Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 11627 1 пікір 5 Мамыр, 2014 сағат 10:35

Талғат Кеңесбаев. Француз әтірінің иісі

            Қарындаштарын ұштамақ болып қолына ала бергені сол еді, бөлмесіне келіншегі Маздақ кірді. Қабағы салыңқы. Мейірім шашып тұратын бота көздеріне соншама терең мұң ұялаған. Гүлді халатының өңірін қымтап қойды да, екі қолын беліне апарып, алдындағы алжапқышын шешті де, жайлап қана орындықтың басына іле салды.

            Тасқын қарындаштардың «Қайсысын ұштасам» деген кісіше, бір-бірлеп таңдай қарады.

-Екеуіміз сөйлесуіміз керек, - деді Маздақ..

-Иә, құлағым сенде, айта бер.

    Тасқын сол қалпынан қозғалмады.

            -Тасташы, андағыңды! Осы сен мені шын сүйесің бе?

  Тасқын келіншегіне аңтарыла қарады да, артынша күліп жіберді.

            -Бала боп кеттің бе?

            -Соңғы кезде сен менен айныдың ба деп қорқамын,- деп Маздақ күрсініп салды.

            -Қойшы, сен де қайдағыны айтасың, әлде менен сезіктенген жерің бар ма еді, ашып айт, күдік атаулыны жасыру жан азабының асқынған түріне ұласады. Көріп жүрсің гой... мен осы...

     Маздақ оның сөзін бөліп кетті.

            -Сенің осы кабинеттен щықпағаныңнан қорқамын. Сенесің бе, қорқамын. Күндіз-түні темекіңді бұрқылдатып осы жерде отырасың. Бейне тас мүсін сияқтысың. Үндемейсің. Күлмейсің. Өз бетіңше телміріп отырасың да қоясың..., бұл не өзі?!... Адам бір мезгіл өз шаңырағын да ойлауы керек қой.

    Тасқын еріксіз оң иығын көтеріп, ештененің байыбына бара алмай тұрған жанның кейпіне енді.

            -Сонда қалай, мен отбасындағы жағдайға мойын бұрмай жүрмін бе?

            -Екеуіміз мына түрімізбен түсінісе алмаспыз. Келіншек ауыр күрсініп, маңдайын есіктің жақтауына сүйеді.

            -Маздақ, айтсаңшы, өзі саған не болған? – Тасқын қолындағы бір уыс қарындашты үстелдің үстіне шашырата тастай салды. –Түк түсінсем бұйырмасын!

            -Тасқын, есіңде ме, ең алғашқы некелескен күніміз. Ауылдағы той. Шыңғыстау, Қоңыр Әулие үңгірі. Тойымыз өткен күннің ертеңінде сен мені жорғаға мінгізіп, Шыңғыстауды аралаттың. Қандай қымбатты шақ еді. Қоңыр Әулие үңгіріне кіргенімізде, сен маған үңгір түбіндегі көлден су ішкіздің, сол кезді ойласам...

            -Бәрі, бәрі есімде, Маздақ. Көп болса осы қалаға көшіп келгенімізге өкпелі шығарсың?!

            -Жоқ, Тасқын, мен сенімен қайда болса да баруға әзірмін. Тек сенің сол кездегі сезімдерің суып, асыл сөздерің мұқалып қалмаса екен.

            -Маздақ, сен... сен бүгін бүр түрлі боп кеткен сияқтысың?...

            -Мен бүгін өзгерсем, сен өзгергелі қашан?- Келіншек тағы да ауыр күрсінді.

            -Маздақ, мен ештеңені де түсіне алмай тұрмын.

            -Тасқын, бір жыл болыпты, біздің үйге ешкім келген емес. Ешкім де. Күндеріміз көңілсіз, бір-біріне ұқсас сұрғылт боп өтіп жатыр. Таңертен тұрамын да, Думанды балабақшаға барып, оны аламын... үйге келсем, тас мүсін құсап сен отырасың. Анда-санда маған жұмыстан қыздар келсе, амандасасың да бөлмеңе кіріп кетесің. Селт етпейсің. Білсең ғой, маған қалай ауыр тиетінін.

            -Маздақ, өзің ойлашы, мен архитектормын. Мына қаладағы салынбақ бір микроауданның он бес мың тұрғынына қуаныш пен бақыт сйылау менің қолымда. Мен адамдарға жылы ұя сыйлау үшін ізденіп жүрмін.

            -Қуанамын оныңа, қуанамын, тек өз жылы ұяңды да бір мезгіл ойласаңшы, жаным. Қалай ғана айтса екен, биылғы жаңа жылды Думан үшеуіміз ғана қарсы алдық. Достарымыз келген жоқ. Неге олар бұл үйге бас сұқпайды? Жаңа жыл кешіне арнайы алынған екі шампанның біреуі әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Содан бері қаншама мерекелі күндер өтті. Шаңырағымызда сол күндердің шаттығы неге аталып өтпейді? Не айтсам екен саған... Осының бәрі... мен үшін азап...

     Маздақ көзіне жас алып, теріс бұрыла берді.

            -Онда тұрған не бар?

     Құшақтамақ болған күйеуінің қолын Маздақ қағып тастады.

            -Сен эгоиссің. Өзіңе-өзің ғашықсың. Сен өзіңнің атақ-мансабыңа апаратын жолға ғана ғашықсың. Қатты айтсам кешір, сағым қуған бақсыға ұқсайсың ба деп қорқамын...Жатсам да, тұрсам да бойымды белгісіз зынданды үрей билеп алады...арыла алар емеспін.

            -Маздақ!

            -Кеше жұмыстан келе жатсам, жаныма судай жаңа қара «Волга» тоқтады да, ішінен өңі бал-бұл жанған Жанар түсті. Есен екеуін мединститутуттың проректоры арнайы барып үйіне қонаққа алып келе жатыр екен. Есен отыр шіреніп, анау-мынау емес проректордың «Волгасында».

            -Сенің сөзіңнен ештеңе ұға алар емеспін.

            -Біз қонаққа бармақ түгілі, театрға бардық па? Жылына тым құрмаса бір рет.

            -Маздақ, айналайын. Сен менің жан-жарымсың. Ұлымның анасысың. Өмірлік жарым ретінде мені қиын-қыстау сәттерде сүйе біл. Мен саған ғана сенем. Жалғыз өтінішім, қайдағы бір атақ-мансап қуған Есендердің тобына мені қоспа.

       Маздақ оның сөзін тағы бөліп кетті:

            -Сен оған күлме, ол сенен көш ілгері, тұрмысы да жақсы. Әйелін айтсаңшы, қалай ажарланып кеткен. «Биыл аманшылық болса, қорғаймын» дейді. Ал, менің диссертациялық еңбегім ше, жатыр әне, щаңға көміліп. Ол да менің арманым. Сен соған көмектестің бе? Бар көмегің – қолжазбаны басып берген машинисткаға ақша ғана төледің.

            -Маздақ...

      Тасқын үстелдің үстінде жатқан «Космос» сигаретінің бір талын алды да, езуіне қыстырып, қалтасынан оттық алып тұтатты. Темекіні қомағайлана сорып, түтінін ауыр демімен бірге шығарды.

      «Ештеңе ұқпаймын. Жаза басқан жерім жоқ еді ғой. Бұған тулайтындай не көрінді?».

            -Кешегі Жанарды қарашы, бүгін бір бөлімнің меңгерушісі, ал мен қатардағы жай біреумін.

     Тасқын тұтанып тұрған темекісін қайта тұтатты. Қолдары дір-дір етіп, күл салғышқа темекінің шоғын саусағының басымен шертіп түсірді.

            -Маздақ, әлі де болса айтам, мансапқа ұмтылма. Атақ-дәреже тап-таза адал еңбекпен келсін. Адалдық жолы біреу-ақ! Ол-тазалық!

            -Осы Ақтас қаласына келгелі мен талай адамдарға өмір сыйладым, дәрігерлік парызыма нұқсан келтірген жоқпын. Бұл не, тазалық емес пе?!

            -Мен саған осыдан екі жыл бұрын айтқам, диссертацияға көмектесе алмаймын. Ғылымға жаңалық әкеп тұрсаң, астана тұрмақ, әлем мойыңдар. Менің айтқаным да осы еді, айтарым да осы.

     Осы кезде есіктің қоңырауы шалынды. Маздақ асығыс басып барып, есікті ашты. Есен мен тағы бір адам кірді. Есен барылдай сөйлей жөнелді.

            -Архитектурадағы жалғыз революционердің әйелі қалай, жауыннан кейінгі жауқазын дерсің?!

     Проректор күлімдеп, үш тал роза гүлін ұсынды.

            -Сізге, бақытты жеңгей.

            -Рахмет, -деп келіншек көзінің астымен оған бір қарап алды.

            -Төрге шығыңыздар, - деді Маздақ..-Бөлмесінен Тасқын да шықты. Бірден Есенді көріп, ұнатпай қалса да, оның жанында тұрған бейтаныс адамды көріп, түсін жылытты:

            -Сәлеметсіздер ме?

            -Сәлеметсіз бе?

            -Ассалаумағалейкум. –Есен қолын бермекке ұмтылып келе жатыр еді. Тасқын ұзын бойлы, тері куртка, джинси шалбар киген жігітке қолын алдымен ұсынды. Есен де осы кезде киіп кетті.

            -Жақа, танысыңыздар. Архитектурдағы жалғыз революцинер Тасқын Досаев деген азаматымыз осы кісі. Жақында мың жарым сомның басын жалғыз өзі қайырып тастады.

            -Жақан Айдынов, осы қаладағы институтқа биыл қызметке келіп едім.

            -Анау-мынау емес, білдей проректор,- деп Есен сұқ саусағын аспанға шошайтты.

   Маздақ ас үйге жүгірді.

            -Төрге щығыңыздар,- деді Тасқын.

            -А, қазір,- проректор табаны қалың туфлиін шешіп төрге шықты. Есен аяғын шешкен жоқ. Креслоға барып жайғасты да:

            -Тасқын Досаевич, бір партия шахмат ойнасақ қайтеді?- деп жорта күлген болды.

            -Жанар қалай, жұмысы орынша ма?- деді Тасқын әңгімені басқа арнаға бұрып.

            -Сол «заведующийлығында». Жақан кейін бірдеңе ғып өз қарамағына алмақшы.

    Есеннің даусында, сөйлеген сөзінде «Қалай да сенен озам» деген адамның сыңайы бар.

    Ас үйден Маздақ келді.

            -Тасқын, сен ет турап жіберші. Тіпті, мұздатқыштан әзер алдым. Сіздер сәл отыра тұрыңыздар. Мен балабақшаға барып Думанды алып келейін. (Бұл әйелдерді түсініп көр).

     Тасқын кешірім сұрап, ас үйге кетті.

            -Алыс па еді, жеңгей, - деді орнынан көтерілген проректор.

            -Онша алыс емес, екі квартал жер.

            -О, сізді соншама жерге жаяу жібере алмаймын, менің машинаммен барып келейік.

            -Несіне әуре боласыз, отыра беріңіз.

            -О, не дегеніңіз, жеңеше, қысылатын ештеңесі жоқ.

            -Отыра беріңіз, қонақсыз ғой,- деді Маздақ ыңғайсызданып.

            -Қысылмаңыз. Біз өстіп тұрғанша барып келетін уақытта болды,-деді Жақан жылы жымиысын жүзіне үйіріп.

      Проректор есікті ашып, келіншекке жол бере беріп, өзінің қолы келіншектің қиылған қыпша беліне бара жатқанын байқап қалып, тартып ала қойды. Баспалдақпен төмен түсіп бара жатып, көзінің қиығымен Маздақтың өне бойын шолып өтті.

     «Жалпы сұлу келіншек екен, бірақ әлденеге көңілі толмаған жанға ұқсайды. Толмаған көңілді толтырар уақыт келер!».

      Екеуі қара «Волганың» жұмсақ орнына жайғасты.

            -Жеңгей, қалай қарай кеттік, - деді Жақан моторды іске қосып жатып.

            -Тура, сосын оңға, сосын солға.

     Проректор саусағының ұшымен магнитофонның түймесін басып қалғанда, жеңіл ырғақты музыка ойнап жөнелді.

    Қап-қара «Волга» сырғып кеп, балалар бақшасының алдына тоқатады.

            -Қазір сәл күте тұрыңыз,- деді Маздақ.

            -Жеңеше-ау, күт десеңіз, таңға дейін күтер ем.

   Жақан жүгіре басып бара жатқан келіншектің соңынан тағы сұқтана қарады. «Толмаған көңілді толтыра білсек болды емес пе?». Рульді ұстап отырған екі қолын бір-біріне шарт еткізіп соқты.

   Сәлден соң Думанды ертіп, Маздақ машинаның жанына келді.

            -Мама, мынаны папам сатып алды ма?- деді бала таңырқап.

            -Ұлым-ау, сенің әкеңе мұндай машина қайдан келсін, мына ағаңдікі. Кәнеки, ағаға амандас.

    Бала құйтақандай алақанын ұсынды. Жақан баланың қолын алды.

-Привет, мистер Март. Туу, өзі сен балақай, мамаң сияқты сүйкімдісің ғой.

    Келіншектің көзі жарқ етті.

    «Неткен ашық жан еді».

    ...Ас үйдегі кішкентай тақтайдың үстіне ет турап жатқан Тасқынның жанына Есен келді.

            -Тәке, осы біздің бір дұрыстап әңгімелесетін уақытымыз жеткен сияқты.

    «Бүгін мына түсініспеген елмен түгел түсінісетін күн туған ба?».

            -Иә, айта бер.

    Есен оның пышақ ұстаған қолына жармасты.

            -Сен қыңырая берме. Менсіз мың жарым сом алғаныңда шыққан мүйізің қайсы? Біз бір елдің азаматтарымыз. Шыңғыстаудан, ұқтың ба? Қыңырайма. Жақын жүр бізге, сенен ештеңе сұрамаймын. Сен менің табалдырығымды аттамағаныңа бір жарым жыл болыпты, бүртүрлі, өзім ұяламын. Жанардан да ыңғайсыз, менің қатынымды білесің ғой, елім, жерім деп өледі ол.

            -Есен, барып телевизор көрші.

     «Ой ештеңенің парқын білмеген есек».

            -Жақан тамаша жігіт, мықты. Ерге ерте мінген. Министрлікте нағашысы мен әкесі бар. Пайдалану керек мұны. Жақсылап күтіп жібер. Ақ көңіл, ас та төк жігіт. Әлгі айтпақшы, Абылай бар еді ғой, ақынсымақ. Соның тарих факультетінде оқыған Майгүлдің соңынан салпақтағанын білесің ғой. Бұл сол Майгүлдің күйеуі, нағыз рыцарь.

            -Есен, барып телевизор көр. Мен мынаны турап тастайын.(Ол көзінің алды қалталанып тұрған Есеннің сәл қызу екенін енді ғана байқады).

            Ас үйді басқаруға жарап қалыпсың, революционер архитектор!

