Қазақ киносының тұралап тұрғаны қаржы тапшылығынан ба?
Қазақ киносы тұралап тұр дегенге біреу келісер, біреу келіспес. Дегенмен киномыз дамып, киноөндірісіміз өркендеп кетті деп айта алмайтынымыз айдан анық. Әйтеуір, «қазақ киносының деңгейі сәл-пәл көтеріліп келеді» деп өзімізді-өзіміз жұбатып қоямыз. Ақиқатын айтсақ, әлемдік деңгейді айтпағанда, қазақ киносының өз халқымыздың арасында беделі бетегеден төмен болып тұрғанын мойындауымыз керек. Өйткені кемшілігімізді өзге біреу сыртымыздан күліп, бетімізге басқанша, өзіміз біліп, түзеткеніміз жақсы емес пе? Күні кеше елімізде дүркіреп өткен «Шәкен жұлдыздары» байқауының кезекті жүлдесі сарапқа салынды. Алайда өз елімізде өткен байқауда жүлдегерлер арасынан қазақ фильмдерінің қарасын тағы да көре алмадық. Әлемдік дағдарысқа дейін де гүлденіп кете қоймаған қазақ киносына қазіргі қаржы тапшылығы «сыныққа сылтау» болғандай ма, қалай? Әлде қазақ киносы қаржылық дағдарыстан емес, рухани дағдарыстан шыға алмай тұр ма?
Қазақ киносы тұралап тұр дегенге біреу келісер, біреу келіспес. Дегенмен киномыз дамып, киноөндірісіміз өркендеп кетті деп айта алмайтынымыз айдан анық. Әйтеуір, «қазақ киносының деңгейі сәл-пәл көтеріліп келеді» деп өзімізді-өзіміз жұбатып қоямыз. Ақиқатын айтсақ, әлемдік деңгейді айтпағанда, қазақ киносының өз халқымыздың арасында беделі бетегеден төмен болып тұрғанын мойындауымыз керек. Өйткені кемшілігімізді өзге біреу сыртымыздан күліп, бетімізге басқанша, өзіміз біліп, түзеткеніміз жақсы емес пе? Күні кеше елімізде дүркіреп өткен «Шәкен жұлдыздары» байқауының кезекті жүлдесі сарапқа салынды. Алайда өз елімізде өткен байқауда жүлдегерлер арасынан қазақ фильмдерінің қарасын тағы да көре алмадық. Әлемдік дағдарысқа дейін де гүлденіп кете қоймаған қазақ киносына қазіргі қаржы тапшылығы «сыныққа сылтау» болғандай ма, қалай? Әлде қазақ киносы қаржылық дағдарыстан емес, рухани дағдарыстан шыға алмай тұр ма?
Сатыбалды Нарымбетов, режиссер:
«ИӘ»
– Қазақ киносы тұралап тұр дегенге келіспеймін. Тұралап деген – мүлде жоқ, шаруасы тынған деген сөз. Ал еліміздегі киноның дамуына белгілі бір мөлшерде әлемдік қаржы дағдарысы кедергі жасап тұр дегенге келісемін. Қазақ киносы кинотеатрлардан көрсетіліп жатпағандықтан ғана, кинолар туралы білмегендіктен ғана көпшілік ауызды қу шөппен сүртіп, қазақ киносын сынауға дайын тұрады. Бізді, режиссерлерді, «неге өзбектер секілді кино түсірмейсіңдер» деп жазғырып жатады. Ал біздің фильмдеріміз шетелден қанша жүлде алып жатыр. Ол жүлделерді шетелде қазақ режиссерлерінің әдемі көздері үшін беріп жатқан жоқ қой, фильмнің сапасы үшін береді. Өзбектер мен қырғыздар түсірген кинолардың шетелден жүлде алып келгенін естідіңіздер ме? Ал мен естіген емеспін.
Біздің бес фильм байқауға қатысса, үшеуі жүлдегер атанады. Шетелдерде өтетін байқауларға құрығанда 20-30 елден фильмдер қатысады. Ал ол жақта фильмдеріміз жүлдеге ілігу үшін пара да бермейміз, өйткені олар пара алатын қазақстандық МАИ емес. Егер көпшіліктің көзіне сүйел болса, онда «Қазақфильмді» жауып тастайық! «Жапалақты таспен ұрса, жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрсаң, бәрібір жапалақ өледі» демекші, қазаққа қандай кино түсірсең де, жақпайсың. «Жібекті түте алмаған жүн етеді» дейді. Барлық фильмдер жүз пайызға керемет деп айта алмаймын. Дегенмен әр фильмнің өз көрермені бар, халықтың барлығына жағу мүмкін емес қой. Тіпті Голливуд фильмдерінің өзі елдің бәріне жүз пайыз ұнай бермейді. Қазақстанда кино түсіру, қазақ көрерменіне жағу өте қиын. Тарихи кино түсірсең, ертеңінде әрбір екінші қазақ тарихшы болып шыға келеді. Жалпы, әлемдік деңгейде кино түсіретін режиссерлер қай елде де өте аз. Ресейде Никита Михалков пен Алексей Герман екеуінен басқа әлемдік режиссер бар ма? Жылына 750 фильм түсіретін Қытайдың өзінде атақты режиссер санаулы. Жапонияда жылына түсірілетін фильмдер 300-ден асып жығылады. Атақтылары екі-үшеу ғана. Режиссер жоқ екен деп өлеміз бе? Соңғы екі жылда бұрынғыға қарағанда, кино саласына мемлекет көңіл бөле бастады. Жоғары жақтағылар киноның идеологиялық мықты қару екеніне енді көздері жеткендей. Сондықтан қазір қаржыны әжептәуір бөлуге тырысып жатыр. Алайда әлемді жайлаған дағдарыс қазақ киносының дамуына аздап тежеу болып тұр. Тек қазақ киносы емес, әлемдік кино өндірісінде қаржыдан тарығу байқалады. Айталық, Голливудта бұрын жылына 700 фильм түсірілетін болса, қазір тең жартысы ғана түсіріліп жатыр. Ресейде бір жылда 300 фильм түсірілсе, бүгінде оның 60 пайызы тоқтап қалды. Осы жылы «Қазақфильмде» 15 фильм түсіру жоспарланған еді, дағдарысқа байланысты қазір өндіріске тек бес-алтауы ғана жіберілді.
