ДУЛЫҒА АҚМОЛДА - «БАҚЫТСЫЗ» БУЫННЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ
Дулыға Ақмолда. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жастар Одағы сыйлығының иегері. Салты солай болған соң, кішігірім атақтардан бастаймыз. Әйтпесе актердің өз аты брендке айналғалы қашан. Күй өнері дарыған қасиетті топырақтан шыққан Дулыға Ақмолданы шертпе күйдің шебері, қобызшы, сазгер деп те танитындар бар. «Қызжылаған», «Біржан сал», «Сардар» сияқты бірнеше фильмдердегі рөлі, «Жетпіс жеті күн», «Еркектің аты еркек» бағдарламаларының, дубляждағы қызметінің жөні бөлек. Ал оныңшығармашылығының алтын арқауы әрине, театр.
Саналы адамның жанайқайы
Қазақ театрындағы орта буын – ең бір «бақытсыз» буын. Шығармашылық тұрғыдан емес, Құдай сақтасын. Олар арысы Әзірбайжан Мәмбетов, Есмұхан Обаев, Әубәкір Рахимов, берісі Болат Атабаев, Қайрат Сүгірбеков, Нұрқанат Жақыпбай сияқты «мен» деген режиссерлермен жұмыс істеді. Олар қазақ театрының негізін қалаған корифейлердің жұрнағын көрді, солардан тәлім алды. Бірақ «90-жылдықтар» сахнаға театрдың шарықтап тұрған алтын дәуірінде емес, ең бір құлдырап тұрған (шындығында театрдың емес, көрерменнің ықыласы құлдырап тұрған) қиын кезеңінде қадам басты. Күңгірт тартқан сахнаны аш-жалаңаш жүріп жарық етуге тырысты. Және қазіргі күн тұрғысынан қарағанда сол 90-жылдарда театрды таңдаған буын – ерекше құрмет пен ықыласқа лайық. Басқасын айтпағанда, рухани демеуге мұқтаж болса да, олар өнер мұратына адал болды. Сол жылдары әдебиетке қосылған буынды Темірхан Медетбек «алтынкөпірліктер» деп атап, циклді мақалалар жазғаны есімізде. Ал театрдың төңірегіндегілер де жылы сөзге зәру еді ғой. Бірақ олар мейірге қанбады, әлі де шөліркеп жүр. Олардың бағасын бір білсе, ат төбеліндей әріптестері білер. Жалғыз Сығай бәріне қайдан жетсін?..
Міне, сол буынның маңдайға біткен жұлдызы деп Дулыға Ақмолданы атасақ, қателеспейтін шығармыз. Дулыға жайлы айтқанда шын өнер жайлы, биіктік пен тереңдік жайлы айтқың келеді. Дулығаның таланты – шынайылығы, табиғатқа жақындығында. Қарапайым адамдардың арасынан қайнап шыққан хас актер, оның бойына бір-біріне қиыспайтын сан түрлі адамдардың жүріс-тұрыс, сөйлеу мәнері, қимыл-қозғалысы, күйінгені мен сүйінгені, күлгені, жылағаны – бәрі-бәрі сыйып кетіп жатады. Және ең маңыздысы – Дулыға өмір мен өнерді көп әріптестеріне қарағанда тереңірек түсінетін сияқты. Қалай күлу, қалай жылау ғана емес, не үшін күліп, не үшін жылауды біледі. Өмірде өзі бетбе-бет келетін адамдар, мына сіз бен біз, неге солай ызаландық, неге соншалықты сүйсіндік, неге қарқылдап күлдік, кенеттен бұғып, бұйығы бола қалдық, неге адыраңдап, алшаң басып кеттік – ішкі себептерін түйсініп отырады. Сондықтан сахнаға шыққанда өзі де қалай жүріп-тұруды ғана емес, не үшін дәл солай әрекет ету керектігін біледі.
Актерлік өнердің Гоголі
Дулыға Т.Жүженоғлының «Көшкіндегі» (реж. А.Кәкішева) жігітті ойнағанда ескілікпен, қоғамды құрсауда ұстаған үреймен күрестің символын көресіз. Ол өз ұрпағы үшін күрескен әке, ол жарын жанындай жақсы көретін күйеу, өз ұясын қызғыштай қорғайтын отағасы. Ол еңкіш, қорқақ қоғамда дүниеге келген. Оның ауылдастары қатты сөйлесек, әйел босанса, тіпті түшкіріп қалсақ, көшкін астында қаламыз деп ойлайды. Ол да бәлкім соған сенеді. Бірақ өмірге деген, жарқын өмірге деген құштарлық бұл үрейді жеңді.