     Есен әндетіп бара жатты да, бұған дауыстады:

            -Сен менімен тіреспе!Табаның күйеді!

     Тасқын етті шапшаң турап жатыр. «Сайтан алғырдың сап етіп келгенін қарашы, жанындағысынан ұят, әйтпесе қуып шығар едім».

     Өткен жұма күні түскі сағат үште Ақтас қалалық атқару комитетінің председателі

Бекен Нартаевтың кабинетінде сәулетшілердің конкурсқа қатысқан жобаларының қорытындысы шығарылған.

            -Жолдастар, -деді Бекен Нұғыманович күлімсіреп- сәулет өнері әр ғасырда  жаңарып отырмай ма? Қарасаңыздаршы мына алдарыңызда тұрған үш макеттің үшеуін де өндіріске ұялмай жіберуге болады. Әсіресе, жюри мүшелерін өзінің әсем архитектуралық ансамблімен таң қалдырған Тасқын Досаевтың микроаудандық жобасын ерекше атап өтуге болады...

     Бұның жанында тұрған Есен жылжып сақалды архитектордың жанына қарай кетіп қалды. Тасқын сасқалақтап жан-жағына қарағанда осы қаланың ең жас архитекторы Мейірбек бұған қолын ұсынды. Шын қуанғаны, шын тілектестігі жүзінен білініп тұр.

            -Керемет емес пе?- деді Нартаев қолындағы жіңішке таяқшамен көлемі жарты метрлік макеттің әр бөлшегін нұсқап. Бас көшелер мен қосалқы көшелердің қиылысуы, балабақша, мектеп, мәдениет сарайы, кинотеатр, сауда орталығы жақсы орналасқан. Тұрғын үйлерді желден қақпай ауамен тазартып отыру мақсат болған, тіпті, үйлердің фасадтарын қарасаңыздаршы қазақ халқының әсем оюлары арқылы берілген...

     Нартаев ұзақ сөйлемеді. Қалған екінші, үшінші жүлдені иемденген сәулетшілердің еңбектеріне тоқталып өтті де, кең кеудесін кере күлімдеп кеп Тасқынның қолын алды.

            -Бүгінгі таңда қаламыздың көркейіп, тұрғындардың бақытына айналуына сіздей сәулетшілер керек-ақ, құттықтаймын,- деді. Досаевтың маңдайынан суық тер бұрқ етті. «Конкурсқа бекер қатыстым-ау» - деген бұрынғы ойы ада қалып, жүрек түкпірінен бас көтерген қуаныш өне бойын билеп кеткен.

     Ұзын үстелдің бір бұрышында тұрып қалған Есеннің өңі сұп-сұр болып, есікке қарай жылдамдата басып бара жатып бұған жалт қараған.

     Бала кезден бірге өсіп, бірге оқып, небір қуанышты кездерді бірге өткізген Есеннің бұл «мінезінен» дәл осы сәтте Тасқын тітіркеніп қалды. Әлдене демек боп Есенге ұмтыла бергенде бұны әріптестері қоршап алды.

    Председательдің кабинетіндегі бұл оқиға сол сәтте-ақ, бухгалтериядағы төрт келіншектің құлағына шалынды. «Бас жүлдеге мың жарым сом ақша тағайындалғаны белгілі». Енді олар бас жүлдені жеңіп алған архитектормен тілдесіп қалуды ойлады. Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік дегендей төрт келіншектің ішінен сылаңдаған ең жасы суырылып алдыға шықты. «Мен барамын». Еркек атаулыға күніне үш рет лағнет жаудыратын оған қалған келіншектер ішек-сілелері қатып күлген. «Жол болсын, жұмыс аяғы сумкаңды да өзіңмен бірге ала кет».

     Тасқын әріптестерінің ортасында баспалдақпен төмен түсіп бара жатқанда әлгі келіншек бұларды қуып жеткен:

            -Кешіріңіздер, - деді аңтарылған төрт жігітке кезек-кезек қарап алып. –Тасқын Досаевич...

      Джинси шалбар, тоқыма кеудеше, көйлек ішінен шарф таққан, езулерінде сағыздары бар әріптестірінің ішінен Тасқын келіншекке бір табан жақындады.

            -Тыңдап тұрмын сізді.

      Келіншек бұны өне бойын шолып өтті де, жымия күліп сөйлеп кетті.

            -Сізге...

      Жігіттер шу ете түсті:

            -Бұл кісі үйленген.

            -Жоқ, бойдақ....

            -Тасқын Досаевич қаламыздағы ең сұлу қарындастың жүрегін де жеңіп алмасын.

      Олардың қалжыңы жанына майдай жаққанадай келіншек түсін өзгертпеді. Тасқын жігіттерге басу айтып қарсы алдында тұрған әдемі келіншекке қарады.

            -Сізге мың жарым сом ақша берілді,- деді келіншек.

            -Ақша емес, сыйлық шығар, - деді Тасқын түзетіп.

            -Жоқ, ақша, -деді келіншек нығарлап,- үйіңіздің адресін жазып қалдырыңыз, почта арқылы жібереміз. Біздің мекеме тәртібі солай....

            -Менің үйім осы қала,- деді Тасқын күлімсіреп. Кез келген адреске жолдай беруіңізге болады. Бұл оның қалжыңы еді.

      Шу-шу еткен архитектордың біреуі де «Бізбен бірге жүріңізді» айтпаған соң, келіншек қоштаспастан бұрылып жүре берді.

      Бұлар далаға шыққанда жаңбыр жауып өткен екен. Ауа тап-таза. Тасқын көкірек кере кең тыныстады.

            -Тәке, - деп бұған Мейірбек бірдеңе айтпақ боп еді, Тасқын театр бұрышындағы телефон автоматынан шығып келе жатқан досын мегзеп,- Реңжімесеңдер, Есенді ертіп алайық,- деді.

    Олар Есеннің соңынан ілесіп келеді. Тасқын ішінен: «Осының осы қылғы-ай, бұл не мінез өзі...Арамдығы ма, адалдығы ма, бұл не өзі?»- деп ойлады.

     Ағыл-тегіл өтіп жатқан машиналар. Жол қиылысы. Светофордың жасыл көзі соңғы жыпылықтағанда Есен жолдың арғы жағына шығып үлгерді.

            -Аға, керегі жоқ- деді Мейірбек. –Қасқыр да апанын сеніммен қазады. Ал, біз адамбыз. Үлкен шаруа бітірген екенсіз, құптадық. Ал, бірақ дәл анау сияқты халтурщиктің соңынан салпақтатқаныңызға жол болсын. Досыңыздың сіз туралы пікірі жақсы екен, ана жолы естідік...

     Мейірбек қызбаланып кеткенін байқамады ма, сөзін кілт үзіп:

            -Сіз, әлсіз екенсіз, не қуана, не қорқа білу керек қой.

            -Ой, Миха, қой, сен не...

            -Әй, Миха бұл кісіге өзің қаланың бас арихитекторы болғанда ақылыңды айтасың,- деді Оралбек сақалын сипап.

            -Менікі ақыл емес, інілік- деді Мейірбек.

            -Бәрекелді, -деді Тасқын оның иығынан қаусыра құшақтап- светорфордың жасыл жарығы жанды, өтпейміз бе? Не істейміз?

     Олар жолдан өтіп алып қайта тоқтады.

            -Үйге жүріңдер, -деді Тасқын қайталап.

            -Сіздің үйіңіз осы қала, ас үйі-мейрамхана емес пе, сонда кеттік,- деп Мейірбек қалжыңдап қойды.

     Тасқын не істерін білмей қолын қолтасына салғанда сары құлақ бір сомдықпен бірге қала ішіндегі автобустың екі билеті шықты. Абонементтің біреуіне пайдаланған белгі соғылыпты. Олар қарқылдап күліп алды. Әрлі-берлі өтіп жатқан адамдар бұларға бір-бір қарады да, бастарын шайқап өз жөндеріне кетті.

            -Аға, саспаңыз, -деді Мейірбек оң қолын көтеріп,- Отвечаю!

            -Пай, пай студенттік күндер-ай!- деп әндетті Оралбек.

            -Кеттік жігіттер....

     Тап-таза ыдыстарды үстел үстіне қойып жатып көңілді төрт жігітке даяшы күлімсіреп:

            -Біздің мейрамханымызда ішімідік болмайды, -деді. Артынша- «Қазір қаламыздың барлық мейрамханалары ішімдіксіз жұмыс істеуде» дегенді қосты.

            -Ал, біз арақ іздеп келген жоқпыз,- деді Мейірбек.

            -Сіздей перизаттың қолынан дәм татайық деп келдік,- деді сақалын сипап отырған Оралбек.

     Даяшы олардың тапсырысын шапшаң-шапшаң жазып алды да жөніне кетті.

     Тасқын терезеден далаға қарады. Жол қиылысы. Светофордың көздері кезек-кезек жанады. Адамдар өтіп жатыр.

     Алдарына ас келгенше үш жігіт Есеннің бұның сыртынан айтып жүрген сөздерін естігенде, Тасқын оларға не сенерін, не сенбесін білмей дал болды. Тасқынның ішінде ыза қайнап терезеден далаға қарады. Жол қиылысы. Светофордың көздеріне қарап отырып, есіне әлденені түсіре алмай қиналып қалды.

    Тасқын Есенмен қатар отырып, әңгімелескісі келмеді. Туралған етті табаға салып қуыра бастағанда, есіктің қоңырауы да шалынды. Есік ашқан әкесінің мойнына Думан асыла кетті.

            -Папа, қарашы, міне, мынаны аға әперді, жақсы аға екен,-деп бала қолындағы шоколадты көрсетті.

            -Сен ағаға рахмет айттың ба, ұлым?

            -Иә, папа, мен ағаға үш рет рахмет айтып ем, бірақ ол кісімен мама екеуі күліп, менің сөзімді естіген жоқ. Рахмет аға, сізге.

     Бала аяқ киімін шешіп жатқан Жақанға қарады. «Мырза ағасы» баланың басынан сипады.

            -Тәке, осылар деп тырбаңдап жүрміз ғой өмірде. Тасқынның іші жылып сала берді. «Жаманның жанына жақсы ерген» деген осы.

            -Төрге озыңыз.

            -Болады, Тәке, болады. Мен өз үйімдей сезінем ғой. Мінезім солай, - деді Жақан аңқылдай сөйлеп.

       Маздақ зыр жүгіріп, қонақ үйдегі дастарқанға тамақ әкелді. Көп күттірмей, ащы қуырдақ та дайын болды.

       Шампанның тығыны атылып, коньяктың аузы ашылды. Дастарқан басында қызу әңгімелер айтылды. Жақанның аузынан шыққан екі сөздің бірі олардың күлмесіне қоймады. Біраз уақыт отырып қалды. Әлі де болса отыра берер еді, Есен «Москвамен переговорым бар еді» деп асықтырды.

      Жақан қоштасып жатып, өз ойын ортаға салды.

            -Тәке, ертең мына Есағаң бәріміз тау жаққа шығып, серуен құрмақшымыз. Қарсы болмасаңыз, жеңгей екеулеріңіз бізбен бірге болыңыздар. Танысайық, білісейік. Есағаң тұрғанда мен сіздердің алдарыңыздан кесіп өтпеймін ғой, Тәке, барайық?! Творчество адамына бір мезгіл серуендеген пайдалы деп жүр ғой ғалымдар.

            -Барайықшы, а, Тасқын, барайықшы, -деді Маздақ жалынғандай болып.

            -Тәке, сіз бармасаңыз, мен өзім де бас тартам,- деді Жақан күліп.

            -Келістік,- деді Тасқын.

            -Ал ендеше, Тәке, ертеңге шейін. Жеңгей, сау болыңыз, сіздің дәм жасаған алтын қолыңыздан айналайық. – Жақан алабұртып тұрған ақ келіншектің аппақ қолынан сүйді.

 

                                                                       ***

    Таң атар-атпастан Тасқынды келіншегі жұлқылап оятты. Бір аунап түсіп қайта жатып еді, келіншегі қолын мұның мойнына орап өзіне тартты.

            -Бүгін біз серуендеуге барамыз ғой. – Ұйқылы-ояу ештеңені түсіне қоймаған ол, есінеп жатып:

            -Қайда... дейсің?- деп сұрады.

            -Тау жаққа, ана проректор кіммен, Есендер ше, кешегі...

            -А, иа, айтқан екенбіз ғой...

    Көзін уқалап, екі қолын желкесіне қойып жатты да:

            -Қармақтар қайда?- деді.

            -Балконда... ой, ой теріс қара...жындысың ба?

    Орнынан тұрып киімдерін ауыстырмақ болған Маздақ шифонердің қалқасына тығылды.

   «Несіне ұялады екен...» деп ойлады Тасқын.

            -Болдың ба?

            -Тұра тұр, қазір. Қарама.

   Бетін жалын шарпыды, Маздақ бұның жанына келіп кеудесіне басын қойды.

            -Бүгін күн қандай тамаша!

            «Бүгін бармай-ақ қойсам талай жұмысты бітіріп тастар едім, сайтан алғырлардың келе қалғанын көрмейсің бе?».

      Маздақ күйеуінің көзінен, ернінен, кеудесінен алқына сүйді.

            -Сен түнімен қорылдап үйді басына көтердің.

            -Темекім қайда?...

     «Ой, осы да, темекісі бар екен бір...»

     Келіншек орнынан тұрды да, анадай жердегі шарайнаның алдында жатқан бір қорап темекіні күйеуіне лақтырып жіберді.

            -Мә, темекің. Тұр, киін, жолға қамданайық.

            Жатын бөлмеден Маздақ ренжіп шығып кетті.

            Есіктің қоңырауы шалынды.

            -Жақандар ғой....

            Маздақ есікті жүгіріп барып ашты.

            -Қайырлы таң, жеңеше.

            -Сәлемет...

            -Ой, Маза, сколько лет, сколько зим, ой какая прелесть....Екі келіншек сүйісіп жатыр.

    Үш еркек шартпа-шұрт қол алысты.

            -Жүріңіздер, - деді Тасқын.

            -Жүргенде қандай, Тәке, бастаңыз,- деп бұның арқасынан қағып жатқан Есен қарқылдап күліп қойды.

            -Таңғы асты тәңіріміздей көретін архитектордың үйінен ішеміз деп шықтық.... Солай емес пе, Жақа...-«Жақасы» да күлген болып жатыр.

     Осы кезде бөлмесінен Думан шықты.

            -Сәлеметсіздер ме...

     Бейне бір үлкен кісідей бәріне қолын ұсынып жатыр. Жанар баланы бас салды.

            -Ой, дәу батыр біздің қызға қарағанда өсіп кетіпті өзі, тілім тасқа....

            -Сәлеметсіз бе, апай, халіңіз қалай? Үй-іштеріңіз аман ба? Бала бейтаныс әйелге бетін тосты. Бәрі баланың сөзіне қыран-топан болып күлді. Жанар күліп:

            -Әке-шешесінің тәрбиесі, дегенмен маладес,- деді.

       Жақан Думанды жерден көтеріп алып ауада бір-екі көтеріп қағып алды.

