мемлекеттiң де өмiр сүруiнiң де мәнi қалмайды. Рәмiздер мен ерекше белгiлер де мемлекеттiк негiз бола алмайды. Өкiнiшке қарай, ұлтымыздың бүгiнгi қасiретi де осыдан бастау алатын сияқты. Ұлттық байлығымыздың сыртымыздан саудалануы, келiсiмшарттардың халықтан құпия ұсталуы, алпауыттармен астасқан сыбайлас жемқорлықтың шектен шығуы бiздi мықтап ойлануға мәжбүр етiп отыр.
Бiз төменде ұлттық мүдде және ұлттық қауiпсiздiк тұрғысынан қазақ жерiн Қытайға жалға берудiң тиiмдi және тиiмсiз тұстарына талдау жасап көрелiк. Шынында Қытай - ауылшаруашылығы айтарлықтай дамыған ел. Жан басына шаққанда 930 шаршы метрден аспайтын егiстiк жер (бұл дүниежүзiлiк жан басына тура келетiн егiстiк жердiң үштен бiрiне тең) мен 1,5 млрд-қа жуық халықты iшер ас, киер киiмiмен қамтамасыз етiп отыр. Әрине, өзiне қажеттi сояның 60 пайызын, астықтың да қомақты бiр бөлiгiн сырттан тасымалдайтыны рас. Бiрақ, басым көпшiлiгiн өз диқандары өндiредi. Қытай өкiметiнiң шаруларға қаратқан саясаты да өз жемiсiн берiп келедi. 2000 жылдан бастап Қытай 800 млн диханды толығымен салықтан босатты. Астық және iшiнара ауылшаруашылық өнiмдерiне айтарлықтай дотация бередi. Қытай диқандары өз өнiмiн қайда өткiзем деп қамықпайды. Әлеуметтiк салада шаруалар дәрiгерлiк көмектiң тегiн түрiн, жұмыссыздар лайықты жәрдемақысын алады. Бұдан тыс ауылдық жерлердiң инфрақұрылымын дамытуға қажеттi қаржыны да орталық қазына өз мойнына алған. Бiрақ Қытай ауылшаруашылығының экологиялық жағдайы сол баяғыдай күрделi күйiнде қалып отыр. Егiстiк жердi мүмкiндiгiнен асыра пайдаланудың кесiрiнен ҚХР құрылғаннан қазiрге дейiн 2 млн 700 мың гектар құнарлы егiс алқабы мүлдем жарамсыз болып қалды. Қытай диқандары мардымсыз жерден мол өнiм алу үшiн химиялық тыңайтқыштар мен егiс дәрiлерiн молынан қолдануға әуес. Мұндай әрекет су көздерiн, топырақты, тiптi атмосфераның өзiн ауыр дәрежеде ластады. Құмды шөлдердiң өсiмдiк жамылғысынан айырылып, үздiксiз кеңеюiнiң кесiрiнен жылына 2460 шаршы шақырым жайылымды құм басып қалуда. Бұл Қытайдағы орташа бiр ауданның жер көлемiмен пара-пар. Ал Қытай - ежелден суға тапшы мемлекет. Жан басына шаққандағы су мөлшерi әлемдегi орташа су деңгейiнiң сегiзден бiрi тура келiп, 121 орынға аяқ тiреген. Болашақта Қытай осы деңгейдiң өзiн сақтап қала алмайтын көрiнедi. Мамандар 2020-30 жылдары Қытай суға тапшылықтан апатты жағдайға жетедi деп межелейдi. Судың таралуы да бiркелкi емес. Осы елдiң еншiсiндегi судың 82,2 пайызы шығыс-оңтүстiк аймақтарына, 17,7 пайызы батыс-солтүстiк аймақтарға тиесiлi. Сол себептi бiр шетi су апатынан көз ашпаса, екiншi жағы құрғақшылықтан қаталап жатады. Су байлығының экологиялық жағдайы да мәз емес. Қытай экологтары 1988 жылы жер асты суын пайдаланатын 118 қалаға тексеру жүргiзгенде оның 115-iнiң жер асты суы түрлiше деңгейде ластанғандығы анықталды. Бүгiнде 500-дей қала су тапшылығын тартуда. Iргемiздегi СУАР-дың Тәңiр тау сiлемiнiң терiстiк қапталындағы Шыхызы қаласының жер асты суының деңгейi жылына 70 сантиметрге төмендейдi. 90 жылдардың басында осы елдiң экологтары Қытайдың ең дамыған аймағы оңтүстiк Жяңсу өңiрiнiң ауылдарына жасалған тексеру нәтижесi ластанудың кесiрiнен 75 пайыз елдi-мекендердiң ауыз суы iшуге мүлдем жарамсыз деген қорытынды жасады. Ондаған жылдан берi Қытай өкiметi экологиялық жағдайды жақсартуға, егiс алқаптарын қорғауға, орман өсiру мен жайылымды қалпына келтiруге жан сала кiрiскенiне қарамастан бұл саладағы жетiстiктер көңiл көншiтерлiк емес. Мұндағы ең басты мәселе - аса ауыр демографиялық жағдай қысқа жiптi күрмеуге келтiрмей отыр.
