Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 8080 0 пікір 26 Қаңтар, 2010 сағат 19:37

Келін жыласа, бала жасық болады

«Тұрмыс құрғаныма көп бола қойған жоқ. Барлығы жақсы. Еш уайымым жоқ. Тек... Қалай айтсам екен... Менің аяғым ауыр. Ішкенім бойыма сіңбей, еш нәрсеге тәбетім тартпай, әбден ығыр болдым. Дәрігерім «токсикоз» деп диагноз қойды. Оның уақытша екендігін, әлі-ақ бәрі жақсы болатынын айтып, жұбатады.

Үнемі көңіл күйім түсіп, жабырқап жүремін, тіпті ашуланшақ болып кеттім. Дәрігері жоқ, перзентханасы болмаған ата-бабаларымыз қалай өмір сүріп, жеңгелеріміз соншама баланы қалай өмірге әкелді екен?! Таңғаламын! Мен әлден шаршап кеттім. Күйеуім де, енем де менің ахуалымды байқамағансиды. Көзімнің жасын оңашада бір сығып алып, «әйелдік» және «келіндік» міндетімді ары қарай арқалап жүре беремін... Бірақ мен болашақ анамын ғой...»

Редакциямызға хат жолдаған Жадыра осылай деп мұң шағады. Бұл - көптеген сіңлілеріміздің басындағы жағдай. Мұндай әңгімелер бәрімізге де таныс. Әсіресе, қыз-келіншектер қауымына. Ананың көңіл-күйі іштегі шаранаға әсер ететіні ғылыми түрде дәлелденген құбылыс. Алайда, бала тәрбиесіне ерекше мән берген атам қазақ бойына бала біткен жас келінді тәрбиелеп, күтудің де өзіндік үлгісін қалыптастырған. Осыған орай, біз жазушы Зейнеп Ахметовадан өзінің көрген-білгенін әңгімелеп беруді өтінген едік...

«ІШТЕН ҚЫҢЫР ТУҒАНДЫ ТЕЗГЕ САЛСАҢ ТҮЗЕЛМЕС»

Жас ұрпақ тәрбиесі бір сәт босаңсуды, бейқамдықты көтермейтін тіршілік-тынысымыздың аса өзекті тетігі болғандықтан ешқашан күн тәртібінен түскен емес. «Бір баланы адам етіп өсіргенше, бір шаһар опат болады» депті көне Шығыс даналары. Осы салыстырудың өзі-ақ баланың шын мәніндегі адам болып қалыптасуы қыруар тер төгуді, ауқымы кең, жауапкершілігі мол еңбекті қажет ететінін ұқтырса керек.
Қазір ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, сәби жарық дүниеге келмей тұрып, ана жүрегінің астында жатқан кезінен тәрбиені қабылдайды екен. Өзгені қайдам, біздің қазаққа бұл жаңалық емес. Олай дейтінім, ғылыми атақтан ауылы алыс, жазу-сызумен айналыспаған қарапайым әжелеріміз бүгінгі ғылымға азық боларлық, талай кітапқа беломыртқа болатын үлгі-өнеге, жөн-жобаны қалдырып кетіпті. Олар ұрпақ тәрбиесін, бала қамын іште жатқан шағынан бастау керектігін табиғи сезімталдықпен ұққан, бұлтартпай болжаған. Болашақ ананың сана-сезімі, ой-өресі, дүние танымы, айналасымен қарым-қатынасы, реніш-қуанышы, ішкен асына дейін тікелей іштегі шаранаға беріліп, оның туа бітетін мінез-құлқының іргетасы ана құрсағында қаланатынын атам заманнан жақсы түсінген. Яғни бала мінезінің қандай болып қалыптасуы ананың көңіл-күйіне тікелей байланысты. Егер аяғы ауыр әйел немесе жас келін көп жыласа, бала жасық болып қалыптасады. «Іштен қыңыр туғанды тезге салсаң түзелмес» дейтін сөздің қос қыртысты астарын тәлім-тәрбие үлгісін тым ертеден бастау қажеттігін білдіреді. Енді бір сәт әжелер «ғылымына» назар аударып көрейік.