            -Өзі әп-әдемі, тура мамасы сияқты.

      Ас үй жаққа бара жатқан Маздақтың жүрегі дір ете түсті.

      Жанар аңтарылып есік алдында тұрған еркектерге «Жоғары шықсаңдаршы» деп өз үйіндей сөйлеп, ықылас білдірді.

            -Ой, ботцы, әбден семіріп алыпсың ғой...-деп Жанар Тасқынның қарнынан бір-екі нұқып күліп жіберді.

      Тасқын төрге қарай кетіп бара жатып ыржиып күлді де қойды.

      Жанар Думанды көтеріп ас үйге таңғы тамақ әзірлеп жатқан Маздақтың жанына келді.

            -Жанар, халің қалай болып жатыр?Қызың қайда?

            -Көрші үйде. Бір тамаша бабка тұрады, сол кісінің жанында қалдырдық.

            -Біздің Думанды қалдыратын жеріміз жоқ, - деді Маздақ. Жанар баланы жерге түсірді.

            -Думантай, ағаларыңа бара қойшы, ана есікті жаба кетші, күнім...-Жанар Маздақтың жанына тақау келді.

            -Маза, ана Жақан бар ғой...

            -Иә. –Қияр турап жатқан Маздақ аңтарыла оған қарады.

            -Майгүлді білесің ғой....

            -Қай Майгүл?

            -Тарих факультетінде оқыған, помнишь, біз бірінші курстың каникулынан келгенде Ұзынағашта вечер жасап ек қой, есіңде ме. Сонда Абылай аға ертіп кеп еді ғой бір сұлу қызды, білесің, просто ұмытып қалған шығарсың. Шашы ұзын, сұлу қыз. Қарқаралынікі болатын...

            -Иә, тарих факультетінде, иә, иә білем ғой.

            -Соның күйеуі...

            -Солай ма? Ол өзі қайда?

            -Осында көшіп келерде машинадан авария болып, содан қазір төсек тартып жатыр.

            -Туу, обал-ай!

   Маздақ пышақты қате салып, қолын кесіп ала жаздады.

            -Байқасаңшы.

            -Сен маған көмектесіп жіберші, тұз бен қаймақты алып мынаны араластыра бер. Мен аздап қуырдақ жасап жіберейін, жас ет тез қуырылады, қазір-ақ, - деді Маздақ тоңазытқышты ашып жатып.

            -Несіне әуре болдық, жолға қамданайық. Сен қысылма. Біз өзіміз ғой, сынайтын адам емеспіз.

            -Жақаннан ұят қой, әйелі ауырып жатса, қай бір дұрыстап тамақ іше алып жүр дейсің.

     Маздақ етті шапшаң турап жатыр.

            -Болсаң, аздап картошка аршып жіберші, Жанар. Жұқалап турарсың, қай бір жетсіп жүр дейсің, әйелі ауырып жатса, тамақ ішсін...

     Жанар өңі бал-бұл жанып тұрған досына аңтарыла қарады. Бірақ ойына теріс ештеңе оралмады. Жалпы Жанардың мінезі қызық. Аңқылдаған ақ көңіл. Ішіндегісін адамға ақтарып тастағанша асығады. Еш жанға жаулық тілмейді де, жатырқап жатсынуды білмейді. Маздақ екеуі институтта бірге оқыды. Жерлестер. Абыралы тауының баурайында туған. Жанар Алматыдағы институт қабырғасына да бойын үйретіп жүріп-тұрып қалғасын, жерлес іздейтінді шығарды. Қайдан болсын әйтеуір біреумен танысып келеді. Кешке жатарда: «Маза, мен бүгін қайнарлық бір баламен таныстым, ана жолғы Саржалдың сері жігіттерін көрдім, комнатаға қонаққа шақырдым». «Келесі жұмада бәріміз фотоға түсетін болып келістік, - деп шыр-пыр етіп, астанадағы оқу орындарына барып жерлестерін жинап жүретін.

     ....Езулеріне темекі қыстырған еркектерді біраздан соң әйелдер дастарқанға шақырды. Шай мен ащы қуырдақты асығыс асқазандарына тоғытқан олар машинаға жайғаса бастағанда Жанар бір ұсыныс жасады.

            -Тасқын, Маза, көңілдеріңе ала көрмеңдер. Думан біздің қыздың жанында болсын, босқа маса шағып, берекесін кетірер, біздің қызбен танысып, білісіп қалсын. Кейін ұлдарың күйеу бала болып шығып жүрмесін,- деп жарқылдай күлді.

       Есен ішінен әйелін сыбап алды: «Дура, ненормальная, айтып тұрғанын қарашы. Іріген ауыздан шіріген сөз шығады».

     «Қап, Думанмен балық аулаймын ба деп едім» Бұл Тасқынның ойы.

            -Күйеу бала болса несі бар, тек сендер қыздарыңды бермей жүрмесеңдер,- деді Тасқын күліп.

            -Сендерге барса арман жоқ қой,- деді жарқылдай күлген Жанар. Сосын кетік тіс «күйеу баланы» көтеріп алып, машинаға мінді. Бетінен шөпілдете сүйіп жатыр.

 

                                                           ***

 

 

 

  Қырғауылдың түсіндей көркем жағалауға жайғасқан олар, суға шомылып алды. Еркектер проферансқа кіріскенде екі әйел отбасында тамақ әзірлей жүріп ұзақ сырласты. Картаны қойып, еркектер волейбол ойнады. Бір уақ қармақ салып, балық аулады, сөйтіп жүргенде күн қызыл иегін тау бетіне өскен қарағайларға үйкей түсіп түн көрпесін жамылды.

      Бүгінгі күнге құстың сүтінен басқаның бәрін алып шыққан Жақан балық сорпасын алдарына ала бергенде, орнынан тұрып, машинадан «Электроника-407» телевизорын әкелді де, іске қосты. Түнгі мүлгіген далада ән қалықтады.

            -Қаламқас қой, мынау!- деп Жанар қолымен аузын жаба қойды.

      Есен телевизордан көзін тайдырып алып кетті. Бәрі іштей үнсіз қалған.

      Тасқын: «Қаламқас, Қаламқас, сенің бір тал шашың алтын ғой мен үшін. Сен маған қарамадың. Неге сен менімен кездесуден қаштың... Қаламқас...Қаламқас!!!»

      Жанар: «Қаламқас, жанарың неткен мұңды еді?! Сен осы кімсің... сен осы кімсің...Неге менен алыстап кеттің?»

      Маздақ: «Мен бәрін де білем...Сен жазған хаттарды да білем.Сені Тасқын сүйген, сүйген!Қызғанам сенен күйеуімді!Сен ғажап сұлусың, қызғанам қы-ызға-а-нам!!!»

     «Ойлайсың ба, жаным, ойлайсың ба,

       Балалық сезімге бойлайсың ба...»

       Маздақ көзін телевизордан алмай отырған Тасқынның қолынан ұстады. Тасқын селқос, оның қолынан ұстаған жоқ. Келіншек күйеуінің шашынан салалай сипады.

            -Қолыңды алшы...

       Тасқынның жарықшақтанып шыққан даусы Маздақтың жан дүниесін тас-талқан еткендей болды.

       «Шын сүйеді екен ғой, Қаламқасты шын сүйеді екен ғой...»

       -Сізбен билеуге бола ма?-деп Жақан орнынан тұрып Маздақты шақырды. Ән қайырмасында ойнаған саксафон үні ойнақыланып тұр...Маздақ проректор жігітпен билеп жүр. Әлсін-әлсін телевизор алдында тұнжырап отырған күйеуіне қарап қояды.

        «Әлі Қаламқасты ұмыта алмай жүр екен ғой....»

        Жақан келіншектің қабағындағы кірбіңді бірден аңғарды.

            -Жеңеше, сізді біреу ренжітті ме?Сізге тек қана күлкі жарасады. Күліңізші кәне....

        Маздақ күлген болып басын шайқады.

            -Неменеге ренжимін.Жолдасым бар.Ұлым бар.Қызмет бәрі ойдағыдай. Ана әнші әйел сияқты не отбасы жоқ, не бала жоқ айдалада қалсам бір сәрі...

            -Туу, сіз өзі тереңнен толғап кеттіңіз ғой. Сіздей сұлу жанға көңілсіз жүрген жараспайды. Кәне, күліңізші, міні…

Қараңызшы, сіз күлгенде тура Леонардо да Винчидің «Мона Лизасына» ұқсайсыз. Күліңізші, кәне, күліңізші…

       Маздақ сықылықтай күлді.

       «Қандай көңілді ашық жарқын жігіт».

       Ән аяқталды.

       Жақан мен Маздақ биін тоқтатты. Есен рюмкаларға коньякты баса құйды:

-Ал, менің бәйбішем сөйлесін.

    Жанар рюмканы қолына алып сөйлеп кетті:

-Достар, біз қасиетті Шыңғыстаудың түлектеріміз. Шындығын айту керек, кейінгі кезде бір-бірімізді іздеуден қалдық. Іріп бара жатыр едік, Жақан әйтеуір бәріміздің басымызды біріктіріп, өтенімізді жаңғыртып отыр. Жақа, сізге рахмет. Мызғымас достығымыз үшін алып қоялық!

-Рахмет, Жанара. Кел, алып қоялық. – Бірінші болып Маздақ рюмкасын соғыстырды.

-Міне, Есағаңның жолдасы осылай сөйлеуі ғажап емес пе.

-Кел, Жанар, - Тасқын да оған сұраулы жүзбен қарады.

     Түнгі ауаны жаңғырта бәрі күліп жатыр. Жақан ештеңеге түсінбей оларға аңтарыла қарап қалды. Жанар: «Қойсаңдаршы, енді, сендер де бір қай-қайдағыны ұмытпайды екенсіңдер!» деп жас балаша бұртиып қалды.

     Жанар институтта жүргенде қыздардың төрт көзі түгел отырғанда әдеттегіше тырқылдай сөйлеп: «Қыздар, менің үлкен әжем кезінде атақты Мәдиге ғашық болыпты, әжем сол кісіге тұрмысқа шыққанда мен Мәдидің немере қызы болады екенмін» деп айтып қалғаны бар-тын. Содан бері сабақ беретін мұғалімдер де, басқалар да Жанарды: «Мәдидің немере қызы» деп атайтын.

       Торғынданып ай туды. Көл бетіне ақ арай ойнап, күміс шабақ көл бетін шөп-шөп сүйіп, құрбақалар таңдайларын қағуға кірісті.

     Екі-үш коньяк бөтелкесі босап, анадай жерде жатыр, қызу әңгіменің тиегі ағытылды. Есен мен Тасқын бір-бірімен жайшылықта қырғи қабақ  болып жүрсе де, дәл осы сәт бұрынғы бауырластықтары естеріне түсіп, көңілдері де босаңсыды.

-Әй, сен, мені тыңда, - деді Есен оған барылдай сөйлеп. -Cен мені жек көресің, иә, солай ғой. Түкірдім сенің қағаз шимайлап алған мың жарымыңа…

      Тасқын басын шұлғыды.

-Сен ештеңенің парқын білмейтін есексің, кешке дейін өзің де қамалып, Маздақты да қамап қойғансың. Сен бар ғой, сен жалпы жақсысың, өзгеріп кеткенің болмаса. Мен өссем, сен менімен тіріспе. Табаның күйеді. Мен мықтымын. Алматыға барам, жоқ… жоқ сыраз Москва… отырам сонда барып, ал не істейсің…

   Тасқын оның сөзін ұққан жоқ, басы жерге сылқ етті де қор етіп ұйықтап кетті. Маздақ намыстанып: «тұр-тұрлап» еді, онысынан ештеңе шықпады. Жақан орнынан ұшып түрегеліп, «Волганың» ішінен жастық алып шықты.

-Жеңеше, басына жастаңыз. Тәкен біраз шаршап қалды ғой деймін, творчество адамы, әрқашан ой үстінде жүреді. Жеңеше қысылмаңыз, өзіміз емес пе? – деп Жақан жымиып күлді.

-Соңғы кезде денсаулығы да төмендеп жүр еді, - деп Маздақ қалай айтып қалғанын өзі  де білмей қалды. – Ренжімеңіздер, өзіміз ғой…

-Жеңеше, ол не дегеніңіз…

-Маза, несіне қысыласың, баяғыда Алматыда оқып жургенде біздің көзімізше шампанды әрең татып алатын қасқалар ғой. Енді көрмейсін бе? Әй, бірақ осы азаматтардың арқасы ғой, кел өзіміз осылар үшін алып қоялық. Кел енді…

       Жанар рюмкасын ұсынды.

-Әй, дегенмен Мәдидің немере қызы ғажап, ә!

    Есен Жанардың мойнына қолын асып, басын иіп әкелді де, ернінен үзілте сүйді. Маздақ ұйықтап жатқан Тасқынға қарап ыза болып кетті: «Қорылдауын қарашы маубастың».

-          Жеңеше.

-          А…

-          Келіңіз, алып қоялық!

-          Әй, менің… Қа… бәйбішем қандай тәтті-а!

-          Ой, жынды, кетші бар… жынды ғой… жынды ғой…

   Жанар күйеуінің арқасынан оң қолымен салмақсыз бір салып өтті. Дауысында әйелге тән жұмсақтық бар. Маздақ қолындағы рюмкасын түсіріп алды.

-Жеңеше, бұныңыз не? – деді Жақан жерде жатқан рюмканы алып, қайтадан коньяк құйды. Есен мен Жанар құшақтасып, күліп әлденеге мәз болысып кетті. Жанар «Қойшы…Қойшы, бала боп кеттің бе?» - деп сықылықтай күледі. Маздақ көзіне қамшы тигендей қорланып кетті. Бір сәт Тасқынды жұлқылап оятқысы да келді.

-Жеңеше, жүріңіз, суға түсейік, түнгі көлге түскен адамға бақыт сыйлайды.

-А, не дейсіз, - деді Маздақ түсініңкірмей.

    Барылдап сөйлеп отырған Есен де елең етті.

-Суға түсейік, дейсің бе? Түсейік. Мынаны алып қоялық та шомылайықшы аздап, кел, бәйбіше тартып жібер… Ал, Маздақжан, шалым ұйықтады екен деп сен қалғыма. Есті әйел, ері қалғығанда…

-Қойсаңшы, - деді Жанар.

-Алып қоялық, жеңеше, көл суы бойымыздағы коньякті қазір-ақ жұтып алады, - деді Жақан.

    Бәрі коньякты алып қойды.

-Сендер бара беріңдер, Жанар екеуміз біраздан соң барамыз, - деді Есен.

-Есаға, о не дегеніңіз, бірге барайық.

-Бара беріңдер, Жақа, мен мына Жанарға айтатын аздаған лекциям бар еді… отбасы

мәселесі…

-А, онда Есаға, Се-ля-ви!

-Жақан оң қолын көтерді. «Есағаң есі бар азамат, түсінеді ол мені».

-Жеңгей, жүріңіз біз суға түсе берейік.

