Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4262 0 пікір 10 Ақпан, 2010 сағат 07:27

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, жазушы, ғалым: Алаш идеясы ешқашан өшпек емес...

- Тұрсын аға, бүгінгі әңгімені тек Алаш арыстарына арналған «Ұраным - Алаш» атты үш томдық зерттеулерден тұратын кітабыңызға арнасақ. Өйткені иісі қазақ үшін «Алашорда» қайраткерлерінің орны ерек. Себебі «тәуелсіз қазақ мемлекетін құрсақ, өзге жұртпен тереземізді тең етсек, жерімізге ие болсақ» деп сол үшін күресіп, сол жолда жанын құрбан еткен біртуар аяулы ұлдар қазақ деген халықтың мәңгілік жадында. Шынын айтсақ, осы уқытқа дейін, ешқандай зерттеуші, тарихшы тісі батып бара алмаған, дұрысы қорқақтап, айналып өткен не болмаса мұндай құпия құжаттарға қолы жетпеген тақырыпқа қалай келдіңіз?

- Тұрсын аға, бүгінгі әңгімені тек Алаш арыстарына арналған «Ұраным - Алаш» атты үш томдық зерттеулерден тұратын кітабыңызға арнасақ. Өйткені иісі қазақ үшін «Алашорда» қайраткерлерінің орны ерек. Себебі «тәуелсіз қазақ мемлекетін құрсақ, өзге жұртпен тереземізді тең етсек, жерімізге ие болсақ» деп сол үшін күресіп, сол жолда жанын құрбан еткен біртуар аяулы ұлдар қазақ деген халықтың мәңгілік жадында. Шынын айтсақ, осы уқытқа дейін, ешқандай зерттеуші, тарихшы тісі батып бара алмаған, дұрысы қорқақтап, айналып өткен не болмаса мұндай құпия құжаттарға қолы жетпеген тақырыпқа қалай келдіңіз?
- Тергеу ісімен танысу, барлық елеулі оқиғалар сияқты кездейсоқ әрі табиғи түрде басталды. «Табиғи болуының» себебі, Алаш идеясы бала жасымнан маған таныс, тіпті Мұхтар Әуезовтің «Абай жолындағы» Әзімхан бейнесі мен Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуіндегі» алашорда қайраткерлері туралы деректер мен ұлт көсемдерінің жағымсыз бейнесін салыстыра әдеби кеш өткізіп, мектеп қабырғасынан айға жуық шеттеп қалғанымыз да бар болатын. Университетте курстың тең жартысы: «Тарихымызды білгіміз келеді» деген желеумен шет тілі пәні ретінде араб тілін оқыдық. Курстастар ұлттық кітапхананың сирек қорлар бөлімінде «Айқап» пен «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш», «Ақ жол», «Қазақ тілі», «Сана», «Әйел теңдігі», «Құс жолы» басылымдары мен сол жылдары шыққан сирек кітаптарды алдырып оқитынбыз. Кейін бұлардың біразы сырт тартып кетті.
Ал біздің ынтамыз үдей түсті. Ұстазымыз Рымғали Нұрғалиев С.Бегалиннің, С.Машақовтың, Ж.Елебековтің үйіндегі М.Дулатовтың «Оян, қазақ», Ж.Аймауытовтың «Жан жүйесі», Мағжанның «Өлеңдері» сияқты кітаптарды алып келіп, үйінен шығармай оқытты. Сөйтсек, аяулы ұстазымыз бізге «ен салып» жүр екен. Күзде шақырып алып: «Мен саған бір сыр айтамын. Келіссең де, келіспесең де тісіңнен шығарма. Өзің маған шәкірт болғың келе ме? Ендеше, мен бір сенімді шәкірт іздеп жүр едім. Өлеңді Сырбай мен Қалижан да жазады. Мен ғана емес, бүкіл қазақ қарыздар менің ұстаздарым бар еді. Солардың парызын өтейін деп әр жылдары екі шәкірт дайындап едім. Біреуінен ештеңе шықпады. Екіншісі ауылға кетіп қалды. Енді саған таңдауым түсіп тұр. Сен оларды біліп жүр. Мен саған олардың еңбектерімен қайдан, қалай танысудың жолын көрсетемін»,- деді. Өрекпіген жүрегімізді басып үлгергенше, университеттің сол кездегі ректоры Өмірбек Жолдасбековке алып барып, табан астында ұлттық кітапхананың сирек қорына ілеспе хат жаздырды. Одан ұлттық кітапханаға жетектеп апарып, сирек қордың емес, арнайы құпия қорда істейтін Сәуле Мұсатайқызы Ақынжанова апаймен жеке таныстырды. Тоғыз айдан кейін өзі емтихан алып, ризашылығын білдіріп: «Олардың заманы келеді. Біз көрерміз, көрмеспіз, бірақ сол кезде сен дайын бол»,- деп батасын беріп еді.
