Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Әдебиет 32289 0 пікір 19 Мамыр, 2014 сағат 12:20

«АБАЙ» ЖУРНАЛЫНЫҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ

«Абай» журналын қазақ журналистикасында өз ізін қалдырған басылымдардың бірі деп атауға болады. Оған қарамастан, басылымның шығу тарихы, негізгі бағыты мен концепциясы жайлы іргелі ғылыми зерттеулер сирек кездеседі. «Абай» туралы біраз деректерді қазақ баспасөзін зерттеушілердің ғылыми мақалаларынан табуға болады. Алайда, «Қазақ», «Айқап», «Түркістан уәләяты газеті» сияқты іргелі басылымдарға терең зерттеу жасалып, кітап ретінде басылып шығарса, «Абай» журналына әлі күнге дейін детальді зерттеу жасалмаған.

 

Шығу тарихы

Қоғамдық-саяси және әдеби «Абай» журналын шығару жөніндегі алғашқы ұсыныс қазақ зиялы қауымы арасында 1914 жылы қабыл алынған болатын. Сол жылы ақын қазасының он жылдығына байланысты Семейде өткізілген үлкен жиылыс үстінде журнал жариялау туралы шешім бекітілген. Бірақ, бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы және Ресей тарапынан отарлау саясатының күшеюі сияқты себептерден журналдың алғашқы нөмірінің баспадан шығуы біраз уақытқа дейін кідіріп қалды.

Идеядан алғашқы жарияланған санға дейінгі төрт жыл уақыт ішінде қоғамда орын алған көптеген саяси, әлеуметтік өзгерістер журналдың мазмұны мен ұстанатын бағытына да сәл әсерін тигізді. Егер алғашқы жасалған ұсыныс кезінде журнал Абайды құрметтеп, атын тарих жүзінде нығайтуға, қазақ қоғамындағы жан-жақты тұлғаның шығармашылығын насихаттауға бағытталған болса, бірінші нөмірінен басылымның әлеумет, саясат, экономика сияқты да қоғамдық маңызы зор тақырыптарға назар аударатыны байқалады. Сонымен, «Абай» журналы 1918 жылдың 4 ақпанынан Алаш (қазіргі Жаңасемей) қаласынан шығып тұрады.

Журналдың негізін салушылар әрі шығарушы редакторлар болып Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов қызмет етті. Аймауытов 1914 жылы Семейдегі оқытушылар семинариясына қабылданып, оны 1918 жылы аяқтап шығады. Сол кезден Жүсіпбектің алашордашылармен қарым-қатынасы басталады. Мұхтар Әуезов болса, Ресейдегі саяси төңкерістер әсерінен Семейде «Алаш жастары» одағын құрып, түрлі үйірмелердің ашылуына себепші болады. Дәл сол уақытта Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов танысып, «Абай» журналына дейін, 1917 жылы «Алаш» газетіне бірігіп «Қазақтың өзгеше мінездері» атты мақала дайындайды.

Мақсаты

Журналдың қазақ демократиялық баспасөзі мен Алаш идеясын жақтағанын Тұрар Рысқұловтың деректерінен көруге болады. Рысқұлов 1926 жылғы «Из прошлого казахской интелигенции» мақаласында 1905 жылы Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ зиялы қауымының Ресей отарлық езгісіне қарсы «Қарқаралы» петициясын қабылдап, Ресейдегі ірі саяси күштердің бірі кадет партиясының қазақ бөлімін құрғаны, кейін «Серке», «Айқап», «Қазақ» газет-журналдары арқылы халықты білім мен мәдениетке үндеп, ұлттық ой-сананы оятуға ұмтылғандығы жайында жазады. Бұл мақалада, сонымен қатар:

«...С 1913 г. по 1916г. движение казахской националистической интеллигенции ширится и получает известное оформление путем организации повсеместно разных культурных кружков и т.п. После Февральской революции эта националистическая интеллигенция организуется уже в политическую партию «Алаш», а газета «Казах» становится главным органом этой партии. К этому времени, кроме газеты «Казах», появляются и другие газету и журналы, из которых можно отметить следующие: «Сары-Арка» (Семипалатинск), «Бирлик туы» (Ташкент) – главный орган туркестанского отделения «Алаш-орды», начатый Чокаевым, «Уран» (Астрахань), «Жас азамат» (Петропавловск), «Абай» (Семипалатинск). Все эти газеты и журналы придерживались линии газеты «Казах» и были ее отделениями...