-Маздақжан, ренжіме, үш минут қана кешігеміз, - деді Жанар. Есен әйелінің білегінен қысып жіберді. Коньяк басына шыққан Маздақ проректормен бірге көлге бара жатып, ұйықтап жатқан күйеуіне ызалана қарады. «Сен ұйықтағанды ғана білсеңші».

     Проректор Маздақтың қиылған белінен ұстады.

      -Жеңеше, құлап қалмаңыз.

       -Қолыңызды алыңызшы.

     Келіншек аяғын жылдамдата басып, көлге келді.

     Түн түндігінен төгілген ай сәулесі, омырауы алқаға толған қыздай қылымси қозғалып,  көл бетінде шабақтың күміс қабыршақтарындай жылт-жылт етеді.

     Шығыстан жылы жел бас көтеріп, қамыс-қоғаны ұйқысынан тұрғыза желпіп өтті. Жағалауды өпкен жалқы толқындар, келіншектің тоқ балтырын ұрғылайды. Маздақ жан-жағына қарап еді, Жақан көрінбеді. Жеңіл көк халатын шешіп тастап, суды тізеден кешіп бара жатқанда, тегурінді күш өзін қапсыра құшақтап, қауырсын құрлы көрмей, тынысын тарылта көтеріп, бал құрақтың үстіне жатқызғанда, әйелдің көзіне самсаған жұлдыздар көрінді.

     Алқымын ыстық жалын шарпып, жұмыр иықтарын қуатты қолдар қыса түсіп, алабұғаның ауа толған желбезегіндей қос анарын қорғасындай ауыр қимыл жаншып барады. «Тас...» деді келіншек ішінен.

     Бөтен дауыс алқына сыбырлады: «Жаным, жаным». «Жаным» деді. Келіншек: «Жаным». Кенет, бөтен қимылдан есін жинап ала қойды.

            -Ұят бар ма, сізде...-Бар күшін жинап, алқынған бөтен дауысты кеудесінен итеріп кеп жіберді.

            -Не болды, жеңеше, ешкім жоқ қой.

            -Ұятсыз!

            -Жүгіріп барып халатын асыға киді де, қап-қара түнде қызыл тілін жалаңдатқан отқа қарай жүгірді. Бір-екі рет сүрініп кетті. Жүрегі алқынып, басы айналды. «Ұяттағы-ай, ұят-ай!»

    Қарқылдап күлген Есен Маздақты көріп: «Маздақжан, кеп қалдың ба?Су қалай екен?»- деді.

            -Қайтайықшы,-деді Маздақ даусы дірілдеп.

    Қайтайық, онда тұрған не бар. Жақан қайда, ол-рыцарь келсін.

    Осы кезде аяқ дыбысы естілді. Маздақ проректордың келе жатқанын біліп, ұйықтап жатқан күйеуінің жанына барды да, жұлқылап оята бастады.

            -Тұр, тұр, Тасқын, саған не болған!

     Тасқын басын көтерді де, әлдене деп сөйлеген күйі қайтадан жатып қалды.

            -Маздақжан, саған не болды-а?Ұйықтай берсін, таң атқанша біраз уақыт бар ғой,- деді Жанар.

            -Жанар, қайтатын мезгіл болды, аз сайрандаған жоқпыз, қайтайық.

            -Қайтсақ қайтайық. Маза, шаршаған болар, - деп Жанар күйеуінің иығына басын сүйеді. Есен иығын қозғап, әйелінің басын көтеріп жіберді.

            -Сен не, жылына бір серуендеп шыққанда қайтайық дейсің? Біреу қуып келе ме?!

     Жанар күйеуінің жүзіне тура қарай алмай, отырып қалды.- Маздақ қайтайық деген соң...

            -Маздақ қайтамыз деген соң,- деді Есен кекесін даусымен.- Немене сен оның жан құрбысы болып, жандүниесін түсінсең қайда қалдың, күн ұзақ үйінде қамалып отырады, бір мезгіл барып шығуға да жарамайсың, енді кеп...

     Маздақ Есенге бұрылды.

            -Есаға , қой енді, ашуланба, мен жай...

            -Қайдан білейін, Маздақжан, күйіп кеттім, шалыңның жатысы мынау!-деді Тасқынды сұқ саусағымен нұсқап...-Кескен терек сияқты. Тым құрымаса, сені Жанардың түсінетін жөні бар ғой...

            -Қайтсақ, қайтайық, Есаға, қыздар дұрыс айтады, - деді Жақан мықынын таянып.

            -Жақа, машинаңның ақауы бар деп едіңіз.

     Проректор Есенге бұндай сөзді айтпаған еді. Жақан оның нені мегзеп сөйлеп отырғанын бірден сезді.

            -Есаға, қыздарды ренжітуге болмайды. Ол кісілердің айтқаны мен үшін заң, - деп машинаға қарай кетті.

     Есен оның соңынан таңырқай қарады. «Мынау жынды ма, ей. Бос қайтпақ па». Машина жақта жүрген Жақанға дауыстап:

            -Жақа, ау, Жақа, сіздің орныңызда Тасқын Досаевич болса, Маздақжанның сөзін сөз демес еді, өмірі тыңдамайды ғой, өзін де, әп-әдемі келіншегін де үйіне қамап отырады, - деп келе жатыр еді. Жанар:

            -Қойсаңшы, Есен, - деп білегінен ұстады. – Қой енді...

            -Немене қой, қой дейсің, қой түгілі ешкі де жоқ, шындық па, шындық. Дос жылатып, дұшпан күлдіртіп айтады деген бар. Осындайда самокритика жасап алмасақ болмайды. Сол үшін ішейік...

      Есен бөтелке түбіндегі коньякті өз рюмкасына шүпілдете құйып тартып жіберді де, күйеуінің жанында тізерлеп отырған Маздаққа қарап:

            -Ой-хой, Маздақжан, кереметсің ғой, ә! Күйеуіңе өткізбеген тіліңді білдей проректорға өткіздің-ә! Ғажап сұлу әйелсің ғой, баяғыда Тасқын Досаевичыңа Қаламқасты алғызбағаным қандай жақсы болған. Ол болса осы жерде бетімізге ыстық шашар еді... Ой, Маздақжан-ай, керемет жансың ғой, проректорды алдыңда құрдай жорғалатып қойдың. Ой, Маздақ....-деп ыржалақтап күлген болды. Маздақ оның сөзін естімеген болды.

    Есен шындап қыза бастады. Аузына келгенін сөйлеп, Жанардың әр сөзін мазасын алды. Жақан ол  не айтса да көтеріп, Тасқын екеуін машинаның артқы орындығына жатқызды.

            -Жеңгей, сіз алдыға отырыңыз, -деген проректордың ұсынысын қабылдамаған Маздақ екі мас еркектің жанына барып отырды. Есен ұйықтап жатқан Тасқынның жағасына жармасты. –Сен менімен тіреспе, табаның күйеді... Мен...

    Жарты сағаттан соң қап-қара «Волга» қалаға баратын тас жолға ілігіп ұшып келе жатты.

    Таң ықылассыздана атып келеді.Оны олардың ешқайсысы да аңғарған жоқ.

    Қандай сайтанның түрткенін кім білсін, сол түнгі көл жағасындағы «бөтен қимылды» Маздақ түсінде қайталап көрді.

 

                                                                       ***

   Шар ете түскен телефон даусы креслода тоқыма тоқып отырған Маздақтың ойын бұзып жіберді. Телефон үні екінші рет соғылғанда ұзын халатының етегін сүйретіп, көрікті денесін тіп-тік ұстап, сүйрік саусақтарымен телефонның трубкасына көтерді.

            -Алло, тыңдап тұрмын.

  Ар жақтағы адам сәл бөгелді.

            -Алло, - деді тағы.

            -Маздақ, сен бе?

            -Иә, тыңдап тұрмын.

            -Мен Есенмін ғой, - деді ар жақтан,- Хал қалай? Думан как? Шауып жүр ме?

            -Рахмет Өз халдерің қалай?Хабарласпай кеттіңдер ғой, қыздарың жүгіріп жүр ме? Не жаңалықтарың бар?

            -Все у нас нормально. Сенің Тасқын Досаевичің емеспіз, біз отбасымызға үлкен назар аударамыз. Кеше Жанар екеуміз театрға бардық, өте жақсы болды. Өзіңе айтайық деп едік, анауыңнан қорқтык. Адамды керек қыла ма ол...Театрдан шығысымен баяғы жас кезімізді (кеңк-кеңк күліп алды) есімізге түсіріп, түн ортасына дейін көшеде жүріп қалыппыз...Өзіңмен  бір секрет әңгеме бар еді, Маздақ, как дос ретінде, өзіңе айтайық деп Жанар екеуміз сан рет оқталдық. Оған тағы...сол өзіңмен...

            -Маздақтың ұзын мойны керіліп, иегі дір-дір етті.

            -Иә, не боп қалды...

            -Не болушы еді, біздікі қамқорлық. В конце то концов бұл не өзі...сен түрмедегі адам емес шығарсың...

  Маздақтың жүрегі дүрсілдей соқты.

            -Есенжан-ау, шынында кейде өзімді қапаста отырған адамдай сезінем,- деп мұңын, шаға сөйледі.- Үйге де келмейсіңдер.

            -Барар едік қой, ана архитектураны қайта құрып жатқан мықтың жақтырмайды ғой бізді.

            -Жоға, неге...

            -Ой, Маздақжан, сен ештеңе білмейсің ғой.

            -Нені?

            -Сен  білмейтін шаруа көп...

  Маздақтың жүрегі бұлқынды. «Бұл нені айтпақ боп тұр». Есік жаққа қарап-қарап алды да, сөзін қайта жалғады.

            -Не, Тасқын...

            -Ол жағын телефонмен айтуға болмайды, мына Жанар екеуміз өзіңмен әңгімелессек деп едік, қазір саған машина жіберейік, келе ғой, менікі достық. Маздақ, келмесең өзің біл...саған айтпаса болмайды...Анауың менің звондағанымды білмей-ақ қойсын...

   Есіктің қоңырауы шалынысымен Есен трубкадан асығыс сөйледі.

            -Дачаға бара жатырмыз. Кел, үлкен әңгіме бар, машина жіберем. Он минуттан кейін, аялдамаға кел...

    Есіктің қоңырауы тағы безілдеді. Трубканы орнына қоя салды да, жүгіріп барып есікті ашты. Қызын көтеріп, есіктің қоңырауын басқызып тұрған әйелі- Жанарды көрді.

            -Папа, сен неге есікті ашпайсың, үйге аю келеді деп қорықтың ба-а?- деді қызы сүйкімді балғын дауысымен.

            -Ой, қызым-ай, сендер жоқта маған қалай қорқынышты десеңші.

            -Папа қорқақ, папа қорқақ, ұят-ай, - деп сәби екі қолын шапалақтады. Есен қызын қолына алып, үйге көтеріп кіргізді.

            -Мамаң екеуіңе тамақ әзірлеп қойдым.

            -Папа, торт әкелдің бе, а?!

            -Әкелдім, қызым, әкелдім. Мамаң екеуің үшін мен не істемеймін. Дастрақанды да сіздер үшін әзірлеп қойдым.

   Жанар күйеуіне ықыласпен қарады.

            -Рахмет, папасы.

            -Ура, мен торт жеймін,- деп ас үйге қарай бара жатқан қызына Жанар:

            -Айпара, қолыңды жу,- деді.

            -Мама, мен таңертең жуғанмын қолымды, - деп қызының аузы бұртиып шыға келді.

   Есен қызының жанына барды.

            -Жуа ғой, айналайын, осы үйдегі патшаға бағынбауға болмайды, қызым.

            -Патша деген ол кім, папа?

            -Ол – сенің мамаң, айналайын, екеуміздің патшамыз.

            -Патша ақылды бола ма, папа?

            -Иә, ол сенің мамаң сияқты ақылды, өте әдемі болады...

            -Қойыңдар енді, қызың екеуің...

            -Ура, менің мамам патша, ура, ура...

   Кішкентай қыз бала қолын жуу үшін ваннаға кіріп кетті.

            -Қызың екеуің тіпті мені мақтап...

            -Ас әзір, ханум, - деп Есен әйелінің бетінен сүйді. – Шаршаған жоқсың ба?...

   Қонақ үйде тұрған телефон шырылдады. Күйеуіне аса ықыласты, ыждахатты жанарымен қараған әйел:

            -Барып алшы, - деді назданып. Есен жүгіріп барып трубканы алды.

   (Жақан ғой, Жақан).

            -Да, тыңдап тұрмын.

            -Есаға, мен ғой, -деді ар жақтан жұмсақ дауыс.

            -А, мен де алаңдап отыр едім, жақсы болды,  сізге ұшуға билет дайын.

            -Жақсы, онда рахмет, - деді асығыс дауыс.

            -Хабарласаңыз...асыға тосам, - деді бергі жақтан мығым дауыс. Дәлізден әйелінің дыбысын естіді.

            -Ха-ха-ха...Көп рахмет, көп рахмет. Жанар да сізге рахмет айтып жатыр.

            -Не, не?- деді ар жақтан дауыс ештеңені түсінбей.

            -Мен өте алаңдаймын, - деп бұл трубканы орнына қойды.

            -Ол кім?

            -Біздің азаматтар ғой, жүр тамақтанайық.

       («Бұған ештеңені сездірмеу керек, ештеңені»)

            -Мен Маздақтар ма деп едім, көптен хабарласпай кеттік.

            -Оларда сенің жұмысын болмасын, - деді Есен түсін суытып. –Байы дос па десем, жау болды ақыры.

            -Кімді айтып тұрсың, құдайым-ау, өзіміздің Тасқын ба?

            -Иә, жоғарғы жаққа менің үстімнен арыз жазыпты.

            -Сұмдық-ай, не деп?

            -Не болушы еді, үйдің қанқасын сызбады деп, архитектордың тоқырауын құдай адам баласының басына бермесін.

            -Өзі не қырып жүр екен?!- деді Жанар ашуланып. – көре алмайды біздің өстіп жүргенімізді.

            -Қойшы соларды, айналайын, одан да жүр, тамақтанайық.

            Осындай да сұмдық болады екен-ау, - деп аң-таң күй кешкен Жанар күйеуінің соңынан ерді.

            -Папа, міне, қара, қолым тап-таза, жудым, - деді осы кезде қызы.

            -Ақылдым менің!

   Үстел басына отырысымен Есен қабырғадағы радионың құлағын бұрады. «кешкілік концертімізді бастаймыз».

 

                                                                       ***

            -Кештетіп қайда жиналдың?- деді Тасқын джинси шалбар мен көйлегін киіп шыққан әйеліне дәлізде кездесіп.

            -Қайда болушы еді, киноға, -деді Маздақ ызаланып.

            -Мен сізден ертеңгілік жұмысқа көмек сұрайын деп едім.

            -Қандай жұмыс, тақсыр?

            -Ертең таудағы демалыс үйіне барып жұмыс істеп келмесем.

            -Қазірден бастап неге кете бермейсің?!

