Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2534 0 пікір 28 Мамыр, 2009 сағат 19:58

Қазақ саясаткері Ресейдің шашбауын көтере ме?

Қазақстандағы ресейлік отандастарға бағытталған кейбір сайттар алақайлап, қазақтың саяси қызметкерінің аузынан ұшқан сөзді дабырайтып көрсетіп, ғаламторды шулатып жатыр. Мақалалар тақырыбы үндес: «Қазақ сарапшысының ойынша, Қазақстан БАҚ-тарындағы Ресейге қарсы бағыттағы бірқатар материалдар алаңдаушылық туғызады»... Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Болат Сұлтановтың аузынан шыққан бұл сөз отандық сарапшылар мен саясаткерлерінің наразылығын туғызып отыр.

Қазақстандағы ресейлік отандастарға бағытталған кейбір сайттар алақайлап, қазақтың саяси қызметкерінің аузынан ұшқан сөзді дабырайтып көрсетіп, ғаламторды шулатып жатыр. Мақалалар тақырыбы үндес: «Қазақ сарапшысының ойынша, Қазақстан БАҚ-тарындағы Ресейге қарсы бағыттағы бірқатар материалдар алаңдаушылық туғызады»... Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Болат Сұлтановтың аузынан шыққан бұл сөз отандық сарапшылар мен саясаткерлерінің наразылығын туғызып отыр.
Бұл тұста www.russіans.kz сайтында берілген ақпаратқа сенсек, Болат Сұлтановты «мұхиттың ар жағында ойлап табылған арнайы жоба, яғни Ресей шекарасының бүкіл аумағында Ресейге қарсы «кордон» құру мәселесі» қатты толғандырады екен. Өз кезегінде саясаттанушы: «Біздің білуімізше, оған Варшава келісімшарты ұйымы бойынша біздің бұрынғы одақтастарымыз бен КСРО-ның кейбір бұрынғы республикалары кірді. Бұл үшін алғашқыларын Еуроодақ пен НАТО-ға қабылдады, ал қалғандарын қабылдауға уәде беріп келеді, өйткені бұл ұйымдар шексіз кең емес әрі олардың «қорыту» мүмкіндіктері де шектеулі көрінеді», – депті. Ресейдің басына төнген қауіпке аса алаңдап отырған Болат Сұлтанов мұнымен шектелмей, Ресейді есірткі трафигінен сақтау үшін Қазақстанға бауырлас өзбек, қырғыз, түрікмен елдерімен арадағы шекараны 2010 жылға дейін жабуды ұсынып отыр. Бұл өз кезегінде Орталық Азия елдеріне тарайтын сайттарда жарыса беріліп жатыр. Бір мысал, CA-NEWS сайтында: «Қазақ сарапшысы 2010 жылы Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанмен арадағы шекараны жабуды ұсынады» деп хабар таратқан. Мақалада Болат Сұлтановтың сөзі ойып берілген: «Осы арқылы біз Ауғанстаннан ағылған есірткінің Орталық Азия мен Қазақстан арқылы Ресейге өтуін доғарып, Ресейдің бұл арадағы алаңдаушылығын басар едік», – депті. Еліміздің Орталық Азия елдерімен байланысынан гөрі Ресеймен арадағы қатынасты жоғары қойған сарапшының бұл ойы көршілес елдер мамандарының да шымбайына тимесіне кім кепіл?! Ал отандық сарапшылар Болат Сұлтановтың ұлттық қауіпсіздігімізді қорғайтын мекеменің директоры әрі саяси қызметкер ретінде мұндай мәлімдеме жасауы өзіндік салдарға душар етуі мүмкін деген ойда. Саясаттанушы Әзімбай Ғали былай дейді: «Біріншіден, әрбір адамның өз көзқарасы, тәрбиесі, симпатиясы, алғашқы махаббаты мен сүйікті орыс әдебиеті болуы мүмкін. Бірақ мемлекеттік қызметтегі адам, саяси қызметкер, оның үстіне ұлттық қауіпсіздікке жауап беретін мекеме – ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты, менің ойымша, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігімен айналысуы керек. Ал Қазақстандағы қазақ баспасөзі – ең лояльді, отансүйгіш баспасөз. Менің ойымша, бұл Болаттың адасушылығы шығар. Бұл оның қызметіне, жасына жараспайтын нәрсе» дей келе: «Екінші мәселе – Ресейге қарсы «кордон» қойылады екен... Батыс – жау болса, бұл қырғи-қабақ соғысының қисындары болады-мыс... Айналайын, қырғи-қабақ соғыс баяғыда біткен. Ресейдің өзінде де қырғи-қабақ соғыс жоқ дейді. Ал біздің сондай лауазымды қызметкеріміз тура кейбір Ресейдің кертартпа, империяшыл көзқарастағы топтарының әңгімесін айтып тұрған жоқ па?» – дейді.
Саясаткер Дос Көшім жалпы, бізге Ресейге қатысты көзқарасты нақтылап алу қажеттігін жеткізеді. Бұл орайда ол: «Менің ойымша, біз отарсыздықтан босап, еркіндік алғаннан кейін тәуелсіздікке көзқарас мүлдем басқаша болуы керек-тін. Біз өткенді, тарихты естен шығармауымыз керек. Мен қазір бұрынғы жасанды байланыстарымызды айта берудің жақсы жерлерін көре алмай тұрмын», – дейді.
Әзімбай Ғали осындай мәлімдеме арқылы Қазақстанның ішкі істеріне Ресейдің араласуына сылтау беріліп отырғанын екшеп айтады. Оның үстіне көршілес алып мемлекетті есірткі тасымалынан сақтау үшін Орталық Азиямен арадағы шекараны жабу бастамасын сын тезіне алады. «Орталық Азиямен шекараны жабу керек дегені не?! Қазақстан Орталық Азияда көшбасшы мемлекет болуымен қатар, ЕҚЫҰ-ға да төрағалық етпек. Бұл – біз үшін үлкен мәселе. Ал Ресейдің дүниежүзіндегі абыройы төмен. Ресейдің сөзін сөйлеген соң, Беларусьтің де беделі түсті. Десе де, Беларусь орыс баспасөзін жауып тастады. Ал біреудің өз ішімізден шығып, іштен шалғаны қолайсыз жағдай ғой!» – дейді сарапшы. Бұл орайда Әзімбай Ғали аңдамай сөйлеген саясаттанушыны ақылға шақырып: «Кейбіреулер бұл мемлекеттің жаңа көзқарасы деп ойлап қалуы мүмкін. Орталық Азия елдері тарапынан да реніш тумасына кім кепіл?! Ол өз кезегінде: «Бұл директордың көзқарасы емес, бұл менің жеке, қара басымның көзқарасы деп айтуы керек-тін. Бұлай айтуға әлі де кеш емес», – дейді.
Біз екі күн бойы Болат Сұлтановтың да пікірін білу үшін қабылдау бөлмесі мен қалта телефонына хабарласумен болдық. Бірақ қоңырау барып тұрса да, сарапшы телефон тұтқасын көтерген жоқ. Сірә, онсыз да көп сөз айтылған сияқты. Ал «Айтылған сөз – атылған оқ» емес пе?!

Кәмшат ТАСБОЛАТ
«Айқын» газеті 23 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347