...По примеру кадетов и меньшевиков на страницах казахских газет ведется кампания против передачи власти Советам, восхваляется временное правительство, указывается на необходимость продолжения войны до победного конца...»

деп айтылған («Советская степь» газеті, 1926, 2 маусым, №123).

Тұрар Рысқұловтың бұл мақаласы – оның «Казакстан» атты брошюрасының бірінші бөлімінен алынған үзінді. Мақала жарияланған кезде брошюраның екінші бөлімі басылып жатты, ал бірінші бөлімнің қазақша үлгісі баспаға дайындалып жатқан.

Басылымның Алаш идеясын жақтайтындығының ең анық көрсеткіші – №4 сандағы «Алашқа ашық хат» атты мақала:

«Қуаныш құтты болсын! Журналымыз басылып қойғаннан кейін мынадай қуанышты хабар алып, теңдікке, билікке сусаған алаштың ауылын қуантқалы журналдың тысына осы хабарды асығып басып отырмыз. 20 март күні (ескіше) Мәскеудегі Совет өкіметінің басшысы Ленин мен народный комиссар Сталиннен Бөкейханов, Ғаббасов атына телеграмма келді. Мұндағы Халел, Әлімхан прямой проводпен ауызба-ауыз Ленин мен Сталинге телеграммамен сөйлескендегі алған жауабы мынау:

«Әр халықтың өз билігін өзіне береміз деп шашқан закон-жарлығымыз әлі со қалпында, айтқанымыз - айтқан. Сіздердің өкілдеріңіз бізге әкеліп тапсырған жалпы қазақ съезінің қаулысын түгелімен қабыл аламыз, жалғыз-ақ Совет өкіметін танысаңыздар. Енді біздің билік береміз деген сөзімізді іске асыру керек. Ол жердегі тұрған әкімшілікпен бірігіп съезд шақырып, автономияны жария қылу жолында болатын комиссия жасаңыздар. Қазақ қамқорлары тезінен комиссиясын жасап, автономиясын жария қылуға асығар деп білеміз. Ендігі бір ниет, бір тілектегі адамдармен ақылдасып, байлаған сөздеріңізді білдіріңіз»- деп Ленин, Сталин қол қойған.

Ал, Алаш! Қабағың қатып, көңілің жабығып тұр едің, ілгері басқан аяғың кейін кетуге таянып еді. Бодандық көліне түсіп жоғала жаздап едің... Құдай берді, жарылқады. Ақ түйенің қарны жарылды! Өмірі, қазақ-қазақ болғалы көрмеген қуаныш басыңа келді – көрдің. Кеудесінде жаны бар, денесінде қазақтың қаны бар, жүрегінде алаштың намысы бар, ары бар, алаштың баласы! Көтер басыңды! Қуанышың құтты болсын! Тойың тойға ұлассын! Тіріл, Алаш! Сілкін, Алаш! Қуан, Алаш! Жаса, Алаш!  21 мартта Бөкейханов, Ғаббасов, Ермеков атына Мәскеуден тағы телеграмма алдық: «Халық комиссарларымен сөйлесіп жатырмыз. Алаштың автономиясына қарсылығы жоқ. Бүгін, ертең «Алашордамен» Сталин өзі сөйлеседі»,- депті Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер. Жоғарыдағы өкілдер сабаздар екен» («Абай» журналы, 1918,  №4).

 

Қаржыландыру

 

«Абай» журналының өз меценаты болған. Ол Семей қаласындағы ет және тері өнеркәсібінің негізін қалаушы, Мәскеуден алған бірінші гильдияды көпес құжаты бар аса бай миллионер саналған Қаражан Үкібаев.