1987 жылы қаңтар айында Жазушылар одағының жанынан Құқық комиссиясын құрып, мені төрағалыққа бекітіп, Желтоқсан оқиғасына қатысты деректерді жиып, хабардар етіп отыруды тапсырған және жоғарыдағы жайдан мағлұмдар Олжас Сүлейменов 1988 жылы қаңтар айында бізді сол кездегі Жоғарғы соттың төрағасы Тамаз Айтмұхамедовке жіберіп: «Міне, күні туды олардың. Ұстазыңның үмітін ақтайтын кез келді. Алаш қайраткерлерін ақтауымыз керек. Сен солардың тергеу ісімен танысып шығып, әдеби эксперт бол»,- деп еді. Күрделі кездің қиын үкімдеріне қол қойып жүрген Жоғарғы соттың төрағасы: «Біздің ұлтымызға жаны ашымайды дейсіңдер ме? Дайындалып келген үкімге қол қоямыз. Біз қоймасақ, басқаға қойдыртады. Олжас жіберсе - саған сенемін. «Алаш» қайраткерлерінің тергеу ісін қарап жатырмыз. Онымен Жоғарғы соттың мүшесі Қазыхан Кенжебаев айналысып отыр. Сонымен бірігіп өзіңе керекті деректермен таныс. Бізге де кеңес бер», - деді. Қазыхан екеуміздің қатар оқығанымызды және оның келіншегі Гүлнар Сейітбекқызы мен менің әйелім Әмина Сейітқызының кластас екенін білген соң: «Ендеше, күнде таңертең сағат оннан бастап келіп менің бөлмеме отыр. Сағат үште босат. Қалғанын Қазыхан ұйымдастырады»,- деді.
- Деректерді қалай жидыңыз?...
- Сөйтіп, бұл дәптердегі алғашқы көшірмелер Жоғарғы соттың кеңсесінде түсіп еді. 1988 жылы көкек айында «Алашорданың» 14 мүшесінің азаматтығы ақталып, О.Сүлейменовтің атынан Г.В.Колбинге Қ.Кенжебаев дайындаған бір жарым беттік хат жолданды. Сол кезде Өзбекәлі Жәнібеков хатшы болып келе қалды да, 4 қарашада бас прокурордың ресми қарсылығы жасалып, академик Ж.Әбділдин бастатқан үкімет комиссиясы құрылып, іс қайырымен аяқталды. Сөйтіп, әулие Қайрекеңнің - Алаш ардагерлерінің алдындағы, менің - Қайрекеңнің алдындағы парызым өтеліп, ұлт көсемдері ақталды.
Кейін Қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары С.Қ.Әбдірахмановтың рұқсатымен 1988-1992 жылдары аралығында және 1997 жылы комитеттің архивімен барынша еркін отырып танысуға мүмкіндік алдым. Сөйтіп, бұл деректер Қауіпсіздік комитетінің Алматыдағы ғимаратының солтүстік қанатындағы 2-қабаттағы 14-бөлмеде жазылды. Қауіпсіздік комитетінің полковнигі Қараби Мұхаметқалиев пен Шыңғыс Салықбаев сынды азаматтар бізге барынша еркіндік берді. Сол үшін де оларға ілтипат білдіремін.
