АРТТА ҚАЛҒАН АЙМАҚТАР: ЖАМБЫЛ, ҚОСТАНАЙ...
Облыс, қала және облыс орталықтары әкімдіктерінің жұмыс сапасын бағалаған Рейтинг
Ағымдағы жылдың сәуір айында «Рейтинг.kz» Зерттеу агенттігі облыс және республикалық маңызы бар қалалар әкімшіліктерінің 2014 жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыс сапасына қатысты объективті баға беру үшін сарапшылар арасында сауалнама жүргізді. Сауалнамаға бизнес қауымдастығының, үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының жоғары тәжірибелі 40 сарапшылары қатысты.
Әкімшіліктердің жұмыс сапасын бағалау үшін 11 негізгі өлшемдерінің маңыздылығы есепке алынды. Ал әрбір әкімшіліктердің жұмысы 7 балдық жүйемен («1» - ең төмен, «7» -ең жоғары) бағаланды.
Зерттеу нәтижелері орташа балдарды анықтау арқылы SPSS бағдарламасымен есептелді. Жалпы рейтингті есептеу үшін зерттеу нәтижелеріне арифметикалық амалдар («салмақтарды» есепке ала отырып, қосу мен орташа арифметикалық балдарды шығару арқылы) қолданылды.
Зерттеу нәтижесі бойынша маңыздылығы бойынша өлшемдер деңгейі төмендегі кестеде анықталды:
Бұдан бұрынғы көрсеткіштерге қарағанда әкімдердің жұмысын бағалау талаптары мен ережелері аса өзгере қойған жоқ. Өңір басшыларының жұмысын бағалайтын мамандар бәз баяғыдай бірінші кезекте, облыстағы саяси һәм әлеуметтік тұрақтылықты және экономикалық дамуды әкімдер жұмысының негізгі көрсеткіші ретінде бағалайды.
Аталмыш өлшемдерге сай сарапшылар 2014 жылдың бірінші тоқсанында әкімшіліктердің атқарған жұмысы сапасын былай бағалады:
Сонымен, сарапшылардың бағалары бойынша көшбасшылар бестігіне мынадай әкімшіліктер енді:
- Астана қаласы (Иманғали Тасмағамбетов) – 4,10 балл.
- Шығыс Қазақстан облысы (Бердібек Сапарбаев) – 4,02 балл.
- Қызылорда облысы (Қырымбек Көшербаев) – 4,01 балл.
- Алматы қаласы (Ахметжан Есімов) – 3,97 балл.
- Павлодар облысы (Қанат Бозымбаев) – 3,80 балла.
2014 жылдың алғашқы тоқсанындағы атқарылған жұмыстың қорытындысы бойынша Астана қаласының әкімдігі бірінші орынға шықты. Бұған бірінші кезекте, «аймақтың экономикалық дамуындағы ілгерілеу» және «аймақтық әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру» көрсеткіштері бойынша қол жеткізілді. Бүгінгі таңда Елорда инвестициялық және құрылыс саласындағы дүмпуді бастан кешіп отыр. Анықтап айтсақ, қазіргі қарқын дағдарыстан бұрынғы 2006-2007 жылдағы дамуға сай келеді. Бүгінгі таңда тұтас қала құрылыс алаңына айналған және бұл қарқынның әлі де үдей түсері анық.