            -Сен қызықсың, - деді Тасқын оң қолындағы кофеварканы екінші қолына ауыстырып. –Көп жұмыс қалған жоқ, біраз табиғаттың құшағында болып, шабыт шақырмасақ болмайды, шабыт керек, шабыт...

            -Үйде шабытың оянбай қиын боп жүр екен ғой, солай де...

            -Мен саған түсіндірейін.

            -Кеш қалдық, тым кеш.

   Маздақ дәлелсіз ояна салатын әйлдік намыстың құрбаны боп өз үйінен шықты. Баспалдақпен жеңіл аяқ киімінің дыбысы білінбей түсіп барады. «Маған енді бәрібір».

   Тротуар бойымен келе жатқан келіншекті машинада отырған проректор бірден аңғарды. «Ой, Ес-аға, рахмет, азамат сол!» Машинадан шықты да, жан-жағына қарап алып қарсы жүрді.

            -Сұлу жеңгей, жол болсын?

            -А, сіз бе едіңіз, Жанар қайда?

    Проректор келіншек дидарындағы кірбіңді бірден аңғарды.

            -Сізді тосып-тосып таксимен кетіп қалды. Менің де үйде қонағым бар еді, сіздерде деловой әңгімелеріңіз бар екен, Есағаң мен супругасы өтінген соң...неғып тұрмыз, жүріңіз...Қап-қара «Волга» сырғып барып, жол үстінде ағылып жатқан машиналардың арасына кіріп кетті.

    Жапондық магнитофоннан саксафон үні төгіліп келеді. Ғажап сезім салтанатына толы жігерлі африкалықтардың музыкасы.

            -Көңілсізсіз ғой, жеңеше, -деді Жақан.

    Келіншек жауап бере қоймады. («Мен осы қайда барам»). Санасына оралған өз сұрағы бас көтеріп келе жатыр еді, әлдене деп сөйлеген еркектің даусы басып кетті.

            -«Все пройдет, и печаль и радость» деген Боярский замандасымыздың өлеңдететіні бар. Қапа болмаңыз, естуімше, сіз қорғамақ көрінесіз, өзіңіз ештеңе айтпайсыз...

            -Ой, Жақа, сол диссертациясы бар болсын, басқа тауқыметім де бастан асады, шыдамым таусылды...

     Саксафон үні ышқына көтеріле берді. Олар үнсіз қалған. Таудың бұралаң жолынан шыққан машина саяжай қалашығына кеп кірді.

            -Айтыңыз, жеңгей, аспандағы айды әпер десеңіз де, - деп Жақан күлді.

            -Бұдан былай сіз мені «жеңгей» дегенді қойсаңыз, сосын, көп отырмай қайтсақ.

    Проректор жорта аңқаусып сөйледі.

            -Маздақ Кереевна, қайту мәселесін мен емес, Есағаңдар біледі, мен сол адамдардың көңілі үшін үйдегі қонағымды тастап, - деп машинадан шығып кетті. Сыртта біраз бөгеліп, саяжайдың жарығын жағып келді. Есікті ашып:

            -Прошу вас, мадам, - деп құрмет көрсетті. Маздақтың ашық жарқын, таза сұлу күлкісі түнгі ауада әдемі шықты.

            -Көп рахмет.

    Екеуі сырты сәнді өрнектермен безендірілген, саяжайдың ішіне кірді. Маздақ жан-жағына жалтақтай қарады.

            -Жанарлар қайда?

            -Туу, ұмытып кетіппін ғой, ол кісілер жолдан бір бабушканың үйіне соғып, қыздарын қалдырамыз деген, кеп қалар. Отырыңыз. Мен қазір.

    Маздақ жұмсақ креслоға отырды. Жақан жылдамдатып, журнал үстелдің үстін ішімдік, ол-пұл тағамдармен жасандырып жіберді. Ол келіншекке қарсы отыра берді де, қайта орнынан тұрды.

            -Кешіріңіз, Маздақ Кереевна, мен басты мәселені ұмыт қалдыра жаздаппын. –Музыка!-Проректор сұқ саусағын шошайтты.- Музыка  адам жанының емшісі деген бар.

    Магнитофонды іске қосқанда, музыка ырғағымен қызыл, жасыл әр түсті жарықтар жана бастады. Адам жүрегіне жайлап кіріп, кірбіңге толы көңілді қуанышқа шақырар мейіздей жұмсақ музыка ойнап тұр. Жақан жарықты өшіргенде бөлме іші тіптен жәрмеңке думанына айналды.

    Қызыл, жасыл жарықтар.

            -«Неткен жайдары, жақсы адам» деп ойлады келіншек.

 

                                                                       ***

 

     Тасқын орнынан тұрды да, екі қолымен белін мытылап керілді. Есінеп алды да, әлдеқашан суып қалған кофеден екі ұрттады. Бөлмені кезіп жүріп алды. Кітап сөресінен қолына іліккен кітапты алып еді, Марк Берковичтің «Кадры неоконченной киноленты» деген кітабы екен. Осыдан бір жыл бұрын оқығаны есіне түсті. «Қайталап оқу керек» деп ойлады. Ұшталған қарындаштың біреуін алды да, кітаптың атын жазып, тұсына «Ертең ала кету керек» деп жазып, шимайлай қолын қойды. «Р.S. Міндетті түрде» деген сөзді және қосты. Терезе алдына келді. Қала шамдары қоламтада жатқан шоқтар сияқты. Жылт-жылт жымыңдасқан дүние. Қолындағы кітаптардың бетін ашты...Шәкен аға қолына домбырасын ұстап ән айтып отыр. Суретке ұзақ тесіле қарады.

    Елес. Елес. Елестер.

    Панорама: «...Құс жұмыртқасы шағылып, үйректің сары үрпек балапандары көл бетіне шыққан мезгіл. Көл беті мәре-сәре. Құдды жаз тойын тойлап жатқандай. Қайраңнан шабақ шоршып, жарық дүниенің ауасын шөп-шөп сүйеді. Таң рауанында жаңбыр сеуіп өткен. Ауа керімсал. Қыз ерніндей қызғалдақтар дүрия желмен наздана тербеледі. Бақ-бақтар ажарлана түскен. Қара қанат көбелектер ақ гүл үстінде кірпікше жыпылықтайды. Балғын еріндері гүлдің шырын сабағын тістеген егіз құралай, тұяқ дүбірін естіп, елең етіп, құлақтарын қалқитып, пәк жанарларын кезек-кезек озысып, үзеңгі қағыстырып келе жатқан жорғаларға қадады.

            -А-а-ай, тыңдаңдар мені, біз бақыттымыз.

    Маздақ даусы шүрегей төбелерін етегіне шашып тастап, тәкаппарлана қараған шүлен Шыңғыстаудың тастарына тиіп жаңғырып жатыр. Тайпалған бипыл жорғалар  кезек-кезек мойын озысып, жосып-ақ келеді».

    Елес, елес, елестер...

    Қазақтың қоңыр даласы....Шәкен ағаның майда қоңыр мақамды даусы өрлеп барады.

    «Беріп кет сақинаңды мыс та болса,

      Жүрейік күліп-ойнап қыс та болса.

      Шеш-тағы етігіңді байпақшаң кел,

    Көрейін өз сорымнан ұстап алса».

    Қазақтың қоңыр даласы.

    Қоңыр ән.

    Жорғалар жосып-ақ келеді.

    «Сіздердің тыңдағандарыңыз лентаға жазып алынған әндер» деді диктор. Сағат соғылып жатты. Елес...көз алдынан жоғалды. Тасқын Шәкен Аймановтың суретін кеудесіне басып жылап жібере жаздады.

     Шүмектен сұп-суық суды ағызып, рақаттанып, жуынды. Ас үйге кеп кофеварканы газға қойып, газдың көгілдір жалынына ұзақ қарап отырды.

   Бір шыны кофені асықпай ұрттап ішіп, бөлмесіне кеп темекі тұтатты. Қолына ұшталған қарындаш алып, аппақ қағаздағы шым-шытырық шимайға ұйқы шақырып қанталаған көзін қадады.

   Қоңырау шалынды. Орнынан селқос тұрып, есікті ашып бір орнында сілейіп тұрып қалды.

            -Абылай аға...

 

                                                                       ***

 

            -Мынау сізге, -деді Жақан француз әтірін ұсынып.

            -Маған ба?- деді Маздақ қарақат көздері қуанышқа бөленіп. –Рахмет. –Құтыны қолына алды. Сытрқы қорабын ашып қалғанда шығыс әуеніне ұқсас музыка ойнады. – Ой қандай ғажап, рахмет сізге.

            -Маздақ Кереевна, о не дегеніңіз, рахмет деген ол, келіңіз алып қоялық.

   Проректордың құрметіне риза болып отырған сұлу келіншек рюмкадағы коньякты тауысып ішті. Жақан оның «Қайтайықшы, Жанарлар неге кешікті» деген сұрақтарын ұмытқанына қуанды. Музыка ойнап тұр. Қызылды-жасылды жарық сұлу келіншектің дидарына құбылып түседі.

            -Сізге қалай рахмет айтсам екен.

            -Шын айтасыз ба?

            -Иә.

    Келіншек басын изеді. Қызылды-жасылды жарықтар. Жақан келіншектің иығынан ұстады да, өзіне тартты. Маздақ көзін жұмды. Еркектің ерні үлпілдеген ақ тамағынан аймалағанда өнебойы өртеніп есі кетті. Жақанда да тағат қалған жоқ....

            -Бақытымды таптым ба?

            -Қойыңызшы, бұныңыз не? Енді, жаным-ау, саған не болған бұнша...

  Көптен бері еркектің еркелеткенін ұмытқан келіншектің денесі оған тығыла түсті. «Қойшы...Қойшы...» Оттай ыстық құшақтар...барлық дүние өлген, келіншектің көзі жұмулы...Еріндері жымиып...Басқа дүние ұмыт қалған. Тіптен жоқ...

    Қызылды-жасылды жарықтар....

 

                                                                       ***

 

            -Аға, келініңізді бір жерге жұмсап жіберіп едім, кеп қалар, ұлым ұйықтап жатыр, оятайын ба, аға!

            -Сәбидің ұйқысын бұзбайық. Тәтті бір түс көріп жатқан шығар.

            -Тым құрмаса, аға, көріңізші, ұлым тура ауылдың батыры.

   Әбден сүліленіп шаршаған Тасқынның қуаң жүзіне лезде қуаныш табы теуіп шыға келді. Қиылып, өтініп тұр.

            -Үлкен аға, көріңізші.

   Абылай орнынан тұрып үстел үстінде тұрған өзі әкелген алманы қолына алды.

            -Жүр, баста, батырды көрейік.

   Кішкентай Думан танауы пысылдап ұйықтап жатыр. Олар баланың жанына келді. Абылай «тыныш» деп белгі берді. Баланың әкесі күліп басын изеді. Түнгі қонақ қолындағы қызыл апорттарды бір-бірден баланың жастығының шетіне қойды. Ең қызыл әдемісін баланың қолына ұстатып, еңкейіп, көрпеден шығып жатқан аяғынан ұстады да, табанынан ұзақ сүйді. Думан ештеңе сезбестен танауы пысылдап ұйықтап жатыр.

            -Сүрінбесін, -деді. Сосын жарықты өзі өшіріп, қолымен ымдап «кеттік» деді. Тасқын жымиып күлді. Баланың бөлмесінің іщін алманың иісі алып барады. Олар бөлмеге қайтып келді.

            - Кітабыңыз шығыпты, аға, қуаныштымыз.

            - Рахмет, денсаулығың қалай, айналайын-а?

   Тасқын қарсы алдында отырған ақын ағасына тіктеп қарай береді.

           -Сізді көрмегелі талай уақыт болыпты.

           -Бес жыл, -деді Абылай бес саусағын көрсетіп. –Бес жыл уақыт өте шығыпты-ау, жақында бір бөлмелі баспана алғам, қашан сен жаңа үй жобалап бергеніңше жарайды маған, - деп әзілдей күлді.

            -Аға, сізді сағындым, хабарласпайсыз.

            -Осы Есен пысық қайда, келін баланың аты кім еді?

            -Жанар. Олар осында тұрады. Қаланы бірге жобалап жүрміз.

            -Солай де. Ол пысықпен бір қалада тұрамын де.

   Шай құйып отырған Тасқын оған аңтарыла қарады. «Неге жақтырмай отыр». – Аға,  шай ішсеңізші....

   Көптен кездеспесе де, шайда олар шешіліп сөйлеспеді.

            -Рахмет, айналайын, шайыңа. Сен Майгүлді ұмытқан жоқсың ба?

   Тасқын жасы қырыққа ілінсе де әлі үйленбей жүрген ақын жігітке таңырқай қарады. –Жоқ, -деп ойланып отырып қалды да, есіне Есеннің айтқан әңгімесі оралды.

            -Иә,осында тұрады деп Есен маған айтқан.

            -Сол Майгүлді бір көруге келіп ем.

            -Күйеуі...

            -Білем айналайын, бәлем бәрін... Ол осы қалаға көшіп келе жатқанда машина авариясына ұшырап, мертігіп қалыпты. Көңіл сұрағанда не тұр, - деп күрсінді.

            -Солай деңіз, - деп Тасқын ойланып отырып қалды. Абылай орнынан тұрды.

            -Майгүлді бір көргім келеді.

            -Күйеуінен ыңғайсыз боп...

            -Айналайын-ау, - деп Абылай бөлменің ішін кезіп кетті. – Құдай маған оны бұйыртпады. Қайтейін енді, сенің ойынша ол мені тастап басқа адаммен тұрмыс құрып кеткені үшін оған деген сезімімді өшіруім керек пе? Жоқ. Ол менің алғашқы махаббатыма опасыздық жасады. Қорлады, күллі әйел затына деген жиіркеніш те туғызды...бірақ. Өзің ойлашы айналайын, барлық азапты қара нандай иығына сап көтермеген адамнан қандай махаббат сұрар едің? Мен оны шын сүйемін, мен одан көп ештеңе сұрамаймын, тезірек жазыл деймін де...Абылай тамағын кенеді де, қоңыр дауысымен өлең оқи жөнелді.

      Аяулы жан!

      Саған арнап жыр жазам

      Оңай да емес,

      Қиын да емес бұл маған.

      Мен өйткені, мейірімнің құлымын,

      Мен өйткені, күндеріңмін зырлаған.

      Аяулы жан, саған арнап жыр жазам.

      Серпіп ашқан сезімімнің түндігін,

      Махаббаттың махаббаты бұл жырым.

      Күн қуанып, күлімдеген аспанда,

      Түрсін мынау түнеріңкі түн мұңын,

      Жүрегіңе жүрек болсын бұл жырым.

            -Аға...

            -Сөзді бөлме. Ақымақ басым ол күйеуге шығып кеткен күні пәтеріме келдім де барлық суретін жыртып тастадым. Ақымақпын ғой, мен ақымақпын. Шынымды айтсам, ол сүрініп кеткен тасқа да зар болып қалдым, сағындым, сағындым...

            -Аға...

            -Мен қайтайын, інім, қиялданып мазаңды алдым білем, ертең қонақ үйге хабарлас.

