Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 7346 0 пікір 23 Сәуір, 2010 сағат 04:57

«Қазақтың жауы...» кім? (Жалғасы)

Қазақтың жауы, арыға бармайық, бергі бір замандарда, қалмақ болған. Одан бұрын және кейін - өзбек. Соңы - қырғыз, шүршіт. Ақыры ең мықтысы орыс болып шықты. Советтік әдебиет тілімен мипаздасақ, халықтардың өзі емес, билеуші табы, басқыншы мемлекеттік құрылымы, т.т. Бірақ ешбір билеуші басқа жақтан әскер әкелмеген, сол, өкіміндегі халқынан жасақтаған. Қырылса, сол халқы қырылып, жеңіске жетсе, сол халқы игілігін көрген. Бар тарихта, барлық уақытта солай. Ағылшындар мен француздар өзінің ұзақ ғұмырының белгілі бір кезеңінде ғана жүз жылдан астам соғысты. Арабтар мен ромейлер - бес жүз, әлде жеті жүз жыл... Соңғы, ХХ ғасырда - жаппай қырқысқан дүние жүзілік соғыстар. Ең үлкен жау - неміс болыпты-мыс. Ойлап тұрсаңыз, осының бәрі, тіпті, жаулық жүз жылға созылса да, өткінші құбылыс екен. Ағылшынның ілкідегі бір ұлы қайраткері айтты деген лепес: «Ұлы Британияның мәңгілік жауы да жоқ, мәңгілік досы да жоқ, мәңгілік мүддесі ғана бар!». Бұл - дербес ту көтеріп бекіген барлық елге, қандай жағдайда отырса да, үлкенді-кішілі барлық ұлтқа қатысты сөз. Әне, Еуропа жұртшылығы күні кеше ғана екіге бөлініп жауласып, от пен түтінге оранып, бірінің қанын бірі дария қылып ағызды, ал бүгін біртұтас экономикалық қана емес, ешқандай шекарасыз, туыстас, ықпалдас, тілеулес татулықта күн кешіп жатыр.

Қазақтың жауы, арыға бармайық, бергі бір замандарда, қалмақ болған. Одан бұрын және кейін - өзбек. Соңы - қырғыз, шүршіт. Ақыры ең мықтысы орыс болып шықты. Советтік әдебиет тілімен мипаздасақ, халықтардың өзі емес, билеуші табы, басқыншы мемлекеттік құрылымы, т.т. Бірақ ешбір билеуші басқа жақтан әскер әкелмеген, сол, өкіміндегі халқынан жасақтаған. Қырылса, сол халқы қырылып, жеңіске жетсе, сол халқы игілігін көрген. Бар тарихта, барлық уақытта солай. Ағылшындар мен француздар өзінің ұзақ ғұмырының белгілі бір кезеңінде ғана жүз жылдан астам соғысты. Арабтар мен ромейлер - бес жүз, әлде жеті жүз жыл... Соңғы, ХХ ғасырда - жаппай қырқысқан дүние жүзілік соғыстар. Ең үлкен жау - неміс болыпты-мыс. Ойлап тұрсаңыз, осының бәрі, тіпті, жаулық жүз жылға созылса да, өткінші құбылыс екен. Ағылшынның ілкідегі бір ұлы қайраткері айтты деген лепес: «Ұлы Британияның мәңгілік жауы да жоқ, мәңгілік досы да жоқ, мәңгілік мүддесі ғана бар!». Бұл - дербес ту көтеріп бекіген барлық елге, қандай жағдайда отырса да, үлкенді-кішілі барлық ұлтқа қатысты сөз. Әне, Еуропа жұртшылығы күні кеше ғана екіге бөлініп жауласып, от пен түтінге оранып, бірінің қанын бірі дария қылып ағызды, ал бүгін біртұтас экономикалық қана емес, ешқандай шекарасыз, туыстас, ықпалдас, тілеулес татулықта күн кешіп жатыр. Сырттан тон пішіп қалай айтсаңыз да, өткендегі алалық та, бүгінгі бірлік те айнымас ұлттық мүддеден туындаған. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі бізге орыс жау ма, өзбек жат па? Жау емес, жат емес. Ұлттық мұраттан туындаған айырым мақсаттар болуы мүмкін. Мүмкін емес, анық бар. Қайткенде де, пәлен жұрт - жау деп ұран көтере алмайсыз. Бірақ Ресейдегі, қызылдан қоңырға айналған империялық шовинизм туын көтерушілер кеше ғана советтік болған қапқаз тұрпатты кісілерді, сырттан оқуға, жұмысқа келген қара өңділерді, жалпы азиат, қоңыр халықты түгел жпу деп жариялады. Аяқ астынан пайда болған құбылыс емес, бұрын жасырын ғана жүргізілген, енді сыртқа жарып шыққан баяғы советтік фашизмнің әдепкі көрінісі ғана. Заң да, заман да өзімдікі, күш те менде деген сенім. Ал сорлы қазақта қандай сенім, қандай күш бар? Советтен қалған, қайбір істен де әлдекімнің астыртын жаулығын іздейтін соқыр сана ғана. Сонда ендігі жауың кім болмақ? Ресейдегі мықтылар сияқты, біздегі бар пәле - анау жұрттың, мынау жұрттың кесірі деп белсеніп шығуға шама жоқ. Ал әлдененің қиыспай, әлдененің бүлініп жатқаны рас. Ендеше... бәріне жазықты - қазақтың өзі. Жай ғана жазықты емес, жау! Сөйтіп, көктен түскен тәуелсіздікке бір жыл толмай жатып, жалынды ұран көтерілді: «Қазақтың жауы - қазақ!»

