Жұма, 27 Желтоқсан 2024
46 - сөз 14005 1 пікір 12 Мамыр, 2014 сағат 12:19

«СОҢҒЫ АЯЛДАМА» және АҚСУАТ

80-ші жылдардың ортасында «Қазақфильмнің» кеңестік кино әлемін дүр сілкіндірген туындысы «Соңғы аялдама» («Қиянда» деп те атайды) әп-сәтте көрерменін бірден баурап алғанымен, қылышынан қан тамған қызыл империяның кино сыншыларының назарына қатты ілігіп, тіпті, олардың туындыны өндірістен алып тастауға дейін барғанын білеміз. Орталық комитеттегілердің қаһарына мінгені соншалықты, талай басшы сөгістен көз ашпапты. Өйткені, картинада қияндағы ауылдың өркениеттен мақұрым қалуының шынайы суреттелгені жоғарыдағылардың шымбайына қатты батса керек.

Қазақ киносына жаңа леп әкелген туынды

Осы тұста орталықтың арнайы қаулысы қабылданып, артта қалған 30 ауданның қатарына жатқызылған Ақсуат ауылының расында да ілім-білімі болғанымен, өркениеті мүлде төмен еді. Аталмыш картина – режиссер Серік Апырымовтың алғашқы туындысы. Оның ауыл тұрмысын боямасыз, қаз-қалпында жеткізуі және соған себеп болған мына екі фактор оның шығармасын әлемдік аренаға бірақ шығарды.
Мәскеу кинематография институтының түлегі Серік осы ауылдың тумасы болатын. Бастауыш мектептен соң үлкен шаһардан білім алған ол туған жерінің мешеу қалған тіршілігін, ойында қатталған бала күнгі ащы запыранды осы туындысы арқылы шығарса керек-ті. Екінші фактор – жаңа ғана оқу бітіріп келген жас маман қазақ кино индустриясына осы туындысы арқылы соны леп әкелді, өйткені, фильмнің басты кейіпкерлері – толығымен ауылдың қарапайым тұрғындары, кешегі өзі көрген ағалары мен әпкелері. Фильмнің шынайы, анайы тұстарының боямасыз һәм нанымды шығуы онда ойнаған аға-әпкелердің өз образдарын өздері сомдауынан еді. Режиссердің тырнақалды туындысындағы бұл үрдіс те қазақ киносындағы жаңа леп.
Фильмнің көрермен көзайымына айналғанына ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті. Ол уақыт өткен сайын тарих қойнауына ене бастаса, сол тарихтың куәсі болған, ауылдастары мақтан тұтып, аттарын аңыз ғып айтып жүретін фильм кейіпкерлерінің қарасы бүгінде андыздап қалған, қайсыбірі өмірден озыпты.
Осы өңірге келісімен менде фильм кейіпкерлерін көрсем деген мақсат болды. Бұл картинаға түскен ақсуаттық геройлардың арасында аға буын өкілдерінің соңғысы ғана аман-есен жүргенін естідім. Кейіпкерімнің аман-саулығын сұрап, табанымнан таусылып, талай мәрте бардым. Ол болса, жоқты сылтауратып, шығарып салумен болды. Өстіп жүргенде жыл да аяқталып қалған болатын. Қарашаның қақаған қара суығында оның ауыл шетіндегі үйіне жаяу-жалпылап тағы келдім. Есік алдында тұр екен, бетіме ұзақ қарап: «сен де бір болмайды екенсің» деді. Ішім жылып сала берді, сөйтіп, дастарқан басында ұзақ әңгімелестік.