Дулыға М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде» (реж. О.Кенебаев) Диуананы сомдағанда сіз кейбір «ақылы ауысқан» жандардың «есі түзу» адамдарға қарағанда саналырақ екенін көресіз. «Ай тұтылған түн» күнә туралы шығарма болғанда, Диуана ар мен ұяттың оянуындай әсер етеді. «Құдай жолында» жүрген Дәруіштің нәпсісіне шоқ түсті, өз күнәсінің тұтқынына айналған Таңқабике перзентін оққа байлады. «Күнәһарларды» байлап-матап елден қуған ақсақалдардың да жетісіп тұрғаны шамалы. Ал осы ию-қию дүниеде шындықты көре алатын – жалғыз Диуана. Оның өзінің «есі ауысқан». Шығарма басталмай жатып, ол балапанын құздан құлатқан қыранды айтты. Неге айтты? Өйткені бірдеңені біледі, ауада жайылған вирусты сезеді. Сондықтан да қақсайды келіп, қақсайды. Оны ешкім тыңдамайды. Ал ең соңында Ақжігіт пен Зүбәржат өлім садағына байланды. «Көму парыз өлгенді!» деп зар қаққан Диуана сол көрге өзі де секіріп тынды. Бұл қойылымда Дулығаның әр сөзі санаңызға шегедей қағылып, әр қимылы жан-дүниеңізде сілкініс жасап жатады.
Дулыға «Ромео мен Джульеттадағы» Ромеоны сомдағанда (реж. О.Салимов) оның абзалдығына, ғашықтығына, отты жүрегіне сенетінсіз. Ромеоның жасынан асып кетсе де, оның бойында көрермен көргiсi келетiн жеңiлдiк те, әсершiлдiк те, трагизм де жеткiлiктi болды. Дулыға «Томиристегі» Спаргапсисті ойнағанда (авт. Шахимардан, реж. Т.әл-Тарази) оның жастық шағына, баянсыз ғұмырына аяушылығыңыз туатын. «Қазақтардағы» Мойынсызды ойнағанда (авт. Шахимардан, Қ.Ысқақ, реж. Т.әл-Тарази) адал қызметші бола тұра, рухының азаттығына тәнті болатынсыз. Дулыға «Сұлу мен Суретшідегі» Суретшіні сомдағанда (авт. Т.Ахметжан, реж. Н.Жақыпбай) оның пластикасы мен үн шеберлігіне тәнті боласыз, романтик, нәзік жан-дүниесі қанаты дірілдеп алақаныңызда тұрғандай сезінесіз.
Бірақ Дулығаны Дулыға етіп тұрғаны – ол ар мен бостандық, шындық пен махаббат қана емес, қызғаныш пен пасықтықты ойнағанда да алдына жан салмайды. Дулыға зұлымдықты ойнағанда, сіз зұлымдықтың да қадірін түсіне түсесіз. «Махаббат дастанындағы» Жантықты алыңызшы (авт. Ғ.Мүсірепов, реж. Қ.Сүгірбеков). Қозының ынтықтығы, Баянның іңкәрлігі, Қарабайдың сараңдығы, Қодардың содырлығы да емес, бұл қойылымда Жантықтың есепқойлығы қойылымның қазығына айналды. Бас кейіпкер – сормаңдай болған екі ғашық емес, Дулығаның сомдауындағы Жантық болып шығады. Бұл – сіз бұрыннан білетін Жантық сияқты, бірақ осы спектакльде ғана оның шын мәнінде кім екенін түсінесіз. Расында да солай, Қодар – аңғал батыр ғана. Қарабай қаншалықты сараң болса, соншалықты сенгіш. Олардың бәрін көтеріп, бірді-бірге қосып жүретін сұмырайы – осы Жантық. Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың трагедиясына кінәлілер көп. Бірақ ең алдымен мұндай трагедиялар Жантық сияқтылардың қолымен жасалады екен.
Дәл солай, «Абай» спектаклінде Дулыға Керімді ойнағанда (авт. М.Әуезов, реж. Е.Обаев) оның ішін қарып бара жатқан қызғанышын қолыңызға ұстап көргендей боласыз. Оның Керімі көрермен ықыласы жөнінен басты рөлдегі Абаймен иық тірестіріп тұрады. Керімге қараған, оны бақылаған ерекше қызық. Өйткені басқалар ырду-дырду болып даурығысып жатқанда Дулығаның Керімі өзінше бір өмірді кешіп жатады. Оның күйі – басқа күй. Мыналардың бәрі түсінбейтін, бағаламай қойған, мұны жазықсыз байқамай тастаған ортаға қарсылық күйі.