            -Ағатай, үлкен аға...

            -Рахмет, бауырым, ниетіңе, келші,- деп Абылай оның маңдайынан сүйді.

            -Ренжулісіз бе, аға, - деді ол Абылайдың құшағында тұрып.

            -Сендей архитекторға қандай өкпе болмақ? Мені шығарып саламын деп әуре болма? Ондайды ұнатпайтынымды білесің.

            -Аға, аға-ау, - деп жас балаша тағы құшақтады.

            -Ертең қонақ үйге хабарлас, - деп оның маңдайынан тағы да бір рет сүйді де, есікті өзі ашып шығып кетті.

   Тасқын не айтарын білмей, орнында тұрып қалды. «Аға маған ренжіп жүр екен?»

   Ол терезеден Абылайдың соңынан ұзақ қарап тұрды. Жолды кесіп өткен жасыл көзді таксиге отырып кетті. Шырт етіп, шамның қылы үзілді. Артына бұрылған жоқ, сол орнында тұрып, ойланғысы келді. Нені? Кімді? Ол сұрақты таба алмады. Дәл қазір өзінің қатты шаршап тұрғанын сезді.

    Подъезде мысық мияулады.

    Терезе алдынан кетіп бара жатыр еді, көзі сырғып кеп тоқтаған қап-қара «Волганы» көріп қалды. Машинадан екеу түсті. Олар...Тасқын көзін жұмды. Қайта ашты. Олар... Көзін тарс жұмып теңселіп кетті.

    Қолында Жақан сыйлаған француз әтірі бар. Маздақ баспалдақпен үшінші қабатқа ақырын көтеріліп келеді. Мысық мияулады. Селк етіп, тоқтай қалды да, подъездің кішкентай терезесінің алдында отырған қара мысыққа қарады. Ұзын жүндері сабалақтанған, шоқ көзді қара мысық қызыл тілімен екі езуін кере жалап аянышты мияулайды.

    Ол есігінің алдына кеп джинси шалбарының қалтасынан кілтті алып шықты да, сәл бөгелді.

            -Төрлет, - деді іштен күйеуі ол табалдырықты аттай бергенде. Қарсы алдынан жұдырығын түйіп, көзі қанталаған күйеуін көргенде жүрегі су ете түсті.

            -Мен....мен...

            -Иә, сен...не?

            -Мынаны қарашы, әдемі әтір.

            -Мә, саған.

    Тасқын Маздақтың жағынан шапалақпен тартып жібергенде, әйел ұшып барып қабырғаға соғылды, қолындағы француз әтірі жылу жүйесінің жіңішке трубасына тиіп быт-шыты шықты.

          -Өлтір, ал өлтір...

   Маздақтың даусы көтеріліп, айғайлап сөйлеп жатыр.

   Тасқын қалш-қалш етіп орнында тұр.

          -Опасыз, - деді тістеніп.

   Бөлмесінен ұйқылы-ояу жүгіріп шыққан Думан әке-шешесінің кейіптерін көріп шошып кетті.

   Үйдің ішін француз әтірінің иісі алып барады. Баланың басы айналды. Шошына  айғайламақ еді, даусы шықпай шегініп, кішкентай жауырынымен қабырғаға тірелді.

          -Ах, - деп Думан қолындағы қызыл алманы қарш еткізіп көзін жұма берді. Бейкүнә көздерінен жас мөлт-мөлт етіп, қып-қызыл алмаға тамып жатыр.

     Айқай.

     Үйдің ішін француз әтірінің иісі алып барады.

      Баланың көз жасы.

    Қып-қызыл алма.

 

                                                                           ***

    Тасқын әйелімен ажырасқан соң жұмысшылар жатақханасына кеп тұрды. Осы мерзім ішінде Тасқын бұл пәниде ана сүтімен бойға дарыған адалдық, еңбекке деген сүйіспешілік, он-он бес жыл оқыған білім бәрі-бәрінен тысқары отбасының өзінен басқа ешкім көтере алмайтын қасіретін басынан кешірді. «Иненің жасуындай арамдығым жоқ еді, бұл қай басынғандығың», деп әйеліне айтқан сөзін түнімен сан мың рет қайталап шығатын кездері де болды. Кейде....

    Балабақшаға ұлын ақырғы рет іздеп барғанда жарты қала танып, біліп, сыйлап, құрметтейтін тәрбиеші Кәмила апай көзіне жас алып тұрып: «Сіздің жағдайыңызды түсінем, тек балаңыздың болашағын ойласаңыз...сізге ауыр болса да айтайын іздеп келе бермеңіз. Сіз келіп кеткен соң Думанжан не тамақ ішпейді, әшейінде жайраңдап балалармен ойнауды да доғарып бүк түсіп жатып қалады». Кәмила апай бұны балабақшаның ауласынан шығарып салып тұрып тағы да бірдеңелерді айтты. Тағы да. Думан...Думан..

    Сол күні жылы жаққа қайтатын құстардың қанатын жуып күздің соңғы жауыны жауған. Сілбірей жауған сұп-суық жауынның астында ол ұзақ-ұзақ жүрген. «Иненің жасуындай арамдығым жоқ еді, бұл қай басынғандығың...» Омырау қалтасындағы документтерін сыртынан сипап қойды. Онда барлық жағдай екі-үш-ақ сөзбен жазылған. Том-том кітапқа тіпті небір шебер деген ЭВМ-ға салып есептегенде түгесілмейтін отбасылық тауқымет, әкелік борыш, жұбайлық адалдық, баланың көз жасы бәрі-бәрі сыйып кеткен. «Бәрі де бітті енді...» «Иненің жасуындай арамдығым жоқ еді, бұл қай басынғандығың...» Қайталай берді...

    Жауын. Жауын. Өтіп барып тоқтады. «Қаламқас...Қаламқас»....Жауын астында қолшатырсыз келе жатқан мұңлы жан бұған қарай қорғана басып келе жатты...келе жатты...

    Сол күні Тасқын жатақханаға Мейірбектің бөлмесінен қайтпай қалды...

 

                                                                             ***

 

            -Сол күні, -деп Қаламқас Тасқынның кеудесіне басын қойып. –Пәтерде жалғыз қалғанмын. Қыздар Талғарға тойға кетіп қалған. Жалғыздықтан бір түрлі елегізіп отырғанмын, терезе ақырын тықылдады. Пердені ысырсам, Есен ыржиып күліп тұр. Есікті аштым. «Үйге кір», «Қалың қалай, жалғызсың ба?» Есен маған үш тал роза гүлін ұсынды. «Рахмет». Қойнынан шампан бөтелкесін алып үстелдің үстіне қойды. Мен тездетіп колбаса турап, қуырып жібердім.

            -Есен, үстелді былай ысырайықшы.

            -Осылай тұра берсін, Қаламқас. Несіне әуре болдың. Үйде екеуміз ғана емес пе?

            -Қыздардың жоқ екенін қайдан білдің?- дедім ойыма ештеңе алмаған күйі.

            -Жүрегім сезді...                                                            

    Екеуміз де күлдік. Түн ортасына дейін отырдық. Неге екенін білмеймін, Есен құйған шампанды тауысып ішіп қоямын. Ол тағы құяды. Күле береді... Сосын...сосын...масқара, Есен басын менің иығыма қойып ұйықтап жатыр, шошып кеттім, айғай салдым ба білмеймін, Есен де оянып кеткен, көздері бақырайып: «Кешір, кешір», дей береді. Жыладым...ұзақ жыладым. Бар асылымнан, қымбатымнан осылай айырылам деп ойлаған жоқ едім, мен үшін ойлаудың өзі қорқынышты болатын. «Есен маған: «Үйленем, сені сүйемін» деді. Есен үнемі келіп тұрды. Сен сол кезде жиілетіп кеп жүрдің ғой, шынымды айтсам сенің көзіңе қарауға қорқатынмын.

     ...Жазда, жазда естідім, Есен үйленіпті, кімге дейсің ғой, Жанарға... әттең...Маздақ қыз жолдас, сен күйеу жолдас  болыпсың. Бар дүниемнен солай тоналғанмын. Сол күннен бастап менде бір мінез пайда болды, қыздардан жасырып арақ ішетіндерді шығардым. Бір күні түнде қыздар ұйықтап қалғанда мен ұйқылы-ояу жатқам, құлағыма біреу келіп сыбырлады. «Бері жүр, бері». Жүрдім, ұзақ жүрдім. Ауызғы бөлмеде тұрмын. «Ана шегені  көрдің бе?» - дейді дауыс. «Көрдім». «Соған асылуың керек». Мен тұншығып, үндемей қалдым. Дауыс жаңғыра түсті. «Шұлығыңды ал да, соған асыл, тез, тез». Мен айтқанын істеп жатырмын, тынысым тарылып...

            -Дура! – деп біреу жағымнан тартып жібергенде есімді бірақ жинадым. Қыздар іш  көйлекпен үрпиісіп босағада тұр. Арамыздағы ересек қыздар маған ұрсып жүр. Жағымнан тартып жіберген де сол екен. Есімді жиып, өз-өзіме келген соң, қыздарға жасырмай бәрін айтып бердім. Олар менімен бірге жылап, осы оқиғаны ешкімге тіс жарып айтпауға серт берді. Оқуды тастап кетіп қалғым да келді. Сонда қайда бармақпын, ешкімім жоқ қой, ызаланып жылайтынмын, саған хат жазатынмын. Маздақтан сені өлердей қызғандым...

 

                                                           ***

 

            -Ой, ақымақ, сол салдақыны қайтесің, - деді Есен.

            -Сен не айтып тұрсың?

            -Сені Маздақ сүйеді, біздің Жанармен дос қой, бар сырын соған айтатын көрінеді. Көп сөзді қой, біздің тойда күйеу жолдас боласың.

            -Боламын. Бірақ Қаламқасты тойға шақырғанда тұрған не бар?

            -Сен өзі ақылды тыңдасаңшы, ол қыздың атағы шыққан, зооветтің жігіттері кезек-кезек барса да, көне береді екен, анада сыраханда жігіттер айтып отыр.

   Тасқынның өне бойы мұздап кетті. «Қалайша, ондай қыз емес сияқты».

            -Сен де осы, өсек айтқаныңды қойсаңшы, - деді Есенге ызалана қарап.

            -Ха...ха..ақымақ...

   Есен қолын сермеп Тасқынға әлденені түсіндіріп келеді. Жол қиылысы. Светофордың жасыл жарығын көрген Есен тұра жүгірді. Тасқын орнында тұрып қалды. Кенет қызыл жарық жанды да жүргіншілер тоқтады. Машиналар ағылып жатыр. Жолдың арғы шетінде тұрған Есен бұған «Ақымақ», деп сұқ саусағымен шекесін бұрап қояды.

   Сонда Тасқын светофордың жасыл жарығы жанбауын тілеп еді.

 

                                                              ***

 

            -Сен менен енді ештеме сұрама, өтінем, жаным. Саған бәрін айттым ғой, -деп Қаламқас үнсіз жылады.

    Тасқын үндеген жоқ, ауыр күрсініп, тісін шықырлатты. Ол орнынан тұрып телевизорды қосты да, темекісін қолына алды. Сіріңке іздеп, жан-жағына қарады. Көгілдір перде тұтылған терезе жарығынан бөлме іші көк сәулеге оранған. Тасқын пердені ысырып қалып, кейін шегінді. Аппақ дүние. Ұлпа қар жауып тұр. Алғашқы қар.

            -Қар жауып тұр, - деді Тасқын терезеге жақындап. – Қаламқас қарашы.

     Қаламқас халатына қолын созды.Ұлпа қар...үдей жауып қара жерге қонып жатыр. Тасқын Қаламқасты шашынан иіскеп өзіне тартты. Қаламқас оған тығыла түсті.

            -Мен сені сүйемін, Тасқын, сүйемін.

     Ұлпа қар үдей жауып тұр. Телевизордан «Таңертеңгілік почта» программасы болып жатыр. Алла Пугачева.

      «Знаю милый, знаю что с тобой,

        Потерял, себя ты потерял...»

 

                                                               ***

 

 

 

 

-Сенсің, бәріне кінәлі, сенсің...

      Жанар төсекте қолын желкесіне қойып, қарнымен көрпе тіреп жатқан күйеуіне жиіркене қарады.

            -Болды-ей, қой енді бажылдамай, - деді Есен есінеп.- Біреу қатынымен айырылысады, соған да мен кінәлімін бе-ей-а?

            -Сен неге олардың сотына бармадың? Неге? Мені де алдап жіберген жоқсың. Олар не үшін айырылысты? Ешқандай жазығы жоқ, Думан тірі жетім қалды? Неге? Біздің баруымыз керек еді ғой, достары едік қой....

            -Ну и...Мен не оларға, адвокатпын ба? Ақшасын төлесін, қызмет жасауға болады...Ха...Ха...-деп Есен өтірік күліп жатты да, тоқтата қойды. –Айтпақшы, сен еске дұрыс салдың, отбасымен ажырасқан адамның моральдік бейнесі туралы жоғарғы жаққа арыз жазып жіберу керек екен...Я ведь молодой коммунист....

            -Сұмырай, сен адам емессің. Талай рет сен туралы естігенде адамдардың пендешілігі шығар деп едім. Сен нағыз алаяқ екенсің, мен сенің кім екеніңді енді ғана білгендеймін. Жақан да сенің айырылмас досың еді ғой, ол да мүгедек әйелін тастап қашып кетті, жазғыш болсаң, неге оның үстінен арыз жазбайсың?

            -Әй, қатын, слушай, жап аузыңды қақылдамай, мен не, азуы алты қарыс Жақанның үстінен арзы жазып өле алмай жүр дейсің бе? Білеміз, көргеміз Майгүлдің Абылайды тастап оған күйеуге шыққанын. Оларда жұмысың болмасын, қайта Жақанмен связьді бұзбау керек, сенің диссертацияңа....

            -Құрысын бәрі, алаяқсыңдар сендер, құдай-ау, мен кім болғам? Өлтір, өлтірсеңші мені, неғып жатырсың өлтір, өмір не деген азап еді. Айырылысам мен сенімен, ертең сотқа арыз берем.

     Есен басын көтеріп алды. Жанардың боп-боз болып кеткен жүзін көріп сескеніп қалды. «Әйелге сенім бар ма? Бұлардан бәрін күтуге болады».

            -Жанаржан...

            -Сөйлеме маған, -деп Жанар айқай салды.

            -Есік ақырын ашылып, үстінде пижамасы бар Айпара кірді. Мөлдіреген сәби жанарына жас тұнған.

            -Мама, папа тебя любит, -деді жыламсырап.

      Жанар қызын құшақтап жерден көтеріп алды.

      Есен «уһ» деп демін алды да, қолын созып телевизорды іске қосты. Экранда бір жалаң сызық тоқтамай секіре бастады. Жанар терезенің пердесін ысырды. Сыртта қар жауып тұр. Алғашқы қар. Аспан әлемінен мамықтай қалқып қара жерге қонып жатқан ақ ұлпаға қарап Жанар:

            -Мен қалай адасқанмын, қызым, айналайын, ботақаным, сен мына аппақ таза әлемге қара, - деді.