Фильмдегі образдарды тек ауыл тұрғындары сомдапты

Бұл фильмде басты кейіпкер – тергеушінің рөлін сомдаған Әсембек Рахымжанов болатын. Семейдің мұғалімдер институтының денешынықтыру факультетін бітірген ағамыз біраз жылдар мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, кейін арнайы шақыртумен аудандық ішкі істер бөлімінде жасөспірімдер ісі бойынша аға инспектор болып қызмет істеген. Міне, Әсекеңнің тергеушінің рөлін сомдауы тегіннен-тегін болмады.
- Сәуір айының ортасы болуы керек, «ауылға киногерлер келіпті» дегенді естігем. Ішкі істер бөлімінің қасындағы жатаған қонақ үйдің алдында тұрған Серік Апырымовты және бірнеше бөтен адамды көзім шалды. Серік мені бірден танып, үстімдегі формама қарап, «аға киноға түсіңіз» деп аман- саулықсыз бірден қолқа салды. Мен де «түссек, түсейік дедім» - деп еске алады Әсекең.
Аудандық мәдениет үйінде киноға түсуге дәмесі бардың барлығы жиналып, бақтарын сынапты. Әсембек ағамыздың айтысына қарағанда, ол фильмнің сәтті шығарын бірден байқаған екен. Ауыл азаматтарын таңдау сәтінде-ақ ол қоғамдағы қордаланып қалған, түйткілі көп нәрсенің ашық, айқын айтылатынын, бітеу жараның ашылатынын сезген, білген.
«Қиянда» фильміндегі рөлдерді сомдаған ауыл азаматтарының бірден режиссердің ықпалында болуы күнделікті күйкі тіршіліктегі өз рөлдерін өздері сомдауынан еді. Ақсуатқа кіреберістегі Екпін ауылының тоқал тамдарынан басталған картина бас-аяғы төрт айда бүкіл ауыл тірлігін толық қамтыған. Тәуліктің қай мезгілінде болмасын түсіру тобымен бірге болған Әсембек ағамыз Апырымовтың қалт еткен сәтті құр жібермеуі мен жанкешті еңбекқорлығы картинаға жан бітіргенін айтады. Сосын ағамыз мына бір қызықты оқиғаны еске алды.
- Түн ортасы болатын, режиссер түсірілімнен әбден шаршап келе жатса да, мені үйге жеткізіп салмақ болды. Кенет алдымыздан үйіне мас болып келе жатқан, ауылдың сырт жағындағы тоқал тамда тұратын Қажан деген замандасым шыға келгені. Серік бірден түсірушілерді жинап, жарық түсіріп, Қажан досымды бақылауға алдық. Бізді тыңдайтын ол жоқ. Оның өз үйінің есік-терезесін қағып, жұбайын балағаттап тұрған сәті көрерменнің ойында болар. Міне, аяқ асты түсірілген осы бір көрініс сәтті шығып, Қажан досым фильмнің басты кейіпкерінің бірі болып шыға келді, - дейді менің кейіпкерім.
Картинаның басты қаһарманы болған Әсембек көкемізге режиссердің бірден қолқа салуының сыры мынада екен. Ағамыздың сөзіне қарағанда, Серік Апырымов бастауыш сыныптарда Әсембек ағамыздан тәлім алған, оның үстіне Серіктің алғашқы мұғалімі осы үйдегі жеңгеміз Эльвира Яковқызы орыс тілінен сабақ беріпті. Әсекең де өз заманының серісі болған сияқты. 1973 жылы ол Ақсуат өңірінде алғаш қазақ жастарының эстрадалық тобын құрып, әсем қоңыр дауысымен республиканың, Одақтың талай сахнасында топ жарған, алғашқы халық театрының іргетасын қалап, ауданның мақтанышына айналған екен. Қоңыр домбырасын әлі де тастамайды.
Фильм жылдам түсірілгенмен, оны өңдеп, экранға шығару біраз уақыт алғанын, дубляжда дыбыс сәйкестігі келмей, тергеушінің рөлін оның өзі дыбыстағанын айтады. Тіпті, кейбір кейіпкерді «Қазақфильмнің» дыбыс студиясында белгілі актер Нұржұман Ықтымбаевтың ықпалымен тағы өзі дыбыстаған болып шықты. Ол сонымен қатар сол кездегі дубляжды толығымен дыбыстаған фильмдегі жалғыз кәсіби актер Бақытжан Әлпейісов болғанын еске алады.

Париж кинофестивалінде бас жүлдені еншілеген еді

Әңгіме арасында ағамыздан картинаның неге сынға ұшырағанын сұрадым. Ауылдағы ағайын арасында басараздық орнап, олар көшеде жүруден қалыпты дегенді естігенімді айттым. Ақсары жүзі қуаңқы тартқан ол біраз үнсіздіктен кейін: «бауырым, сен ескі жараны қайта қозғадың» - деп, шапанын желбегей жамылды да, далаға шығып кетті.
Қарашаның ызғары қайта бастапты, ағам әлі үнсіз тұр. Мен солай боларын сезген едім. Фильм экранға шығысымен кино сыншыларының басты назарға алғаны экрандағы анайы көріністер болатын. «Қазақфильмде» бұрын-соңды болмаған, кеңестік идеологияның қағидасына келмейтін, оның үстіне қаймағы бұзылмай, бұйығы жатқан қазақы ауылдың менталитетіне мүлде жат дүние. Сондағы кейіпкерді сомдаған кейуананың, өрімдей қыз бен алпамсадай азаматтың туған ауылында жер басып жүруі сол кезде қиямет-қайым болғаны жасырын емес. Оның үнсіз қалуы осы бір анайы көріністен кейін алақандай ауылда өкпе-наз болғанын, қайсыбір кейіпкерлердің туған ауылдан кетіп қалғанын үнсіз ыммен сездіруі, жоғарыда айтқандай, ананы-мынаны сылтауратуы содан болар.
Ал фильмдегі осы эпизодтар режиссердің өз қиялынан туса да, Апырымовтың ащы шындық – тоталитарлық жүйенің жүгенсіздігін көрсетіп, өркениеттен шет қалған ауылды әлемдік экранға шығаруы бұл туындыны «Қазақфильмнің» озық дүниелерінің қатарына қосты. Әлем киногерлерінің халықаралық Париж кинофестивалінде аталмыш картинаға бас жүлде берілуі режиссер Серік Апырымовтың ғана емес, фильмдегі кейіпкерлердің, өзі туып-өскен ортадағы аға- әпкелерінің де еңбегі екені даусыз.
Уақыт өтер, өзекті өртеген өкініш те кетер, тарих өз бағасын бере жатар. ХХІ ғасырдың өркениетіне бет бұрған, бір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бүгінгі замандағы Ақсуаттың бет-бейнесі қандай? Айтары жоқ, адам танымастай өзгерген. Тек Ақсуатқа кіреберістегі сол тоқал тамдар, әр үйдің алдындағы жал-жал болып жиналған қилар мен көң-қоқыс сол «Қиянданы» еріксіз есіңізге түсіреді.
Қарашаның қара суығы қыса бастаған соң үйге кіріп, Әсембек ағамен қоштаспақ болдым. Ол қарсы алдымнан шықты, қолында төрт-бес кесек қара қиы бар. Маған басын изеді де, кіріп кетті. Қиянданың қара қиы-ай!..

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.

"Дидар" газеті
Тақырып өзгертіліп алынды. Түпнұсқадағы тақырып: "«Соңғы аялдаманың» соңғы кейіпкері Ақсуатта тұрады"
1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2057