Егер Қытайлар бiзден 1 млн гектар жердi жалға алар болса, ондаған жылдардан соң осы егiс алқабының қылтан өнбес қу далаға айналмасына қандай кепiлдiк бар? Бұл мәселенiң экологиялық жағы ғана.
Ендi мәселенiң саяси жағына үңiлiп көрелiк. Жердi шетелдiктерге жалға беру тек экономикалық мәселе емес. Аса маңызды саяси мәселе. Бiзден жердi жалға алғысы келiп қызыққан Қытайдың өзi жердi шетелдiктерге жалға берудiң азабын 1 ғасырдан аса бастан кешiрген ел. Сонау 1840 жылы апиын соғысында құдiреттi Ұлыбритания империясынан ойсырай жеңiлген қытайлықтар бiрте-бiрте алпауыт елдердiң шылауына түсiп, талай-талай теңсiз келiсiмдерге қол қоюға мәжбүр болды. Құмырысқадай құжынаған Қытай елiн толық бодан етiп барқадар таппасын бiлген батыс отаршылдары iрiп-шiрудiң шегiне жеткен Қытай билiгi арқылы елдiң қалаған өңiрiнен арзан бағамен ұзақ мерзiмге жалға жер алып, осы елдi теспей сорғысы келдi. Сөйтiп, 1845 жылдың 29 қарашасында Британия отаршылдары Қытай үкiметiне "Шаңхайдан жалға жер алу ережесiне" қол қойдырып, Қытайдан тұңғыш рет жер жалдап алды. Бұл Қытай тарихында ел намысын аяққа таптап, тарихтың күнпарағына қаралы әрiппен жазылған қасiреттi күн едi. Осыдан соң жалға жер алу Қытайдың Гуаңжу, Шиямiн, Тиянжин, Ханкоу, Жиюжияң сияқты экономиканың қан тамыры саналатын стратегиялық маңызы бар аса iрi қалаларында да жүзеге аса бастады. Әрине, бұл олжадан АҚШ, Германия, Франция секiлдi алдыңғы қатарлы алпауыт елдер де сырт қалған жоқ. Алғашында жалға берiлген жерге Қытай билiгi әкiмшiлiк басқару және заңды иелiк құқығын жүргiзте алатын едi. Кейiн бұл жерлер бiрте-бiрте жалға алушылар тарапынан өз әкiмшiлiгi, өз қарулы күштерi бар мемлекет iшiндегi мемлекетке айналып шыға келдi де, Қытай үкiметi бұл жерлерге иелiк құқығынан мүлде мақұрым қалды. Ол аз десеңiз, бұл жерлердiң шекарасына: "Қытайлардың және иттердiң кiруiне болмайды" деген ескерту де жазылып қойылды.
Әне солай, өз жерiне деген иелiк құқығын қалпына келтiру үшiн Қытай халқы бiр ғасырдан астам қан кешiп күрескенi белгiлi. Соның өзiнде Гонконг, Макао қатарлы маңызды порттарды қайтарып алғаны кеше ғана.
Ал жердi жалға беруден туындайтын демографиялық қауiп-қатердi айтып жатудың өзi артық.
Елiмiздiң ауылшаруашылығының және ауылдық жерлердiң жағдайының мәз емес екенiн бәрiмiз бiлемiз. Ауылшаруашылығынан түсетiн табыс жалпы ұлттық кiрiстiң алты-ақ пайызын құрайды. Түгiн тартсаң май шығатын шұрайлы мекенде отырсақ та азық-түлiктiң ауқымды бөлiгiн шетелден тасимыз. Бiздегi ауылшаруашылығының мол мүмкiндiгiне қазба байлықтардың кiрiсiнен басы айналған Қазақстан билiгi салқын қабақ танытып келдi. Осының кесiрiнен ауылшаруашылығы тұралап, ауылдық елдi-мекендердiң экономикасы күрт құлдырады. Ауылдық жерлердiң халқы жұмыссыздық пен әлеуметтiк күйзелiстен көз ашпай келедi.
Бiз ауылшаруашылығын аяғынан тұрғызғымыз келсе, мүмкiндiктерiмiз әлi де ұшаң-теңiз. Шет елдiктермен бiрлескен кәсiпорын құрып немесе жалға берiп, олардың ивестициясы мен заманға сай құрал-жабдықтарын әкелу ғана бiрден-бiр шығар жол емес. Мәселе, ел үкiметiнiң өз халқына деген ықылас пейiлi мен сенiмiнде жатыр. Кемелдi аграрлық саясат та өз алдына үлкен әңгiме. Қытай үкiметi жасағанды бiз де жасай аламыз.
Президент өткен жылғы жолдауында: "Қазiр алып бара жатқан қиын ештеңе жоқ. Жерiмiз кең, елiмiз бай, iстеген адамға далада да, қалада да жұмыс жетiп жатыр. Дағдарыстар өтедi, кетедi. Ал мемлекет тәуелсiздiгi, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгi қалады" деген болатын. Қапысыз айтылған сөз. Жерiмiздi жалға берiп жан сақтайтындай не күн туды басымызға? "Алтын тағың болғанша, алақандай жерiң болсын" демеп пе едi ұлы бабаларымыз! Мемлекет тәуелсiздiгi, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы бәрiнен қымбат!
Жас Алаш №04 (15462) 14 қаңтар, бейсенбі 2010 жыл