            -Алақай, аппақ қар, алақай...Папа, қарашы қандай әдемі қар...

      Айпара шешесінің қолынан түсті де, төсекте жатқан әкесінің жанына келді.

            -Папа, қарашы, аппақ қар, жүрші.

            -Әй, қызым-ай, туу тәйірі ақ қар деген немене ол, қан жаумаса болды емес пе?

            -Нақұрыс, - деп Жанар күйеуіне жалт бұрылды.

            -Мама,  -деді Айпара аузы бұртиып. –Я же вам говорила, папа любит тебя.

      Төсегінен ыржалақтап тұрған Есен қызын мойнына мінгізді де, түк басқан қарнын салбыратып әйелінің жанына келді. Жанардың дірілдеп тұрған иығынан аялай сипады.

            -Ой, біздің....

            -Тарт, кір қолыңды.

      Есеннің денесі мұздап кетті. Соңғы кезде әйелінің мінезі бір түрлі өзгеріп кеткенін байқамапты. Ыржалаңдап күлген болды. «Шынымен бұл...Әй, бірақ оның бетін аулақ қылсын. «Оның ішкі ойын айтпай біліп қойғандай Жанар». Айырылысам, бұдан артыққа шыдамаймын, құтыласың менен...» - деді. Қызының қолынан ұстап бөлмеден шығып кетті. Есен орнында сілейіп тұрып қалды.

      Телевизор экранындағы жалқы сызық тоқтай қалды.

      «Без меня тебе любимый мой, земля мала, как остров...»

      Телефон шыр етті. Есен трубканы көтерген кезде телефонистканың «Алматыға жауап беріңізші» - деген сергек даусы естілді. Сәлден соң Жақанның «Есаға» деген жұмсақ даусы шықты. Бұл қалбалақтап Жақан дәл алдына кеп тұрғандай амандық-саулығын сұрап жатыр.

            -Есаға, - деді ар жақтан жуан дауыс. –Жағдай қиындап тұр. Сіздің ауылда бір вариант болмай тұр...Сізден басқа ешкімім жоқ....мына жақтағы қызметтен...Заң жаман....

      Есен бір орнында тұра алмай телефонның ұзын бауын тартқылап терезе алдына келді. Жақан сөйлеп жатыр...сөйлеп жатыр. Кенет Есен терезеден далаға қарағанда ауланың қақ ортасында Жанарды, бақыра жылап шешесінің қасында отырған кішкентай қызын көрді.

      Жүрегі қысып талмаусыраған Жанар әлсіз күбірледі.

            -«Қызым, қызым жыл-а-маашы...»

      Есен телефонның трубкасын тастай салып, үстіне ештеңе киместен далаға ұмтылды.

      Қар. Үдей жауған қар ауладағы үшеудің үстіне үн-түнсіз қонып жатыр.

            -«...Алло, алло, фу, фу, естілмей кетті....Есаға, алло, Есаға» - дейді Жақан жалынышты дауыспен.

            -Алло, сөйлесіп тұрсыңдар ма? – деді телефонистка.

            -Естілмей кетті, қарындас дұрыстап қосыңызшы, дұрыстап қосыңызшы, Есаға, мені естіп тұрсыз ба...Есаға сіз болмасаңыз...Қызметтен, бәрінен...

      Жақанмен ешкім де сөйлесуге тиіс емес еді.

 

                                                                       ***

 

      Ол тым ерте оянып алса да, төсегінен тұрмай жата берді. Көзін тарс жұмып ойланып жатыр. Абылай түсіме неге кірді. Неге? Неге? Майгүл көзін ашып, терең бір күрсініп алды да, қолын созып тумбочка үстінде тұрған дәрілерін алып, стақан түбіндегі сумен ішті. Түйе жүнінен сырылған көрпесін қымтап, көзін жұмды.

      Төсегінің аяқ жағында сүйеулі тұрған таяғы жан біткендей сырғып еденге құлады.

            -Аааа аа...

       Майгүл шошып кетіп басын көтеріп алды. Таяқ көптен жуылмаған еден үстінде жатыр. Жан-жағына қарады. Қайта жатты. Біреу есік қаққандай болды. Тың тыңдады. Ешкім жоқ, Әне қайта естілді. Түк...түк...Есік емес....тырс-тырс...ванна жақтан естіледі.Ызасы келіп, бар даусымен айқай салғысы келді. Кімге, неге? Ол жағын өзі де білмеді.

       Ішкі дүниесінен басталған айқай жоғарылай берді. «Жақан...Жақан». Жоқ, олай боп шыққан жоқ, айқай мүлдем басқаша, тосын, әлдеқайда ұмытысқан, ұмытпаса да атамай ардақтап жүрген адал сезім иесінің атын айтты.

            -Абы-ыыл-ай!

      Анық осылай шықты. Қайта айқайлағысы келді. Қорықты. Қаны қашқан ақ жем еріндерін қамқыра тістеледі. «Қалай да айқайламау керек». Көрпенің астына қайта кіріп алды. Қараңғылық. Түк...түк...Жүрегі соғып жатыр. Оң қолымен жүрек тұсын басып алды. Бәрібір естіледі. Түк...түк...Кенет бойы жеңілдеп, ауыр минуттар азабынан айыға бастады. «Құдайым-ау, мына өмір не боп барады» деп ойлады Майгүл. «Мен жынданатын шығармын». Қозғалмай жата берді. Біраз уақыт өткен соң торғай шырылдағандай болды. Тағы...тағы...жоқ, есік қоңырауы. Көрпесін серпіп тастады. Орнынан қинала тұрып, халатына қол созды. Таяғына сүйеніп, бойын тіктеп ұстағанда басы шыңылдап қоя берді.

      Есік қоңырауы тағы  шалынды.

            -Қазір, қазір, - деді дауыстап. Көздерімен күңгірт бөлме ішін шолып өтті. Жүрегі бұлқынды. Сасқалақтап не істерін білмей біраз тұрды. Жан-жағына қарады. Неге екені белгісіз, сасқалақтап телевизорды іске қосты. «Құдайым-ау, бұл кім?». Қабырғаға сүйеніп есіктің алдына келді. Дірілдеген сүйріктей саусақтарын созып ағылшын құлыбының құлағын бұрады.

      Есік ашылды.

            -Сізге кім керек еді?- деді Майгүл шашын ақ көмкерген ер адамның сәлемінен бұрын. «Қар жауып па?» (Абылай Майгүлдің ауыр науқастан ұзақ төсек тартып, әбден қажыған мұңлы жүзіне қарады. «Жаным-ау қалай өзгергенсің?». Майгүл сұрағын қайталады.

            -Майгүл, мен Абылаймын ғой.

            (Дүние көз алдында дөңгелеп жүре берді).

            -Абылай, сен құлайсың, байқа, - деді Майгүл көз алдында айналып бара жатқан бейнеге.

            -Жоқ, жаным. Сен жанымда болғанда мен ешқашан да құламаймын.

            Ұлпа қар.

            Алғашқы қар.

            -Ах, - деді келіншек буындарынан әл кетіп бара жатып.

 

                                                           ***

 

            -Папаң тағы не деп айтты?- деп сұрады Маздақ баласынан.

            -Папам қазір үлкен қала салып жатыр екен, мен азамат болғанша салып бітіруге уәде берді, мен де папама тезірек үлкен боламын дедім.

            -Құрып қалсын сенің папаңның қаласы, бізді құртқан сол шимайы...бар болсын, неғып көзің бақырайып қарап тұрсың, жина мына төсегіңді, елдің сендей баласы қолына сыпыртқы алып, үйді тазалап шешесіне қолқабыс қылады. Сен де әкеңе тартқан қаңғыбассың.

            -Менің папам жақсы.

               Маздақ ұлының  жанына жетіп келіп, алақанымен кішкентай жаурынының ортасынан салып қалды. Қолы қата тигенін сезді.

            -Мама....

             Жазықсыз жәбірленген Думан көздері бақырайып шешесіне қарап алды. Маздақ ұлының түрін көріп теріс бұрылып кетті де, не істерін білмей, бұрышта төрт аяғын шіреніп, үнсіз тұрған телевизорды іске қосты. Думанның тынысы тарлыды. Есіне папасы екеуі балконда жатып, қашан қалғып кеткендерінше жұлдыз санайтындары түсті. Амалы құрыған бала кішкентай гантельді аяғымен төсек астына домалатып жіберді де, терезе алдына келді. Пердені ысырды. Қар. Аппақ қар. Алғашқы қар. Думан ақ тұмандана жауған қарға қарады. «Папа, сен қашан келесің? Келсеңші, папа?». Мен сені жақсы көремін. Айтқан сөздеріңді тыңдаймын, папа, мен ақылды болам, сен маған ренжіп кеттің бе, папа, ренжіме. Папа, сен қала салмай-ақ қойшы, осы үйде тұра берейік, балық аулап келген соң екеуміз балконға жатып жұлдыз санаймыз...»

            -Думанжан, келе ғой, - деді Маздақ ұлына жылы ұшырай сөйлеп.

             Бала жауап қатпады.

             Ақ ұлпа қар аспан әлемінен үнсіз, тіптен қауқарсыз құлап жатыр.

            Думан аппақ әлемге қарап жылап тұр.

            -Папа, сен қашан келесің, тезірек келсеңші...папа...

            Маздақ ұлына жақындай берді де, тұрып қалды.

            Қар. Аппақ қар. Алғашқы қар. Бала жылап тұр. Маздақ аппақ әлемге, ақ дүниеге қарай алған жоқ?.

            «Ты найдешь себя, любимый мой, и мы еще споем...»

            Қар. Жапалақ-жапалақ етіп жерге қонып жатыр. Аппақ. Ақ қала. Ақ дала. Қар құшағында қалған ағаш бұтақтарын селт еткізіп оятып, ақ үкі қонды. Үн-түнсіз жауып жатқан қарға қарап отыр. Түймедей көздерімен аппақ әлемге қызықтай қарайды.

            «Без меня тебе любимый мой, лететь с одним крылом...»

            Ән қалықтап барады. Қар толассыз жауып жатыр. Аппақ қар....Алғашқы қар...

 

                                                                       ***

 

     Ас үйдің жарығын сөндіріп, жатын бөлмеге ақырын басып бара жатыр еді, телефон шырылдады. «Қайсысы тағы?» Трюмо тұсындағы жарықты жақты да, телефон трубкасын көтерді.

            -Да, тыңдап тұрмын.

            -Маздақ Кереевна, сәлеметсіз бе, сізді...

            -Гүлмира, сен бе айналайын, не боп қалды?- делі медсестраның даусынан танып.

    Гүлмира мезгілсіз телефон соғып тұрған жағдайын айтып шықты.

            -Қазір барамын.

            -Апай, сізге машина жіберілді, -деп Гүлмира трубканы қойды. Маздақ жылдамдатып киінді, тумба үстінде тұрған үйдің кілтін қолына алды да, танауы пысылдап ұйықтап жатқан ұлының бас жағына кеп отырды. Маңдайынан ақырын өпті де, көрпесін қымтап, күрсінді.

    Подъезд алдына кеп тұрған жедел жәрдем машинасының қартаң шофері оны күтіп алды.

            -Сәлеметсіз бе, аға?

            -Қайырлы кеш, шырағым. Отыр, -деп есікті ашты.

            -Рахмет, аға, - деп Маздақ машинаның жұмсақ орындығына жайғасты. Олар он минуттан соң әйелдер босанатын клиникалық емханаға келді. Баспалдақпен жылдамдатып үшінші қабатқа көтеріліп келе жатыр еді, қарсы алдынан балалар дәрігері мен Гүлмира кездесті.

            -Сәлеметсіздер ме, Исаак Исаакович, бүгін кезекте сіз бе едіңіз?

    Гүлмира жылы жымиып күлді де, кері бұрылып кетті.

            -Рахмет, Маздақ Кереевна, сізді қарс алуға түсіп бара жатыр едік, былай жүріңіз.

            -О, Исаак Исаакович, оларыңызға көп рахмет.

    Кабинетке кірісімен үстіне ақ халат киіп алды. Есікті ашып имене кірген ұяң қызға:

            -Гүлмира, айналайын, анализдермен танысып шықсам, - деді.

            -Мен әкелдім, апай.

            -Рахмет, -деді он тоғыз жасар қызға  көз тоқтата қарап. -Өз жағдайың қалай болып жатыр, айналайын.

            -Жатақхана ала алмай жүрмін апай, тұрып жатқан пәтеріміз қолайсыздау.

            -Бір амалын табармыз, - деп Гүлмираға мейірлене қарады. Қолына науқас кітапшасын алды. Кенет, бота көздері шарасынан шығып кете жаздап, шегініп кетті. Қолындағы қағаз үстел үстіне түсті.

   «Қаламқас...сен бе, Қаламқас».

            -Апай, сізге не болды, -деп Гүлмира оның жанына жетіп келді. –Маздақ Кереевна, сізге...

     Исаак Исаакович оның білегінен ұстап тамыр соғысын байқады.

            -Гуля, терезені ашшы.

     Олар айқара ашылған терезе алдында түнгі ауамен дем алып тұр.

            -Ештеңе етпейді, қазір бәрі жақсы болады, - деді Исаак Исаакович. –Темекі тартыңыз, - деп қалтасынан «ВТ» сигаретінің қорабын шығарды.

            -Рахмет, Исаак Исаакович, тартпаймын, қажеті жоқ.

            Гүлмира тоңазытқыштан «Сарыағаш» суын стақанға құйып әкеп берді.

            -Маздақ Кереевна, - деп терезені жауып жатқан Исаак Исаакович әлдене демек еді. «Сіздер шыға тұрыңыздаршы» деп Маздақ оларға өтініш айтты.

        Олар кабинетте Маздақты оңаша қалдырды. «Қаламқас...Қаламқас. Екеумізідң кездесетін жеріміз осы ма еді?! Құдайдың бұл қай мазағы? Ар мен ұят, борыш пен намыс сынасар жер осы ма? Бұл өмір неткен қиын еді?» Маздақ еңсесін басқан ауыр ойдан тез арылды да, анализдермен мұқият танысып шықты. Есікті ашып, дәлізде тұрған әріптестерін шақырды.

            -Маздақ Кереевна, қандай тұжырымға тоқтадыңыз?- деді балалар дәрігері Исаак Исаакович.

            -Операция, басқа жол жоқ.

            -Маздақ Кереевна, мен өзім де солай ойлаған едім, хирургтың үйіне телефон соққанмын үйінде жоқ, енді келмесе, - деп телефон дискасын бұрап жатыр еді, Маздақ оның қолының сыртынан ұстады.

            -Қажеті шамалы, үйінде жоқ адамды күтіп отырамыз ба?

            -Біз әлі мамандарға зәру мекеме екенімізді өзіңіз білесіз ғой, - деді балалар дәрігері әріптесі алдында мәдениеттілігін көрсетіп.

