Серік Ерғали. ABAI.KZ - ОЙЛЫ СӨЗДІҢ ОРТАСЫ
Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты.
Міржақып
Бұл нақылды дәлелдеудің керегі шамалы, одан әрі өрбітуге болар. Баспасөз - ұлттың саяси әлеуеті мен деңгейін көрсететін индикатор. Қазақ баспасөзінің ғұмырбаяны «Түркістан уалаятының газетінен” (1870-1882) (“ Дала уалаятының газеті ” (1888-1902) , “ Серке ” (1907) , “ Бірлік туы ” (1917) , “ Қазақ газеті ” (1907), “Дала” (жылы белгісіз ) , “ Қазақстан ” (1911-1913) , “Ешім даласы ” (1913) , “ Қазақ ” (1913-1918) , “ Айқап ” (1911-1915) , “ Алаш ” (1916-1917) , “ Сарыарқа ” (1917) , “ Ұран ” (1917), “ Үш жүз ” (1917) , “ Тіршілік ” (1917) ) бастасталса да, ұлттың саяси талпынысы мен талабы 1907 жылдың көктемінде жарық көре бастаған “Қазақ” мен “Серке” атты бейресми сөзжариялардан көрініс тапты. Осы насиқат көздері ұлттың етек-жеңін жыйуға, есін кіргізуге, санасын марқайтуға септік етіп, «қырғыз» атты жанама атаудан тарихи болмысы мен тағдыры жазылған «Қазақ» аты қайтарылды. Осылар «Алаш» ұраны жалпықазақтық саяси құрылым ретінде мемлекеттік алғышарт болып түзілуінің басы болды.
Бүгін 5-ке толып отырған «Abai.kz» те - ұлт тарихындағы кезекті белестің көрінісі, бүгінгі қазақы саяси сананың индикаторы. «Abai.kz» порталының өмірге келуімен бірге қазақтілді орта виртуал кеңістен өз дауысын танып, өз үнін еркін білдіретін сайманға ие болды. Қазақ оқырманының дәуірге лайық жаңа легі қалыптасты. Уақыт талабынан қалғысы келмейтін қазақтың мінезіне сай икемді де қолайлы мол мүмкіндік басталды. Осы порталмен бірге ұлттың жоқ-жітігін ешкімді алаламастан алаштың өзіне жоқтату әрекеті жаңа ғасырда жүзеге асуда. Қазақтың жаңа көзқарасы мен жабағыдай ұйысқан қасаң пайымы жүз шайысса да, алаштың пайдасына қызмет етуге мәжбүрленуде.
Сайт оқырманы есейді. Есірік те жауапсыз, долы үндер тыйылды. Қазақтың ойлы сөздері мен арлы үні ешкімнің түзетуінсіз, ақылынсыз,біржақты емес, екі тараппен шектелмейтін,алуан көзқарасқа толы талай пікір, әркімнің ішкі цензорына бағынған материалдар еркін таралатындай үлгі көрсетіліп келеді.
Бар қазақ әр қазақтың мұңымен мұңдас, үнімен үндес болатындай, адуын әр қадамға абайлап қарап, анық басуға түрткі болар бұл жария құралдың аты - «Abai.kz»!
Иншалла, ХХ ғасырда алаштың өз аты мен мемлекетінің оралуы «Қазақ» пен «Серке» газеттерінен басталған. «Abai.kz» үшін қазақ тәуелсіздігі Абай діттегендей әр қазақтың сапалы болмысы мақсат болумен бірге жететін нәтижеге айналғай!
Тәңір жарылқап, қазақтың Мәңгі ел болу үдерісі «Abai.kz» сайтынан көрініс таба бергей!
Сайт авторы әрі оқырманы – Серік Ерғали