Алаш идеясының саңылауын сезуге мүмкіндік берген мектептегі әдебиет пәнінің мұғалімі Жәңгір Исайыноваға, тарих пәнін санама сіңірген Сағынтай Керімқұловқа, сынға салып сынақтан өткізген Исабек Шыңғысбаевқа, құпия түрде санама сіңірген Рымғали Нұрғалиевке, Мұхтар Мағауинге, қадірменді Алаштың «ақ бас бура» ардагері Қайыржан Бекхожинге, сол ұстаздың парызын өтеуге жағдай жасаған Олжас Сүлейменовке шәкірттік, інілік тағзым.
Бұл әфсананың осындай рухани тарихын еске ала отырып, енді дәптердегі сыпаттамаларға орын берелік.
Тергеу: контрреволюциялық-террорлық, басмашылық ұйымның (жетекшісі Дінмұхамед Әділев); Кеңес өкіметіне қарсы құрылған Орынбордағы астыртын ұйымның (жетекшісі Ахмет Байтұрсынов); шетел интервенциясының күшіне сүйенген Ташкенттегі контрреволюциялық ұйымның (жетекшісі Мұхамеджан Тынышбаев пен Х.Досмұхамедов) «қылмысты істерін» өзара байланыстырып, дабыл қағарлықтай әшкерелеу бағытында жүргізілген. Голощекин тергеу үрдісін бақылап отырған. Одан алынған мәліметтерді тергеу қорытындысы шықпай тұрып-ақ баяндамаларына пайдаланған.
- Тергеу ісі қалай жүргізіліпті?
- Тергеу жауаптарының мазмұнынан тұтқындалған адамдардың еркіндікте жүрген кезіндегі өзара қарым-қатынасы, деңгей-дәрежесі анық аңғарылады. «Алашорда» үкіметі мүшелерінің, яғни самодержавие тұсында түрменің дәмін татып, сынақтан өткен, алғашқы топта тұтқындалған қайраткерлердің жауаптары бір ыңғайда, бір мағынада, аумағы өлшемді ұғыммен берілген. Олар сөз арасында кездейсоқ адамдардың атын атамаған, жанама оқиғаларды кіріктірмеген. Идеясы, мақсаты, күрес жолы, сенімі мен пайымдары да ұқсас Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Халел Ғаббасовтың, Елдес Омаровтың жауаптары бір жерден шыққан. Бір қызығы, тергеушілер оларды «жүздік жақындықтарына» қарап топқа бөліпті (мысалы, бірінші топ - Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сейдазым Қадырбаев, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермеков, Елдес Омаров; екінші топ - Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтер, Иса Қашқынбаев, Кәрім Жәленов; үшінші топ - Мұхамеджан Тынышбаев, Жұмақан Күдерин, Біләл Сүлеев). «Қазақы қарға тамырлық» бұл адамдарға тән емес екенін тергеушілер ескермеген сияқты.
- Тергеуге тартылғандар өздерін қалай ұстапты? Өйткені түрме қысымына шыдамағандар жалт беріп, шындықты жайып салып, өзгелердің обалына қалып жататыны белгілі...
- Әлихан Бөкейхановтың жауабы қысқа да нұсқа. Ойын шымырлата қорытып: «Маған «Алашорданы» білесіз бе, - деп сұрақ қойма. Мен - «Алаш» партиясы мен «Алашорда» кеңесінің төрағасымын, «Алашорда» үкіметінің төрағасымын. Сондықтан да оның іс-әрекетіне толық жауап беремін. Ал «Алашорда» Кеңес өкіметін мойындап, оның бұрынғы іс-әрекеті үшін ешкім де, ешқашанда жауапқа тартылмайтыны туралы Ленин қол қойған келісімнен кейін, ол үкімет тарихтан кетті. Егер де Лениннің қолы оның өзі өлген соң жүрмей қалса, онда үшінші адам болып Сталин қол қойған. Ол келісім күшін жойған жоқ. Жойса, келісім бойынша, маған хабарлар еді. Мен Сталиннен ондай хат алғам жоқ. Әлде сендер оны мойындамайсыңдар ма? Онда маған жазбаша жазып беріңдер. Ал жазбасаңдар, демек, ол келісім күшінде, одан да келесі сұрағыңа көш»,- деген мазмұнда жауап берген.