            -Менің мамандығым- акушер-гинеколог екенін сіз ұмытпаған боларсыз...

     Балалар дәрігері оның бірден шешімге келгеніне қуанды.

            -Мадам, Вашу преданность к своей работе я всегда с почтением признаю, - деді Исаак Исаакович сүйсініп.

            -Рахмет сеньор.

    Маздақ медсестраға бұрылды:

            -Айтпақшы, әйелдің соңынан біреу келді ме?

            -Бізге ешкім жолықпады.

            -Ал жарайды, онда бастайық.

    Операция үстелі.

    «Жарық беріңіздер...жарық...»

 

                                                           ***

 

            Емхана алдына кеп жер тістей тоқтаған қызыл шамды таксиден Тасқын жүгіре түсті. Ішке еніп Қаламқастың жағдайын сұрап білген соң, байыз таба алмаған ол далаға шықты. Қалтасынан темекі алып тұтатты. «Жаны қалса болды, жаны...» Бағана Ленинградтан самолетпен келісімен асығып жеткен, есікті өз кілтімен ашып үйге кірді. «Қаламқас» деп дауыстады. Жауап болмады. Жүрегі су ете түсті. Жатын бөлмеге кірді. Жоқ, есікке қайыра ұмтылып барып, тумбочка үстіндегі бір парақ қағазға көзі түскен.

        «Жаным Тасқын!

         Самолет жайлы қонған болар, жаным. Ренжіме, қарсы алуға бара алмады. Бірнеше минуттардан кейін роддомға кетем. Қатты қиналдым. Өзі де тентек ұл болар. Сүйдім!»

 

Р.S. «Көйлектерің үтіктеулі, шакфта тұр». Қаламқастың өзіне таныс шимайланған қолын көрді.

            Саусағының ұшы дыз ете түсті. Тұқылы ғана қалған  темекісін лақтырып тастады. Үшінші қабаттағы жарық жанып тұрған терезелерді санап шықты. Тура он үш. Қалтасынан темекі алып тұтатты.

            Түн. Қала. Аяқ дыбысы.

            ....Шар ете түскен бала үнін естігенде Маздақтың жүрегі жарыла қуанды.  Жарық дүниеге іңгәлап келген сәбиді Исаак Исааковичтің қолына берді. Операция сәтті аяқталғанына қуанды. Буындарынан әл кетіп, екі шекесі солқылдады. Қолын сабындап жуды да, ақ сүлгімен мұқият сүртті. Сосын шынының ішінде арнайы аппараттармен дем алып жатқан балаға сүйсіне қарады.

            -Ұл бала, - деді Исаак Исаакович қуанып. – батыр екен өзі.

            -Көзіңіз тиеді, Исаак Исаакович, біздің халықта жас балаға сұқтануды жақтырмайды.

            -Ол сөз жалпыға ортақ, Маздақ Кереевна, менің көзім балаға тимейді, оларды сүйеді...

            -Ағай...

            Ол селк ете түсті. Жоғарыдан Гүлмира тағы дауыстады. Тасқын басын көтере алмай қиналды. Арқасы мұздап, буындары қалтырап кетті.

            «Аман ба өзі...»

            -Сіз кімді күтіп тұрсыз?- деп Гүлмира сыңғырлай күлді.

            -Мен бе...

            Тасқын дауысын шығара алмай қиналды.

            -Ұлыңыздың бауы берік болсын!

            Бұлдыр дүние дөңгелей берді. Ол бар күшін жинап, бойын тіп-тік ұстап жоғары қарады.

            Самсаған салтанатты жұлдыздар.

            «Өмір неткен тәтті едің...»

            Түн. Қала. Жүрек дүрсілі.

            -Да, тыңдап тұрмын, - деді Маздақ телефон трубкасын көтеріп.

            -Маздақ Кереевна, сіз бе?- деді ар жақтан қарлыққан дауыс.

            -Иә, мен.

            -Осыдан бір-екі сағат бұрын мені іздепсіздер.

            -Бәрі сәтті аяқталды, жайлы жатып жақсы тұрыңыз, - деп Маздақ трубканы тұғырына қоя салды.

            -Ол кім? – деді Исаак Исаакович терезе алдында темекісін тұтатып жатып.

            -Хирург.

            -Ну да, жастар деңіз, үйіне жаңа ғана келген екен ғой: жастар, менің биыл он алтыға толған Нэллиімнің үйге қонбағанына бүгін екінші күн. Күніне бір рет шешесімен телефон арқылы сөйлеседі...соның тәрбиесі, сегізінші класта джинси деді, әпердік, банан деді оған да көндік. Енді Австралияның тоңы...

            Кабинетке ұяла басып Гүлмира кірді. Үстіндегі ақ халатының өңірінен құлаған бұрымы бота тірсегін тосады.

            -Апай, - деп келе жатты да терезе алдында тұрған Исаак Исааковичті көріп қысылып қалды.

            -Не айтайын деп едің, айналайын?

            -Жай, - деп Гүлмира қысылып кабинеттен шығуға ыңғайланып еді, Маздақ оның нәзік білегінен ұстады.

            -Айта ғой, айналайын.

            Исаак Исаакович темекісін өшірмеген қалпы кабинеттен шығып кетті.

            Гүлмира жабылған есікке қарады да;

            -Апай, мен жатақхана ала алмай жүрмін, - деді.

            -Неге? Өткен жолы бас дәрігер жұмысшылар жатақханасына қатынас қағаз жазып еді ғой.

            -Бере алмаймыз дейді. Жаңадан ашылған Мәншүк Мәметова атындағы тігін фабрикасына келген жастарды орналастыра алмай жатырмыз дегенді айтты.

            -Иә, айналайын, қаламыз көркейіп келеді ғой, - деп  Маздақ күрсініп алды да сөзін қайта жалғады. –тұрмысқа қашан шығушы едің...Мейірбек деген жігіт іздеп келуші еді....

            -Апай, сіз не...

            Маздақ күліп алды.

            -Ойнап айтам, сіңлім, ертеңнен бастап біздің үйде тұрасың. Бөлме жетеді...Сені Думан да жақсы көреді. Соған келісейік, айналайын.

            -Апай, сіз сондай мейірімді жансыз.

            Гүлмира Маздақты құшақтап бетінен сүйді. – Сізді жақсы көрем. Біздің детдомда  да сіз сияқты мейірімді адам тәрбиеші болған.

              Маздақ Гүлмираның маңдайынан сүйді.

            -Қысылма, сіңлім, ертең кел, ал мен үйге қайтайын, сен келеді деп Думан бауырыңды да қуанта берейін.

            -Рахмет, апай.

            Гүлмира көз жасын көрсеткісі келмей терезе алдына қарай кетті. Маздақ ұзын дәліздегі креслода темекі тартып ойланып отырған Исаак Исааковпен жылы қоштасты.

            -Қайырлы түн болсын, қарындасым.

            -Рахмет, Исаак Исаакович!

           Баспалдақпен төмен қарай түсіп келе жатқан Маздақ кілт тұра қалды.

            -Тасқын, сен...

           Тасқын оны дәл осы жерден кездестірем деген ойы болмаған еді. «Қалайша, Маздақ осында...»

            -Сен...сен...осында...

           Маздақтың жүрегі шаншып-шаншып кетті. «Жүдеп кетіпсің ғой». Ол бойын тез жинап алып бұрынғы күйеуіне қарады.

            -Алаңдама, бәрі жақсы. Ұлың бар, - деді тамағына өксік тығылып.

            -Рахмет, жолыға алам ба?- деді Тасқын не айтарын білмей.

            -Жоқ, - деді Маздақ жан-жағына қарап. –Жолыға алмайсың, кейін, жүр мені шығарып сал.

           Емхана алдындағы самала жарықтың астында кетіп бара жатқан екі көлеңкеге қарап, Гүлмира терезе алдында жылап тұр. «Мейірім, Адам мейірімі. Дүние шуағы бір ауыз сөзден тұрады екен-ау...Мені анам роддомға тастап кетті. Менің қандай жазығым бар еді? Мен оған өкпелемеймін, анашым, тек маған бір көрінші...Қандай екенсің бір рет көрейінші....жан-ана....»

            «Жедел жәрдем» машинасының рулінде қалғып отырған қартаң шоферды ешкім мазаламады.

            -Үйге кір, - деді Маздақ есікті ашып.

            Олар үнсіз үйге кірді. Тасқын аяқ киімін шешіп тұрып қалды.

            -Былай шыға бер, мен қазір, - деп Маздақ оған қонақ бөлме жақты нұсқап, өзі жатын бөлмеге қарай кетті. Тасқынның аяғы еденде төселген жұмсақ кілемге тигенде жүрегі атша  тулады. «Думан екеуміз сан рет ойнап едік». Жатын бөлмеден халатын киіп, Маздақ келді де, креслоға отырды. Ауыр бір күрсініп алды. Үнсіздік. Көгілдір сәулелі «Электрон» сағаты секундтарды жаңылмай санайды. Аз үнсіздіктен соң Маздақ орнынан сылбыр тұрды да «Консул» гарнитурының ішінен жеңіл шарап алып шықты.

            -Қажеті жоқ.

            -Неге қажеті жоқ, бар. Бүгін сенің қызығың емес пе? Ұлың бар, қуанайық, күлейік...тіпті билейік...кәне, аш...

           Тасқын жеңіл шарапты ашып екі тап-таза рюмкаға орталап құйды.

            -Ал, кел, -деді Маздақ ызалана мырс етіп күліп.

            -Саған рахмет, - деді Тасқын рюмкасын қағыстырып жатып.

            -Не үшін?

            -Қаламқастың жанын....

            -Ха...ха...күлемін-ау, - деді Маздақ тамағына өксік тығылып. – Ол менің дәрігерлік парызым ғой...кел алып қоялық, сосын билейміз, музыка...иә, сен таңқалма, кейінгі уақытта осындай боп кеткем.

         Тасқын рюмкадағы шарапқа тиіспеді. Маздақ тауысып алып қойды.

            -Думан қайда?

            -Ол ұйықтап жатыр. Оятпай-ақ қояйық.

            -Мені іздей ме?

        Маздақ оның сұрағына жауап бере алмады. Олар тағы үнсіз отырып қалды. Тасқын ауыр бір дем алып, арқасын креслоның жұмсақ арқалығына тіреді. Ойына Ленинградта жүргенде «Балалар әлемінен» Думанға алған базарлықтары түсті. «Ертең әкеп беру керек».

            -Сен, сен не, жылап отырсың ба?- деді Тасқын екі иығы дірілдеп, алақандарымен бетін жауып алған Маздаққа қарап. Келіншек халатынан қол орамалын алып көз жасын сүртті.

            -Мен адастым. Адаспадым демеймін, айырылысқаннан кейін сен екі айдан соң Қаламқасқа үйлендің? Біз үйленген жылдары саған өліп-өшіп хат жазған. Ақыры құдай тілеуін берді.

        Тасқын тістеніп үндемей отыр. Маздақ ол сөйлемеген сайын қинала түсті.

            -Думан үшін кешіруің керек еді, - деді Маздақ жыламсырап. –Күнде-күнде, сағат сайын «Папам қашан келеді?» деген сайын, бұл дүниеден безіп кеткім келеді. Сен неге үндемейсің? Бірдеңе десеңші. Бас салып неге ұрмайсың. Мен ішем, мен бұзыламын, ал ендеше...

         Маздақ журнал үстелінің ортасында тұрған шөлмектің жіңішке мойнынан ұстап, қақала-шашала жұта бастады. Тасқын оның қолынан бөтелкені жұлып алды.

            -Не болған саған?- деп бөтелкені гарнитурдың ішіне салып қойды. – Не болған саған, ал мен кетейін, ұлыма ертең келем.

         Келіншектің еріндері дірілдеп, көзінен жас парлап ағып тұр. Оған ызалана қарады.

         Тасқын үйден шығып кетті. Подъезден шығысымен мойнындағы галстугін ағытып алып, пиджагінің қалтасына салды. Тротуар бойымен келе жатып, түнгі аспанға қарады. Алқара көк аспан дүниеде құс жолы созыла түсіпті. Құс жолы...

          Маздақ ваннаға кіріп, мұздай суық суға жуынып алды да, төсегіне кеп жатты. Талай уақыт кеудесін жаншыған азапты ойлардан сергіп қалған сияқты. Ұйқы шақырған көздерін жұма алмай қиналды. Ақырын жылжып кеп терезеден түскен айдың сүттей сәулесі қабырғада ілулі тұрған Рафаэльдің «Сикст құдай анасы» суретіне түсті. Құдіретті живопись туындысына Маздақтың көзі түйіскенде жүрегі дір ете қалды. Думан дүниеге келгенде Тасқын осы Рафаэльдің «Сикст құдай анасы» туындысын алып кеп: «Маздақ, бала көтерген құдай-анаға сені ұқсатамын» деп қабырғаға іліп қойған. Маздақ суретке ұзақ қарап, өткен күндерін ойлады...

            Көзі жұмылып барады. Ақырын тыныстап ұйқыға кетті.

            Тәтті түс көріп жатқан Думан аунап түсіп сөйлеп жатты.

            «Папа!...»

 

(СОҢЫ)

 

....Сол түні Маздақ көз ілмей шықты. Таңның тезірек атуын да тілемеген. «Біз ертең бұл қаладан кетеміз». Думанды алып келерсің...» Санасында Тасқынның осы сөздері ғана....Басқа ештеңе жоқ. Азапты түн таңға ұласты. Маздақ Думанды жетектеп аэропортқа келген. Бірден жоғарыға шығып кетті. Буфеттен Думанға балмұздақ әперді. Киоскіден газет-журнал алды. Тынши алмады. Төмен қарады. Титр. 3 секция. 42-67 рейс.

            Кейін шегінді.

            -Папа, папа...

               Думан баспалдақпен төмен қарай жүгіре жөнелді.

            -Думан, ұлым...

            Жаңғырған дауыстар.

            -Думан, ұлым....

            -Папа, папа...

         Маздақ ұмтылып барып тоқтады. Абылай мен Майгүлді, құндақталған бала көтерген Қаламқасты көрді.

            Елес, Елес. Елестер.

            Бала көтерген Қаламқас. «Сикст құдай анасы».

            Ер-тұрманның әбзелі күнге шағылысқан боз жорға ақ селеулі даламен жосып барады.

            Маздақ кейін шегінді.

            Жарқ-жұрқ еткен қызыл-жасыл жарықтар. Француз әтірінің иісі. Баланың көз жасы. Қып-қызыл алма. Қаламқас бала көтеріп келе жатыр.

            Маздақ кейін шегінді.

            Ұшу алаңы. Аппақ құстар көктен зулап кеп алаңға қонды да, іле тап-таза аспанға көтерілді. Кеудесіне қара таңба түсіріп алған бір құс ұша алған жоқ....

 

                                                                       ***

 

Ұшу алаңы. Көктен «Сикст құдай анасы» түсіп келе жатыр.

Дауыл. Жапырақтар жер бауырлап ұшып жатыр.

Маздақ кейін шегінді.

Әуеде аппақ құстар.

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340