Ал әкімдіктің жұмыс көрсеткішіне 2014 жылдың алғашқы ширегіндегі экономикалық қиындықтар әсер ете қойған жоқ. Дегенмен, елордалықтарды қалалық қызмет көрсету құрылымдарының көктемгі сел мен су тасуға дайын болмағаны қынжылтты. Соның кесірінен бірқатар үйлер су астында қалып, ал мұның арты наразылық акциясына ұласты. Атап айтар болсақ, қалалық қауым біраз уақытқа дейін Есіл өзеніндегі көпірді бөгеп тастады. Мамандар өз кезегінде бас қаладағы шешімін таппай отырған бірқатар мәселелерге, оның ішінде – үлескерлер мәселесіне назар аударды. Айта кетелік, «Махаббат» тұрғын үй кешенінің тұрғындары заңсыз наразылық акциясын ұйымдастырғаны үшін күштік құрылымдардың тарапынан қатты қысымға ұшыраған болатын. Ал бұл жағдай артынша бірқатар ақпарат құралдарында жарияланып, соның нәтижесінде әкімшіліктің беделіне нұқсан келгені жасырын емес. Кейіннен тағы бір жараның аузы ашылды. Көптеген қала жолдары сапасыз жасалғандықтан, көктем шыға қала жолының көпшілігі тоз-тозы шығып, әрлі-берлі қатынасты қиындатып жіберді. Елордалықтар мұны бірінші кезекте, бақылаудың жоқтығынан көрді. Сайып келгенде бұдан қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов тиісті қорытынды шығаруы керек және бұл өз кезегінде қалалық әкімшілікке де сабақ болуы тиіс. Сонымен қатар Елбасының аталған мәселелерге қатысты сәуір айындағы сыны да мамандардың қаперінен қалыс қалған жоқ.
Бұдан бұрын рейтингтің төбе басында болған Шығыс-Қазақстан облысы бұл жолы екінші орынға түсіп қалды. Бұл ретте әкімшілік жұмысына тағылған негізгі айып – «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Артемьевск кен орындағы еңбек жанжалы. Аталған мәселеге облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтің өзі араласқаннан кейін барып нүкте қойылған болатын. Тиісінше, бұдан ұйымдастырушылық және кадрлық шешім шығарылуы тиіс – әкім мұндай әрекеттерге мәселе аса ушыққан жағдайда ғана араласуы қажет. Мұндай әлеуметтік мәселелерге әкімшілік қызметкерлерінің дер кезінде назар аударып, құлақ түруін қамтамасыз ету керек. Яғни, мұндай мәселелерді шарықтау шегіне жеткізбей шешкен жөн. Ал аталған еңбек дауын дау-дамайсыз реттегені әкімнің кәсіби қырларын айшықтайды, сонымен бірге бұл мәселе аймақтағы еңбек дауларын реттеудегі мониторинг жүйесінің әлсіздігін айғақтап тұр.
Ал үшінші орынды Қызылорда облысы мықтап ұстап тұр. Қырымбек Көшербаевтың командасы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сақтай білді. Сонымен қатар, әкімшілік «Қорқыт ата» әуежайын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарын жалғастыру үстінде, алдағы уақытта бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандар іске қосылатын болады. Өңір транспорттық дәлізде жатқандықтан шағын бизнесті дамытуда да ілгерімді істер атқарылып жатыр. Дегенмен, әкімшіліктің беделіне нұқсан келтіре жаздаған жағдайлар да болды, алайда маусымдағы сел мен су тасқынының аумағы мен қуаты солтүстік өңірлерге қарағанда әлдеқайда әлсіз болды.
Төртінші орынды Алматы қаласының әкімшілігі түйіндеді. Қаланың инфрақұрылымындағы бірқатар мәселелер әлі де болса шешімін таппағанына қарамастан (экология, көлік инфрақұрылымы және т.б), әкімшілік биылғы жылдың алғашқы тоқсанында көңілге қонарлық нәтижелерге қол жеткізді:
- Қаланың аумағы 23 мың гектарға ұлғайды;
- Әкімшілік күштік құрылымдармен бірлесе отырып девальвациядан кейін наразылық акцияларын ұйымдастырмақ болған радикалды оппозициялық топтардың жолын бөгеді. Соның нәтижесінде қаладағы тәртіпті рационалды бақылауға алды. Негізінде девальвациядан кейінгі халықтың ашу-ызасы дәл осы Алматы қаласында ерекше булығып тұрған болатын;
- Бүкіл қысқы маусымда тұрғындар тарапынан қалалық коммуналдық қызметтің жұмысына қатысты арыз-шағым жылдағыдан қарағанда аз болды, ал жылу маусымы аяқталғаннан кейін коммуналды қызмет мамандары апатты инфрақұрылымдарды жөндеуге кірісіп кетті;
- Әкімшілік «Жетісу» таушаңғысы курорттық кешенінің жобасын талқылауда ашықтық танытты.