Бұл кісінің мысы қашанда басым тұратынын көрген жанның бәрі (Әлкей Марғұлан, Қалижан Бекхожин, Ғалым Ахмедов, Мариям Мұқанова, Валентина Николаевна Әуезова) айтып еді. Тіпті тұтқындауға келген «жандыаларлар» да оны басына алмапты. Бұған Лиза Әлиханқызы Бөкейханованың: «Әкемді ұстауға сауылдап кіріп келген тергеушілерді көргенде саспастан: «Лиза, шай қой. Қонақтар келді. Мәдениетті кісілер дәстүр аттамайды»,- деді. Олар үндей алмай қалды. Сол паузаны пайдаланып: «Кешіріңіздер, телефон шалуға бола ма?» деді. Олар рұқсат берді. Көршісі, аса белгілі кеңес ғалымы трубканы алғанда: «Вася! Мен ұзақ командировкаға кетіп барамын. Лизаны саған тапсырдым. Аманат» деді де маған қарап: «Лиза! Сен анда-мұнда жүгірме. Одан ештеңе шықпайды. Бұл «барса - келместің» командировкасы» деді сабырмен. Тергеушілер мұның бәрін үнсіз тыңдап тұрды, үндеуге бата алмады. Мен соған таңғалдым» деп Кеңес тұсында Алаш тарихынан жабық тақырыпта докторлық диссертация қорғаған тарихшы Жақсалиевке айтып берген осы оқиға толық дәлел. Жауап алынған жетпіс адамның бәрі де: «Біз Бөкейхановпен еркін сөйлесе алмаймыз. Оның мысы басып тұрады және астарлап сөйлейді» деп жауап берген. Ал өзі: «Мен тек Байтұрсыновпен, Дулатовпен ғана ұлт туралы ашық сөйлесе аламын» деп жазыпты.
Ахмет Байтұрсыновтың да жауаптары сондай сөзге сараң, байыпты, тек Дінше Әділевпен беттескенде ғана: «Кілті ішіне салынған шифрлы хатты сендей пысықайлардан гөрі Дулатов пен Бөкейхановқа сеніп тапсырған болар едім» деп қабағын шытқан. Мағжанды: ол - ақын ғой. Ақындар жеңілтек келеді. Сондықтан да онымен пікір алыспаймын; Тұрарды: ол - большевик қой, ал мен большевиктерді ұнатпаймын; Сұлтанбекті: ол - коммунист қой, коммунистер мені жек көреді. Жалпы, бұл екеуімен сөйлесетін ортақ тақырыбым жоқ. Олар ғылыммен айналыспайды. Ал мен бос сөзге әбден тойғамын, - деп өзінен аулақтата жауап берген. Сол арқылы оларды тергеу аясынан сырт қалдырып отыр. Әйтпесе Тұрар мен Сұлтанбекті уақытша болса да татуластырғаны - дерек арқылы дәлелденген шындық.
- Материалдарды жариялау барысында қандай тосын оқиғалар кездесті?