«Империядағы кештегі» Тойболдыны алыңызшы (авт. С.Асылбекұлы, реж. А.Кәкішева). Қоңырқай ғана пьесаның өн бойына жан кіргізіп тұрған жоқ па? Ең соңғы сахналардың бірінде, екі жаққа да жағынып, екі жақтың да көңілін тауып жүрген Тойболды әбден шаршайды ғой. Профессорды барын салып жамандап жатқанда сол профессор кіріп келеді. Сондағы Дулығаның кейпін көрсеңіз. Ақталарға сөзі таусылған ол «уфф» деп терең күрсінеді ғой. Бір ғана образдан өмірдегі Тойболдыларды көріп, сіз оларды соншалықты аяйсыз және соншалықты жиіркенесіз. Дулығаның талантының құдіреті – ол актерлік өнердің Гоголі іспеттес. Өзің байқай бермейтін құбылысты күлдіріп отырып алдыңа салып, ойландырып тастайды. Сол Гогольдің Хлестаковын ғана емес, Чичиковын да, анау Чеховтың «Шенеуніктің өліміндегі» Червяковы сияқтыларды ойнауы керек сияқтанады.
Дулыға Ақмолда ылғи да тек қана басты рөлдер алып жүр екен деп ойлап қалмаңыз. Керісінше, Дулығанікі көбінде екінші, тіпті үшінші пландағы рөлдер. Есесіне небір геройларды қалпақпен ұрып алатын, есте қалатын образ Дулығанікі болып шығады. Өйткені, ол біледі - кейіпкердің кішкентайы жоқ. Сахнада бір сәтке болса да пайда болатын кейіпкердің өзіне ғана тән задачасы бар. Дулыға сол «задачаны» жақсы түсінетін актер. Кейбір актерлер болады, ең үздік рөлдердің бәрін алады, ең мықты режиссерлермен бірге жұмыс істейді. Бірақ Құдайдың жолын соншама оңдап тұрғанына қарамастан, суреткерлік деңгейге көтеріле алмайды. Олар орындаушы, режиссердің мақсатын жеткізуші ғана. Ал Дулығалар – суреткер.
Жарты күн дайындық - жарқын ойын
Жақында Әуезов театрында премьера болды. Ғарифолла Есімнің «Таңсұлу» драмасы қойылды (реж. А.Кәкішева). Бақсының рөлінде Дулыға Ақмолда ойнады. Әдеттегідей органика, әдеттегідей шынайылық, әдеттегідей кәсібилік... Бірақ Дулығаның бұл рөлді ешқандай дайындықсыз, әріптесін алмастыру үшін ғана шыға салғанын естіп таңғалдық. Жарты күн дайындалып, сахнаға шыға сала сондай рөл сомдау – шын талантты ғана емес, шын мәнінде кәсіби актердің ғана қолынан келетін іс.
Кезінде өзгеше ойлайтын режиссер Қайрат Сүгірбеков Франц Кафканың «Құбылысында» Грегор Замзаны, Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсіндегі» Әзімбайды Дулығаға сеніп тапсырған. А.Сүлейменовтің «Кегінде» бекзада Сарын, «Жетінші палатасында» Рахат, «Қыздай жесір – штат қысқартуында» Дәріс сияқты рөлдері болды (реж.Ә.Рахимов). Тұңғышбай әл-Тарази К. Гоццидің «Турандот ханшаймында» Бригелласын берді. Әттең, біздің буын бұл шығармаларды тамашалай алмай қалдық.
Бұдан өзге Дулыға Шекспирдің «Асауға – тұсауында» Горацио (реж.Ә.Мәмбетов), Гогольдің «Ревизорында» Хлестаков («Пара», реж.Е.Обаев), «Үйленуінде» Кочкарев (реж.В.Захаров), Чеховтың «Шағаласында» Треплев (реж.Б.Атабаев), Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» Ганфельд (реж.Р.Андриасян), М.Әуезовтің «Абайында» Мағауия (реж. Ә.Мәмбетов), «Айман-Шолпанында» Жарас (реж. Е.Обаев), Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Мәмбет (реж.О.Кенебаев), Д.Исабековтың «Жаужүрегінде» Троицкий (реж.Е.Обаев), М.Әуезовтің «Қилы заманында» Фонов (реж.Ә.Рахимов), И.Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?…» спектаклінде Күнту (реж.О.Кенебаев), Т.Әбдіковтың «Ұлы мен ұры» қойылымында Ұры (реж.Е.Обаев, Е.Нұрсұлтан), т.б. рөлдерді сомдап жүр.
Дулыға қай қойылымға қатысса да, жандырып жүреді. Сондықтан ол болмған жерде, сахнаның бір бүйірі олқы тартып тұратындай. Кейбір актерлер жасындай жарқ етеді де, бір биігінің деңгейіне қайтып көтеріле алмай қалады. Кейбірі өмір бойы көзге түспей келіп, әбден шау тартқанда ғана «ашылады». Дулыға «стабильный», тұрақты актер. Оның қай рөлінен де саналы адамның жанайқайы естіліп тұрады. Сезіміңді, ойыңды оята алмайтын таяз актерлер көбейген заманда Дулығаға қарау, Дулығаны бақылау ерекше қызық. Өйткені оның өзі қызық. Не ойлайды? Қалай ойлайды? Мұраты не? Аңсары қайсы? Әттең, әлі де аша алмай жүрген секілдіміз...
Әсия Бағдәулетқызы
Abai.kz