ЖАНГЕЛДИННЕН ҰРПАҚ БАР МА?
Әліби Тоғжанұлы Жангелдин! Аты аңызға айналған адам ол. Өйткені, дәл осы қандасымыз секілді өмір тарихы бай жандар ХХ ғасырдағы қазақ тарихында өте аз. Иә, аз. Тағдырдың жазуы ма, жоқ әлде уақыт талабы солай ма, әйтеуір өзінің жер басып жүрген 69 жылдық ғұмырында бұл кісінің сол кездегі өлшеммен алып қарағанда көрмеген жері, бармаған елі жоқ. Сондай-ақ Әлекеңнің өз заманындағы куәгер болған ірі оқиғалар мен ол атқарып, арқалаған тарихи міндеттері де аз емес. Солардың бәріне емес, кейбіреулеріне ғана тоқталсақ, оның алғашқысы ретінде Қайдауылдан шыққан қара баланың Орынбор мен Қазанда білім алғаннан кейін Мәскеу діни академиясының жолдамасымен дүние жүзін жаяу аралап шығуды мақсат еткен сапарын айтуға болады. Осы оймен 1909-1913 жылдар аралығындағы саяхатын Украинаның Полтава өңірінен бастаған ағамыз бұл жорығын Еуропа, Африка, Азия құрлықтарының 18 мемлекетін көктей өтіп, күншығыстағы Жапония арқылы туған жерге аман-есен оралады. Содан кейін Әлекеңнің 1915 жылы Швейцарияда эмиграцияда жүрген В.И.Ленинмен кездесіп, танысуы да кез келген қандасымыздың өмірбаянында кездесе бермейтін сирек оқиға.
Әліби Тоғжанұлы Жангелдин! Аты аңызға айналған адам ол. Өйткені, дәл осы қандасымыз секілді өмір тарихы бай жандар ХХ ғасырдағы қазақ тарихында өте аз. Иә, аз. Тағдырдың жазуы ма, жоқ әлде уақыт талабы солай ма, әйтеуір өзінің жер басып жүрген 69 жылдық ғұмырында бұл кісінің сол кездегі өлшеммен алып қарағанда көрмеген жері, бармаған елі жоқ. Сондай-ақ Әлекеңнің өз заманындағы куәгер болған ірі оқиғалар мен ол атқарып, арқалаған тарихи міндеттері де аз емес. Солардың бәріне емес, кейбіреулеріне ғана тоқталсақ, оның алғашқысы ретінде Қайдауылдан шыққан қара баланың Орынбор мен Қазанда білім алғаннан кейін Мәскеу діни академиясының жолдамасымен дүние жүзін жаяу аралап шығуды мақсат еткен сапарын айтуға болады. Осы оймен 1909-1913 жылдар аралығындағы саяхатын Украинаның Полтава өңірінен бастаған ағамыз бұл жорығын Еуропа, Африка, Азия құрлықтарының 18 мемлекетін көктей өтіп, күншығыстағы Жапония арқылы туған жерге аман-есен оралады. Содан кейін Әлекеңнің 1915 жылы Швейцарияда эмиграцияда жүрген В.И.Ленинмен кездесіп, танысуы да кез келген қандасымыздың өмірбаянында кездесе бермейтін сирек оқиға. Осыдан соң 1918 жылғы азамат соғысында бұл кісінің Мәскеуден Дала өлкесінің Төтенше комиссары мандатын алып, арнайы әскери экспедициямен Каспийдегі Астрахань - Бозашы теңіз жолы арқылы Маңғыстауға келіп түсуі, сөйтіп 500 түйеге тиелген жүкпен Үстіртті басып өтіп, Түркістан майданы үшін Шалқарға қару-жарақ жеткізуі ерекше әрекет. Ал Әлекеңнің Кеңес өкіметі орнаған соң, соның алдындағы қазақ даласындағы ақтар мен қызылдар қырқысуынан әбден қалжыраған халыққа азық-түлік пен дәрігерлік көмек көрсетіп, елді оқу-білімге үндеу бағытында ұйымдастырған "Қызыл керуені" ше?! 1922 жылы көктемде Орынбордан шыққан бұл кешенді мәдени-үгіт экспедициясы Орал, Торғай, Ақмола, Павлодар өңірлері арқылы Семейге дейін 3 мың шақырым жол жүріп өтіп, ол жерлерде мектеп, аурухана ашуға жанды ықпал етті.