Қаражан Үкібаев 1906 жылы Семейге тұңғыш рет 100 нөмірлі телефон станциясын өз қаражатына сатып алып орнатқан. Бұл станцияны қазақ көпесі Американың дарынды инженері, телефонды ойлап тапқан Александр Бэллден кабелімен, телефон аппараттарымен бірге алған болатын.

Ал «Абай» журналына қаржылай көмегі Қаражан Үкібаевтің Мұхтар Әуезовпен кездесуінен бастау алады. Үкібаевтің баласы Бекетғазы Қаражанұлының айтуы бойынша, Әуезовтің көпеске «Мына Жүсіпбекке маған сенгендей сеніңіз. Ол талай сыннан сүрінбей өткен азамат. Өз замандастары алдында өте беделді» деп айтқан сөздерінен кейін Қаражан көпестің «Абай» журналына қаржы беретіндігі келісілген. Бұл жағдай туралы журналист Тоқтарай Қазбалиновтың «Абай» журналын ашуға қаржы берген Қаражан» мақаласында баяндалады («Абай» журналы, 2003, №3).

Қаражан Үкібаевтің «Абай» журналын шығаруға атсалысуы, ең алдымен, 11 мың сомға «Ярдам» баспаханасын сатып алудан басталады.

Журналдың авторлары

«Абай» журналын шығарушылар – Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов – «Екеу» деген лақап атпен қол қойған.

 

Аймауытовтың журнал бетіндегі аса назар аударарлық мақалаларының қатарына «Ұлтты сүю», «Журнал туралы» және «Тәрбиені» жатқызуға болады. «Ұлтты сүюде», мысалы, автор қазақ зиялы қауымын өзін-өзі тәрбиелеуге, қара халықтан қашпай, араласып, оларды алаңдатып жүрген тақырыптарды үнемі сұрастыруға, қоғамдағы өзгерістер жайлы үнемі хабардар болуға үгіттейді.

 

Мұхтар Әуезовтің басылым беттеріндегі ерекше атап өтетін мақаласы – «Ғылым тілі» (научный термин). Әуезов бұл мақаласында жаңа тілге көшу мәселесін қозғап, жаңа жағдайда қай тілге көшу оптималды болатындығын, қай тілге көшу арқылы өркениетке жету жақынырақ болады деген сұрақтарға жауап іздейді.

Журналда шығарушы редакторлардан басқа Шәкәрім Құдайбердиев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Ғұмар Қарашев, Смағұл Садуақасов, Халел Досмұхамедовтардың өлеңдері мен публицистикалық мақалалары жиі жарияланды.

 

Дөнентаевтің «Қазақ әйелдері туралы» мақаласы сол замандағы, сол тарихи кеңістіктегі, сол қоғамдағы әйелге деген көзқарас, оның тәрбиесіне бөлінетін көңіл, әйелдер құқы сияқты прогресшіл демократиялы ойларға толы.

Бұл мақалада автор қазақта қалыптасып кеткен қыз баланы оқытып, оның сауатын аштыру туралы стереотиптерді бұзады, қоғамда орнаған «әйелді оқытудың қажеті жоқ» деген пікірді емес, оларды оқытуға мүмкіндігі бар адамдардың надандығын әйелдердің сауатсыз қалуының нағыз себебі ретінде көрсетеді.

Мәннан Тұрғанбаевтың «Ұлтшылдық» мақаласы қазақ қоғамының ХХ ғасырдың басындағы жағдайын ғана емес, оның болашақтағы дамуына да шолу жасайды. Мақаланың негізгі ойы – гуманизм мен национализм арасындағы пікірталас әрі диалогтың қазақ қоғамына әсері. Автор мақалада гуманизм мен национализмді «кісішілік пен ұлтшылдық» деп атайды. Тұрғанбаевтың мақаласында тек қазақтар ғана емес, бұл сұрақты шешуде компромисске келе жатқан әлемдік қауымдастық туралы да сөз етіледі.