- Тағдырдың мына мазағын қараңыз, тергеу ісімен танысып отырғанда, Ахаңды ұстап, тергеп, ату жазасына кесіп, үкім шығарып, «үкім орындалды» деп жазған адамның ауыл-аймағын, ағайын-туысын жақсы білетін боп шықтық. Талай адамға, оның ішінде менің жан досым Жәнібек Кәрменұлына істеген жақсылығы үшін ол адамға сүйініп те жүретінмін. Тіпті сонау жетпісінші жылы маған дастан да жаздырмақ болды ғой деймін. Баласы хабарласып, оңашада жай-жапсарды біліп, үнсіз қалғаны: «енді жария етесіз бе?» дегендегі сұраулы жанары біздің жүрегімізді шымырлатты. Өзгені қайдам, біз ол кісінің атын атамауға іштей бекіндік. Ол үшін кешірім өтінемін. Ал куә ретінде тартылған, Ахаңның атылуына себепкер болған Ғайнижамал Қабдалиеваның өзі бізді іздеттіріп, басынан кешкенін айтып бергенде, төбе шашымыз тік тұрды (бұл оқиға бірінші бөлімнің қорытындысы ретінде берілді. Қайталап бір көз қиығын салсаңыз, сіздің де жүрегіңізді шымырлататыны анық). Ал Ахаңның Нұржанов деген тергеуші жерлесі: «Мен Байтұрсыновтан жауап алдым. Сонда бір апта дайындалып барғанда, білімім үш сағатқа қана жететін», - деп баспасөздерде естелік айтып жүрді. Біз оны қаперге ілмедік, өйткені 1928-1931 және 1937 жылғы тергеу істерінде ондай есімді кездестірмедік. Мүмкін, оның туыстары тергеуге қатысқан шығар.
Міржақып Дулатов - өжет пікірінен тергеу барысында да қайтпапты. Тергеуге барғанда да қырынып, киімінің қыртысын жазып, кеудесін тік ұстап барады екен. Тек Амангелдінің қазасы тұсындағы жауаптарында абдырап қалғандығы, «есімде жоқ» деп кібіртіктегені байқалады. Ал халық ауызында: Амангелдінің қазасына Сейдазым Қадырбаевтың, Бақытжан Қаралдиннің қатысы барлығы айтылып қалатын. Біз танысқан тергеу ісінде ондай мағлұмат кездеспеді. Керісінше, қызыл партизандардың өз қолынан оққа ұшқанына көзіміз жете түскен сияқты. Ал Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова осы архив мұрағаттарымен танысу барысында ең жақын тілеушіміз, кеңесшіміз, сенеріміз болды.

<!--pagebreak-->

- Тергеу деректері жарияланғаннан соң олардың үрім-бұтақтарынан реніштер түскен жоқ па?
- «Ұраным - Алаштың!..» «Жегі» атты бірінші бөлімі жарияланғаннан кейінгі ең белсенді оқырмандар - Астана қаласына шоғырлана орналасқан торғайлық зиялылар болды. Кітапты сұратып та, қолқалап та алды. Алаш рухты Сейітбек Нұрқанұлы ағамыз ғана кеңесін беріп, кеңінен пікір білдірді. Сөйтіп, түңіліп жүргенде кітапта аты аталып, хаты жарияланған Қорған Әмірехамзин деген қарт іздеп кеп, кітапты сұрады. Екі күннен кейін келіп: «Сіз дұрыс жазбағансыз. Бірінші: Амангелдіні өлтірген - Міржақып Дулатов. Ол ақталуға тиісті емес азамат. Мен оны дәлелдеп шығамын. Екіншіден, сіз Әліби Жангелдинді, яғни қыпшақтарды қорлағансыз. Мен мұнымен тоқталмаймын» деп зіл тастап кетті. Кейін телефон арқылы да біраз «айып» тақты. Алаш ардагерлері ақталар тұста осы адам біраз жерге хат жазып, Міржақыптың ақталуын кешіктіріп еді.
- Түрме психологиясы деген бар ғой. Кім өзін қалай ұстапты? Қысқаша мінездеме бере кетсеңіз.