Өмірбаян беттеріне зер салып қарасақ, тумысынан пассионарлық қабілетке ие Әліби Тоғжанұлының белсенді өмірлік бағдары оның шау тартқан шағында да бәсеңсіп қалмаған. Оны ағамыздың 1941 жылғы Ұлы Отан соғысы басталғанда жасы 57-ге келсе де өзінің "әскери есепте дивизиялық деңгейдегі басшы кадрлар құрамында" тұратынын, сондықтан саяси қызмет атқаратын комиссарлар санатында майданға жіберуін сұрап КСРО Қорғаныс Комитетінің Төрағасы И.В.Сталинге хат жазуынан аңғаруға болады.
Міне, осындай аға ұрпақ өкілі туралы қазіргі жастар біле ме? Жалпы жаны жайсаң Әлекең өміріне кімдер қалам тартып, аты аңызға айналған Дала комиссары жөнінде қандай шығармалар жазылған? Ал ол кісінің ұрпақтары ше? Бар ма? Бар болса қайда тұрады және нендей кәсіппен шұғылданып, бүгінгі мына нарық заманында қалай тірлік етіп жатыр? Осы сұрақтарды біз еліміздің арғы-бергі тарихындағы көптеген оқиғалардан хабары мол қарт қаламгер, қадірменді қария Сапабек Әсіповке қойған едік.
- Сапабек аға! Бүгінгі буынның есінде жүру үшін айтыңызшы, Әліби Жангелдин туралы бізде қандай шығармалар бар. Ол кісі жөнінде кезінде кімдер не жазған?
- Жалпы бізде Әлекеңнің күрмеуі көп күрделі өмір жолы жайлы жазылған тарихи дүниелер мен деректі, әдеби көркем шығармалар көп. Ел ішінде ауыздан ауызға тараған әңгімелер мен өлең-жырлар да жеткілікті. Олардың арасынан қазақ кеңес әдебиетінің классигі Ілияс Жансүгіров пен көрнекті ақын Қалижан Бекхожиннің поэмаларын, Торғайдағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің сарбазы, кейін Қазақ КСР Жоғарғы Советінің депутаттығына үш мәрте сайланған халық ақыны Омар Шипиннің дастанын атап айтуға болады. Бұл тақырыптағы орыс тілінде жарияланған туындылар да өз алдына бір төбе. Солардың арасынан мәскеулік қаламгер Георгий Свиридовтің "Жанкешті жорық", қазақстандық жазушы Морис Симашконың "Комиссар Жангелдин" романдары қалың оқырман қауымның жеке кітапханалары сөресінен лайықты орнын алған. Сөз арасында 1965 жылы "Қазақфильм" киностудиясы түсірген "Ұшы-қиырсыз жол" кинолентасын да айта кетейік. Бұл тақырыпқа мен де өз үлесімді қостым деп айта аламын. Оған 1990-2007 жылдар аралығындағы әртүрлі баспалар мен басылымдарда шыққан "Әліби Жангелдин", "Тар кезеңде танылған ұлы тұлға", "Қазақ даласы: табылуы мен танылуы", "Біз білмей келген шындық" атты туындыларым дәлел болады ғой деп ойлаймын.
- Сөз етіп отырған тақырыпқа баруыңызға не нәрсе себеп болды деп ойлайсыз?
- Қазақы жолмен келгенде мен Әлекеңе жиендік жақындығым бар. Демек, туыс әрі жерлеспін, сондықтан ауыл-аймақтағы ол кісіге қатысты үлкенді-кішілі әңгіменің бәрі жастайымнан маған жақсы таныс деген сөзім ғой бұл. Өмірімнің 40 жылға жуық уақыты кіндік кесіп, кір жуған туған жерімде өтті. Сол уақыттың ішінде аты аңызға айналған ағамызды көзімен көрген, елге келгенде жанына еріп жүріп серіктес, сапарлас болған талай қариялардың естеліктерін естігенім бар. Бұған 70-ші жылдардың басында Алматыға көшіп келіп, Қазақ кеңес энциклопедиясының Бас редакциясында жұмыс істеп жүрген кезімде Әлекеңмен кейінгі кезде отасқан апамыз София Асфендиярқызымен аралас-құраластығымызды қосыңыз. Осының бәрі маған асыл азамат туралы қалам тартқызбай қойған жоқ.