Мен ұлттың тамырына балта шабатын, ұрпақты аздыратын бұл жәдігөй ұранды сырттағы біреу қалыптады, мұның астарында анау бар, мынау бар деп бас ауыртпаймын. Ешқайдан келген жоқ, өз ішімізден, қазақтан шықты және ешқандай мақсатты зұлымдығы жоқ. Парықсыз есалаңдық қана бар. Мисыз, іріген ауыздан әлдеқалай шыққан шіріген, сасық сөз. Ұлтсыздық көрінісі ғана. Осыған орай, аз-маз ұлттық санасы бар қазақ түгел жиренсе керек еді. Олай болмады. Пәрменді, жаппай ұранға айналды.

Бұл тарапта ұлттық тілін ғана емес, рухани қазынасын да қорғауға тиіс, елдік сана үшін күреспек «Ана тілі» газеті (бас редакторы Жарылқап Бейсенбаев, орынбасар редакторы Бақыт Сарбалаев, кейінірек Марат Қабанбаев) айрықша белсенділік танытты. Жаңа ұрпақты жаңа қалыптауға тиіс «Жас алаш» (бас редакторлары Уәлихан Қалижан, Нұртөре Жүсіп) он мыңдаған таралымымен бүкіл даланы дабылдатты. Сахнаға шыққан әртіс жаттанды рөлінен тыс сөз арасында «Қазақтың жауы - қазақ!» деп ұрандайтын болды. Ең аяғы, мектеп мұғалімдеріне арналған тәрбие-әдістемелік «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы (бас редакторы Зейнебек Шілдебаев) «Қазақтың жауы - қазақ» деген арнайы тақырыпта сабақ өткізуге бағдар берді. Ақыры, «Қазақтың  жауы - қазақ!» деген кеселді ұран күнделікті газет, айлық журнал бетінен, апталық театр сахнасынан озып, халық арасы кеңінен тарады. Талассыз аксиома ретінде қабылданып, ауызекі мәтелге, әдепкі қағидаға айналды. Әлденеге кейіген қазақ атаулы «Қазақтың  жауы - қазақ!» деп сөйлейтін болды. Ұлтымызды біржола азып-тозуға бастайтын бұл жұқпалы лепес әсіресе,  90-жылдардың орта шенінде айрықша пәрменді естілді.Қазір бұрынғымен салыстырғанда сәл-пәл бәсең. Бірақ бұл - алдамшы ғана көрініс. Сүйекке сіңіп, талассыз шындық ретінде қабылданған нақыл, сондықтан, қалай және қанша айтылса да, құлаққа бұрынғыдай тосаң естілмейді. Міне, жеткен жеріміз!