Журналдың ерекшеліктері

Журналдың әр санына ортақ бірнеше ерекшелігі бар. Олардың ең бастысы – тұрақты айдарлардың болуы. Бұл айдарларға «Абай сөзі», «Басқармадан жауап» және «Абайдан соңғы ақындарды» жатқызуға болады. Аттары айтып тұрғандай, біріншісі Абайдың қара сөздерін, екіншісі ресми құжаттарды, ал соңғысы – Абайдан кейінгі поэзия үлгілерін жариялаған.

«Абай» журналындағы жарнама, әрине, қазіргі кездегі бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнамадан әлдеқайда өзгеше болып келеді. Журналдың №8 санынан бастап соңғы беттерде «Жас азамат» және «Қазақ» газеттеріне жазылуға үндеу, газеттің редакциясы мен жазылу бағасы жарияланып отырған. Толық мәтіні мынадай:

«Жас азамат, жетісіне – бір шығады. Жазылу бағасы: бір жылға – 20 сом, алты айға – 11 сом, үш айға – 6 сом, бір нөмірі – 40 тиын. Алушыларға адрысымыз: г. Петропавловск, Акмолинская область, редакция газеты «ЖАС-АЗАМАТ».

Журналдың түгел дерлік санында бүркеншік атпен жарияланған мақалалар кездеседі, кейді тіпті проблемалық жарияланымдар ғана емес, әдеби шығармалардың өзінде псевдоним қолданылған. Басылым беттерінде М. Ә., Екеу, Жас түрік, М. Т., А. Б., Ә., Сары арқа, Е. И., Мұхтар және тағы сол сияқты сияқты лақап аттар кездеседі.

«Абай» журналының алғашқы сандары шамамен 16-21 беттен тұратын. Мұқабасында міндетті түрде журналдың атауы, оның шығу деректері (жылы, күні, нөмір саны), шығарушысы және баспасы көрсетілетін. Сонымен бірге, журнал мұқабасында оның мазмұны жазылатын. Сандағы жиналған мақалалардың аттары екі бағанға тізіліп жазылатын, алайда мақала авторы мен жарияланымның журнал санындағы бет нөмірі көрсетілмейтін. Соған қарамастан, «Абай» журналының бет нөмірлері болған.

Кейде журналдың мұқабасы мен алғашқы бетінің ортасына жедел бет орналастырылатын. Ол беттің де жеке нөмірі болмайтын, тек барлық жазулар үлкен әріптермен, қатты басылып берілетін болған. Бұл, көп жағдайда, басқармадан келетін жауаптар мен хабарландырулар болатын.

Жаңа «Абай» журналы

Алашорда үкіметі құлағаннан соң «Абай» журналы да 1918 жылғы қарашадағы соңғы 11 санынан кейін жабылып қалады. Оның жалғасы ретінде 1992 жылдан бастап жаңа «Абай» шыға бастайды.

Қазіргі «Абай» журналы 68 айдар аясында ақпарат береді, оларды шартты түрде төртке бөліп қарастыруға болады. Бірінші топқа ұлы тұлғалар туралы ақпаратқа, олардың өмірі мен қызметіне шолу жасауға басты көңіл бөлетін айдарларды жинасақ, екіншісінде тарих пен этнографияны зерттеу, сонымен қатар қазіргі қоғамның проблемалық салаларын талқылауға бағытталған, ғылыми еңбектер мен салмақты сараптамаға басымдық беретін айдарлар болмақ.

«Абай» журналының басты бағыттарының бірі әдеби болғандықтан, әдебиет пен өнерді дамытуды мақсат ететін айдарлардың үлесі басылым бетінде ең көп екендігі таң қаларлық емес. Әдебиет пен өнер саласы жайлы хабар таратып, шығармаларды жариялайтын айдарлар тобы – үшінші. Көлемі жағынан ең шағын – небәрі үш айдар – айдарлар тобы дін және философия тақырыбын қозғайды.