- Дұрыс екен. Дегенмен, аға, Әліби Тоғжанұлы туралы жоғарыдағы өзіңіз айтқан туындыларда ол кісінің өмірі мен атқарған қызметі және мемлекет алдындағы сіңірген еңбегі егжей-тегжейлі сөз болғанымен, отбасы, артында қалған ұрпақтары туралы көп ештеңе айтылмайды.
- Иә, оның рас. Шынымды айтсам, бұл тақырыпты қамтып-қаузауға мүмкіндік бола тұрса да күні бүгінге дейін осы жәйт менің де ойыма келмепті.
- Демек, сіз ол кісінің ұрпақтарын біледі екенсіз ғой.
- Білгенде қандай! Бұл бағыттағы әңгіменің әлқиссасын өте ертеректегі оқиғадан бастайын. Әлекеңнің өрімтал шағы - арман қуып алысқа аттанар алдында өзінің атамекені Қайдауылда өмірге келген Мерғали деген ұлы болды. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарында ол кісі біздің Торғайдағы үйге жиі келіп, менің қарт әкем Әсіппен әңгіме-дүкен құ рушы еді. Алматыда тұрып, 1980 жылы қайтыс болды. Сол Мерғалидан Таугелді, Дәукен, Кенжебай деген үш ұл қалған. Бәрі де жоғары білімді жігіттер-тін. Таугелді құқық қорғау жүйесінде жұмыс істеп, басшылық қызметке дейін көтерілді. Дәукен инженер-электрик мамандығын алып, бір министрлікте жұмыс жасады. Кенжебай пошта-телеграф саласында байланысшы кәсібімен шұғылданды.
Бұл бір дейік. Екінші, азамат соғысы кезінде Қазақ өлкесінің Төтенше комиссары атанған Әліби Жангелдин 1919 жылдың көктемінде Орынбор, батыс Сібір, Түркістан, Астрахань губерниялары мен Закавказье әскери округіне бөлініп, бытырап кеткен қазақ аймақтарын кеңестік негізде біріктіру мақсатын көздеген. Осы оймен Қазақ революциялық комитетін құру керек деген ұсыныс айтып, Мәскеуге барған. Сол кезде Кремльдегі артиллерия басқармасында хатшылық жұмыс істеп жүрген бұрынғы патша армиясы полковнигінің 18 жасар қызы Елена Афанасьевна Дровязгинамен танысады. Қайтарда оны өзімен бірге ала кеткен ағамыз бұл кісіні әуелі Орынборға, кейін Қызылордаға әкеліп, отбасын құрайды. Әлекең осы Еленадан екі ұл сүйген. Үлкені Темірлан 1923 жылы туған. Әскери ұшқыш мамандығын алған. Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарындағы жау тылына жасаған жорықтарының бірінде ол басқарған әуе кемесі неміс зениткасының оғынан орманға құлап, содан мерт болған. Ал одан кейін, яғни 1925 жылы өмірге келген Тәңірберген майданға кіші лейтенант погонымен аттанып, елге капитан шенімен оралды. Зейнеткерлікке шыққанға дейін аудандық, облыстық әскери комиссариаттарда жұмыс істеді. 1992 жылы дүние салды. Оның ұлы Юрий Тәңірбергенұлы қазір Мәскеуде тұрады.
Осы жерде ескертіп айта кететін бір жәйт, жоғарыдағы екі ер баладан басқа ағамыздың 1921 жылы туған Раухат деген ұлы болған. Оны Әлекең мен Елена қолдарына алып тәрбиелеген. Университеттегі әдебиет факультетінің соңғы курсында оқып жүрген кезінде әскери комиссариат оны жүрегіңде кінәрат бар деп комиссиядан өткізбей қойған. Бірақ Раухат бұл шешімге бой бермей жүріп еріктілер қатарына кірген де майданға аттанған. Үш айдан соң Ленинград түбіндегі шайқаста қаза тапқан. Сөйтіп, Әлекеңнің үш ұлы Ұлы Отан соғысына қатынасқан да, екеуі ел үшін құрбан болып, біреуі Алматыға аман оралған.