Баяғыда, заманның тар кезінде, өмірден қажыған, дүниеден түңілген колхозшы қазақ арбаға жеккен өгізі жүрмесе де, бұзауы аштан өлген жалғыз сиырынан сүт шықпаса да, ең аяғы, ошақтағы оты бықсыса да құдайды қарғайтын: сенім ғана емес, қарсылықтан туған шарасыз бейпілдік. Қазір, дәл осы кінәлі деп білетіндей, ешкім де құдайға сенбейді. Сондықтан әр қазақтың, бақытсыз демейік, сәтсіз демейік, өрге баспай жатқан (мен неге кешегі әне бір арам партократ сияқты әкім емеспін немесе таныс, бейтаныс әлдебір жебір, алаяқ сияқты миллионер болмай қалдым деген тәрізді) сырқат ой, күйкі ісіне бар қазақ кінәлі екен. Сол қазақтың өз тілімен сырлап айтсақ, өзінің сорын, өзінің зорын, көршінің байлығын, көшенің лайлығын, базардың нарқын, заманның қалпын - бір сөзбен қайырғанда, жалғанның бар тауқыметін қазақтан көреді. «Қазақтың  жауы - қазақ!» -

дейді құнсыз сорлы!..

«Қазақтың  жауы - қазақ!» Жер-дүние жаратылып, ру, тайпа, ұлыс деген әрқилы сыпаттағы дербес қауымдар қалыптасқаннан бері ешбір халықтың ойына кіріп, түсінен шықпаған ғаламат жаңалық. Рас, Батыста «Адам - адамға қасқыр» деген кеп бар екен, «буржуазиялық моралбдың көрінісі» деп ұғындырған бізге советтер заманында. Мүмкін, Батыста ғана емес, барлық жерде әлі күнге айтылып жатуы. Адам - адамға қасқыр... «Ағылшын - ағылшынға қасқыр», «Француз - французға қасқыр», «Испан - испанға қасқыр...» деп айтылмаса керек. Бұл жерде сөз - ұлттық сыпат емес, жалпы адамзат бойындағы өзімшіл, жарамсыз мінез туралы. Біздің әлгі, «шынайы әрі нақты » мысалымызға келсек, «Ағылшынның жауы - ағылшын!» деп кім өңмеңдепті? «Француздың жауы - француз!» деп кім аттаңдапты? Күні кеше ғана неміс екі бөлініп отырды, сол заман тілімен айтсақ, капиталды Федералды Германия және социалистік Демократиялық Германия. Бірі НАТО құрамында, бірі Варшава пактісі жағында. Темір торлы шекара, бір Берлиннің өзі екіге бөлініп, екі тараптағы әскердің сансыз танктері зеңбіректерін түйістіріп, қарама-қарсы арбасқан кездері болған. Соғыс өрті тұтана қалса, екі жақтың да оттығының ұшында тұрған екі неміс бірін-бірі өлтіретін еді. Міне, сол кезде қай неміс: «Немістің жауы - неміс!» деп ұран көтеріпті. Вьетнам жұрты екіге бөлінді: Солтүстік - социалистік, Оңтүстік - капиталистік (немесе сол бағдардағы). Неше жыл бойы қырғын болды. Екі жақтың есебінде ту сыртындағы американдар мен қытайлар ғана соғысқан жоқ, вьетнамға вьетнам оқ атты, бірін-бірі аяусыз төпеледі. Сонда «Вьетнамның жауы - вьетнам!» деген ұран көтерілді деп естіген бар ма? Енді Қиыр Шығыстағы корей халқын алсақ, олар да Оңтүстік, Солтүстік; 50-жылдардың бас кезінде қалай қырқысты, күні бүгінге дейін іргесі аулақ, бірақ «Корейдің жауы - корей!» деген ұранды тауып беріңдер маған. Жоқ! Қоғамдық құрылыс десті, өкімет десті, билеуші партия десті, бірақ өзара соғысып жатқан кездің өзінде халық атын былғамады. Өйткені, қандай жағдайда тұрса да, олардың ұлттық санасы жоғары еді, қандай қиын кепке түссе де, болашағынан үміті зор еді.

Ал біз... сана да, болашақ та жоқ болғаны ма?

Ел аман, жұрт тынышта  «Қазақтың  жауы - қазақ!» деген былғаныш лепесті ұлттық ұранға айналдырдық.