АТА-АНАНЫҢ АРМАНЫ

Қазақ - ерекше балажан халық. «Балалы үй - базар» деп, баланың көптігінен үйі базардай шуға толып, «миы ашып» жатса да, көп көрмеген. Тіпті ырым етіп балаларының санын бадырайтып айтпаған. Сұрай қалғандарға «құдайға шүкір, біраз жаман қаралар бар ғой...» деп жорта жауап берген. Ата-ананың ұрпақ жалғастығы дегенде тілеуі бітпейді. Өз баласын қанаттандырған соң, баланың баласын көруді көксейді. Әсіресе ұлы ержеткен ата-ана отау көтеріп, оң жағын қызартып келін түсіруді армандайды. Тіршілікте тірі адамның арманы таусылған ба, келін түсіп, басына бас қосылған соң, «балам - балым, баламның баласы - жаным» деп немере сүюді аңсайды. Жаңа түскен жас келінге қойдың ұлтабарын жегізіп ырым етуі де - сол ақ ниетті ізгі арманның бір көрінісі. Үлкендердің жас келінге: «Көп жаса, үбірлі-шүбірлі бол! Етегің баладан кеппесін, ұл тап!» деп бата беруі де адам өмірінде ұрпақтың қаншалықты маңызды екендігін білдірсе керек.
Сөйтіп, келін түсіп бір тілегіне жеткен тілеуқор ана күн өткен сайын келіннің бойындағы, жүріс-тұрысындағы кішкентай өзгерістің өзін қалт жібермей, оның себебін турасынан сұрамай, жайлап, қамқорлығын жасай жүріп, бақылауға алады. Тек ене ғана емес, абысын-ажындары, ауылдағы жанашыр аналар «жақсылықтың нышаны қашан байқалар екен» деп күте бастайды.

«ҚҰЛАҚ СҮЙІНШІ» НЕМЕСЕ «ҚҰРСАҚТОЙДЫҢ» ҚАСИЕТІ

Күндердің күні келіннің асқа тәбеті соқпай, қалтарысқа жиі барып лоқсып жүргенін көрген әйелдердің бірі оның енесіне келіп, «келініңіздің құрсағы аққа жарыпты» немесе «келініңіз ақ алғысты болыпты» деп келіннің жерік екенін әдемілеп, астарлап жеткізеді. Қуанышты хабарды алғаш жеткізген адамға жөн білетін ене көңіл ризашылығын білдіріп, «құлақ сүйіншісін» береді. Жайды ұғар жақсы ене көптен күтіп жүрген жүрекжарды хабарды естіген соң бір шаршы ақ орамалды қара шаңырақ саналатын сол әулеттің үлкен үйінің оң босағасына апарып байлайды. Бұл - тұңғыш перзенті бойына біткен келінді «ата-бабалар рухы қолдап-қоршап жүрсін» деген ізгі ниеттен туған ырым әрі келіннің аяғы ауыр екенін басқаларға да жеткізіп, жақсылықты жариялау. Сол ақ орамал белгісінен бастап, ауылдың үлкен-кішісі келінге болашақ ана ретінде қарап, көңіл демеуін, қол көмегін көрсетуді өздеріне парыз санаған. Парасатты ене арнайы дастарқан әзірлеп, «құрсақшашу» немесе «құрсақтой» деп аталатын дәстүрлі қонақтыққа ауылдағы әйелдерді түгел шақырған. Шақырылған әйелдер құрқол келмейді, әрқайсысы өз үйлерінен бір-бір тағам әкеледі. Ондағы мақсат - келіннің жерік асын табуға жәрдемдесу. «Құрсақшашудың» мәні де осында жатыр. Егер келін сол дәмдердің бірін сүйсініп жесе, тағамды әкелген әйелдің де қуанышы артып, көңілі асып-тасыған. Мүмкіндігінше келіннің жерігі басылғанша сол асты өзі даярлап берген. «Құрсақшашуда» келіннің аңсары ауған дәм табылмаған жағдайда да, жерік асты іздеу тоқтатылмаған. Ретін келтіріп қалайда табуға әрекеттенген. Бұған тек әйелдер ғана емес, ер-азаматтар да шет қалмай атсалысқан. Әсіресе келіншектің қайнылары, күйеуінің құрбы-құрдастары, дос-жарандары аңның, құстың еті секілді әуес дәмдерді тауып әкеліп, жәрдемдесе білген. Жерік ас кейде тосын, күтпеген нәрсе болуы да мүмкін. Ол - болашақ ананың өз таңдауына байланысты емес, еркінен тыс болатын құпиялы құбылыс.
Ел ішіндегі аңыз-әңгімелерде жолбарыстың, қабыланның, аюдың, ұлардың етіне жерік болған аналардан туған балалар кейін алып батыр, ақылгөй дана болғандығы жайлы көп айтылады. Әрине, аңыз тарих емес, алайда әр аңыздың түбінде тарих жатады...

P.S. «Жеріктік» дегеніміз не? Қазақ жеріктікке не себепті үлкен мән берген? «Итжерік» деп нені айтамыз? Тұңғышы бойына біткен анаға тән осынау құпияға толы жаратылыстың, тылсым сырдың жалғасын газетіміздің алдағы сандарынан оқисыздар.

Дайындаған
Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ

"Айқын" газеті 26.01.10.

0 пікір