Баба қазақ кейінгілерге: "Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі", - деген ғой. Мұны мен Әлекеңнің жоғарыдағы аты аталған ұлдарынан кейінгі кенжесі Шыңғысқа қаратып айтқалы отырмын. 1931 жылы ағамыз зайыбы Елена Афанасьевнадан ажырасады да 1939 жылы София Асфендиярқызы Кенжинаға үйленеді. Шыңғыс 1940 жылы, міне, осы апамыздан туған ұл.
- София Асфендиярқызы Кенжина... Бұл кісі атақты Алаш қайраткері, кейін большевиктер өкіметі тарапынан кешірім жасалған аз арыстарымыздың бірі ретінде кеңестік Қазақстанның Халық ағарту комиссары болып қызмет атқарған Асфендияр Кенжиннің қызы емес пе?
- Иә. Дәл солай. Осы апамыздың айы мен күні болған Шыңғыс КазГУ-дің биология факультетіне оқуға түсіп, оны 1965 жылы өте жақсы деген бағаға бітірген. Содан оны осы жоғары оқу орнындағы микробиология кафедрасының меңгерушісі Давид Лазаревич Шамис шақырмай ма. Бұл кісі оған өзін қаламгер Морис Симашконың әкесі екендігін айтады. Сөйтеді де жазушы ұлының Әліби Жангелдин туралы роман жазуға материал жинап жүргенін, Шыңғыстың атақты революционердің перзенті екенін сол қаламгер баласынан естігенін сөз етеді де өзінің қарауына келіп жұмыс істеп аспирантураға түсуге кеңес береді. Бірақ ол бұл ұсынысқа рахмет айтып, алыс ел, бейтаныс жерді көргісі келеді де Қиыр Шығысқа, ондағы Камчаткадағы Петропавловск қаласында орналасқан Бүкілодақтық Мұхиттану ғылыми-зерттеу институтына тартып кетеді. Сонда алты жыл табан аудармай жұмыс істейді. Теңіз әлемінің тылсым тұңғиығын оймен де, іспен де барлап көреді. Ақыры Алматыдағы анасы қартая бастағанын айтып хат жаза берген соң әйелі Клара екеуі кішкентай сәбилерімен Алатау бөктеріндегі армандай асыл қалаға қайтып оралады.
Жалпы, ел аузындағы әңгімелер мен көзкөргендердің сөзіне қарағанда, Әліби Тоғжанұлы "мен" деп көкірек кермейтін, әртүрлі өтінішпен келген адамдарды кідіртпей қабылдап, өте жылы сөйлесетін кең мінезді, сыпайы кісі болған екен. Ағамыздың сол қасиеті ұрпақтарына да дарыған. Шыңғыс та солай. Ол Қазақ елі тарихында ерекше орны бар атақты адам - Әліби Жангелдиннің ұлы екенін айта бермеуге тырысып, әдептен аспай өмір сүре білген азамат. Соған қарамастан, бірде маған әке есімінің өзіне мүлде күтпеген жерден екі рет пайдасы тигенін толқи тұрып айтқаны бар. Оқиға былай болған.
Анасының өтінішімен елге келу үшін Камчаткадағы Петропавловск қаласындағы Мұхиттану ғылыми-зерттеу институтында істеп жүрген қызметінен өз еркімен босап Алматыға жеткеннен кейін Шыңғысқа мұнда қолайлы жұмыс табыла қоймаған. Еңбек өтілі үзілмеу үшін 30 күн ішінде қайткенде де бір жерге орналасып, қызмет істеуі керек. Олай болмаған жағдайда кейін зейнетке шығарда қырсығы тимек. Осыны ойлап қатты қысылған Шыңғыс бос жүргеніне бір ай толуға екі күн қалғанда төл мамандығына сәйкес келетін жұмыс бар мекеме бастығына кіріп, онда өзін: "Мен Қазақ елі ұлы тұлғаларының бірі Әліби Жангелдиннің кенже баласы едім", - деп таныстыруға мәжбүр болған. Мұны естіген бастық: "Әлекеңнің баласымен бірге жұмыс істеу бізге де мақтаныш", - деп оны ризашылықпен қызметке қабылдаған.