- Халел Ғаббасов - түрменің өзінде де шындық үшін күресіп, пікірін дәлелдеп, заңды талаптарынан бас тартпаған. Тергеушілер де ерегесіп, оны өзгелерден бөлек жеке камерада ұстаған. Сөйтіп, жүйкесін жұқартқан. Соған қарағанда: ату жазасына кесілген үкімді естісімен, кешірімді күтпей, өз еркімен өмірден бас тартқан-мыс - деген қауесет те бар. Жүсіпбек Аймауытов - шығармашылығы арқылы көркем көзқарасын жеткізуге ұмтылған. Бір өкініштісі, өзінің соңғы романы жаңа экономикалық саясатты бейнелейтінін, ондағы кейіпкер - капитализмнің тілін білетін, жаңа экономикалық саясат тұсында капитал жиған қазақтың байы,- деп көрсетеді. Сол қолжазбаны 1934 жылы Евгения Аймауытова Ғабит Мүсіреповке аманат етіп тапсырыпты. Ал ол қаламгердің тура сол тақырыптағы атақты шығармасынан Ж.Аймауытовтың жазу мәнері бірден байқалады. Өзі: «Менің ұстазым - Жүсіпбек. Ана романды соған еліктеп жаздым», - деп бізге де, басқаларға да, баспа жүзінде де айтып қалғаны бар. Күмәннан құдай сақтасын. Әйтеуір Аймауытовтың сол романы жоғалып кетті. Енді табыла қоюы неғайбыл. Мағжан Жұмабаев - өзін түрмеде де ақын ретінде ұстаған. Оның көрсетінділеріндегі сөздерінен көркем ойдың табы шарпылып тұрады.
Мұхамеджан Тынышбаевтың жауаптары ұзақ әрі шашыраңқы, аңғал баяндалған, ойының етек-жеңі жиналмаған. Сөзі де, жазуы да созылмалы, немкеттілік басым. Оның саясаткерлігіне түрмелестерінің ешқайсысы баға бермейді. Алғашқы көрсетінділерінде өзіне тағылған барлық айыптарды мойындайды. Бірақ та кейінгі жауаптарында одан бас тартып: «Менің ол жолы денсаулығым нашарлап тұр еді. Не айтқанымды, неге қол қойғанымды түсінбедім. Енді бәрі есіме түсіп отыр» деген уәж білдірген. Мұхтар Әуезов басында өзін сыпайы ұстаған. Тергеу соңында «жіби бастағаны» сезіледі...
Ең көп сұрақ-жауапқа алынғандар М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов және Ә.Ермеков. Олардың бұл жауаптары кейін айыптау үкімінде үзінді-үзінді ретінде пайдаланылған.
- Алашордашылар мен коммунистердің арасындағы көзқарас қайшылықтары тергеуде қалай баяндалған?
- Әрине, түрмедегі тұтқындардың жанын жалдап берген айғақтарының шындығына толық сенудің қисыны жоқ. Дегенмен де жиырма-отыз адамның пікірінің орайлас келуіне қарап, С.Қожанов пен Т.Рысқұловтың, С.Сәдуақасовтың арасындағы шиеленістің себебі: Қазақстан мен Түркістанның қосылуы турасында екеніне көз жеткізуге болады. Тергеу ісіндегі сұрақтар мен көрсетінділердің бестен бірі осы үш қайраткер туралы. Алашордашылар бұл үш азаматты да бағалаған. Іш тартқан. А.Байтұрсынов оларды татуластырған. Бірақ кейіннен араларына Сталиннің өзі сына қақты. Голощекин өзінің республикадағы беделін нығайту үшін осы үш азаматты бір-біріне қарсы қойған сияқты. Т.Рысқұлов ортақ Түркістан республикасын құруды, ал С.Қожанов солтүстіктің халқын оңтүстікке қоныстандырып, Ташкентті астана етіп, тәуелсіз Қазақстан республикасын құруды, С.Сәдуақасов оңтүстік пен солтүстікті қосып, Ресейдің құрамындағы дербес Қазақстан автономиясын құруды ұсынған.