Сайып келгенде, мұның барлығы қала әкімі Ахметжан Есімовтың позициясын бекіте түсті. Бұл өз кезегінде Алматы әкімшілігі мен Ақорданың арасында айтарлықтай түсіністік барын көрсетеді. Соңғы айларда әкімшілік азаматтардың алдындағы ашықтық принципін берік ұстануда, аса өзекті мәселелерді бірге талқылауға дайын екендігін айтуда. Алайда, өзге өңірлер де өз көрсеткішін жақсарту үстінде. Егер Есімовтың командасы қазіргі қарқынан айырылып қалар болса, оны өзге бәселекестері басып озуы ғажап емес.
Соның бірі – Павлодар облысы. Кереку өңірі биылғы жылдың алғашқы ширегінде қарқынды даму көрсеткішін көрсетіп 13-ші орыннан 5-ші орынға бір-ақ шықты. Ерлан Арынның сотталып, оның орнына Қанат Бозымбаевтың келуі әкімшілік жұмысының тамырына қан жүгіртті. Атап айтар болсақ, әкімшіліктің шешім қабылдау қарқыны өсті, өңірдегі түрлі мәселелерге құлақ түріп, ақпараттану деңгейі кеңіді. Сонымен қатар, жаңа әкім ENRC корпорациясымен келісімге келіп, сол арқылы компанияның өңірдегі әлеуметтік жауапкершілігін арттыра алды. Дегенмен де, облысты сауықтыру жұмыстары енді-енді басталып келеді. Облыстық әкімшіліктің алдында шешімін табуға тиісті бірқаншама мәселе бар. Атап айтар болсақ, қазіргі күні өңірде, оның ішінде аудандарда әкімшілік ісіне қажетті білікті кадрлар тапшы, сонымен бірге Кереку шекаралық аймақ ретінде Кеден Одағы аясындағы әріптестік байланысты да арттыруға күш салуы қажет.
Аймақтық әкімшіліктердің орта тобын келесі облыстар құрады:
- Маңғыстау облысы (Алик Айдарбаев) – 3,78 балл.
- Атырау облысы (Бақтықожа Ізмұхамбетов) – 3,76 балл.
- Оңтүстік Қазақстан облысы (Асқар Мырзахметов) – 3,75 балл.
- Қарағанды облысы (Бауыржан Әбдішев) – 3,56 балл.
- Алматы облысы (Аңсар Мұсаханов) – 3,55 балл.
- Батыс Қазақстан облысы (Нұрлан Ноғаев) – 3,46 балл.
Ал Маңғыстау облыстық әкімдігі алтыншы орынға жайғасты. Дегенмен әкімшіліктің беделіне нұқсан келтірген бірқатар мәселелердің туындағаны да өтірік емес, ол:
* «Techno Trading» ЖШС-ындағы жұмысшылар наразылығы;
- Мұнай-газ компанияларынан жұмыс тауып беруді талап еткен Жетібай ауылы тұрғындарының митингі.
Дегенмен, әкімдік бұл мәселелерге дер кезінде араласа білді. Бұған әкім Алик Айдарбаевтың араласуы өңір басшының рейтингінің жоғарылауына әсер етті. Дегенмен де, мұндай мәселелердің неден және не себепті туындағанына алдыңғы кезекте назар аударған жөн. Әкімдіктің тарапынан атқарылған көңілге қонымды істер де аз емес. Атап айтқанда, Жаңаөзен оқиғасынан жапа шеккендерге арналған әлеуметтік психологиялық бағдарламалар жүзеге асырылды. Ал биылғы жылдың ақпан айында алғаш рет облыс әкімі облыс жұртшылығымен онлайн сұхбат өткізді.
