ҚАСҚА-ҚАСҚЫР-ҚАСҚАЕР...
Қасқа және Қасқыр (жігітті ұлықтағанда «Ой, қасқа, ер екен ғой!» (қасқа+ер) деп бөріге теңеу – Б.Ж.) сөзінің этимологиялары ортақ. Батыс жағындағы Кіші жүз қазақтары бір-біріне немесе әлденеге деген таңқалысын білдіргенде «О, қасқа!» дейді. Қазақта «Қасқалар мен жайсаңдар» деген ұлықтаудың түрі бар. Төрт түліктің маңдай таңбасын қасқа (қасқа төбел, құла қасқа, сары қасқа, қара қасқа, т.б.) дейміз.
Сырдағы Кішкене әулетінің Ашабай руынан шыққан сал-серілік (Адайда Сәйкілер мен Қайқылар сияқты) категорияға жататын Қабыл бастаған «Сегіз Қасқа» жайлы кезінде жазған болатынбыз. Бастарыңызды қатырып қайтейін, айта берсең осы Қасқа сөзінің төңірегінде тылсымға толы мәселе көп. Соның бірі – қазақтың қонаққа тартатын қойдың басын қасқалап беруінде не мағына бар?
Қызылорда облысы, Қазалы ауданынан 30 шақырымдай жерде Өркендеу деген елді мекен жатыр. Бұл – Оғыз мәдениетінің ошағы, байырғы Жанкент қаласының орны. Осыдан бірнеше жыл бұрын сол жерде қазба жұмысы жүргізілді. Мына екі басты қошқардың мүсіні сол кезде табылған ғажайып туынды. Қызылорда облыстық өлкетану мұражайына тиесілі мүлік неге екені белгісіз, бұл күнде Қорқыт Ата атындағы университеттің археология залында тұр.
Қошқар мүсіні ошақтың маңдайшасынан табылған. Оғыздар от пен ошақты қатты қадірлеген. Қазақтардың әлі күнге дейін отты қадір тұтып, келін түскенде отқа май құюының себебі әріде. Жаңа түскен келіннің беташар тойына ақ қошқар соятынымыз – сондықтан! Қазіргілер тарттырылған ісек пен теке сойып жүр... Дәл осындай заттық айғақ бүгінгі Анадолы түріктерінде кәуап пісіретін маңғал (мангал) ретінде сақталған. Ал, бізде осы асыл мүлік өзінің ілкідегі қасиетті мағынасын кіреукелеп осы уақытқа дейін жер астында жатты. Алайда, арада қанша ғасыр өтсе де ұлт санасы қонаққа сойылатын қойдың басын қасқалап беретін ескі ырымды ұмытқан жоқ.
Осы архелогиялық қазба кезінде табылған қошқардың төбесіндегі ромб яғни бармақ басындай төрт бұрышты қиықшаның үстінде қараша үйдің шаңырағы тәрізденген крест-қасқа яғни Күннің белгісі бар. Қойдың басын қонаққа тартқанда міндетті түрде қасқалап беретіндігіміздің заттық айғағы Оғыз мәдениетінен қалған белгі! Құрметті қонағына «Күнің сөнбесін!» деп үнсіз ғана тілек айтатын біздің шалдар қандай дәрежеде данышпан болған десеңізші...
Бабаларымыздың ескі ырым-салттарына байланысты қандай да бір асығыс байлам жасауға асықпайық!
Берік ЖҮСІПОВ, фольклортанушы.
Суреттер Берік Жүсіповтің жеке мұрағатынан. 2009 жыл, маусым. Жанкенттен табылған «Екі басты Қошқар» мүсіні.
Abai.kz