1975 жылы Алматыда Әліби Тоғжанұлы Жангелдинге арналып үлкен ескерткіш ашылды. Сондағы салтанатты жиыннан кейін Әлекеңнің ұрпақтары мен жақын туыстарын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қабылдаған. Сол жүздесуде Димекең ағамыздың кенже ұлы Шыңғыстың КазГУ-ді бітіргеннен кейін Қиыр Шығысқа барып, алты жыл бойы сондағы Мұхиттану ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істегенін білген соң енді қазір қайда, қандай қызмет атқарып жүргенін сұраған. Сөйткен де үлкен кісі ара-тұра қолына қаламын алып, алдындағы қағазға бір нәрселерді түртіп қойып отырған. Қоштасарда: "Өмір жолыңды жақсы бастапсың. Жұмысыңның әрқашанда жемісті болуына тілектеспін", - деген.
Осыдан кейін Шыңғыстың өмірінде қолайлы өзгерістер басталған. Қазақ КСР Кәсіпшілер одағы аппаратындағы жақсы жұмысқа жоғарылатылып, Мәскеудегі Қоғамдық ғылымдар академиясына оқуға жіберілген. Одан қайтып келгеннен кейін республикадағы салалық кәсіпшілер одақтарының біріне төрағалыққа сайланған. Шыңғыс пен Клара келіннің қазір Әліби, Әсет деген екі ұлы және Алтынай атты қызы бар. Олардан үш немере сүйіп отыр. Бұлардың бәрі де ата-аналарының қасында Алматыда тұрады.
- Енді ойымызды жинақтап, сөз еткен тақырыбымызды тұжырымдауға тырысайық. Сонымен, Сапеке, сіз өзіңіз айтып өткендей, Әліби Тоғжанұлының бар балалары жоғарыда аттары аталған осы азаматтар ғой.
- Жоқ. Олай дейтінім, енді мынадай бір қызық бар, қарағым. Мұны осы әңгіменің аяғына дейін әдейі айтпай сақтап келіп, енді хабардар етуді жөн көріп отырмын. Өзіңнен: "Жангелдиннен ұрпақ бар ма? Осы тақырып төңірегінде сұхбаттассақ", - деген өтінішті естіген соң қосымша деректер жинау үшін Ұлттық кітапханаға бармаймын ба. Міне, сонда ондағы Әлекеңе қатысты библиографиялық көрсеткіштерді компьютерге түсіртіп алып жатқанымда: "Г.Жангелдин: "Нет, мы не пыль на комиссарских шлемах". Беседовал Ю.Киринициянов. "Аргументы и факты Казахстан". Приложение. 2009, февраль, (№6); "Г.Жангелдин: "Мой отец - комиссар Жангелдин". Беседовал Ю.Киринициянов. Журнал "Мысль". 2009, №4, стр. 32-36" деген екі мақаланы көріп таңғалдым. Дереу Шыңғыс пен Таугелдіге телефон шалып: "Бұл қайдан шыққан Г.Жангелдин?" - деймін ғой. Олар мүдірген жоқ. Геннадий Жангелдиннің де Әлекеңнің өз ұлы екенін айтып берді. Ағамыз бір кездері өзі Мәскеуден ертіп алып келген алғашқы әйелі Елена Афанасьевнадан ажырасып, ол апамыз 1931 жылы Ресейге көшіп кеткеннен кейін біраз уақыт салт басты, сабау қамшылы болып жүрмей ме. Міне, сол кезде қалалық емханада жұмыс істейтін дәрігер әйелге көңілі кеткен де одан жоғарыдағы Геннадий өмірге келген. Бұл азаматтың алғашқы фамилиясы Петров екен. Кейін жасы ұлғайған кезде өз әкесінің тегін тауып, сол кісіден туғандығын қажетті құжаттармен дәлелдеп "Геннадий Алибиевич Жангелдин" болған. Ол тұтынушылар құқығын қорғау одағы жүйесінде жұмыс істеп келіпті. Қазір зейнеткер. Геннадийдің төлқұжатын заңдастырып, Әліби Жангелдиннің фамилиясын алуына ағамыздың кенже ұлы Шыңғыс пен немересі Таугелді көмектескен. Сөйтіп, көп жылдардан кейін қайта қауышқан туыстар қазір кәдімгі бауырларша араласып-құраласып тұрады.