Атырау облыстық әкімшілігі рейтингтегі көрсеткіштерін жақсарта алмады. Облыс Бергей Рысқалиев жетекшілік еткен қылмыстық топтың ойран-асыр еткен былықты жинастыра алмай жатыр. Сонымен бірге, 2014 жылдың алғашқы тоқсанында «Теңізшевройл» мердігер компаниясы жұмысшыларының көтерілісі әкімдіктің беделіне айтарлықтай нұқсан тигізіп кетті. Бұдан сырт, облыстың дамуына тың серпін береді, нақты айтқанда жаңа жұмыс орындарын ашуға септеседі деген Қашаған жобасынан мұнай өндіру жұмыстары да әзір тұйыққа тіреліп тұр.
Соған қарамай, әкімдік өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, бірқатар жобадан босаған жұмыс күшін басқа жобаларға ауыстырып, жұмысқа орналастыруда әжептәуір ауқымды іс атқарып жатыр.
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі де соңғы уақыттары өз көрсеткіштерін жақсарта алмады. 2014 жылдың алғашқы тоқсанында мамандар өңірді «коррупциялық дау-дамайда көш басында келе жатқан аймақ» ретінде бағалады. Әйтсе де, егер нақты дәйек тұрғысынан алсақ, бұл көрсеткіш бойынша ОҚО (-4,12) мен Кереку өңірінің (-4,07) арасы соншалықты алшақ жатқан жоқ.
Биылғы жылдың алғашқы ширегінде бірқатар әлеуметтік толқулар болды:
- Жылу маусымы кезінде тұтынушыларға газ беру жұмысында ақаулар тіркелді;
- Өңір азаматтары тұрғын үй құрылысын жүргізуге рұқсат берілген жер телімдеріне акті беруді сұрап, облыстық әкімдіктің ғимаратын қоршап алды.
Дегенмен, әкімнің командасы тез арада түйінін тарқатқан мәселелер де жоқ емес. Бірақ мұндай мәселелердің пайда болуының өзі әкімдік жұмысындағы кемшіліктердің бар екенін көрсетеді, әйтпеген жағдайда бұл мәселелерді ұшықпай тұрып-ақ шешуге болар еді. Жалпы, болашақта (Президент тапсырмасына сай) Шымкент агломерациясы құрылатынын ескерсек, алдағы уақытта әкімдік жұмыс істеу принципін толықтай өзгертуге және сол арқылы халыққа қызмет көрсетуді жаңа деңгейге көтеруге тиісті.
«Қарағанды облысы әкімдігінің рейтингі не себепті төмендеді?» десеңіздер, бұл бірінші кезекте Көкпекті ауылында орын алған (су қоймасының жарылуы салдарынан) қайғылы оқиғамен тікелей байланысты. Бұдан сырт биылғы жылдың алғашқы ширегінде өңірде бірқатар еңбек дауы туындап, оның арты әлеуметтік наразылыққа ұласты:
- Алдымен қоғамдық көліктегі жол жүру бағасының өсуіне наразылық танытқан жергілікті тұрғындар митинг ұйымдастырды;
- Қарағандыдағы автобус жүргізушілері бас көтерді;
- «KZ ELTO» ЖШС-ның жұмысшылары наразылық акциясына шықты.
Әлі күнге дейін өңірдегі көптеген моноқалалардың болашағы бұлыңғыр және шешімін таппаған күйінде қалып келеді. Әкімдік тарапынан кейбір өндіріс орындарының профилдік қызметін ауыстыру бойынша бірқатар бағдарламалар жасалғанымен, ұзақмерзімді жобалар болғандықтан олардың қаншалықты нәтиже берері белгісіз. Өңірдегі әлеуметтік ахуалға әлемдік нарықтағы қара және түсті металлға деген сұраныстың төмендеуі де кері әсер етіп отыр. Қарағанды облысының негізгі «қантамырлары» саналатын – «Қазақмыс» және «АрселорМиттал Теміртау» корпорациялары шығынды азайтуды жұмыс күшін қысқарту есебінен жүзеге асырып отырған жайы бар.