Әрине, мұның барлығы жеке бастарының мүддесі үшін емес, елі үшін түскен ерлердің ерегесі еді. Үшеуінің де мүддесі бір, күрес жолы, амалдау тәсілі өзге. Бұл үшеуіне қарағанда, Меңдешевтің, Сейфуллиннің, Нұрмақовтың көзқарастары мүлдем басқа. «Алашорда» қайраткерлерін әшкерелейтін «Тар жол, тайғақ кешудің» тура сол тергеу ісі жүргізіліп жатқан кезде жазылып, жариялануы кездейсоқ үндестік деуге жатпайды. Ол да өзінің үгіт-насихаттық міндетін атқарды. Саяси сахнаға О.Исаев, Ұ.Құлымбетов, І.Қабылов, Е.Ерназаров сияқты қолжаулықтар шықты.
- Х.Ғаббасовқа, Ж.Аймауытовқа, А.С.Юсуповқа, Ә.Байділдинге, Д.Әділеевке қарата шығарылған ату жазасын орындатып тынуға кім мүдделі еді және кімнің құзырлы мүмкіндігі болды? Мәскеуде «Алашорда» қозғалысы мен оның қайраткерлерін білетін, осы тергеу ісіне жақсы жағынан болсын, мейлі жазалау тұрғысында болсын, «кеңес бере алатындай» адам бар ма еді?
- Ең бірінші «Кене» - Ежов еске түседі. Ол Семейде губкомда жүргенде - М.Дулатов, Х.Ғаббасов, Ә.Ермеков, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Орынборда қызмет еткенде - А.Байтұрсынов, С.Сәдуақасов, Қызылордада - С.Қожанов, С.Мыңбаев сияқты қазақ қызметкерлері оны «коммунист-колонизатор» ретінде әшкерелеп, иықтарымен ығыстырған еді. Әсіресе, Семей губкомын таратқан С.Сәдуақасовқа ерекше тісін басқан. Мәскеудегі орталық комитеттің қарамағына барып, құқық мекемелері дәргейіне көшкен соң «алашордашылардың» тергеу ісін желеу етіп «майданға еркін араласқан». Оған - «Алаш ісіне» қатыстылар үштіктің үкімімен сотталып жатқан кезде Днепропетровскіден Кремльге «қызмет бабымен» шақырылып», таңертең аман-есен кіріп, кешке табытқа салынып шыққан, «кәсіптік улану» деп диагноз қойылған С.Сәдуақасовтың күдікті өлімі дәлел. Жұртты күдіктендірмес үшін М.И.Калинин сияқты «Кремльдің қаңбақ шалын» жерлеу рәсіміне қатыстырған. Бұл туралы С.Мұқановтың естелігінде нақты шындық айтылған. Әсіресе, Н.И.Ежовпен ежелден ерегесі бар Х.Ғаббасов пен Ж.Аймауытовтың өзгелерден ерекшеленіп атылып кетуінің өзі сондай күмән тудырады. 1924 -1925 жылдардағы жер межелеу кезіндегі комиссия төрағасы ретінде қатысып, солтүстік облыстарды екінші рет Ресейдің құрамына кіргізуге ұмтылысының алдын кескен С.Сәдуақасов пен С.Қожанов бастаған қайраткерлер Ежов үшін «басмашы» ғана болатын. Тергеудің үкіміне ықпал жасай алатын екінші адам Тұрар Рысқұлов еді. «Саяси бағдарын Сталиннің ырқына ықтап анықтайтын» (өз сөзі) саясаткердің Сталинге құпия түрде жазған жасырын мәлімдемелеріндегі: а) алашордашылардың соңына тыңшы қоюды, ә) олардың З.Валидовпен астасқан жасырын ұйымдарын (өзін ақтай отырып) әшкерелеуді, б) С.Қожанов пен С.Сәдуақасовты саяси сахнадан шеттетуді, в) байларды тәркілеу мен колхоздастыруды тездетуді, г) Қазақстандағы партия мүшелерін тазалауды «жергілікті ерекшелікті ескере отырып қатаң жүргізуді», д) өзінің З.Валидовпен таныс екенін, Сұлтанғалиевпен хат алысқанын, Қазақстандағы қазақ қызметкерлерінің ұлтшылдық әрекеттерін дер кезінде «орталық комитетке, Сталин жолдастың жеке өзіне хабарламағанына» қатты өкінетінін, оған кездейсоқ оқиға ретінде қарауды өтінген «қолданба қызмет хаттары» әр қилы ойға жетелейді. Т.Рысқұловты: жиырмасыншы жылдары саяси-жазалау науқанынан кездейсоқ тыс қалды, таза ұлтшылдық бағыт ұстанды, ашаршылық тұсында қазақ халқының мүддесін қорғап хат жазды (анығында ол хат ашаршылық өтіп кеткеннен кейін, Голощекин орнынан түскеннен соң, оның қызметтен алынуын негіздеуге тиісті партиялық тапсырмамен, ашаршылықты «абыроймен жүргізген» Ораз Исаевтың мәлімдемесі негізінде жазылған еді) - деген сияқты үгіт-насихаттық басылымдардың ықпалы нақты тарихи шындықтың бетін бүркеп кеткен жайлары да бар екенін ескеруіміз керек. Өйткені мұнда бірдің, мыңның емес, миллиондардың, соның ішінде ұлттың тағдыр тауқыметі жатыр.