- Бәрекелді!
Сапекең, Сапабек ақсақал, міне, осылай дейді. Ол кісінің жоғарыдағы әңгімелерінен бізге бұрын мәлім емес тың деректер белгілі болып отыр. Сондай-ақ қаламгер ағаның осы сұхбатта айтқан Әліби Тоғжанұлы туралы: "Көзкөргендердің сөзіне қарағанда ол кісі ел есінде көкірек кермейтін, кең мінезді, сыпайы әрі өмірлік тәжірибесі өте мол адам ретінде қалған", - деген пікірінде де көп мән жатыр. Олай дейтініміз, бұл сөздерге деген нақты мысалдарды әр жылдары газет тапсырмасымен жүріп түрлі адамдармен кездескенде, сол кісілердің жан толқытарлық естеліктері арқылы біздің де екі-үш мәрте естігеніміз бар. Жалпы, Әлекең туралы дейміз де... Күнде қалам тартып, әңгіме қозғап жатқан жоқпыз ғой. Сондықтан сол лебіз, пікірлерді осы мақалаға кіргізіп, шағын штрих, деталь ретінде айта кетсек, оның еш артықтығы жоқ сияқты. Ендеше...
1980 жылы Қазақ КСР-інің 60 жылдығы қарсаңында "Лениншіл жас" газетінде жұмыс істеп жүріп редакция тапсырмасымен Ұлы Отан соғысы кезінде Үкімет мүшелерінің бірі болған, кейін республика Жоғарғы Советінің председателі дәрежесіне дейін көтерілген Даниял Керімбаев ақсақалмен кездесіп, сұхбат алғаным бар. Әңгіме барысында ол кісі еліміз Халық Комиссарлары Советінің 1944 жылғы бір жиналысында соның алдындағы жау оккупациясынан кейін тігерге тұяғы қалмаған Украина мен Белоруссияға Қазақстанның мал апару жұмысын ұйымдастыру мәселесі қаралғанын есіне алып, сол отырыста сөйлеген Жоғарғы Совет өкілі Әліби Тоғжанұлы Жангелдиннің сөзін былай деп баяндаған еді: "Жиналған малды Батысқа пойызға тиеп апару бұл болмайтын іс. Олай дейтінім, ірі қараны эшелонға кіргізгенде бұлардың бас асауы басылмаған кейбіреуінің аяғы сынып, қабырғасы қирап дегендей өлім-жітімге ұшырауы мүмкін. Ал бұл соғыс жағдайында кешірілмейтін, соның салдарынан оған жауапты адамдарды жазықсыз жазалауға ұшырататын нәрсе. Содан соң пойызға тиелген малдар ұзақ жол үстінде шөп жемей, су ішпей тұра алмайды ғой. Жүздеген емес, мыңдаған ірі қараға стансалар мен разъездерде оларды қалай тауып берерсің. Сондықтан Украина мен Белоруссияға жіберілетін малдың барлығын республикамыздың Гурьев, Орал өңірлеріне топтастырып жинау керек те оларды міне, сол жерлерден Батысқа өз аяғымен жайып отырып жеткізу қажет. Сонда олар қоңын да жоғалтпайды, өлім-жітімге де ұшырамайды".
Қандай жақсы ой. Бұдан біз қолға алатын үлкенді-кішілі істің бәрін өмірлік тәжірибеге сүйене отырып шешетін, нендей мәселе болса да оны тар ауқымда емес, кең тұрғыда пайымдап, дұрыс шешім қабылдай білетін байыпты да байсалды ел ағасының бейнесін көргендей боламыз.