Данияр Саламат, режиссер
«ЖОҚ»
– Қазақ киносының дамымай тұрғанын, киноөндірісіміздің тұралап тұрғанын тек қаржы тапшылығына, әлемдік дағдарысқа әкеп тіреп қойғанымыз артықтау болады. Себебі қазақ киносын түсіру үшін кей жағдайда аса бір қыруар қаржының қажеті де аздау. Айталық, әуесқой режиссер Еркін Рақышевтің фильмдері соншалықты қымбатқа түсірілмеген ғой. Ең бастысы, қазақи кестелі, қазақы менталитетімізге, дүниетанымымызға сай фильмдерді біз видеоформатта-ақ түсіре беруімізге болады. Сондай-ақ бұл киноларымызды, ең алдымен, өз халқымыз көре алатындай шағын көлемде прокатқа шығаруға болады. Ал бұған соншалықты көп қаржы кетпейді. Қазақ режиссерлерінің өз ұлтымыздың ұғымына сай түсірген фильмдері елін сүйетін ұрпақ тәрбиелеуге, ұлттың мәртебесін көтеруге, өткенімізге үңілуге септігін тигізер еді.
Видеоформаттағы фильмдердің тағы бір пайдасы – қазақы болмыстағы фильмдерді көптеп түсіруге мүмкіндік туады. Егер біз қазақ киносын тек пленкаға түсіріп, үлкен киноның заңдылықтарымен халыққа жеткіземіз десек, ол жаңсақтық болады. Өйткені бізде кинопрокат жүйесі дұрыс жолға қойылмағандықтан, қыруар қаржы жұмсап түсірілген кинолар еш пайда әкелмей жатқанын көріп жүрміз. Пайда әкелу үшін бізде халықтың тығыздығы жетпейді. Сондықтан, меніңше, дәл қазіргі кезде «Қазақфильмде» болсын, «Қазақстан» арнасында болсын, өзіміздің ұлтымыздың таным-түйсігіне, халқымызға арналған фильмдердің бірлестігі болу керек секілді. Осы бірлестік сапалы әрі халқымызға қолжетімді видеофильмдер түсірсе құба-құп болар еді. Жалпы, осындай модельмен қазір Өзбекстан жұмыс істеп жатыр. Өзбектер өздерінің ұлтына, жергілікті халқына арналған видеофильмдер түсіріп, сонысымен өздерінің ұлттық рухтарын көтеріп отыр. Дәл осындай күш бізге жетпей тұр. Біздегі «Қазақфильм» киностудиясында түсіріліп жатқан фильмдер, өкінішке қарай, ұлттық таным, болмыс тұрғысынан алғанда, өзімізден алыстау болып тұр. Мұның да өзіндік себебі бар. Өйткені осы уақытқа дейін кино мамандары тек Мәскеуде даярланды ғой. Олар қазақы тіршіліктен сәл-пәл алшақтау еді, тек асфальт мәдениетін ғана игеруге мәжбүр болды. Соның нәтижесінде, дүбәралау фильмдер өмірге келді. Ал мұндай фильмдерден халық өзінің бет-бейнесін көре алмағандықтан, әрине, бас тартады. Ал енді шетелдегі фестивальдар үшін түсірілген фильмдер ұлт үшін құнды болмаса да, психологиялық тартыс секілді басқа да категориялар арқылы екшейтіндей ерекшеліктері де, ұтымды тұстары да бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен қазақ халқы дербес мемлекет құрып, дүниежүзіндегі бәсекеге қабілетті елдермен иық теңестіруге талпынып тұрған шақта бізге ұлттық болмыстағы фильмдер қажет-ақ. Бұл үшін дәл қазіргі таңда бізге ең жетіспейтіні – танымы қазақы кино мамандары. Ғажап туындылар тудыру үшін қаржы – басты кедергі емес.
Бейтарап пікір
Бауыржан Нөгербек, киносыншы:
– Кино – қыруар қаржыны қажет ететін үлкен өндіріс. Сондықтан киноға, ең алдымен, идеологиялық қару және бизнес ретінде қарау керек. Бізде осындай көзқарас қалыптаспаған. Тек белгілі біреудің мерейтойы болғанда ғана сол туралы кино түсіру ойға алынады. Кино түсіруге қаражат бөлу жүйесі де дұрыс қалыптаспаған. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы бірден берілмей, бірнешеге бөлініп берілетін болғандықтан, бір фильмді түсіру 3-4 жылға дейін созылып кетіп жатады. Ал шетелдің тәжірибесінде бір фильмді ұзаса 4-5 ай ғана түсіреді. Киноға деген көзқарас кеңестік кезеңдегідей қалып қойған. Киноны жасау бар да, тарату ретке келтірілмеген. Жекеменшік кинотеатрлар көп те, мемлекет құзырындағы кинотеатрлар жоқ. Сондықтан осы мәселенің барлығы кино туралы заңмен реттелу қажеттігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан бізге ең қажеті – кино туралы заң.
Әзірлеген Айнұр Сенбаева
«Алаш айнасы» газеті 23 мамыр 2009 жыл