Журналда алғашқы «Абайдан» қалған жалғыз мұра - «Абайдан кейінгі ақындар» айдары.

Басылым беттерінде Абайдың 90, 100, 125 және 150 жылдық мерейтойларын атап өту жайлы мақалалар көптеп жарияланды. Жалпылай алғанда, бұл тақырыпта барлығы 252 жарияланым жарық көрді. Абайдың 150 жылдығын тойлау кезінде журнал тойдың «тікелей эфирін» ұйымдастырушылардың бастысы болды. Сол жылдан бастап «Абай» журналы «Республикалық Тәуелсіз фольклорлық-этнографиялық әдеби-көркем журнал» болып атала бастады.

«Абай» журналында кең баяндалған тағы бір ірі оқиға – ЮНЕСКО көлемінде атап өтілген Мұхтар Әуезовтың 100 жылдық мерейтойы.

198 атақты тұлға жөніндегі ақпаратты «Абай» журналының беттеріндегі «Мүшелтой» және «Нобель сыйлығының лауреаттары» айдарларынан табуға болады. Қазақ әдебиетінің үлгілеріне келетін болсақ, «Абай» журналының беттеріне 100-ге жуық туынды жарияланған. Тағы бір көлемді айдар «Естеліктер» деп аталады: Абай туралы журнал беттерінде 20 естелік жарияланса, Шәкәрім Құдайбердіұлы жайында 15 естелік, ал Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев туралы сәйкесінше 12 және 10 естелік жарық көрген.

«Абай» журналында 1992-2000 жылдары шыққан мақалаларының библиографиялық көрсеткішін белгілі тарихшы Амантай Исин құрастырған болатын. Аталған мақалалар тізімі менің зерттеу жұмысыма үлкен септігін тигізді. Библиографиялық көрсеткіштегі мақалаларға сараптамалық контент-анализ жасау кезінде басылымның бағыты әдеби-көркем бағыттан фольклорлық-этнографиялық бағытқа қарай ығысуы байқалды.

1992-2000 жылдары жарияланған материалдардың жартысынан астамы әдеби сын, зерттеу, этнографиялық, фольклорлық мақалалар, естеліктер және талдамалы материалдар болып шықты. Басылым беттерінде 2001-2011 жылдары шыққан мақалалар арасынан да саяси емес, тарихи, зерттеу және талдамалы мақалалардың басымдығы байқалады.

Жаңа «Абайда» маған аса ұнайтыны – шет тіліндегі шығармалар мен ғылыми мақалалар түпнұсқаларын және қазақ туындыларының аудармаларын жариялауы.

P.S.

Зерттеу барысы қиындықсыз өтпеді, алайда бұл мен үшін жұмыстың құндылығын одан әрі арттырып жіберді.

Біріншіден, «Абай» журналының 1918 жылғы сандары Алматыдағы Ұлттық кітапхананың Сирек кітаптар қорында. Университеттен кітапханаға жіберілген хатта менің тегім қате жазылып кетсе де, Қорда жұмыс жасауға мүмкіндік алдым.

Екінші барьер мен үшін күтпеген жерден шыға келді – «Абай» журналы төте жазумен таралған. Бұл туралы ойдың маған келмегендігі және менің төте жазуды танымайтындығымның нәтижесінде жазбаларды «кәдімгі қазақшаға» аударуым да біраз уақыт алды.

Өз пікіріммен бөлісетін болсам, екі «Абай» журналының арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Алғашқы журнал қоғамдағы саяси оқиғаның тек айнасы ғана емес, сонымен бірге, қозғаушы күші ретінде зор рөлге ие болды. Ал тәуелсіз Қазақстандағы «Абай», өкінішке қарай, тарихшы ғалымдар мен әдебиет зерттеушілерінің кәсіби басылымына ұқсап барады.

Зерттеу жұмысының авторы: Айжан Байтанова

«Екпін» мәдени-танымдық журалы

http://yvision.kz/ekpin/

0 пікір