Әлекең туралы Даниял Керімбаев ақсақал осындай ойлы әңгіме айтса, аты аңызға айналған партизан Қасым Қайсенов ағамыздың естелігі тіпті керемет. Мұны ол кісі бізге 1995 жылдың басында, сол кездегі барлық қазақ баспасөзінде бел алған: "Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында Қасекеңе Халық Қаһарманы атағын беру керек", - деген ортақ бастамаға үн қосу үшін "Халық кеңесі" газеті атынан барғанымызда былай деп айтқан еді.
- 1944 жылдың соңында Украина фашистерден толық азат етіліп болды да партизан отрядтарының бәрі таратылып, мен Киевтегі А.С.Ковпак басқаратын Орталық үйлестіру штабында қызмет істеп жүрдім. Бір күні осы жерге партизан ақын Жұмағали Саин келіп: "Енді сенің мұнда ешкімге керегің жоқ. Сондықтан елге қайтуға жинал, қарағым. А.С.Ковпак өзіңе өте жақсы мінездеме жазып берді. Сол хатты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке тапсырамыз. Ол кісі сені жұмысқа орналастырады", - деді.
Содан не керек, 1945 жылдың басында Алматыға келдік қой. Киевтен әкелген құжаттың құдіреттілігі сондай, кеңсе қызметінен мүлдем хабары жоқ мына ағаң республика Жоғарғы Советі Президумының аппаратынан бір-ақ шықпасы бар ма?! Қызметімнің аты - информация-статистика бөлімінің референті. Бастығым құшақ-құшақ папканы алдыма әкеліп қойып, жұмыс тәртібін тәптіштеп-ақ түсіндіріп жатыр. Бірақ олардың біреуі де миыма кірер емес. "Тозақ тірлік қой", - деймін іштей. Ойым Батыстағы майданда. Есіл-дертім қайтадан сол жаққа кету.
Бөлім меңгерушісі бөлмемнен шығып кеткен соң будыраған қағаздарды былай ысырып тастап бедірейіп отырдым да қойдым. Содан бір уақытта жаңа қызметкер - мені көргісі келген кеңсе адамдары қылтыңдап бой көрсете бастады. Оларды үстімдегі партизандық киімдер: басымдығы жалпақ қызыл лентасы бар папах пен кеудемдегі дүрбі, портупейлі белдігімдегі "ТТ" пистолеті мен Бельгия браунингі, бүйірімдегі теңіз офицерінің қанжары қосақталған планшет пен аяғымдағы неміс генералынан тартып алған хром етік қатты таңғалдыратын сияқты. Мен оларға назар аудара қойған жоқпын. "Өз жұмысым өзімде", - дегендей кобурадан "ТТ" пистолетімді шығарып алдым да оны бөлшектеп, тазалауға кірістім.
Өстіп отырғанымда бөлмеме жанына екі-үш адам ерткен тікірейген қысқа бурыл шашты, мұртын өте ұқыпты етіп басқан, аяғында қызыл былғары етігі бар сұр кительді қарт кісі келіп кірді. Шашып тастаған "заттарымды" суырмаға апыл-ғұпыл салып, орнымнан атып тұрдым.
- Иә, шырағым, халің қалай? Не істеп отырсың? - деді әлгі қария маған жұмсақ үнмен. Сөйтті де үстел шетіндегі әлі беті ашылмаған папка толы қағазға қарап тұрып: "Ана орталық тартпаңды ашшы", - деді. Амал жоқ, ақсақалдың айтқанын орындадым. Ол кісі суырмадағы пистолет бөлшектерін бір-бірлеп алып, үстел үстіне қойып жатыр, қойып жатыр. Тіпті тартпаның түп жағында жатқан басқа бір тапаншамды да сопаң еткізіп суырып алды.