Мен әуел бастан-ақ тіксініп, әрі таңырқап, осы бір кеселді сөздің түп-төркінін, қайдан шыққанын аңдауға тырыстым. Парықсыз құлдық санадан басқа ешбір себеп таппап едім. Ақыры...әлдебір мақаладан нақты сілтеме ұшырасты. Абай айтыпты! Қазір Абай да, Мұхтар да көп, білгірі де, бұралқысы да бар, соның біреуі шығар дейін десең, атап көрсеткен: Абай, кәдімгі ақын Абай, баяғы Құнанбайдың, кейінгі Мұхаңның Абайы.  Астапыралла! Абайды тәп-тәуір білетін сияқты едік, мұндай лепес түсімізге кірмеген. Жаңсақ айтты деп ойладық. Бір күні тағы бір білгірдің мақаласынан тағы да сопаң етіп шыға келгені, «Абай біліп айтқан ғой , «Қазақтың  жауы - қазақ!» - деп . Шынында да, қазақтың жауы - қазақ!» Бұл құдай атқанда Абайға, ұлы Абайға сілтеме жасапты. Апыр-ай, ә, атам алжасты ма, мен адастым ба, әйткенмен, екі томды әрі төңкеріп, бері төңкеріп, мұндай сұрықсыз сөз ұшырата алмадық. Енді бір күні, осы тақауда ғана тағы да, осымен жүз мыңыншы мәрте: «Қазақтың  жауы - қазақ! Қазақтың  жауы - қазақ!! Қазақтың  жауы - қазақ!!! Абай біліп айтқан ғой, шынында да, «Қазақтың  жауы - қазақ!!!» Уа, құдай атсын! Кім айтса да, осы сөзді қайталаған сілімтікті! Бірақ амал жоқ, қанша көп білсек те, жұрттан сұрау салмасқа болмады. Қай Абай? Қай жерде, қашан айтыпты? Шынында да, көптің білімі - көл екен. Газет оқығыш әлдебір ақсақал туысқаным айтты: «Бір мақаладан көрдім, «Екінші сөз» депті, бірақ онда мұндай лепес жоқ» - деді. Суға кеткен тал қармайды, үйге келе сала қолыма алдым: Абай, Екінші том, Ғақилиялар, Екінші сөз...» Бірақ басқа сөздер. Әрине, басқаша лепес. Қара сөзде ғана емес, өлең, толғауда да. Яғни, бірінші том.

Кемеңгер атамыз қазақтың өткенін байыптап, бүгінін бағамдай келе, туған халқының «өкімет, зорлық» астында «жұрттықтан кетіп бара жатқанына» қамығады. «Бұрынғы ата-бабаларымыздың... бұл замандағыдан артық мінезі», ұлыстық ұйытқысы - ағайын арасындағы бірлік, татулық, жұрттың өз ортасынан шыққан «ел басы, топ басы» кісілердің ақыл, билігімен жүру және ортақ іске жаппай «жан салысатын намысқорлық», бүгінгі біздің тілге көшірсек, ұйымшылдық, ұлттық намыс сияқты қасиеттер болғандығын айта келе, замандастарының күйкі тірлігіне қынжылады. Көпшілік қауым жаманшылыққа үйір болып бара жатыр дейді. Мұның ең басты себебі - жұрттық, яғни ұлыстық санадан айырылу. Мал жинаудан басқа қам-қарекеттің жоқтығы, ғылымнан, өнерден кенделік, талапсыздық, өзімен-өзі ғана қалған тұйықсыздық. Осы жаман әдет, мінездің барлығы қазақтың өз арасында көрініс тауып жатыр. Әрбір мал іздеген - малым бұдан да көп болса дейді, әрбір кедей - мен сияқты анау да кедей болса екен дейді, біріне-бірі достық ойламайды, бірінің тілеуін бірі тілемейді, ақыры, іштегі теріс пиғыл сыртқа шығып, біріне-бірі қастық ойлайтын болды, «бәрі де қазақ қарындастың ортасында» болғандықтан, қазақ - қазақты жау санай бастады дейді. (Үшінші, Жиырма алтыншы, Отыз тоғызыншы, Қырық екінші және басқа сөздер, өлеңдер). Сондықтан да «Малыңды жауға, басыңды дауға, Қор қылма, қорға, татулас», - дейді. «Біріңді қазақ, біріңді дос - Көрмесең істің бәрі бос!», «Таласып босқа, жау болып досқа, Қор болып құрып барасың... Өкірен уақытың болды ғой!» - деп  насихат айтады. Теріс жолдан тыйыл. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» Өйткені: «Адам баласына адам баласының бәрі - дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде - туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің - бәрі бірдей, ахиретке қарай - өлуің, көрге кіруің, шіруің, махшарда сұралуың - бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың - бәрі бірдей екен». Тек қазақ қана емес, тек мұсылман қауымы ғана емес, жалпы Адам-Ата ұлына қатысты ұлағатты сөз.