- Алаш идеясы отызыншы жылдары тыным тапты емес пе?!
- Алаш идеясының рухы Әуезов сияқты тұлғалардың арқасында өшкен жоқ. Тәуелсіздік алғанша жалғасып келді. Сексен жетінші жылы мамыр айында өтуге тиісті Қазақстан орталық комитетінің пленумында жасалуға тиісті баяндамада ұлтшылдықты қоздырған жеті жазушының аты аталған. Соның соңы: «жас алашордашыл Тұрсын Жұртбаев...» деп аяқталатын. Демек, кейбір тарихшыларымыз айтып жүргеніндей, Алаш идеясы отызыншы жылдардан бастап құрдымға кеткен жоқ. Сондықтан да Алаш идеясының өшпегенін және өшпейтінін қаперге салғым келіп, «Талқы» атты үшінші кітапта М.Әуезовтің тағдырын ала отырып, сексенінші жылға дейінгі кеңестік идеологиялық жазалау саясатын әшкерелейтін деректерді назарға ұсындым. Соңында: 1917 жылы шілде-тамыз айларының өліарасында Жалпықазақтық І құрылтайында бағдары анықталып, кейіннен талқы арқылы дамытылып, 1921-1922 жылдары тиянақталған Біртұтас алаш идеясының тұжырымдамасы ұсынылды. Ол идея бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің ішкі қоғамдық қозғалысының рухани ұстанымына негіз қалайтынына сенімдімін. Ол мақсаттар орындалмай, қазақ елі толық саяси, экономикалық, рухани тәуелсіздікке жетті деуге болмайды.
- Ол қандай идея?
- Негізінде, бұл тарихшылардың «сыбағасы» еді. Олардың дәргейсіздігінен бұл міндетті
жазушының атқаруына тура келді. Ал Алаштың ұлттық идеясы бес түрлі тұжырымға негізделді.
Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».
Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.
Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.
Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.
Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.
- «Ұраным - Алаш!..» аяқталды. Оқырманға қандай тілегіңіз бар?
- Жалпы, қазақтың тауқыметті тағдырын, тәуелділік пен тәуелсіздіктің арасындағы үш жүз елу жыл тартқан ел қасіретін деректер арқылы толғайтын «Бұзылған бесік...», «Бейуақ», «Бесігіңді түзе!..», «Бесігіңді ая!..», «Бесігіңді аяла!..», «Бесігіңді ұмытпа!..» атты әфсаналар түзілімі осы «Ұраным - Алаш!..» атты үштағанмен аяқталады. Рас, оған бүкіл саналы өміріміз кетті. Бірақ оған өкінбеймін. Тек елімнің игілігіне жараса екен, ұлттық тәуелсіздікті орнықтыру мен нығайту үшін кәдеге жаратса екен деп тілеймін.

Әңгімелескен
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

«Айқын» 10. 02. 2010

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407