- Ал, енді отыр, жолдас партизан, - деді бейтаныс қарт. Сөйтті де: - Қасым қарағым, бұл жер үлкен билік мекемесі. Ең жоғарғы өкімет орны. Мұндағы қызметкерлер оны жақсы біледі. Сондықтан да тәртіп сақтап, орын-орындарында тапжылмай жұмыс істеп жатыр. Соғыс әлі біткен жоқ. Азаматтар майданда қан төгіп жатқанда, біз де мұнда бар қабілет-қарымымызбен еңбек етуіміз керек. Сөйтіп, соғысып жүргендерге көмектесуіміз қажет. Сен жау тылында болып келдің, оқ пен оттан аман оралдың. Ол жақсы. Енді соғысқа бармайсың. Жан аямай төрт жыл шайқастың. Сол жетеді. Сондықтан мына қаптаған қарудың енді саған керегі жоқ. Мұның біреуін, мысалы аты-жөнің жазылған әне бір кішкене тапаншаңды қалдырып, басқасын осындағы "Ерекше бөлімге" тапсырсаң да болады. Ал мына үсті-басыңдағы асай-мүсейлеріңді үйіңде төсегің бар ғой, соның тұсына іліп қой. Мұндағы жұмыс орныңда бұлардың керегі жоқ, қарағым. Қызмет істеу керек. Қызмет тәртібіне үйрене білу қажет, - деп қолын иығыма салып тұрды да жылы жүзбен қоштасып шығып кетті.
Мына сөзді естігенде қатты ыңғайсыздандым. Бетімнен отым шығып тұрып: "Бұл кісі кім?" - деп сұрадым бастығымнан. "1918 жылы В.И.Лениннің қолынан мандат алған қарт большевик Әліби Тоғжанұлы Жангелдин. Осы Жоғарғы Совет Президиумы аппаратында басшы қызметте істейді", - деді ол кісі. Сонымен әңгімені көп созып қайтейін, ақсақалмен арадағы сол жүздесуден соң жалыма қол тигізбейтін жабайы партизан менің асау өмірімде байыптылық пен байсалдылыққа бағыт алған өзгеру кезеңі басталды. Оған себеп болған атақты Әлекеңнің, дана қарт Әліби Тоғжанұлының жетесі бар жанға жекірмей-ақ жанашырлықпен айтқан жоғарыдағы жылы сөзі еді".
Қасекеңнің бұл сөзінен біз өзіміз әңгіме етіп отырған ұлы тұлғаның халықтық тәлім-тәрбиені бойына терең сіңірген ұлттық негіздегі педагог, жаратылысынан ұстаздық қасиетке ие ел ағасы екенін аңғарамыз.
Мақаламыздың соңында кейіпкеріміз жөнінде қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш стенографистка, кейін осы мамандықтың қыр-сыры туралы арнайы оқулық жазған Данабике Байқадамовамен жүздесудегі ол кісі айтқан бір сөз де ойға оралмай қоймайды. Атақты композитор Бақытжан Байқадамовтың әпкесі бұл апамыз ХХ ғасырдың басындағы көрнекті қазақ зиялысы, сталиндік репрессияның құрбаны болған әкесі Байқадам Қаралдин туралы осы жолдар авторының 1991 жылы "Замана трагедиясы" атты мақала жазғанына рахмет айтуға "Қазақстан коммунисі" журналына келгенде: "1953 жылы Әліби ағаның сырқаты қатты меңдеп, дәрігерлер оны ауруханадан шығарды да енді тек үйден қарап тұруға ұйғарым жасады", - деп шағын естелік айтқаны бар. - Қарт кісіні тапжылмай күту жеңгейге ауыр тиді. Сондықтан ол кісіні аз да болса алмастыруға әр жексенбі сайын мен барып жүрдім. Сондай күндердің бірінде беті ары қарай бастағанын анық сезген Әліби аға: "Ойпырмай, Данаш-ай!.. - деді күн шуағы молынан түсіп тұрған жап-жарық бөлмеге қимас сезіммен қарап. - Адам ғұмыры қандай қысқа, ә... Өмір атты кең әлемге күні кеше ғана ана есіктен келіп кірген сияқты едім... Енді қас-қағым сәт болмай жатып мына есіктен келіп шығып барамын. Өкінішті... Тым өкінішті..." деп терең күрсінгені күні бүгінге дейін көз алдымда. Сол кезде ағамыздың жасы 69-да еді."
Данабике апайдың бұл естелігі Әліби Тоғжанұлының тіршілікке өте құштар, өмірді қадірлеп, оны шексіз сүйетін үлкен жүрек иесі екенін білдіреді.
Алматы.
Суретте: Әліби мен Софья
«Егемен Өазақстан». 2009-11-25