Алматы облыстық әкімдігі бұл рейтингіде бір сатыға төмендеді. Себебі, өңірдің әлеуметтік ахуалына маусымдық жағдайлар әсер етті. Атап айтқанда, қысқы уақытта ауыл шаруашылығынан экономикалық өсімді күту, болмаса құрылыс және жол-инфрақұрылымы жобаларын жүзеге асыру мүмкін емес. Бұдан сырт «Қорғас» шекаралық сауда орталығын дамытудың қарқыны да әзір баяулап тұр. Ал өңірдің өзі дамудың жаңа көздеріне мұхтаж, тың күш, тың серпін өңірді өзге аймақтардың қалқасынан шығарар еді. Әзіргі күні аймақ «Алматының қала маңы территориясы» деген атауға ғана ие. Айтпақшы, бұған Алматының аумағын 23 мың гектарға кеңейтуге рұқсат берге Ақорданың әрекеті анық дәлел бола алады. Байқауымызша, Ақорда аталған аумақты қала қарамағына беру арқылы «осыншама территорияны облысқа қарағанда қалалық әкімдік жақсы дамытады» дегенге меңзеп отыр. Бұл арада Алматы агломерациясы стратегиялық бағдарламасын дамыту мүмкіндіктері де қаперге алынғанын ескеру қажет.
Батыс Қазақстан облысының әкімдігі бұл жолы көш соңында келе жатқандардың арасынан суырылып шығып, өз көрсеткіштерін әжептәуір жақсарта алды. Дегенмен, бұл уақыт аралығында өңірдегі ахуалдың ауыр болғаны айта кету керекпіз. Атап айтсақ, танымал кәсіпкер қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапты, бір емес бақандай бес ауылдың әкіміне бюджеттік қаржыны талан-таражға салды деген айып тағылды.
Әйтсе де, аталған ауыр ахуалдың жүгін жеңілдеткен бірқатар бастамалар жасалмады емес, жасалды: әкімдік командасы өзгеріп, құрамына білікті жастар қабылданды, кәсіпкерді өлтіргендер көп ұзамай қолға түсті, өңір көктемгі су тасқынынан туындайтын төтенше жағдайдың алдын ала білді. Осының нәтижесінде Батыс Қазақстан облысының әкімдігі көш соңындағылардың қатарынан озып шығып, рейтингтің орта тұсына жайғасты.
Енді, әкімшіліктердің аутсайдерлер тобын келесі аймақтар құрады:
- Жамбыл облысы (Кәрім Көкрекбаев) – 3,41 балл.
- Қостанай облысы (Нұралы Сәдуақасов) – 3,39 балл.
- Ақмола облысы (Қосман Айтмұхаметов) – 3,38.
- Актөбе облысы (Архимед Мұхамбетов) – 3,38 балл.
- Солтүстік Қазақстан облысы (Самат Ескендіров) – 3,37 балл.
Ал аутсайдерлер қатарындағы алғашқы тізімді Жамбыл облысының әкімдігі ашып отыр. Иә, әкім ауысқаннан кейін, әкімдік жұмысын бұрынғы қалпына келтіру оңай емес. Бұған біршама уақыт керек. Бұдан сырт әкімдіктің алдында уақыт оздырмай шешуді қажет ететін өткір әлеуметтік мәселелер бар, бұл: өзін өзі қамтығандардың үлес салмағының жоғары болуы, әлеуметтік инфрақұрылымның дамымағаны және соған сай білікті жұмыс күшінің аздығы.
Әкімдіктің өндіріс саласындағы жетістігі – «Самрұқ Қазына» әл ауқат қорымен келісімшарт жасасып, Жамбыл облысында химиялық кластердің құрылуына қол жеткізді.
Сонымен қатар Қостанай облысы да бұл рейтингте бір саты төмендеді. Өңірдегі ең өткір проблеманың бірі – коммуналды қызмет, оның ішінде коммуналды инфрақұрылымның әбден ескергені міне, бірнеше жыл бойы айтылып келе жатыр. Сонымен қатар Үдемелі индустриалды инновациялық бағдарламасының аясындағы аймақтың жобалардың орындалуы да баяу, бұл әсіресе көктемгі маусымда агрокешені мықты саналатын өңірде ерекше байқалып отыр. Ал әкімдік шекаралық әріптестіктің бар мүмкіндіктерін әлі күнге дейін толық пайдалана алмай отырған жайы бар.