Абайдың: «Өзі шошқа өзгені ит деп ойлар» дегені бар. Өзінің сырқат санадан шыққан кеселді пікірін кемеңгерге телімек болған мақұлықтарға басқа не айтуға болады!

Жә, керек десеңіз, сөзін бұрмалау тұрыпты, өзін де сан саққа жүгіртіп, орынсыздан іліп-шалып, қисынсыздан кемсітуге тырысатын некестер де бар екен... Қазақ халқының ақыл-ойы, иман-парасаты, ұлттық бейнесінің ең жарқын әрі толымды көрінісі болып табылатын, әлемдік деңгейдегі кемеңгер Абай турасында жеңілтек лепес, жалалы өсек айтудың өзі және оның жалпақ жұрт тарапынан ешқандай реніш, кейіс тудырмауы - қазіргі қазақтың ұлттық санасы, адамдық намысы қаншалық құлдырап кеткендігін көрсететінаса қауіпті сипат.

Десе де, сөз басындағы сауалға қайтып оралайық. Қазақта жау бар ма, болса кім? Сұрақтың қойылысының өзі қате. Миғұла сорлылардың «Қазақтың  жауы - қазақ!» деген кеселді қағидасынан шықты ғой. Қазақ емес екен. Ендеше... Қалмақтың да, қалғанының да дәуірі өткен. Қазір басқа заман дедік. Қазақтың  жауы - өткенде зорлық жасаған, бүгінде иектеп отырған орын емес. Қыржиып жүрген қырғыз, қожаңдап тұрған өзбек те емес. Іштегі жұрттар да, сырттағы көршілер де жаулықтан тыс. Әрине, ел болған соң қауіп, қатер болады. Ол - жалпыға ортақ құбылыс. Ол қауіптің де сипаты әрқилы. Түптеп келгенде, ешбір халық ешбір халыққа жау емес. Дос болу, ынтымақтас болу - сол екі жұрттың, алыс-жақын басқа жұрттардың парасат, саясатына байланысты.

Әйткенмен, бүгінгі әлемде болып жатқан сан қилы оқиғаларды аңдап қарасаңыз, атаулы жауы (жаулары) жоқ мемлекет кемде-кем сияқты. Мәселен, Америка Құрама Штаттарының айтуынша - мұсылман терроризмі. Мұсылман жұрттарының айтуынша - сол Американың өзі бастаған мемлекеттік терроризм. Ресейдің, Ресейдің емес, Путиннің айтуынша, елдің жауы - чешен бандиттері, ал чешендердің, яғни Масхадов пен Басаевтің айтуынша, бүкіл Ичкерияның шын жауы - бүгінгі Ресей өкіметі.Осылай кете береді. Әр елдің ашық айтатын немесе ойда тұрған бір, иә бірнеше жауы бар сияқты. Демек, қазақта да жау бар.

Қазақта жау бар. Қуатты, қатерлі дау. Күн озған сайын күш алып, тамырын тереңге жайып барады. Ақыры түпке жетсе, сол ғана жетеді.

Ол қандай жау? Кім? Кім емес, не? Бүгінгі қазақтың жалғыз-ақ жауы бар. Ол - ұлттық сананың кемдігі. Өзін-өзі қор тұту, өзін-өзі кемсіту, өзіне тиесілі сыбағаға ұмтылмау. Бір сөзбен айтқанда - ұлтсыздық!

Айттық, ел болған соң әрнеден қауіп бар, әрнеден қатер бар. Оның бәрі - әдепкі, табиғи жағдай. Мұндай кілтипан тәуелсіздік туын жаңа көтерген біздің ғана емес, кез келген орнықты, қуатты елдің басында болуы ықтимал . Ал біздегі жағдай - мүлде шетін құбылыс. Іргелі орыс пен ежелгі ағылшын түгілі, күні кешеге дейін тағдырлас болған көрші, қандас ағайын өзбек пен қырғыз, түркмен мен әзірбайжанның өзі ұлтсыздық дертінен аулақ. Әлі күнге кіріптар ахуалдан кете алмай отырған татардың кеудесі қандай!  Тек біз ғана... өзімізге-өзіміз жау тауып отырмыз. Ұлтсыздық деген.

Қайталап айтайық, қазақтың жауы - ұлтсыздық! Бүгінде басымызда тұрған бар кесел, ертеңгі тұман мен күмән - түп-түгел осы ұлтсыздық дертінің зардабы.

 

(Жалғасы бар)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385