Ақмола облысы әкімдігінің рейтингі де айтарлықтай төмендеп кетті. Бұған негізгі үш себеп бар:
- өңір ауыр шаруашылығы саласында маусымдық факторға басыбайлы тәуелді;
- Степногорскідегі кен орнында орын алған жарылыс;
- Облыс әкіміне қарша бораған ақпараттық сын.
Өңірдің аграрлық саланың тек бір түріне ғана икемделген жағдайында, әкімдік аймақтық экономиканы диверсификациялауға күш салуы қажет, атап айтқанда: туристік кластер, транспорттық ағымдарға (негізінен Астанаға бағыт алатын) қызмет көрсету жәке құрылыс саласына қолдау таныту. Дәл мұндай секіріс жасауы үшін жергілікті билік ең бірінші өңірдегі шағын және орта бизнеске деген көзқарасын дұрыстауы қажет, яғни шағын бизнесті ынталандыратын шараларды қолға алғаны жөн. Оған қоса, аймақ Астана факторын да жоққа шығара алмайды – әзіргі күні Елорда өзінің демографиялық әлеуеті жағынан облыспен теңесіп қалды. Біз бұл арада нені меңзеп отырмыз? Бұл – Астанадағы халық санының көбейгені, бас қаланың аймақтық өндірушілер үшін салмақты нарыққа айналып келе жатқандығын көрсетеді. Яғни, тауар өндірушілер ауыл шаруашылығы өнімдерінен бастап құрылыс материалдарына дейінгі қажетті дүниені Елордаға тасымалдай алады.
Ал Ақтөбе облысының әкімдігі аталған рейтингтегі көш соңында келе жатқан өңірлердің санатынан шыға алмай-ақ қойды. Облыстың экономиканың барлық секторында өзіндік әлеуеті бар екеніне қарамай, қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалана алмай және оны жоғары деңгейде жүзеге асыра алмай отыр.
Бұған қоса, облыста жүзеге асырылып жатқан жобалардың ерекшелігіне де назар аудармасқа болмайды. Олардың көпшілігі ірі өнеркәсіптік өндіріске жатады. Ал мұндай жобаларды іске қосуға кем дегенде 3-5 жыл уақыт қажет және оларға салынатын қаржы мөлшері де қомақты, ал шығынның орнын толтыру тағы біраз уақыт алады. Тиісінше, әкімдік макрожобалар мен шағын және орта бизнесті қолдауда өзіндік тепе-теңдік табуы қажет.
Ақтөбе қаласының аясында агломерация құрылатынын, бұл өз кезегінде, бүтіндей батыс өңірді дамытуға серпін беретін локомотив боларын ескерсек, облыстық әкімдік те жұмыс істеу стилін соған сай толықтай өзгертуі қажет.
Ал Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі тағы да соңғы орында қалды. Маусымдық жұмыстар тұсында мамандар өңірдегі аймақтық жобалар қаншалықты жүзеге асырылып жатыр деген мәселелерге назар аударды. Бұл, индустриализация картасы, тұрғын үй құрылыс бағдарламасы, облыстың транзиттік әлеуеті, шекаралық әріптестіктің дамуы.
Айталық, алғашқы тоқсанда тұрғын үй –коммуналдық саласын дамыту ісінен ши шықты: мердігерлермен «ауыз жаласқан» коррупциялық жағдайлар тіркелді, мемлекеттің мұхтажына қажетті деп табылған жер телімдері үшін төленген өтемақыға көңілдері толмаған Қызылжар тұрғындар наразылық акциясына шықты.
Аймақтың дамуы мүмкіндігі шектеулі екендігін ескере отырып, өңір әкімдігі шағын кәсіпкерлікті дамыту мәселесін қайта қарап, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуі қажет, бұдан сырт әлеуметтік қақтығыстардың алдын-ала білуді және соған дер кезінде назар аударды үйренгені жөн.
Рейтинг.kz зерттеу агенттігі
Abai.kz